Жаңа кезең жауапкершілігі

678

0

Сонымен, Тәуелсіз қазақ елінің жаңа дәуірі басталғандай әсерде қалып отырмыз. Қалай десек те тұтас елде дүрбелең тудырған  қанды оқиға талай олқылықтың бетін ашып берді. Ашып қана қоймай, ендігі жерде елдікті сақтап, еңсемізді қалай тіктей түсеміз деген тағдырлы сәт туып тұрғанын алдымызға көлденең тосты.

Үкімет ауысты. Мәжілісте ҚР Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты.

«Әлихан Смайыловтың Үкімет басшысы болып тағайындалуы негізгі шешім. Оның мемлекеттік қызметте үлкен тәжірибесі бар, сая­си қайраткер. Қазір мемлекет пен қоғам үшін бұл өте қажет» деген пікір білдіріп жатыр сарапшылар.

Мәжілісте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа бетбұрыс кезеңіндегі өткір де өзекті, маңызды деген мәселелерге терең талдау жасады. Мемлекет басшысы алдымен еліміз душар болған ауыр қасіреттің себебін саралап, салдарына нақты баға беру керектігін шегелей айтты.

«Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет», – деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, халық арасында осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар тарап кеткеніне де алаң білдірді.

«Мұның, әрине, бірнеше себебі бар. Кей азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжейлі білмей тұрып қате пікірде болса, кейбірі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырады. Бірақ, бізге керегі тек ақиқат қана. Сол себепті, оқиғаларды мұқият зерттей отырып айтарым – жыл басынан бері болған барлық жағдайлар бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені – өздерінің қатыгез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҰҚШҰ-ның бітімгер күш­терінің негізгі миссиясы сәтті аяқ­та­лып отыр. Енді екі күннен кейін ұйымның бірлескен бітімгер контингентін кезең-кезеңмен шығару басталады. Бұл процесс 10 күннен аспайды.

Президент ел тағдырына, оның ішінде тіршіліктің маңызды деген буындарын реттеу, жалпы халықтың әл-ауқатын көтеру тұрғысында әбден пісіп-жетілген өзекті деген мәселелерді атап өтті.

Ендігі жерде ұрпағының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетілмек. Мұның астарында өте ауқымды һәм өзекті түйткілдер бар. Сондай-ақ, Мем­лекет басшысы атап өткендей, сыбайлас жемқорлықтың исі мүңкіп тұрған ЛРТ жобасы сынды елдің абырой-беделіне нұсқан келтіретін күрделі проблемалар бар. 

Халықтың шымбайына бататын қарыз, яғни, несие мәселесі, кедейлікпен күрес, жұмыссыздық туралы да Президент Үкімет алдында өте маңызды іс-шаралар тұрғанын жеткізді.

Ұлттық қауіпсіздікті қамта­масыз етудің барлық жүйесінде түбегейлі қайта құру жасалады. Жастар мәселесі, оның ішін­де халықтың әлеуметтік осал тобын­дағы жастарды колдау аясы да жаңа деңгейге көтерілмек. Есесіне, әскери борышын өтеуден қаша­тын жастар да сынға ұшырады.

Мәжілісте Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына тұрақты жарна аударатын ірі компаниялар тізімін бекітуді де тапсырды. Шын мәнінде, бұл қандай қор?

«Бұл Президенттің немесе Үкіметтің немесе басқа мемлекеттік органның қоры емес. Бұл барлық қазақстандықтардың қоры, халықтың қоры. Ол әкімшіліктің немесе Үкімет жанында жұмыс істемейді. Беделді бақылау кеңесі құрылады, әділ жауапты басшы тағайындалады, оның қызметінің толық ашықтығын, есептілігін және қоғамның бақылауында болуын қамтамасыз етеміз. Жоспарлар, бюджет және жобалар сайтта жария­ланады. Барлық ақпарат ашық болады. Қорды қаржыландыру жеке және мемлекеттік көздерден жүзеге асырылады», – деді Президент.

Білуімізше, қорға халықаралық қайырымдылық ұйымдарының көмегін тарту да жоспарда бар.

«Бұл қорға лотореялық қызмет операторының, ставкаларды есепке алу орталығының және басқа монополистердің міндетті аударымдары түсіп отырады. Әрине, біз ірі бизнес тарапынан ауқымды және тұрақты, астын сызып айта­йын, тұрақты аударымдарды күтеміз.

Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар тобы және тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да өте бай адамдар пайда болды. Енді олардың Қазақстан халқына құрмет көрсетіп, оған жүйелі және тұрақты негізде көмектесетін кезі жетті деп санаймын. Сондықтан Үкімет компаниялар тобын анықтап, қорға жыл сайын аударылатын жарналар мөлшерін бекітуі керек. Оған қоса, үлкен қаражатқа ие болып, көлеңкеде жүрген тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін. Бұл қор қоғамды топтастырудың тағы бір құралына айналып, азаматтарда әлеуметтік әділет сезімін нығайта алатынына сенімдімін», – деді бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шын мәнінде Қазақстан шынайы жаңару кезеңіне қадам бас­ты. Ендігі жерде ел бірлігі бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!

Бақыт НҰРТАЗАЕВ,

еңбек ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<