Көлік қызметі кемелдене береді

283

0

 Тіршіліктің бәріне жан бітіріп, сән келтіретін маңызды жүйе – көлік-логистика саласы. Бұл – экономиканың барлық буынын байланыстыратын, ел мен елді жалғастырып, алысты жақын ететін, бірлікті берекеге ұластыратын аса маңызды сала. Сондықтан оны дамытуға әркез баса көңіл бөлінуде.

Көлік саласы – қашанда тіршіліктің күретамыры, алға жылжытушы күш, әрі бірден-бір діңгегі десек, биылғы мерекені Сыр еліндегі мамандар толымды жетістіктермен қарсы алып отыр. Облыстың көлік саласының құрылғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекелік шара А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде өтті. Оған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысты.

Салтанатты шара облыстың көлік саласының дамуы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы дайындалған бейнебаянмен басталды. Облыс аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3451 шақырымды құ­райды. Оның 1016 шақырымы рес­публикалық, 563 шақырымы об­лыстық, 1872 шақырымы ау­дан­дық маңызы бар автомобиль жолдары. 2013-2018 жылдары 1594 шақырым автомобиль жолдары мен қала, кент және елді мекендердің көшелері жөнделді. Сондай-ақ, осы жылдар ішінде облыс аумағында 12 көпірге жөндеу жұмыстары (5 көпір құрылысы, 1 көпірді реконструкциялау, 6 көпірді күрделі жөндеу жұмыстары) жүргізіліп, пайдалануға берілді. 2019 жылы жергілікті маңызы бар 192 шақырым автомобиль жолдары, елді мекен көшелері мен көпірлерді жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Облыс басшысы мерекені көлік саласының сырбойылық мамандары айтарлықтай жетістіктермен қарсы алып отырғанын жеткізіп, сала қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтады.

– Көлік саласы қай кезде де еліміздің экономикасы мен өндірісінің барлық буынын байланыстыратын аса маңызды сала болып табылады. 80 жылдық тарихы бар бұл жүйе аға буынның еселі еңбегімен, жасампаздығымен дамыса, кейінгі ұрпақтың жаңашылдығымен нығайып келеді. Сыр елінің көлік қатынасын өрге сүйреп, тату тірлігі мен берекелі бірлігін арттыруға сүбелі үлес қосып отырған сала қызметкерлеріне облыс жұртшылығы атынан зор ризашылығымды білдіремін,– деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, бүгінгі таңда 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен жалғайтын 211 тұрақты автобус қатынасы жолға қойылған. Облыс орталығынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Қарағанды, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе және т.б. қалаларға күнделікті жолаушы тасымалдау қызметтері көрсетілуде. Сонымен қатар, 2018 жылдың шілде айынан бастап халықаралық «Қызылорда-Ташкент-Қызылорда» тұрақты маршруты бар.

– Қазіргі уақытта «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізінде 1 жоба іске қосылған. Сондай-ақ, қосымша 4 жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Осы жобалар іске асса, қызмет сапасы жақсарып, тасымалданған жолаушылар санының ашықтығына, жолау­шылар тасымалының тиімділігін жоғарылатуға, кірістер көзінің артуына қол жеткізіледі, – деп атап өтті облыс әкімі.

Теміржол саласына келсек, облыс орталығынан «Қызылорда-Алматы-Семей», «Қызылорда-Көкшетау», «Қызылорда-Петропавловск», «Қызылорда-Нұр-Сұлтан Нұрлы жол» (Тальго), Сексеуіл-Жезқазған арқылы жүретін «Қызылорда-Нұр-Сұлтан» және облысымыздың оңтүстік өңірін қамтитын «Қызылорда-Бесарық-Түркіс­тан» ба­ғытында пойыздар ұйымдастырылған.

Сыр елінің әуе қатынастарында да серпінді жобалар мен жетістіктер жетерлік. Бүгінгі күні Қызылорда әуежайы арқылы аптасына барлығы 34 тұрақты рейс орындалып, Астана, Алматы, Атырау, Қарағанды, Мәскеу, Анталия қалаларына әуе байланысы қарастырылған. Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің 2014 жылғы қаулысымен «Қорқыт Ата әуежайы» АҚ-ға халықаралық ұшуларды қамтамасыз етуге рұқсат берілді. 2018 жылдың 16 шілдесінен бастап халықаралық «Мәскеу-Қызылорда-Мәскеу» рейсі ашылды.

Мерекелік шарада сала мамандарына ҚР Президентінің «Алғыс хаты», «Еңбек ардагері» медалі, «Құрметті автокөлікші» мен «Үздік автокөлікші» төсбелгілері, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Құрмет грамотасы», облыс әкімінің «Алғыс хаты» және «Қызыл­орда облысының автокөлік саласының құрылғанына – 80 жыл» мерекелік медалі табысталды.

Шара концерттік бағдарламамен жалғас­ты.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<