КЕРУЕН ТАРТАР КҮРЕ ЖОЛ

463

0

КЕРУЕН ТАРТАР КҮРЕ ЖОЛЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында көлік логистикалық кластерін дамыту шеңберінде Қазақстан аумағында «Батыс Еуропаны Батыс Қытаймен» жалғастыратын автокөлік жолы салынатынын атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл маңызды жоба 2009 жылдың қыркүйек айында өз жұмысын бастады. Яғни, сол кезде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» мегажобасын Елбасының өзі бастап берді. Біздің облыстағы бұл алып құрылыс 2010 жылы басталды. Жалпы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» арасын жалғайтын халықаралық көлік дәлізі Қазақстанның бес облысының аумағынан өтеді. Оның қашықтығы 2787 шақырымды құрайды. Ал, біздің облыстағы оның ұзындығы 812 шақырым.
Бұл халықаралық жолдың салынуы өткен ғасырларда біздің ата-бабаларымыз жүріп өткен ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту десе де болады. Соның бір айғағы ретінде айтар болсақ, қазіргі күні Қытайдан Батыс Еуропаға дейін теңіз арқылы жүк жеткізуге 40 күн уақыт кететін болса, онда аталған жоба іске асқаннан кейін Еуропа мемлекеттеріне жүкті жеткізуге бар болғаны он күн ғана кетеді. Осы есеппен алғанда 2020 жылға қарай жүк айналымның көлемі 2,5 есеге дейін көбейіп, 13 млн. тоннадан 33 млн. тоннаға дейін артады деп күтілуде. Оның үстіне әлем кәсіпкерлері теңіз арқылы тауар тасымалы үшін жылына 700 млрд. АҚШ долларынан астам шығын шығарады. Егер де осы жүк керуенінің белгілі бір бөлігі автокөлікпен Қазақстан арқылы тасымалданатын болса, онда ол біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына зор үлес қосады. 
Бүгінгі күні осы маңызды жобаға орай облыс аумағынан салынып жатқан 812 шақырым жолдың 246 шақырымы бірінші техникалық, ал 566 шақырымы екінші техникалық категорияға жатады. Осы жолды қайта жаңғырту барысында облыс аумағынан 48 көпір, 336 құбыр, 74 мал өтетін орындар мен 14 екі деңгейлі жол айрығы және екі темір жол өткелі салынып, пайдалануға беріледі. Өз кезегінде бұл нысандар алдағы уақытта жергілікті жердегі халықтың игілігіне жұмыс жасайтын болады. 
Айта кету керек, жаңа жоба толықтай іске асып, пайдалануға берілгенде ондағы көлік құралдарының жолда жүру жылдамдық көрсеткіші сағатына 120 шақырымға дейін өседі. Осы орайда автокөлік жолы бойында кездесетін кептеліс секілді қиындықтарды болдырмау мақсатында бұл автомагистраль облыстың сегіз ірі елді мекенін айналып өтеді. Олардың қатарында Арал қаласы мен Әйтеке би кенті, Жосалы кенті мен Ақжарма, Шаған ауылдары мен Қызылорда қаласы және Шиелі, Жаңақорған кенттері бар. Бір ескере кетерлік жайт, автокөлік құралдарының жолда жүрудегі бір бел темірге түсіретін күші 13 тоннаға дейін жеткізіледі. Бұл дегеніңіз өте ауыр салмақты жүк автокөліктерінің осындай жүкті тиеп, тасмалдауда аталған жолда емін-еркін жүруіне жол ашады. Сондай-ақ, бұл мегажобаның басты айырмашылықтарының бірі бұрынғы 10-12 метрлік жол төсеніштер 15 және 27,5 метрге, ал, жол жамылғысының ені 6-7 метрден 9-9,2 метрге дейін жеткізіледі. 
Халықаралық автокөлік жолының салынуымен Арал, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласында жол пайдалану учаскелері салынады. Сондай-ақ, Шиелі ауданындағы бүгінгі күндері жұмыс істеп тұрған жол пайдалану пунктінің ғимараты қайтадан жаңартылып, ол жол пайдалану учаскесі қызметін атқаратын болса, осындай жол пайдалану пункттері Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарында да салынады. 
Халықаралық автокөлік дәлізін салуды бес бас мердігер және қазақстандық 24 қосалқы мердігерлер жүзеге асыруда. Бас мердігерлердің қатарында үш итальяндық, атап айтқанда, «Салини» компаниясы 410 шақырымды, «Импреза» компаниясы 50 шақырымды және «Тодини» компаниясы 217 шақырымның жолын салуда. Сондай-ақ, Әзербайжан мен Түркияның «Аккорд-Окан» біріккен кәсіпорны 107 шақырымды және «Азеркорпу» компаниясы 28 шақырым жолды жаңғырту барысында жұмыс жасап жатыр. Негізі бүгінгі күні облыс аумағында 15 учаскеге бөлінген 812 шақырым жолдың барлығында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Әрі осы жолдардың мерзімінде аяқталуы мен сапалы болуына Кореяның «Исан», «Донгсунг», ағылшынның «Роугтон-ДБЮК» компаниялары мен Қазақстанның «Каздорпроект» ЖШС тұрақты бақылау жасауда. Ал, бұл жобаны басқаруды канадалық «СНК-Лавалин» компаниясы жүзеге асырады. Атап айту керек, мегажобаны іске асыруға жергілікті жердегі «УАД» және «Дорстрой» мекемелері де белсене атсалысуда. Жалпы бұл жұмысқа 3 мың данаға жуық техника жұмылдырылып, онда 15 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Осы жұмыспен қамтылғандардың 10 мыңға жуығын қазақстандық азаматтар құрайды.  
Халықаралық автокөлік дәлізінің салынуы ел экономикасының, соның ішінде облыстың дамуына айтарлықтай үлес қосады. Осы орайда айта кетейік, мегажобаның басталуымен Жаңақорған және Шиелі аудандарында қиыршық тас шығаратын зауыттар мен Қызылорда қаласында битум зауыты салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі күні осы зауыттардан шығарылған құрылыс материалдары әлемдік стандарт сапасына сай келуімен ерекшеленеді.  
Сонымен қатар автокөлік жолының салынуына орай облыс аумағында мердігер мекемелердің жұмысшыларына қызмет көрсету барысында жергілікті тағам өнімдері мен тауарлар, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектер және тағы да басқа өнім түрлері ұсынылуда. Сөйтіп осындай қызметтердің арқасында облыста орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатындардың қатары көбейіп, жаңадан жұмыс орындары көптеп ашылуда. Соның арқасында жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдері де көбейе түскен. 
Негізі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының құрылысы аяқталғаннан кейін үлкен жолдың бойында халықаралық талаптарға сай келетін қонақ үйлер мен автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталықтары және тамақтандыру орындары секілді көптеген нысандар салынып, пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ, бұл жобаның іске асуымен аймағымызда туризмді дамытуға жол ашылып, облыстың тарихи орындарына алыс және жақын шетелдерден келушілердің саны арта түседі деп күттілуде. 
Сонымен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің салынуы тек республиканың ғана емес, сондай-ақ, облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына мол мүмкіндік бермекші. Ең бастысы, Еуропа мен Азия секілді екі алып дүние бөлігін жалғастыратын бұл күрежолдың Қазақстан үшін берер пайдасы көп болмақ.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<