Ұяда көргенін ұшқанда ілген

453

0

Қазақ айтатын «Отан отбасынан басталады» деген сөз бекер емес. Бұл  – адам үшін өмірдегі басты құндылық, қасиетті мекен. Адамға тәрбие беріп, дұрыс жолға бағыттайтын, өсіп-өркендеуінің алғашқы баспалдағын салатын, тұлға етіп қалыптастыратын орны бөлек институт.

Сөзімізді отбасы құндылықтарынан бастау себебіміз, әскерде қатар қызмет етіп жүрген отбасылардың бірі туралы әңгіме қозғамақпыз. Бұл – Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімінде қызмет етіп жатқан Беркеновтер отбасы. Әскери отбасының отағасы Жасұлан Беркенов аталған әскери бөлімнің жедел мақсаттағы батальон командирі лауазымында қызмет атқарған. Қазір Астана қаласындағы Ұлттық Қорғаныс университетінде білімін шыңдауда, шені – майор. Ал оның жұбайы, ефрейтор Мәдина Беркенова қаржы қызметінің аға маман-есепшісі. Екеуі де – Түркістан облысының тумасы.

 Жасұлан мен Мәдинаның Ұлттық ұлан сапына келуі бекер емес. Екеуінің де әкесі – ішкі әскерде қызмет еткен офицерлер, бүгінде құрметті демалыстағы ардагерлер. Жасұлан Нұрланұлының әкесі капитан Нұрлан Беркенов осы 5547 әскери бөлімде қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Әкесінің «Сенің қолыңнан бәрі келеді» деген сөзі Жасұланды әрдайым қанаттандырып отырады. Ал Мәдинаның әкесі подполковник Сүндет Әбдиев 6506 әскери бөлімі штаб бастығының орынбасары лауазымынан зейнетке шыққан. Мәдина мен оның бауырлары нағыз қамқор әкенің аялы алақанында өсті. Екі отбасының да анасы отбасы жылуын сақтап, әскери қызметтегі ер-азаматына сүйеу болды, балаларына жақсы тәрбие берді. Бүгінде жайқалған мәуелі бәйтеректей балаларының ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Екі отбасының құда-жекжаттық сыйластығы да – айналасына өнеге. Тағы бір айта кетерлігі, екі отбасының тірегі болып отырған асқар тау әкелері – Тәжік-ауған соғысының ардагерлері.

Майор Жасұлан Беркеновтің әскердегі қызметі 2007 жылы Петропавл қаласындағы Ішкі әскердің әскери институтына түскен кезден басталған. 2011 жылы ішкі әскердің командалық-тактикалық мамандығын алып шыққан жас түлекті Қызылорда қаласында жаңадан ашылып, қалыптаса бастаған 5547 әскери бөліміне алғашқы офицерлік қызметін бастауға жібереді. Жедел мақсаттағы ротаның взвод командирі лауазымынан қызметін бастаған Жасұлан Нұрланұлы әрі қарай сол бөлімдегі атқыштар ротасының взвод командирі болады. Жедел мақсаттағы рота мен атқыштар ротасының командирі лауазымдарынан да өткен офицердің тәжірибесі молайып, шеберлігі шыңдала түсті. Екі бағыттағы қызметті қатар бағындырып, аралас қызмет атқаратын полктің міндеттерін бірдей меңгеріп келе жатқан офицер болашағынан үміт күттірер мамандардың алды бола бастайды. Оны қолбасшылық та дер кезінде байқап, Жасұлан Нұрланұлын келесі лауазым баспалдағына, яғни жедел мақсаттағы батальон командирінің орынбасары-штаб бастығы етіп тағайындады. Сенімге селкеу түсірмеген офицер екі жылға жуық уақыт бойы осы бөлімнің жедел мақсаттағы батальонын басқарып, командирдің қиын да күрделі міндеттерін абыроймен атқарды. 2021 жылы тірлігіне тыңғылықты, сертіне адал офицер қолбасшылықтың қолдауымен Ұлттық Қорғаныс университетіне оқуға түсті. Екі жыл бойы білім нәрімен сусындаған майор Жасұлан Беркенов санаулы күннен кейін әскери білім ордасын тәмамдағалы отыр. Ширап-шынығып, әбден ысылған, тәжірибе жинақтаған сардар алдағы құқықтық тәртіп әскеріндегі қызметін абыроймен атқарары сөзсіз.

– Осы жолды таңдағаныма ешқашан өкінбеймін. Мен әкемнің жолын жалғастырушымын. Жалпы өмірде адамдардың имандылығын, ұқыптылығын бағалаймын. Сатқындықты ұнатпаймын, ондай адамдар жолықпаса екен деймін. Менің өмірлік ұстанымым  «Тек қана алға, артқа жол жоқ!» – дейді майор.

Ал отанасы Мәдина Сүндетқызына келер болсақ, ол мектептен кейін «Болашақ» колледжінен экономист мамандығын алды. Қазақстандық инженерлік-педагогикалық Халықтар достығы университетінің  де экономика факультетін тәмамдап,  2015 жылы жоғары білімді маман болып шықты. Қазір мамандығы бойынша әскердегі есеп-қисап бағытында қызмет етуде.

Мәдина Сүндетқызы әйел адамның отбасы мен әскери қызметті қатар алып жүру мүмкіндігін былай деп топшылайды:

– Ерлермен бірге әскерде қызмет ету оңай деп айта алмаймын. Жалпы әйел заты отбасына қалай көңіл бөлсе, жұмысына дәл солай тиянақты болады. Олар бәріне де үлгеруге тырысады, бала тәрбиесіне, үйдің тірлігіне, тұрмыс қажетіне және қызметінен де қалмай, еңбек етуге уақыт табады. Ал осындай қызмет пен отбасын қатар алып жүрген әйелдерге жақындарының тарапынан қолдау мен көмек көрсетіліп жатса, қанекей?!

Беркеновтер отбасында үш перзент дүниеге келіп, көз қуанышы болып өсіп келеді. Тәрбиенің алдымен отбасынан басталатынын жақсы түсінетін жас ата-ана оған аса мән береді. Олар балалары үшін жақсы ұстаз болуды көздейді, сол үшін де өзара қарым-қатынастың кіршіксіз болуына мұқият қарайды. Перзенттерінің бойына адамдық, әдептілік, имандылық, шыншылдық сияқты қасиеттерді сіңіруге тырысады. Өйткені өздері де осы қасиеттерді қадірлейтін ортадан шыққан. Екеуі бірі білгенін екіншісіне үйретіп, отбасы болып шыңдалып, қызметтің ыстық-суығын тең өткеріп келе жатқан жайы бар.

Қызметтен кейін балабақша мен мектепке асығып, егіз қыздары Анель және Жанель, ерке ұлдары Нұржігітпен сағыныса қауышады. Сыйластық пен түсіністік, махаббат пен сүйіспеншілік патшалық құрған бұл отбасының болашағы алда, олар бірлесіп жүріп, әлі талай асуларды бағындырады.

Әкеден бастау алған әскери саладағы қызметті бүгінде балаларының жалғауы – ата жолын қуғаны, сүрлеу-соқпақтың даңғыл жолға айналғаны емес пе? Әскерилер әулетіндегі жандардың еңбек өтілін есептесек, 75 жылдан асып жығылады екен. Бұл дегеніміз тұтас бір дәуір ғой…

М.МЕРЕЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<