Тағдыры ұлтымен сабақтас қайраткер

1059

0

Фото: ашық дереккөз

«Алты алаштың анасы» атанған Сыр бойының тарихы терең, қазақи дәстүрі берік, жері байтақ, елі салиқалы, халқы төзімді екеніне еш талас жоқ. Ежелгі Жібек жолының Аралдан бастап Жаңақорғанға дейінгі 800 шақырымға жуық жерін ұзына бойына алып жатқан, табиғаты қаталдау аймақты мекендеген қалың қазақтың басын біріктіріп отырған Қызылорда облысы өз тарихында елмен бірге талай кезеңдерді бастан кешті. Бұл өлкеде туып-өскендердің төзімділігі, қазақи болмысы, ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігі, ұлтжандылығы мен елжандылығы ерекше десем, артық айтпаспын. Туған жерден түлеп ұшқан азаматтарына қарап, күн сүйген топырағы, аптап ыстығы мен қарсыз қарасуығы, апталап соққан желі ұландарын әбден шыңдап, пісіріп шығарады ма деп қаласың. Бойына қазақтың барлық жақсы қасиеттерін, тілін, ділін сіңіріп, ұлттық рухқа қанығып өскен небір атпал тұлғаларға қарап сүйсініп, мерейленіп отыратынымыз да шындық.   

Бұл пайымдарымды аймағымыздан қанаттанып ұшып шығып, асқар биіктерге ұя салған, қияларға қонып, қырандай самғаған Сыр бойының төл перзенті Бердібек Машбекұлы Сапарбаев турасында айту – менің азаматтық парызым.

Бердібек Машбекұлы – өзінің өмір жолында, еңбек жолында көптеген биіктерді бағындырған, еліне еңбек еткен, халқына қызмет жасаған қайраткер тұлға. Жаңақорған ауданында 1953 жылы дүниеге келіп, сол жерде орта мектепте оқып, өсіп-өнген қарапайым ауыл баласының маңдайына жазылған өрлеу жолы өнегелі де күрделі. Жаратылысынан бойындағы жігер, ұмтылыс, қайсарлық, батылдық, алғырлық қасиеттері, білімі оны үнемі алға жетеледі. Қандай қиындықтар болса да тайсалмай, іске жан-тәнімен кірісіп кететініне талай көзіміз жетті.  

Мен өзім әуелде оның аты-жөніне сырттай қанық едім. ҚР Білім министрлігінде орынбасар, кейіннен ҚР Министрлер кабинеті Аппаратының жетекшісі өз жерлесіміз екенін білетінмін. Ал 1995 жылы ол өзінің кіндік қаны тамған туған өлкесінің басқарушылық тізгінін қолына алғанда алда әлі тағы да төрт облыстың әкімі боларын, алар асулары, шығар шыңдары қандай екенін сезбегені де анық. Күздің алғашқы айында Бердібек Машбекұлы Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалғанда сырбойылықтардың жаңа серпін, тың бастамалар, жағымды жаңалықтар күткені рас.

Сол 1993-1995 жылдары мен Мәскеуде докторлық диссертацияммен айналысып, Томск қаласымен екі ортаны жол қылып жүрген кезім еді. 1995 жылдың соңына қарай диссертациямды қорғап келдім де, 1996 жылы 2-ші қаңтардан бастап Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтының 1-ші проректоры қызметіне кірістім. Көп уақыт өтпей, қаңтар айында Б.Сапарбаев мені жас ғылым докторы, институттың жаңадан тағайындалған 1-ші проректоры ретінде қабылдауына шақырып, жақын таныстық. Оған дейін ұстазым, бірінші басшым академик У.Бишімбаев мені сырттай таныстырып қойған болуы керек, қабылдау жасауына да соның ықпалы тигендей. Бірінші жүзбе-жүз танысқан сәттен бастап жылы шыраймен қабылдап, институттың болашағы туралы кеңінен әңгімелестік. Бұл таныстық, әңгімелесуден мен қанаттанып шықтым. Оған себеп институттың болашағы туралы, оны келешекте агротехникалық немесе политехникалық институт етіп, өңірімізге қажетті инженерлік-техникалық, мұнай-газ саласына мамандар дайындау, материалдық-техникалық базаны дамыту, білікті ұстаздар қауымын қалыптастыру тұрғысында келелі мәселелер қозғалып, болашаққа үлкен жоспарлар жасалды.

– Сіз техника ғылымының докторы, жас ғалымсыз, осы бағыттарда жұмыс жүргізу керек, институтты дамытудың стратегиялық бағыты осы болуы керек, – деп сөзін тұжырымдады әкім. Облыстың бірінші басшысы осындай қолдау жасап, қызығушылық танытып, бағыт беріп отырса, қалай қанаттанып шықпайсың?! Мұнан кейін де біз облыстық деңгейдегі түрлі іс-шараларда кездесіп тұрдық. 

Оның халықпен тығыз байланыс жасай білуі, халықты тыңдай білуі, халықпен етене араласуға бейімдігі, жергілікті жердің ерекшелігін, тыныс-тіршілігін байыппен ұғына алуы, сөзіне сендіріп, ізіне еріте алуы, бастаған ісін соңына дейін жеткізіп, нәтижесіне қол жеткізуі, керек жерінде айтып тастайтын батылдығы елінің қошеметіне бөледі. Халқы сенді, қолдады, үміт артты. Сол кезеңдер барлық еліміз үшін, Сыр бойы үшін нағыз қиын-қыстау, күрделі шақ еді. Нарықтық қатынасқа көшудің алғашқы жылдарының қаншалықты қиыншылықтармен жүргенін ұмытқан жоқпыз, бәрі көз алдымызда.  

1996 жылы мамыр айында Үкіметтің бір қаулысымен Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институты болып, Қызылорда педагогикалық институты Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті болып қайта құрылды. Сол кездегі тәртіп бойынша облыс әкімдері ректордың тағайындалуына тікелей өз келісімдерін беретін. У.Бишімбаев Жамбылдағы университетке ректор болып тағайындалып, сонда баратын болды. Мені Бердібек Машбекұлы шақырып алып: «Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтының ректоры лауазымына сіздің кандидатураңызды ұсынып жатырмыз, мен сізді қолдаймын және сізге сенім артамын, министрлікке өз келісімімді бердім, қызметке кірісе беріңіз», – деді. Тәртіп бойынша мен алқа мәжілісіне барып, соған қатысуым керек еді, ал мен Алматыға бармай-ақ, 1996 жылы шұғыл түрде ректор лауазымына тағайындалдым.

Бердібек Машбекұлы облыс әкімі болып тағайындалғаннан кейін біздің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше серпін беретін жоба –  Қызылорда арнайы экономикалық аймағын құру туралы бастама жасады. Бұл жобаны жасап, жүзеге асыруға академик У.Бишімбаев, экономист-ғалымдар И.Ким, Б.Шәменова, Ү.Шалболова, А.Бақытжанов, Е.Махницкая қатысқан жұмыс тобы құрылып, техника-экономикалық негіздемесін жасауға атсалыстық. Бердібек Сапарбаев өзінің жаңа форматтағы экономист екенін, істің көзін таба білетін, батыл шешімдерге бара алатын басшы екенін дәлелдеді.   

Облыс әкімінің аймағымыздағы жоғары оқу орындарына жасаған ерекше қолдауын айта кеткім келеді. 1996 жылы біздегі «Южнефтегаз»  бірлестігі канадалық «Харрикейн Хайдрокарбонз ЛТД» компаниясына өткен еді. Сол кезде оның президенті Кит Макрей болатын. Бердібек Машбекұлы біздің институт пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетін халықаралық деңгейге көтеру, әлемдік білім кеңістігіне шығару мақсатында екі оқу орнының ғалымдарын өңірімізге келген сол компанияның басшыларымен таныстырды. Соның нәтижесінде Канаданың халықаралық даму агенттігі (CIDA) – СИДА-мен Z010776 «Қазақстанның жоғары оқу орындарына техникалық көмек көрсету» бірлескен жобасы аясында бірінші рет Калгари қаласындағы Оңтүстік Альберта технологиялық институтында біздің 24 оқытушымыз мұнай ісі, бизнес, ақпараттық технологиялар, бақылау-өлшеу құралдары сияқты басым бағыттардан төрт айлық тағылымдамадан, ағылшын тіліне оқытудан өтті, ағылшын тілінде 150 оқу-әдістемелік материал алынды, Auto-CAD-орталығы, бақылау-өлшеу құралдарының аспаптық зертханасы, дәнекерлеу орталығы ашылды, лазерлік атмосфералық байланыс желісі (ЛАЛС) орнатылды. Бұл жоба 2003 жылға дейін жұмыс істеді.

Сонымен бірге, ағылшын тілінің профессоры Т.Кеншінбайдың атсалысуымен Канаданың Ауылшаруашылық Олдс колледжімен ынтымақтастық туралы келісімшарт жасалып, университеттің оқу-зертханалық базасы ретінде канадалық тәжірибемен аумағы 270 шаршы метр жылыжай салдық, онда алғаш рет еуропалық технологиямен көкөністер өсіру қолға алынды және ол әлі күнге жұмыс істеп келеді. Осының бәріне бағыт беріп, қолдау көрсетіп отырғаны үшін облыс әкіміне шексіз риза болдық.

Елімізде жоғары білім беру саласындағы жүргізіліп жатқан реформаларға орай, 1998 жылы 24 наурызда Үкімет қаулысымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті және Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институты бірігіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті болып құрылды. Сол кезде облыс әкімінің ұсынысымен мен ректор болып тағайындалдым. Аймағымыздағы екі үлкен жоғары оқу орны қосылғаннан кейін өте үлкен ауқымды жұмыстар басталды. Бұл жерде де облыс әкімі Б.Сапарбаев тағы да сол өзіне тән көрегендікпен бізге жол сілтеп, бағыт-бағдар, ақыл-кеңесін беріп, көмекке келді. «Туған жерге туыңды тік!» деген асыл сөз осындай жанашырлықтың дәлелі болса керек. Бердібек Машбекұлының тікелей ықпал етуімен және өзінің ұйымдастыруымен сол кездегі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Нәрібаев Көпжасар Нәрібайұлы, Қазақ халық шаруашылығы инстиутының ректоры, академик Мамыров Нұрғали Құлшыманұлы, Қазақ аграрлық университетінің ректоры Сағадиев Кенжеғали Әбенұлы, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің ректоры Садықов Тоқтар Сәлменұлымен танысып, университеттің әріптестік аясын кеңейте түстік. Бұл біздің университет ұстаздарының ғылыми әлеуетін дамытуға оң ықпалын тигізді, аталған жоғары оқу орындарында ұстаздарымыз кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, ғылыми дәрежелі кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылды. Сондай-ақ шетелдік әріптес ЖОО-мен қарым-қатынасқа мән берді, атап айтқанда, Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай-газ академиясынан келген ғалымдарды жеке қабылдап, өңірімізге мұнай саласының мамандарын дайындауда бірге жұмыс істеуге шақырды. Университет осы академиямен әріптестік қарым-қатынас орнатып, ұстаздар сонда білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Бердібек Сапарбаев университеттің жас ғалымдарына ғылыми жетекшілік жасап, Асқар Бақытжанов, Елена Махницкая тәрізді жас ғалымдар кандидаттық диссертацияларын қорғады. Облыс басшысының университетке келіп лекция оқу дәстүрін енгізді, аптасына бір келіп студенттерге экономикалық реформалар туралы дәріс оқып тұрды, бұл да жаңашылдықтың бір көрінісі еді. Студенттерге дәріс оқуымен қатар, өзінің ғылыми ізденістерін тереңдету арқылы «Өндірістік-шаруашылық жүйедегі инвестициялық үдерістерді басқару» тақырыбында 1999 жылы докторлық диссертация қорғады. Бұл теория мен тәжірибені ұштастырып, ғылыми ізденіс нәтижелерін өндіріске енгізудің нақты нәтижелі жемісі еді.

Облысқа басшылық еткен жылдары аймағымызға көрнекті қоғам қайтаркерлері, зиялы қауым өкілдері, есімі елге белгілі тұлғалар келсе, міндетті түрде университетте ұстаздар қауымымен, студенттермен кездесулер ұйымдастыруды жіті қадағалады.

Жоғарыда айтып кеткенімдей, екі жоғары оқу орны қосылған кезде еліміздегі, аймағымыздағы әлеуметтік-экономикалық ахуал күрделі, тұрғын үй құрылысы тоқыраған, пәтер, газ, жарық, жылу мәселелері күрделі кезең болатын. Сондай қиын-қыстау кезеңде жарқын болашаққа болжам жасап, кәміл сенім ұялатқан жақсы істерге бастама жасағанын қалай ұмытарсыз?! Қазіргі облыстық медициналық орталық маңайынан 30 гектардан астам жерді бөліп беріп, қаланың Бас жоспарына университет кварталы деп енгізілді. Жоспар бойынша ол жерге келешекте мұнай-газ факультетінің кешенін, студенттік жатақхана, спорттық-сауықтыру орталығы, агробиологиялық орталық және 40 пәтерлік оқытушылар үйі үлкен кампус ретінде салынады деп межеленді. Сонымен бірге   жеке тұрғын үй салуға 126 жер телімі бөлінді. Қазір соның біразы жүзеге асты, «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешені, типтік жобамен салынған жатақхана, агробиологиялық орталық университет ұстаздары мен студенттерінің, жалпы қалалықтардың игілігіне айналды, 40 пәтерлік үй салынып, университет ұстаздары қоныстанды. Бөлінген 126 жер теліміне өздерінің жеке үйлерін салып алған ұстаздар мен қызметкерлер қазір рахатын көріп отыр.

Бердібек Машбекұлы – сергектікті жанына серік еткен жан. Ол спортқа да өте жақсы қолдау көрсетті, аптасына 2 рет жұмыстан кейін жастармен футбол ойнайтын. Университеттің спортшыларына ерекше қолдау көрсетті, жарыстардан жеңіспен оралғандарды жеке қабылдап, құттықтап, сый-сияпат жасау дәстүрге айналды.

Мен облыс басшысы ретінде атқарған сан-салалы қызметінің бір бағыты ғана туралы, университетке, жоғары білім беру ісіне жасаған қамқорлығы туралы ғана сөз еттім. Жақында ғана 85 жылдығын атап өткен, халықаралық рейтингте алдыңғы қатарда тұрған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің осындай жетістіктерге жетуіне кезінде облыс басшысының жасаған қолдауы, берген бағыт-бағдары көп көмегін тигізгенін атап айтуымыз керек. Сонымен бірге оның басшылық жасау тәжірибесімен қатар, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті мүшесі екенін, «Аймақтың өтпелі кезеңдегі экономикасы», «Арнаулы экономикалық аймақтар. Құру тәжірибесі», «ҚР Кеден кодексі» кітаптарының, ҚР Кеден кодексіне түсініктеменің авторы екенін де еске салғанымыз орынды деп есептеймін.

Қызылорда облысының әкімі болып еңбек еткен жылдары оның барлық іскерлік, ұйымдастырушылық қасиеттері, білімділігі жарқырап көрінді. Ол үлкен жауапкершілікті істерді абыроймен атқара алатындығын дәлелдей алды, осы облыста шыңдалды, тәжірибе жинады, өзінің халықпен жұмыс істей алатын табанды басшы екенін көрсетті. Халықпен араласу арқылы билік пен халықтың арасындағы алтын көпір іспетті, көпшіліктің өз тілінде сөйледі, ұлтының жанашыры екенін көрсете алды. Сондықтан болар, кейінгі қызмет жолдарында күрмеулі мәселелері жетерлік бірнеше облыстардың бірінші басшысы лауазымына тағайындалды. Қай өлкеде жүрсе де, үнемі халықтың көз алдында болды, жаны тыныштықты, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді қаламады, қай істі қолына алса да ойдағыдай атқарды, оң шешімін таба алды,  жемісін халық көрді.

Жамбыл облысына әкім болып тағайындалуы, шынымды айтсам, мені қатты толғантты. Апыр-ай, елдің бірлігі, ұлтаралық қарым-қатынас шиеленіскен сәтінде сондай қиын күрделі мәселені шешуге жіберді-ау деп ойладым. Ұрыс алаңына, майданның алдыңғы шебіне тек тәжірибелі, батыл, ержүрек қолбасшылар жіберілетіні сияқты, оның да тағдырына қиындықтарды шешу жазылған екен дедім. Ол – жалпы Қазақстандағы басшы қайраткерлердің ішінде сирек кездесетін тұлға. Ол министр де, Премьер-министрдің орынбасары да болды, ол бес облыстың әкімі де болды. Қай жерде қиын, қай жерде проблема бар, сол жерге жіберілуі бұл кез келген тұлғаның маңдайына жазыла бермейтін сындарлы да күрделі жол. Сол жолдан Бекең абыроймен өтті. Ел алдындағы еселі еңбегінің нәтижесінде мемлекеттік марапаттарға ие болды.  Оның әділ, адал, жан-тәнімен елге қызмет етуі, ұлттың тағдырын, болашағымызды ойлауы, жүріп өткен жолы жастарға үлгі-өнеге.

Әрқашан елмен байланыста болып, жағдайымызды, отбасымыздың амандығын сұрап отыратын қамқоршымыз, тілекшіміз, ұстазымыз болған Бердібек Машбекұлын алдымыздағы ақылшы аға, қайраткер тұлға ретінде ерекше құрметтеймін. Бекеңді ғұмырының биік белесіне келіп отырған мерейлі жасымен құттықтап, жылы лебізімді, ықыласты ілтипатымды жеткізуді інілік ізетім деп санаймын. Еліміздің өсіп-өркендеуіне сіңірген еселі еңбегінің шапағатын көріп, халықтың ыстық ықыласы мен құрметіне бөленіп, өмір асуларынан аман-есен өте беруіне тілектестігімді білдіремін. 

Қылышбай БИСЕНОВ,

техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Ұлттық құрылтайының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<