Тәуелсіздіктің алғашқы қадамы

1268

0

Тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылысының алғашқы қадамы декларацияның қабылдануымен байланысты. 1990 жылғы 25 қазанда XII шақырылымдағы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен баптарды талқылау барысында «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» тарихи құжат – декларация қабылданды, ол Қазақстанның шынайы тәуелсіздігінің негізін қалады.

Декларацияда алғаш рет Қазақ КСР-нің егемен мемлекет ретіндегі мәртебесі жарияланды.

Біздің республика мемлекеттік егемендік туралы декларацияны соңғылардың қатарында қабылдады, сондықтан басқа республикалардың оң және теріс тәжірибесін, олардың декларацияларының ішіндегі ең ұтымдысын есепке алуға, өзінің тарихи шешіміне неғұрлым толық талдау нәижесінде келуіне мүмкіндік берді. Бұрын Кеңес Одағында мұндай саяси құжатты қабылдау тәжірибесі болмағанын ескеру қажет. Декларацияның қабылдануына байланысты одақтас республикалардың қызу пікірталастары өтті. Пікірталас қазақстандық декларация талқыланған Жоғарғы Кеңесте ерекше өткір сипатқа ие болды.

Сол кезеңде, сол жерде билік құрған атмосфераны бір ерекше факт «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы ұсынған декларацияның балама нұсқасы дүниеге келгенімен бағалауға болады. Осы кезең үшін бұл серпіліс, жетілу көрсеткіші және қоғамның азаматтық санасы болды.

Негізгі идеялық жетекшілердің және декларацияны тікелей әзірлеушілердің бірі, академик С.Зиманов жалпыадамзаттық құндылықтарды игеру шеңберінде республикада қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті сезіну міндеті, оның өзіндік мәдениеті, тілін жаңғырту мен дамыту туралы мемлекеттік қамқорлықты көрсету қажеттілігі басқалардан ерекшеленетінін атап өтті. Бұл қазақ халқының өзін-өзі бекітуі мен ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуының тарихи фактісінің мәнінен туындады.

Осы жерде академик С.Сартаевтың да декларация жобасын әзірлеудегі еңбегін, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы қабылданған бірінші Ата Заңын, қолданыстағы 1995 жылғы Конституциясын жасақтаудағы орасан зор үлесін айтып өткен жөн.

Декларация мемлекеттің құқықтық жүйесінің маңызды көзі болды. Оның басқа саяси-құқықтық құжаттардың ішіндегі ерекше орны мемлекеттің жаңа Негізгі Заңын – Конституцияны және басқа да заңнамалық актілерді әзірлеу және қабылдау осы декларацияның негізгі принциптері мен ережелеріне негізделуі тиіс екенімен айқындалды. Оның нақты іске асырылуының бірі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқсандағы №1007-XII ҚР Конституциялық Заңының, сондай-ақ 1993 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан Республикасының бірінші Конституциясының қабылдануы болды.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңының қабылдануы ел тәуелсіздігін айқындаған, сондай-ақ бүкіл халықаралық кеңістік үшін өзекті прогрессивті идеяларды көрсететін Қазақстан халқы үшін тағдыршешті болды. Конституциялық заңда Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында, бекітілген, халықаралық құқықтың өзге де жалпыға бірдей танылған нормаларында көрсетілген жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының басымдығы бекітілді. Бұл жас мемлекеттің халықаралық стандарттарға қол жеткізуге деген ұмтылысын көрсетеді.

Басқа прогрессивті конституциялық ережелер азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет қалыптастыру шешімінің қабылдануы, бейбіт сыртқы саясатты жүзеге асыру, атап айтқанда, ядролық қаруды таратпау принципі мен қарусыздану процесін ұстану, конституциялық сипаттағы бұл ережелер елдің стратегиялық және жоспарлы құжаттарына негіз болды. Қазақстан бұрынғысынша осы ұстанымдарды ұстанады, бұл «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық Заңында айқындалған конституциялық даму бағытының сабақтастығын көрсетеді.

Одан әрі конституциялық даму жолындағы келесі маңызды өтпелі кезең 1993 жылғы Конституцияның қабылдануы болды. Ол тепе-теңдік және тежемелік жүйесіндегі белгілі бір олқылықтарды бағалауға және анықтауға мүмкіндік берді.

Осы кезеңде, яғни 1994 жылы менің Әділет министрлігіне жұмысқа келуім 1995 жылғы Конституция жобасын әзірлеуге қатысудан басталды. Одан әрі 20 жыл әділет саласында заң жобалау жұмысын жүргізуге, заңдарды талдауға, жетілдіру, жүйелеу жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыруға қатысып, тарихи шешімдердің куәсі болдым.

Қолданыстағы ҚР Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды және осы уақыт ішінде көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бүгінде Парламент депутаты ретіндегі қызметімнің нәтижесі қоғамдық және тұрғындардың өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған заңнамалық жұмысты сапалы жүргізу, тиімді заңнамалық шешімдерді қабылдаумен көрінеді. Сол үшін де өмірлік тәжірибемді қолданып, қоғаммен біте қайнап, заң шығару саласында қызмет етудемін.

Қоғамды одан әрі демократияландыра отырып, «суперпрезиденттіктен» мықты Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар Президенттік модельге көшуді көздейтін мемлекеттік жүйенің жаңа моделін шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Түзетулердің бірінші тобы Президенттің өкілеттігін шектеуге, екінші топ Парламенттің күшеюімен, Парламенттің жұмыс істеу тәртібінің өзгеруімен, заңдардың қабылдану тәртібінің өзгеруімен және есеп беретін Үкіметпен, үшінші топ демократиялық институттарды енгізумен, қоғамды демократияландырумен және адамның негізгі құқықтарын қорғаумен байланысты.

Жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізілді. Өз кезегінде, 2022 жылғы 5 маусымдағы референдумда қабылданған Конституцияға енгізілген түзетулер – Қазақстан тарихындағы жаңа тарау. Конституциялық реформаларды іске асыру шеңберінде Парламент Мәжілісі бірқатар заң жобаларын мақұлдап, одан әрі қарау үшін Сенатқа жолдады.

Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылып, тиісінше Мемлекеттік мерекелер туралы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Осылайша, 25 қазан – «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік Егемендігі туралы» декларация қабылданған егемендік күні, 16 желтоқсан – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық Заңы қабылданған Тәуелсіздік күні болып танылды.

Баршаңызды еліміздің әрбір азаматы үшін айтулы мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының мәртебесі биік, еліміздің ертеңі үшін жасалған игілікті істер табысты болсын!

Балайым КЕСЕБАЕВА,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<