Тұрақтылық тұтқасы

513

0

«Президент Әкімшілігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тәсілдерін әзірлеуі керек. Гранттық қаржыландыру жүйесін ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың сұранысына қарай бейімдеп, оны алудың жеңілдетілген режимін енгізу қажет».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан

«Достық үйінде» «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты даму мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылдығы» тақырыбында Х азаматтық форум өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қатысты.

С.Ахмет атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі азаматтық бастамаларды қолдап, оларға жан-жақты көмек көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін нақты айқындап берді. Бұл тұрғыда көптеген жұмыстар атқарылуда. Мысалы, 2010 жылы облыста 40 жобаны жүзеге асыруға 103 млн теңге бөлінсе, 2021 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 17 бағыт бойынша 125 жобаны жүзеге асыруға бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Яғни, кейінгі 10 жылда үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру 9,7 есе өсті.

Сондай-ақ облыста ҮЕҰ саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, Тәуелсіздік алған тұста олардың саны 150 болса, бүгінде мыңға жуықтады. Бұл азаматтық сектор іргетасының нығая түскенін, қоғамдағы азаматтық жауапкершілік пен белсенділіктің артқанын көрсетеді.

Облыста барлығы 994 ҮЕҰ тіркелген, оның 400-ге жуығы белсенді, 67-сі ауылдық жерлерде тіркелген. Облыс және аудан әкімдіктері жанындағы кеңестер мен комиссиялардың құрамына комиссия мүшелері ретінде 100 үкіметтік емес ұйымның өкілдері енгізілген.

– Халық пен билік арасындағы алтын көпірге, азаматтық қоғам өкілдерінің диалог алаңына айналған мұндай кездесулердің маңызы зор. Азаматтық қоғам өкілдері, белсенділер, меценаттар ел өміріне, әсіресе, індетпен күреске белсене араласып, азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетуде, – деді Серік Әбжәліұлы.

Шарада сөз алған «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдары альянсы ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден өз пікірін білдірді. Атап айтқанда, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған азаматтық сектормен өзара іс-қимылды жақсарту мәселелерін талқылау, жетістіктерді саралап, пікір алмасу үшін форумды өткізудің маңызы зор екенін атап өтті. Кездесу алдағы мақсаттар мен міндеттерді анықтауға көмектеседі.

Сондай-ақ, іс-шара барысында «Арал теңізі» қоғамдық ұйымының төрағасы Айнагүл Баймаханова, «Ұлт бірлігі – Қармақшы» қоғамдық ұйымының төрағасы Шегебай Құндақбаев, қоғам белсенділері, жастар, өңірдегі азаматтық қоғам өкілдері және т.б. өз ойларын ортаға салды.

Форум қорытындысымен аймағымызда азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосқан, 10 жылдан аса қоғамдық ұйым жұмысына белсене қатысып жүрген бірқатар азаматтар «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен, «Халық алғысы» медалімен, республикалық «Жомарт жүрек» байқауының облыстық кезеңі жеңімпаздары, ҚР Президентінің жанындағы Əйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институтының және облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<