Ұстазға құрмет

539

0

Сыр өзенінің сол жағалауынан бой көтерген «Болашақ» университеті – елімізге қажетті мамандар даярлауда өзіндік үлесі бар, еңселі  білім ордасы.

Оқу орнының негізін қалаушы, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі, PhD ғалым-ұстаз, оқу орнының құрылтайшысы Зейнегүл Досманбетова университеттің заман талабына сай қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Бұл білім ордасынан даярланып шыққан мамандар еліміздің әр қиырында қоғамға, халыққа қызмет етіп жүр.

Университеттің мәжіліс залында З.Досманбетова жайлы түсірілген деректі фильм көрсетілді. «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақберген Досманбетов жарты ғасырдан астам бірге ғұмыр кешкен зайыбы Зейнегүл Рамазанқызының отбасындағы ана, қоғамдағы ұстаз болмысын тебірене әңгімелеп, толқыныспен еске алды.

«Болашақ» университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аида Смаилова ұстаздың өмір жолына шолу жасап, жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі жарқын істерін атап өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, «Болашақ» университетінің 2019-2022 жылдар аралығындағы ректоры, техника ғылымдарының кандидаты Қуаныш Дәуренбеков, сонымен қатар, Нәжмәдин Мұсабаев, Жарылқасын Өтешұлы, Райхан Сәрсенова, Серік Ыдырысов сынды зиялы қауым өкілдері, замандастары және туыстары мазмұнды естеліктер айтып,  жиынның маңызын арттыра түсті.

 Ұстаз – қоғамдағы құрметті мамандықтың иесі. Қаншама жас түлектің өміріне жолдама беріп, өн бойына өнегесін дарытқан ұстаз Зейнегүл Досманбетова өмірден өтсе де, оның жарқын болмысы, жасампаз еңбегі әріптестерінің әлі есінде, жас ұрпақтың да жадынан өшпек емес. Аяулы ана, ұлағатты ұстазға деген айрықша құрметтің айғағы – университет ауласындағы гүлзар ортасына ескерткіш мүсіні қойылды.

Ескерткіштің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов сөз сөйлеп, ұстазға деген құрмет әрбір адам баласы үшін парыз екенін атап өтті.

– Қасиетті Сыр өңірінде ұлт мүддесі, ел үшін табанды тер төккен, есімі мәңгілік есте қалған атпал азаматтар мен жайдары жандар аз емес. Соның бір дәлелі, Сыр бойының өсіп-өркендеуіне, өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесінде өз қолтаңбасын қалдырған ардақты ұстаз Зейнегүл Рамазанқызының ескерткіші ашылғанына куә болып отырмыз.

Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Бақберген Досманбетовтың аяулы жары, отбасында асыл ана, қоғамда қадірлі ұстаз атанып, өмірдің сәулелі сәттерін бірге кешкен Зейнегүл Рамазанқызының ізгі қасиеті шәкірттері үшін әрдайым үлгі,– деді М.Жайымбетов.

Білім күні мерекесі аясында ұйымдастырылған тағылымды іс-шараға белгілі ғалымдар, мемлекет, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, студенттер қатысты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<