Тоқсанның төріндегі қаламгер

199

0

«Сыр бойы» газетінің тарихында бүгінгі кейіпкеріміздің орны бір бөлек. Қарашаңырақтың ортақ абыройын асқақтатуға оның еңбегі зор. Ол ширек ғасырдан астам Арал мен Қазалы ауданының меншікті тілшісі болып, Сыр мен қырды жайлаған сондағы халықтың тіршілігін тізбектеген. Содан болар, теңізді өлкенің бұрынғы өткенін іздесем, әуелі Шәкірат көкеме соғамын. Құр соқпай, құлақ құрышын қандырар хикаяларға қанығып қайтамын.

Иә, Шәкірат Дәрмағамбетұлы десе, жұрт есіне әуелі «Сыр бойы» түседі. Ширек ғасыр қызмет еткен редакциясын барған сайын сұрайды. Расымен аудандардағы ең ұзақ меншікті тілші болуда Шәкемнің алдына түскен ешкім жоқ. Одан соң марқұм Рашид Жарылқасынов тұр. Ол Жалағаш пен Қармақшы аудандары бойынша 20 жыл меншікті тілші болыпты. Шәкірат аға қарттық келсе де қаламын тастамаған. Рашид ағамыз да өмірден өткенше түрлі мақалалар жазып жүрді. Тоқсанның көжесін татқан Рысты Бекбергенова апамыз өзі қызмет  еткен  газетке өлеңдерін әлі жолдап тұрады.

Шәкірат көкем қазір тоқсанның төртеуіне иек артты. Қырықтан асып қыңқыл-сыңқылды көбейткен кейбір замандастардың қасында, Құдайға шүкір, ақсақалдың қуаты баршылық. Тіл-аузымыз тасқа, денсаулығы жақсы.

Ол соғыс басталардан бір мүшел бұрын дүниеге келіпті. Дұрысы, 1928 жылғы ғой. Туған жері қазіргі Арал ауданына қарасты Қаратерең ауылының төңірегі. Сол Қаратерең маңайынан басталған теңіз ұлтаны Баянның құмы, Тоқпан, Ұзынқайыр, Қасқақұлан, Ұялыға қарай жалғаса береді. Одан соң Қызылдың құмы басталады.

– Мына теңізге құяр сағада  «Үш аша» дейтін жер атауы бар. Дарияның тармақтала аққан саласы ғой. Күркіреуік, Көлдай, Шөгірлі деп бөлініп жатады. Балықтың жатағы болған. Осы құяр сағада балықтың ең тәуірлері мекендегенін айтады көнекөздер. Бұның бәрінде халық отырған. Үлкен ел болған ғой. Сырттан көшіп келушілер, түрлі ұлт өкілдері қоныстанғанға ұқсайды. Теңіздің арғы басы Ақеспеден пароходпен шыққан халық анау Қызылқұм беткейде жатқан Ұялыға дейін қатынайтын, – дейтін өткен шақты еске алған Шәкем. Сірә, балалық пен жастық шағында көрген тулаған асау толқынды теңізге деген сағыныш шығар. Барған сайын теңіз жайлы көп әңгімелесетініміз осыдан.

Ақсақалдың әу бастағы мамандығы мұғалімдік. Қызылордадағы педагогикалық институттың тарих-география факультетін бітірді. 1950-жылдары жолдамамен сонау Гурьев (Атырау) облысына жіберілді. Ол уақытта өзі оқытқан, өзі қызмет ұсынған үкіметтің мұндай заңдылығына қарсы тұруға әсте болмайтын. Жас жігіт осылайша Атыраудағы ұстаздық қызметін бастады. Мәртебелі мамандыққа дақ түсірмей, абыроймен жүре берер ме еді, кім білсін?! Сол жылдары ойламаған жерден денсаулығы сыр берген. Науқасы меңдеп, батыста ұзақ бола алмаған ол Аралға қайта оралған.

Туған жердің ауасы да дәру. Алыста жүріп жабысқан дерттің мұнда беті қайтқан. Өз мамандығы бойынша аудандық білім бөлімі қызметке шақырып, тіпті Сыр беткейдегі шағын ауыл Шөмішкөлдің мектебіне директор етіп тағайындады. Ұстаздық етудің бүге-шігесіне қанық ол тартынбаған. Көл жағасын орай орналасқан ауыл мектебінде қолтаңбасын қалдырды. Одан әрі қызмет баспалдағы Шижаға, Қаратерең мектептерін басқарумен жалғасқаны бар.

Оның журналистикаға келуінің себебі жоқ емес. Қаратерең мектебін басқарып жүріп, елге радио тартып, газет-журнал оқуды насихаттауда еңбегі ерекше болды. Аудандық газеттен бастап, облыстық, республикалық түрлі басылымдарға Қаратереңнің әр үйі жазылатын. Теңізден несібе сүзген балықшылар қолы қалт етсе, газетке үңіліп, кітап парақтайтын. Өзі де ауылда жүріп, «Озат балықшы» деген атаумен үнпарақ шығарғаны бар.

Аудан орталығынан тым алыс жатқан Қаратереңдегі тың жаңалықтардан аудандық атқару комитеті де хабарсыз емес. Жас жігіттің ауыл мәдениетін көтеруде жүгі ауыр жұмыстарды атқарып жүретінін білетін. Осыдан шығар, елге қызметімен жаққан Шәкіраттың жұмысы жергілікті атқарушы биліктен оң бағаланып жүрді. Ауылдан Арал қаласына қызмет ауыстырып, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болды. Одан соң аудандық «Социалистік Арал» газетінің (қазіргі «Толқын» газеті) өндіріс-транспорт бөлімінің меңгерушісі болу жөнінде ұсыныс түсті. Тілшілік тіршілікке енуі осы кезден басталған еді. Содан бері журналистік саптан түспеген оның 1960 жылдан бастап әлі де қаламының қуаты қайтпағанын біз жоғарыда айтып кеткенбіз. Мұғалім Шәкіраттан журналист Шәкіратқа айналған ол көрші Қазалыдағы «Ленин туы» газетінде қызмет етіп, редактордың орынбасары да болды. Ал 1965 жылдан бастап облыстық «Ленин жолы» газетінің («Сыр бойы») Арал мен Қазалы ауданы бойынша меншікті тілшілікке тағайындалып, журналистика дейтін жүгі ауыр саланың салмағын ширек ғасыр көтеріп келді.

– Газеттің өзі бір күндік болғанмен, сөзі мың күндік. Мен 1965 жылдан бастап 1991 жылға дейін бұрынғы «Ленин жолы», бүгінде тарихи атауын қайтарған «Сыр бойы» газетінде жұмыс істедім. 25 жыл Арал мен Қазалы ауданының меншікті тілшісі деген қызметті атқардық. Оның бір дәлелі, осы киелі шаңырақта жүріп, 1979 жылы «Қазақ ССР мәдениет қайраткері» деген марапатын да алдық. Сын да жаздық, қоғам мәселесін қозғап, талай кемшілікті ашып көрсеттік. Сол арқылы біреуге жақпасақ та, халық батасынан артық бізге ештеңе керек болмады.

Шәкемнің оң жамбасына келер екі жанр бар. Газеттің ең өткір жанры болып есептелетін фельетон мен сын жазуда оның қаламы тым жүрдек.  «Қазаншының еркі бар…», «Өтірік филиалдар», «Сәтсіздіктің бәрі бақытсыздық емес», «Ет жеймін деп иегің қышымасын» сынды фельетондарын қазіргі аға буын бүгінге дейін жыр қып айтады. Сол еңбектің жемісі шығар, 1979 жылы «Мәдениет қайраткері» атағын иеленіп, «Арал арайы» атты кітабын жарыққа шығарды.

Тоқсаныншы жылдардың басында Шәкірат Дәрмағамбетұлы зейнеткерлікке шықты. Қағаз жүзінде ғана. Өзіне салсаңыз, ақысыз жұмыс істеп жүре беруге бейіл. Зейнетке өзі кетсе де, қаламы шықпаған Шәкірат республикалық, облыстық, аудандық басылымдардың тұрақты авторына айналды. Әлі де солай. Бүгінде газет редакторлары ардагер журналистің мақалаларын іздеп тұрады. Тіпті, осы саланың майын ішкен аға буын сонау Алматы мен Нұр-Сұлтаннан іздеп келіп, түрлі дерек пен тарихтың шындығын біліп кетіп жүр.

Иә, бүгінде халық ықыласы мен марапатынан кенде емес ақсақалдың бойынан кейінгі ұрпаққа үлгі қылар тәлім көп. Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасының иегері, Арал ауданының Құрметті азаматы Шәкірат Дәрмағамбетұлының бір кездері жер жыртқызып, егін салғанын да білеміз. Қос уыс дәннен қырық қап тары берген Ақиректің алқабында Аралдың бар ақсақалын жиып, бақша егіп, күтімін жасағаны бар. Еңбекті сүюді құр сөзбен үндемей, кетпен арқалай жүріп, кәсібімен үлгі қылғанын жерлестері әлі ұмытқан емес. 

Тоқсанның төрінде отырып, тұтас елге тәлімін берер ақсақалдың журналистикадағы орны ерекше деп едік қой. Қариялық келбетімен әдемі көрінетін Шәкемнің әр сөзі мен ісі дәріптеуге әбден лайық. Қара сөздің қасиетін ұқтырған ақсақалға Құдай қуат бергей!

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<