Абайлаңыз, алаяқ!

1486

0

Бүгінде тәртіп сақшылары алаяқтықтың алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізуде. 2019 жылдың 6 айында Қызылорда облысы бойынша 483 алаяқтық қылмыстары тіркелді. Ішкі істер органдары қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде бұл қылмыстың 92,9 пайызы (2018 ж – 78,9%) немесе 268-і ашылып, қылмыскерлерге қатысты тиісті шаралар қолданылды.

Бұл қылмыстардың орын алуына жәбірленушілердің әлеуметтік жағдайларын түзеп беруге, жұмысқа орналасу, мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, жеңілдетілген пайызбен несие алып беру, кезектен тыс жер, пәтер алу жұмыстарына көмектесуге уәде еткен азаматтардың сөзіне алданып, оңай жолмен өз жұмыстарын бітіруге талпынулары себеп болып отыр.    

Мысалы: тіркелген алаяқтық қылмыстарын талдасақ, қарызға ақша алып қайтармағандар – 48, несие алуға көмектесемін дегендер – 68, жұмысқа тұрғызамын деген – 63, кезектен тыс үй алуға көмектесемін дегендер – 67, интернет желісі немесе ұялы телефон арқылы сенімге кіріп, есеп шотына ақша салдырғандар саны – 98, тағы басқалары – 94 құрап отыр. 

Ағымдағы жылдың 6 айында алаяқтық жасағаны үшін 154 адам ұсталып, 84-не қатысты қылмыстық іс айыптау қорытындысымен сотқа жолданса, 70-не қатысты екі жақтың ымыраласуына байланысты, яғни келтірілген  шығын өндіріліп,  қылмыстық іс қысқартылған.

 Осы қылмыстарды жасаған күдіктілердің 107-ы әйел, 47-і ер азаматтар.

  Тәртіп сақшылары  төмендегі жағдайларға назар аударуды сұрайды:

Бірінші, жәбірленушілердің кеш арыздануы.

Екіншіден, әлеуметтік желі арқылы берілген жарнамадағы затқа алдын ала төлем  жасауды немесе ұялы телефон арқылы басқа қалада жүрген баласын немесе бауырын қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін деп ақша сұрағандарға алданып, бейтаныс адамның шотына ақша аударады (Киви кошелек, ОЛХ жарнамасы және т.б.). 

Үшіншіден, кәсіпкерлердің, жеке тұлғалардың арасында екі жақпен жасалған келісім–шарттың негізінде сатылған заттың қаражаты уақтылы қайтарылмай, құзырлы органдарға алаяқтық жайында арызданады. Бұл жерде күдікті де, жәбірленуші де белгілі болғанымен, олардың арасындағы даулы қарым-қатынастың азаматтық дауға немесе қылмыстық әрекетке жататынын дәрежелеу мен шешім қабылдауда қиындық тудырып, ашылмаған қылмыс санын көбейтуде.

– Алаяқтықтан сақтану үшін не істеу қажет:

Белгісіз жеңілдік жағдайларында қымбат бағалы мүліктердің иесі (қозғалмайтын және қозғалмалы) болу туралы кез-келген ақпаратты қайта тексеру;

Заттық құқықтарды қандай да бір мүлікке өзгертуге қатысты барлық мәселелерді азаматтық, азаматтық-процестік заңнамалардың талаптарына және нотариалдық құқыққа сәйкес заңды түрде ресімдеу.

Мысалы: жылжымайтын мүлікке келісімшарт жасаған кезде міндетті түрде нотариалдық келісімшарт жасау. Бұл ретте нотариус иелігінен айырылатын мүліктің ауыртпалығының бар-жоғын «Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйе» БНАЖ базасы арқылы тексеруге міндетті.

Сондай-ақ алынатын мүлік ауыртпалығының бар-жоғы туралы ақпарат ұсыну үшін ХҚКО-ға тиісті өтінішпен жүгіну қажет.

Үлестік құрылысқа қатысардан бұрын Әкімдік сайтына кіріп, «жауапсыз салушылар» бөлігін тауып алу қажет. Онда активтерді сеніп тапсыруға болмайтын кәсіпорындар көрсетілген.

Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<