РУХАНИ ЖАҢҒЫРУдың сырдағы серпілісі

475

0

Осыдан тура бір жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2017 жылдың 12 сәуірі күні ­Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланды. Өзімізде бар мүмкіншілікті пайдаланудың жолдары, мәдени құндылықтарымызды, ұлттық болмысымызды насихаттай отырып дамудың келесі сатысына көтерілу жолындағы ізденістерді бүгіннен бастау керектігін айтқан бағдарламалық мақала жарық көргеннен бастап, елімізде, оның ішінде облысымызда маңызды іс-шаралар  қолға алынды.

Облыс басшысының баста­масымен аймақта осы бағдарламаны жүзеге асыру қолға алынған болатын. 2017 жылдың желтоқсан айында «Сыр медиа» ЖШС  жанынан «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Қазіргі таңда орталық негізгі төрт кіші бағдарлама бойынша жұмыс жасап келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы 6 принцип пен 6 арнайы жоба 6 кіші бағдарлама шеңберінде орындалуда. Атап айтар болсақ, «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны», «Іскер азамат – ел тірегі», «Өзгерісті өзіңнен баста» кіші бағдарламаларының бірнеше базалық бағыттары мен республикалық, аймақтық жобалары арқылы жүзеге асырылуда.

2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Қызылорда облы­сында іске асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес Сыр өңірінде 600-ден астам іс-шара мен 79 жоба жүзеге асырылды. Елбасының бағдарламалық мақа­­ласында көрсетілген міндеттер «Туған жер», «Қазақстанның сакра­льды гео­гра­фиясы», «Жаһандық әлемдегі зама­науи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім», Қазақ тілін латын графикасына көшіруге байланысты 6 арнайы жоба  аясында орындалуда.

«Рухани жаңғыру» бағдар­лама­лық мақаласы негізінен алты басты принципке сүйенеді. Қоғамдық сана­ны жаңғыртуда бәсекелік қабілет, праг­матизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашық­тығын басшылыққа ала отырып, жұмыс жасап келеді. Әрине, ескерте кететін жайт, сананың жаңғыруы ұзақ уақытты қажет етеді. Сондықтан да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру кезең-кезеңімен 2017-2030 жылдар аралығын қамтиды. Алғашқы жылы бағдарламалық мақаланы жан-жақты талдауға, ақпараттық-түсіндірмелік жұ­мыстарға жіберілсе, биылғы жыл­дан бастап бағдарламаның ар­найы жобалары мен басты принциптерін тарату көзделіп отыр.

Бағдарламалық мақала жарық көргелі бір жылда аймақтағы меценат­тар мен демеушілерден қомақты қаржы тартылды.

2018 жылға 81 жоба мен 100-ден аса ірі көлемді шараның өңірлік жол картасы әзірленіп, оны аймақ басшысы бекітті.

«Рухани жаңғыру» орталы­ғы аз ғана уақыт ішінде қоғамдық санаға сілкініс жасайтындай шаралар өткізді.

«Қазақстан­дағы 100 жаңа есім» жобасына өңірден қатысқан азаматтарды елге таныту мақсатында «Уақыт. Тұлға және бүгінгі бәсекелестік» танымдық шарасын өткізді. Оған студенттер мен мектеп оқушылары қатысып, аймақ­тың мақтан тұтар тұлғалары жайлы көрме жасап, ғылыми жобалар қорғады. «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында Назарбаев зияткерлік мектебінің «Шаңырақ» жо­басы негізінде оқушыларды әлеуметтік жобалармен айналысуға дағдыландыру мақсатында №4 Ә.Қоңыратбаев атын­дағы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейде семинар өткізілді. Сондай-ақ №4 С.Сейфуллин атындағы мектепте «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының басым бағыттарын түсін­діру және тәрбие жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне байланысты облыс­тық семинар өткізілді.

«Рухани жаңғыру» орталығы ұйым­дастырған   шаралардың   ішінде көп­шіліктің қызығушылығын тудырған бас­тама «Ана мен бала» орталығына барып, жаңа туған 20 сәбиге домбыра сыйлау акциясы болды. Бұл іске демеушілер де үлкен үлес қосты. «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында өткізілген бұл шара әрі қарай өз жалғасын тапты.

Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияда, Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінде күйшілер мен жыраулардың шеберлік сағаттарын өткіздік.

Білім беру мекемелерінде қоңырау орнына күй ойнату туралы бастама да аяқсыз қалған жоқ. Кәсіпкер Балтабай Ибраев Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияға 10 дом­быра сыйлап, білім ошағында ұлттық аспаптар оркестрі құрылды. Әрине, «Атамекен» кіші бағдарламасы негізінен өз Отанын дамытуға үлес қосқысы келетін, ешқандай коммерция немесе пайданы көздемейтін, елдің игілігіне жұмсалатын әлеуметтік жобаларға арналады. Аймақта мұндай жанашыр жандар жетерлік. Реті келгенде айта кету керек, біздің идеямыздың жүзеге асуына «Ұшқын» мүгедектерді қолдау қоғамдық бірлестігі, «Қолөнер» ұлттық дүкені, сондай-ақ атын жария еткісі келмеген демеушілер мен меценаттардың осы бағдарлама аясында атқарған істері мен көрсеткен қаржылай қолдаулары мақтауға тұрар­лық дүниелер.

Ұлттық қолөнерді дәріптеу мақ­сатында «Атамекен» балалар ауылының бірнеше тәрбиеленушілерін Айдарлы ауылындағы Роза Әлбатырованың кілем тоқу цехына апарып таныстыру, Workshop форматында шеберлік сағатын өткізу арқылы жастар санасына ұлттық қолөнер қасиетін сіңіру де өз нәтижесін берді. «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар үйінің қыз балалары бұл шараға белсене әрі қызығушылықпен қатысты.

«Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында К.Қаракөзов атындағы №235 мектепте өткен «Асық ату ойындары» да көптің назарын аударған шараның бірі болды. Алдағы уақытта ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау жалғаса береді.  

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасын жүзе­ге асыру жөніндегі облыстық жұмысшы топ мүшелерімен бірлесе өңірдегі қасиетті орындар сараланды. Сондай-ақ, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкерлері облысымызда іссапарда болып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Нәтижесінде 2017 жылы  жарыққа шыққан «Жал­пыұлттық қасиетті нысандар» және 35 нысан «Өңірлік қасиетті нысандар» кітаптарына облыс бойынша зиярат ету маңыздылығы, тарихи сипаттамасы қойылған талаптарға сәйкес келетін 12 нысан енгізілді.

Сонымен қатар, өңіріміздегі 6 ны­санға оғыз дәуірінің ескерткіштері Жанкент, Сортөбе, Жент, сақ мәде­ниетінің көрнекті жәдігері Шірік-Рабат қалашықтарына, Аралдың кепкен таба­нындағы Кердері кесенесіне және де қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Алдағы уақытта ішкі және сыртқы туризмді дамыту мақсатында қасиетті жерлер картасы бойынша балалар мен жасөспірімдерді тарту жобасы қолға алынады.

«Ақпарат толқыны» кіші бағдар­ламасы бойынша «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары А.Подольских, Б.Баймаханов, С.Әбді­рах­­ма­­нова және Ә.Далиеваны ел арасын­да кеңінен дәріптеу мақсатында шаралар ұйымдастырылуда.

2018 жылдың 9 сәуір күні Сымбат Әбдірахманова «Табыс кілті» атты коуч өткізді. Онда идеяны қаржысыз жүзеге асыру, балалармен жұмыс жүргізудің тәсілдері, табысқа жетудің сыры жайлы әңгімеледі. Сәуір айының соңғы онкүндігінде хирург-дәрігер Б.Баймаханов өңірімізге арнайы сапар­мен келіп, ота жасайды. Дәрігерлер мен студенттерге хирургиялық транс­плантация жасау технологиясы жайлы дәріс оқиды.

Аймақтық «Рухани жаңғыру» орта­лығы таптаурын тақырыптан, көпшілікті шаршататын шаралардан аулақ болып, тиімді әрі қатысушылар ерекше әсер алатын нәтижелі жұмыстарды жүргізуге көңіл бөліп отыр. Алдағы уақытта ұлттық құндылықтарды сақтауға және брендке айналдырып, патенттеуге байланысты арнайы жобалар жүзеге асырылады. Ежелгі астаналар ордасы болған Сыр өңірінің тарихын тереңнен зерттеу, түркі дүниесіне ортақ бабамыз Қорқыт мұраларын бірнеше тілде сөйлету, Оғызнама, Алпамыс батыр жырына байланысты халықаралық дең­гейде зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осы жоспар бойынша халықаралық симпозиум ұйым­дастыру ойда бар.

Сыр өңірінің киелі жерлері жайлы сериялы деректі фильмдер, аңыз әңгімелер желісімен балаларға арналған мультфильмдер түсіру де осы жылдың еншісінде. Айта кетейік, орталықта 5 ғылым кандидаты, 2 журналист, 2 филолог маман, монтажер, дизайнер, телеоператор еңбек етеді. Болашақта жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәде­ниетті қалыптастыруда ақпараттық жүйелер саласын меңгеруге ниетті жас­тарды оқытатын курстар ашылатын болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарла­масының бір жылдығына  орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен бірге G-gloval ком­муникативтік платформасында респу­бликалық онлайн-конференция өтеді. Оған республиканың барлық айма­ғындағы ЖОО ғалымдары қатысады деп күтілуде.

Әрине, «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын жүзеге асыру барысында кездесетін мәселелер де аз емес. Ең алдымен бағдарламаның мәнін түсінбей пікір айтушылар бар. Сондай-ақ, кейбір басшылар тарапынан кез келген шараны «Рухани жаңғыру» аясында өткізу етек алып барады. Бұл туралы Елбасы да қатаң ескерту жасаған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ең алдымен туған жерді түлетуге, жас ұрпақтың ұлттық санасына ұлттық тәрбиені сіңіруге, ұлттық бірегейлікті дамытуға баса назар аударады. Сондықтан әрбір азамат ел дамуына бейжай қарамай, оған үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бізде билік бәріне жауапты, мем­лекет жасап беру керек деген пікір жиі кездеседі. Өркениетті елдер қатарынан көрінгіміз келсе, кемшілікті бірлесе жоюға, қателікті бірге түзетуге жол іздеуіміз керек. Жайлы өмір мен ыңғайлы жағдайды аңсамайтын адам жоқ. Ал сол жайлылықты қамтамасыз ететін өзіміз екенін ұмытпайық. Ол үшін сананы жаңғырту керек.

Қоғамдық сананы жаңғырту әрбір азаматтың дүниетанымына байланысты. Десек те, ұлттың тамырдан ажырап, болмысын бұзып алмай, жаһанданудың жұтына айналып кетпес үшін сананы жаңғыртып, салт-дәстүріміздің озы­ғын келер ұрпаққа жеткізу, ұлттық кодымызды насихаттау – азаматтық парызымыз.

Нұрлыбек МЫҢЖАС,

аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<