Халық мұрасы – мақал-мәтелдердің ерекшелігі

1569

0

Қазақ халқы әрқашан да кестелеп, көркемдеп сөйлеуге құмар. Бұрынғы уақытта билеріміз шешуі қиын үлкен дауды тоғыз ауыз сөзбен-ақ бітіріп отырған. Сондықтан «Аталы сөзге арсыз тоқтамайды» деген сөз бар. Тілімізді байытып, көркемдеп отыратын мақалдар екені белгілі. Халқымыз «Мақал – сөздің мәйегі» дейді. Дегенмен де, мақал-мәтелдерден басқа, оларға өте ұқсас келетін қанатты, нақыл сөздер, тұрақты сөз тіркестері, афоризмдер бар екенін білеміз. Енді осылардың бір-бірінен айырмашылығы қандай деген сұрақ төңірегінде біраз тоқтала кетсек.

Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде мақал мен мәтелдерге мынадай түсініктеме беріледі: «Мақал – халық поэзиясының жанрлық түрі, түйінді ойды білдіретін, тура мағынасына орай астарлы мағына да бере алатын ықшамды нақыл сөз. Мақалдың тікелей мағынасы нақтылы өмір жағдайынан туған байлам, қорытынды – түйін болады да, ал сол жағдайға ұқсас басқа өмір құбылыстарына да қаратып айтылу мүмкіндігі оның астарлы, ауыспалы мәнін кеңейте түседі. Мысалы, «Соқыр тауыққа бәрі бидай». Кейде мақал ғибратты мағыналы нақыл сөз түрінде келеді. Мысалы, «Күлме досқа, келер басқа», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» т.б.

Мәтел – халық поэзиясының ықшамды нақыл сөз үлгісіндегі келетін жанрлық түрі, кестелі сөз. Мәтел мақалға жақын, алайда өзіндік сипат, айырмасы да жоқ емес. Мәтелде көбінесе айтылатын ойдың ұшығы, тұспалы ғана болады, ол нақышты сөйлемше түрінде келеді. Бірақ сөз орайына келтіріп, сөз қосылып айтылғанда мағынасы толысып, жетіліп тұрады. Мысалы, «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен», «Берсе – қолынан, бермесе – жолынан», «Асын ішіп, текеметін тіліп» т.б. секілді мәтелдерді алсақ, бұларда ой қысқа қайырылып айтылған, алайда мақалға тән маңызды қорытынды-түйін, әртүрлі жағдайларға қатыстырып айтқанда, астарлы, ауыспалы кең мағына берерлік қасиет те бар екенін көреміз. Мақал-мәтелдер жөнінде, сонымен қатар, Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде былай айтылған: «Мақал – үлгі-өнеге ретінде айтылатын жалпы халықтық нақыл сөз. Мақал деп қысқа образды, ұйқасты, тұжырымды нақыл сөздердің тізбегін айтамыз. Қазақта: «Су атасы – бұлақ, сөз атасы – құлақ, жол атасы – тұяқ» деген мақал бар». «Мәтел – тұжырымды, бейнелі әрі ықшам нақыл сөз».

Мақал-мәтелдерге мағыналық жақтан жақын тұратын қанатты сөздер. «Қанатты сөз – ой-пікірді суретті, ықшам, жинақы, шебер толғап жеткізетін әрі әуезділікке құрылған, еске сақтауға мейлінше жеңіл өрнекті сөз тізбектері. Кейде халық оны ауызекі тілде аталар сөзі, өсиет-нақыл деп те атайды. Оған Қорқыт, Асан қайғы т.б. жыраулардың қанатты сөздері дәлел. Қанатты сөздер жанрлық белгісі жағынан мақал-мәтелдерге өте ұқсас. Айырмашылығы, мақал-мәтелдердің авторы белгісіз, халық шығармашылығына жатса, қанатты сөздер – авторы бар, нақты болмаған күнде аңыз күйінде ауызша болса да, бүгінгі күнге жеткен».

Қанатты, нақыл сөздер ішкі, сыртқы құрылысы, мазмұны жағынан мақал-мәтелдерге өте ұқсайды. Сондықтан бұларды бір-бірінен ажырату қиындық туғызады. Қанатты, нақыл сөздердің авторлары болады. Мысалы, ел аузында «Абай нақылы», «Махамбет айтқаны», «Жамбыл өсиеті» қалған. Халқымыздың түрлі тарихи оқиғаларды басынан кешірген кездеріндегі қанатты нақылдар бар. Мысалы, Жоңғар шапқыншылығынан кейінгі «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама» және т.б.

Айдана ҚЫПШАҚБАЙ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<