Туған жерін түлеткен

836

0

Халықта «Жақсы ісімен мың жасайды» деген даналық бар. Бүгінде 70 жасқа жеткен Болатбек Пұсырмановпен 40 жылдан бері тонның ішкі бауындай аралас-құралас ғұмыр кешіп келеміз. Болатбектің арғы атасы Пұсырман қажы дәулетті, Қазалы уезінің абыройлы азаматы болған.

Пұсырман қажы Ағжанмен шаңырақ көтеріп, өмірге жеті ұл әкеледі. «Халық жауының ұрпағы» атанған олардың бәрі дерлік қуғын-сүргінге ұшырайды. Әсіресе, Қазалы уезінің бастығы болған Есет пен Әшірбек адам баласының басына берместей азап шеккен. Есет ату жазасына кесілсе, Әшірбек Ресейдің Мурманск қаласына айдауға жіберіліп, сол жақта қайтыс болған. Өкініштісі сол, Әшірбек ұрпақтары да «халық жауының балалары» атанып солақай саясаттың зардабын шегеді.

Болатбектің әкесі Әшірбекұлы Жүсіпбек 1937-1939 жылдары Алматы қаласындағы Тау-кен металлургия институтының 3-курсында оқып жүргенде, «халық жауының баласы» деп оқудан шеттетілді. Аяқталмаған жоғары біліммен туған жері Қазалыға оралған соң шалғайдағы Майдакөл ауылындағы мектепке мұғалімдік қызметке жіберілді. Теңіз жағасында қоныс тепкен ауылға 1941 жылы «Ұлы Отан соғысы басталды» деген хабар келіп жетті. Жүсіпбек өз өтінішімен Отан қорғауға аттанған. Ленинград үшін болған шайқастағы ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталып, коммунистік партия қатарына қабылданған, 1945 жылдың мамыражай мамыр айында туған топырағына аман-есен оралды. Араға жыл салмай орденді жауынгер Қазалы қаласындағы №17 орта мектеп директоры қызметіне тағайындалды. Сол кездегі Сарыкөл ауылдық кеңесіне қарасты Сарытоғай ауылындағы сегізжылдық мектеп директоры Төлегенова Күлзипамен бас қосып, шаңырақ көтерді.

Өткен күндер зардабын мейлінше тартса да, мойымаған Жүсіпбек 1961 жылы бар-жоғы 42 жасында дүние салды. Өзі өлсе де артында өлмейтұғын ісі мен өшпейтұғын ізі қалды.

Болатбек Жүсіпбекұлы 1951 жылдың желтоқсан айында өмірге келіп, Қазалы кентіндегі №419 орыс орта мектебінен дәріс алған. Алматыдағы В.И.Ленин атындағы Қазақ мемлекеттік политехникалық институтының құрылыс факультетін бітірді. Ана аманатын қия баспай, туған жерге оралды. Ол кезде Қазалыда «Қызылорда-сельстрой-4» мекемесіне қарасты №1604 жылжымалы механикаландырылған колонна бар. Болатбек аудандық атқару комитетінің нұсқауымен осы мекемеде қатардағы құрылыс шебері болып, еңбек жолын бастады. Коммунистік партия қатарына қабылданып, аудандық атқару комитеті аудан архитекторы қызметіне шақырды. Бұл қызметті абыроймен атқарған соң өздеріне қызметке алып, келешегіне жол салды. 1985 жылы Қазалы аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры қызметіне тағайындалды. 680 адам жұмыс істейтін мекемеге басшылық жасау жеңіл шаруа емес. Аудан орталығы ғана емес, шалғай жатқан елді мекен тұрғындарына да тұрмыстық қызмет көрсету осы мекемеге жүктелген.

1989 жылы аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып Аралға келді. Ол кезде аудан басшысы Балтабай Ақпанбетов деген азамат еді. Жұмысты 175 орындық  аудандық аурухана құрылысын салуға басшылық жасаудан бастады. Іле-шала 50 орындық жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысы да бой көтерді. 1989 жылдың желтоқсан айында екі аурухана да аудан тұрғындарының пайдаланылуына берілді.

Электро-техникалық зауыт пен тігін фабрикасы салынып, мыңнан аса адам тұрақты жұмысқа тартылды. Сондай-ақ, Арал қаласынан орталық базар ашу, Қамбаш көлі жағасынан 200 орындық балалар демалыс орнын, жабық спорт кешені мен бассейн салу да жоспарға енгізіліп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады. Қалада 120 және 90 орындық екі балабақша ғимараты да бой көтеріп, пайдалануға берілді. Аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендерге барар жолдарға тас төселіп, жол қатынасы жақсарды.

1992 жылы Арал ауданының әкімі қызметіне Биғали Қаюпов тағайындалған соң, Болатбек Пұсырманов аудан әкімі орынбасары қызметіне кірісті. Оған құрылыс, көлік, өндіріс, байланыс салаларына басшылық жасау жүктелді. Әсіресе электротехникалық және кеме жөндеу зауыттарын қайта қалпына келтіруге қосқан үлесі сүбелі.

1994 жылы мамыр айында Ақтөбе теміржол басқармасы сексеуілдік теміржолшыларға 4 айлық еңбекақыларын бермегендіктен күрделі ахуал қалыптасты. Алматыдан Мәскеуге жүретін 40-қа жуық жүрдек пойыз теміржолшылар наразылығынан тұрып қалды. Аудан әкімі өз орынбасары Б.Пұсырманов пен аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы А.Әшіровке шұғыл тапсырма берді. Екі күннің ішінде теміржолшылар жағдайы қалпына келді. Екі айлық еңбекақы 24 сағат ішінде төленді.

1997 жылдың мамыр айында Болатбек Жүсіпбекұлы Қазалы ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Жұмысын тұрмысы төмен отбасыларға қамқор қолын созудан бастады, яғни, кәсіпкерлер оларға отын-су, азық-түлік, азын-аулақ ақшалай көмек бере бастады. Әкімнің құдай қосқан қосағы Индира Бердіқызы ауданда әйелдердің қоғамдық кеңесін құрып, 77 тұл жетім бала есепке алынып, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлердің қамқорлығына алынды.

Сол мезетте экологиядан ба,  бәлкім тығырыққа тірелген тіршіліктен болар, адамдардың өз-өзіне қол жұмсауы көбейді. Аудан әкімі Әбдіжәміл Нұрпейісов ағасына барып, жағдайды бүкпесіз баян етіп, ақыл-кеңес алды. Әбдіжәміл ағаның тікелей ықпалымен Қазалыға медицина ғылымының докторы, профессор Зита Мажитова басшылық жасайтын «Ұрпақ» балалар орталығының 17 дәрігері келді. Шұғыл түрде елді мекендерден 100 баланы ауруханаға жатқызып, зерттеу жасағанда бәрі ауру болып шығады. Содан Алматыдағы «Ұрпақ» балалар орталығына айына 50 бала ем алуға жіберіліп отырды.

Халық жиналып, күш біріктірсе алынбайтын қамал болушы ма еді? Лақалы елді мекеніндегі 100 орындық орта мектеп, Шөкен, Майлыбас, Аранды ауылдарындағы орта мектеп пен клуб құрылысына бюджеттен көк тиын жұмсалмастан, сол кездегі ел азаматтарының бастамасымен іске асқан еді. Осы орайда Әйтеке би кентіндегі құрылысы 14 жылдан бері бітпей тұрған перзентхана құрылысын қаражат тапшылығына қарамастан жедел аяқтауға күш салынды. Ұзақбай Қараманов ағамыздың араласуымен Қазақ теміржол басшылығы қаржы бөлді. 1998 жылы жаңа оқу жылы қарсаңында Алға ауылдық округіне қарасты «Жалпақ», Құмжиек ауылдық округіне қарасты «Тапа», Қарашеңгел ауылдық округіне қарасты «Водокачка» елді мекендерінен бастауыш мектептер ашылып, Қожабақы ауылында кеңестік заманда басталып, құрылысы тоқтап тұрған екі қабатты мектеп ғимараты бой көтерді.

Әйтеке би кентінің жанында үш жүзге пір болған Мүсірәлі сопы әзиз бабаға еңселі кесене орнатылса, дарияның арғы бетіндегі Асандар көтерілісі болған жерге үлкен ескерткіш салынды.

Адам баласы өзінің таза еңбегімен, өнегелі де өркенді ісімен бақытты, сыйлы бола алады. Оның еңбегі де еленбей қалған жоқ. Елбасы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл, 20 жыл», «Астана» мерекелік медальдарымен марапатталған. Арал мен Қазалы аудандарының құрметті азаматы. Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері, Қазақстанның құрметті құрылысшысы.

Б.Пұсырманов облыс бойынша жылжымайтын мүлік орталығы РМҚК директоры қызметін 15 жыл бойы атқарып, еңбек демалысына шықты. Шыңғысхан, Гүлмира, Айнұр, Бисұлтан есімді ұл-қыздарды тәрбиеледі.

Болатбек Жүсіпбекұлы күні кеше “Құрмет” орденін кеудесіне тақты. Бұл елжанды азаматқа лайықты марапат деп сезіндік.

Шаһизат ТӨРЕБАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда қаласы,

Жалағаш, Қармақшы аудандарының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<