Иманның бір жұлдызы

810

1

Қасиетті Құран Кәрімнің әуелгі сүресі, әуелгі аятының әуелгі сөзі «Әлхамдүліллә» яғни, Құранды толығымен қамтитын алғашқы «Фатиха» сүресінің бірінші аяты «Әлхамдүліллә Рәббил ғәләмин» деп басталады. Бұл – арайлы таңның атысын, шырайлы күннің батысын, әрбір демнің тынысын, әр қозғалыстың қимылын қуаттандыратын сөз. Бұл сөзді білмейтін, яки, өмірінде естімеген мұсылман жоқ шығар. Білмеген мұсылманды тану қиын болар.

«Әлхамдүліллә» сөзінің аудармасы «Аллаға шүкір». Түбірі «хамд», яғни, мақтау-мадақтау деген мағынаны береді. Тек, бұл сөз Жаратушыға ғана қол­данылатын термин яғни біреудің жақсылығына рахмет делінгендей, барша ризық иесі – Аллаға айтылатын мадақ сөз. Әлемдегі барша мұсылман елдеріне ортақ кәлима. Тіпті, араб елдерінде яхудейлер, яғни еврейлер және христиан өкілдері де бұл сөзді қолданады. Мағынасы жағынан олардың «Аллилуйя» сөзіне жақын, орыс тілділер «Слава Богу!» дейді. Асылында, Аллаға шүкір сөзі шынайы мұсылманның алғашқы атар оғы. Әлдеқандай жетістікке жеткенде не көз-аяғы қуған мақсаты орындалғанда, яки, қуанғанда, науқасынан айық­қанда, қиналыстан шыққанда, қар­ны лық тойғанда ғана емес, ешбір жағдайсыз тілінің табиғи болмысына айналдырса, әбден құба-құп болар еді. Мұсылман Аллаға шүкірлік айтса, оның мәңгілігін ұмытпайды, айтпаса шайтан сілтеген қанағатсыздыққа, тойымсыздық пен ашкөздікке ереді. Негізінде, мұсылманның Тәңіріне шү­кір­лік етуі – иманның бір жұл­дызын жандыруы. Себебі, шү­кір айту ғибадат. Мұнымен Ал­ланы риза етеді, алғысын біл­діреді, екі дүниесінің бақыты, қиындықты жеңуіне қуат, ри­зығын көбейтеді. Тек, бұл сөз­ді тілмен сылдыратып суша ағыза салмай, жан-тәнімен сезініп, жүрегі қабылдауы тиіс. Ал, жүректегі шүкірлік тілдің ұшымен сыртқа шығып, амалға айналса, рухы мен тәнінің ба­қытын табады. Алайда, осы ғажайып сөздің құнын әлі күнге бағаламайтындар бар. Осыншама нығметтің шексіз санына жете алмайтын адам баласына не деуге болады? Алланың бергеніне де, бермегеніне де шүкір еткен қандай жақсы. Осы өмірге келудің өзі Алланың қалауындағы ұлы нәсіп. Тегінде, мұны да көтере алмай, кей әлсіз пенделер ой-санасын бұр­қыратып, өмірін өздері үзіп жатуы осы шүкірліктің болмауынан.

Айрандай ұйыған дархан елде тыныш өмір сүріп жатырмыз. Бірде-бір «тық» еткен дыбыс естімейміз. Осыдан бір-екі мың шақырым әрменіректегі елдердің хал-ахуалдары қиын, жағдайлары жаман. Бастарынан мезгілсіз ысқырып оқтар ұшады. Қақ төбелерінен үстін-үстін жарылғыштар түсіп, қанды қырғынның ортасында қалуда. Ал, біздегі ысқырықтар көп болса көшедегі полиция қызметкері мен үйдегі әйелдің айқайы шығар. Біле білсек, Алладан берілген бір ғана тыныштықтың өзі оған шүкір айтуға тұрарлық ең ұлы нығмет!

…Таң сәріде шырылдаған қо­ңыраудан оянасыз, дауысын естіп тұрсыз. Жылы тө­сек­­тен тұруға, жастықтан ба­сы­­­ңызды көтеруге ерініп жатыр­сыз. Ой­лаңызшы, бейбіт елде, өз шаңырағыңызда, мамық көр­пенің астында, сау күйі­ңізде ояндыңыз. Өміріңіздің тағы бір таңын көру нәсіп болды. Нақ осы тұста Аллаға шүкір етіп, әлхамдүлілләні ай­ты­ңыз, ерінбеңіз. Бұл сөзден жаңыл­маңыз, ешқашан ұмыт­паңыз, жаттап алыңыз, нәпсіден жы­ғыл­маңыз. Жәй ғана айтып қоя салмай, іштей жүрегіңізбен Ал­лаға сеніңіз. Бұл тірі екен­дігіңіз, кіші өлім төсегінен аман-есен тұрғаныңызды біл­діретін белгіңіз, Ұлы Алланы дәріптегеніңіз! Өйткені, дәл осы таңды атырмай, көздерін ашпастан, жатқан орнынан тұра алмай, мәңгілік ұйқыға кеткен жандар баршылық. Ал, сіз аман-сау ояндыңыз! «Сен біле білсең, әрбір дем алған тынысың үшін, Алла Тағалаға екі рет шүкір ету сөзі мойныңа қарыз. Өйткені, сенің әрбір алған демің – өмір, әрбір берген тынысың – өлім екенін, соңында Алланың құ­зырында саған берілген нығ­меттің есебін беретініңді ұмыт­па» деген ғалымның сөзінде таным бар.

Таң арайланды, мазалаған еш­теңе жоқ. Терең тыныс алып, емін-еркін керілдіңіз. Бір сәтке болсын, аяқ алысыңызды жобалап үлгердіңіз. Енді ой­лаңызшы, аурухананың жан сақтау бөлімінде екі дүниенің арасындағы науқастардың қа­зіргі күйін. Өліммен күресу кім­­нің қолынан келген, амал­сыз сынаққа көніп жатыр. Жа­қындары жандарын шүбе­рекке түйіп, аурухананы торуылдап, науқастың хал-жағдайын бі­луге есігіне телміруде. Ал, сіз өзге жанның қол көмегінсіз өз төсегіңізден кеудеңізді көтер­діңіз. Екі аяғыңызды тіктеп, ор­ныңыздан тұрдыңыз, жерді бастыңыз. Құдай берген он екі мүшеңіз сау. Біліңіз, қолымнан демеп отырғыза ма деп, төсекте баласы мен келініне қарайлап, ішінен шыққан өз баласына өзі жәутеңдеген жандар барын. Немесе жата-жата жауырыны, отыра-отыра жамбасы жауыр болып тесілген, басын көтерсе жата алмайтын, жатса отыра алмайтын, сүлдері құрыған адамдар мұндайды істей алмайды. Ал, сіз екі аяғы­ңызбен әжетке бардыңыз. Күні кеше жеп-ішкеніңізді, маза­лаған нәжісті ешқандай дәрі-дәрмексіз шығардыңыз. Әжет­ханадан оң аяқпен аттап шыққан соң, ардақты Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың «Аллам! Менің денемде маған азап беретін, мені қинайтын, мені мазалайтын нәрсені денемнен шығарып тастап, маған жақсы хәл бергенің үшін,  Аллам Саған шүкірлер болсын» деген дұғасын іштей оқыдыңыз ба? Немесе нәжістен еш қиналыссыз құтқарған Аллаға шүкірлік айттыңыз ба? Біле білсеңіз, бүйірін тесіп, түтікше салып, ыдыспен жүретіндер қаншама? Олар ештеңеге қарамастан, жол бойына тоқтай қалып, кейде дәрет ұсатады. Себебі, нәжістің қинауына шыдамайды. Ал, ішіп-жегенін немесе сыртқа жіберіп қойғанын білмей, ес-түсінен айырылған меңіреу не болмаса айықпас дертке шалдығып, темір төсекке таңылғандар ше? Ол жандардың арманы айт­паса да түсінікті болар? Ал, сіз дәреттен кейін, беті-қо­лы­ңызды жудыңыз, содан соң «Аллам! Мына суды тазалаушы етіп жаратқаның үшін Саған шүкірлер болсын» деген дұғаның оқылатынын білдіңіз бе? Мұны да Алла Елшісі (с.ғ.с) үйреткен. Сол су болмаса, қай көңіліңізбен дастарханға отырар едіңіз? Біле білсеңіз, дәретке барғанда тетігін бір басып, нәжісті шұр еткізіп шайып жіберетін бес литр суды сонау Африка елдерінде ішуге зар, әр тамшысы арман! Сонда да Аллаға шүкірлік айту сізге арзымайды ма?

Терезеден ішке төгілген күн шуағына елтіген екі көзіңіз даланы бақылады. Сырттан ауа райы мен жүргіншілерді көрдіңіз. Алысқа көз тастадыңыз, арманға берілдіңіз. Енді қара­ңыз, таяғын жерге ұрғылап, жү­рер жолында біреудің жетегіне мұқтаж соқыр жандар мұндайды көре алмайды. Бір кезде әсем құстардың шиқылы, жасыл жапырақтардың сыбдыры, самал желдің лебі, ұзын көшенің шуылына құлағыңыз елең етті. Ал, өмірінде ешқандай ды­быс­ты, анасының аяулы сө­зін, перзенттерінің күлкісін есті­меген, әйелінің, күйеуінің, үй-ішінің сөзін ұқпайтын құла­ғының мүкісі бар саңырау, сөйлеу қабілетінен айырылған мылқау пенделер, қол арбаға таңылған мүгедектер ше? Қалай ойлайсыз, олардың күні қалай басталады, немен аяқталады? 

Дастарханыңызға қарады­ңыз. Ыстық буы бұрқыраған еттен, жұпар иісі аңқыған бауыр­сақтан, бал тамған күлшеден, шай тартқызар құрттан жаныңыз жайнап сала береді. Сонау ғасырдағы Алла Елшісінің (с.ғ.с) немесе кешегі өткен ата-ба­баңыздың алдында мұндай дәмділер мен тәттілердің бірі болған емес. Олардың алдында болмаған дастарханда отырсыз, олар жемеген асты жеуге даярсыз. Алдыңызда үзілген не қатқан нанның сынығы да жоқ, болса да жемес едіңіз. Қазақта мұндайды «Ішкені алдында, ішпегені артында» дейді. Әлемнің пайғамбары Мұ­хаммед (с.ғ.с)-ның неке дас­тарханында қой мен ешкінің терісі жайылып, құрма мен су ғана қойылған. «Бір нан, яки, бір тістем ет жоқ еді» деп жеткізеді сахабалары. Кешегі ата-әжелеріміздің тағамы құрғаған нан мен сарғайған май еді ғой. Бір тістем қант та болмаған. Ал, осы дастарханыңыздағы дәмге әртүрлі рең мен дәм берген Алла емес пе? Сонда аштық пен шөлді көрмесін деген Жаратушыңа шү­кірлік айту сізге соншалықты қиын ба? 

Жалғыз едіңіз, жаныңызға жұп берді, одан өрбітіп ұрпақ берді. Ал, өмірінде жұпсыз, уақытын жалғыздықпен өткі­зетін жандар ше? Жалғыздық тек Жаратушыға ғана жарасымды. Жұп құрса да, жылдар бойына сәбидің иісіне зар, перзентсіз жүргендер қан­шама? Ал, сіз балаңыздың баласын көрдіңіз, көрмесеңіз ал­дағы уақытта бұйыртса кө­ресіз, солардың қызығына қуа­нып, шыжығына күйінетін бо­ласыз. Сізді Алла ардақтап, өмі­ріңізге мейірімін төкті, құр­меттеп жұбайыңызды жар етті, қамқорлықпен несібеңізді молайтты, жанашырлықпен ұр­пағыңызды көрсетті. Сонда да, осы шалқыған бақыт үшін шүкірлік айтуға Алла лайықты емес пе әлде бір сөзді оған қимайсыз ба?

«Дін екі бөліктен тұрады. Бірі – шүкір, екінші жартысы – сабыр» деген ұлағатты хадис бар. Тоқ етері, Аллаға шүкірлік айту ұятыңызды оятады, ниетіңізді құлшындырады, тәубеңе келтіреді, сабырлыққа тәрбиелейді, қанағатқа үйре­теді. Зұлымнан алыстатады, әді­леттікке жақындатады, ме­йірімділікке бағыттайды, барды бағалатады, өмірдің әр сәтіне дұрыс бағдар береді. Ендеше, әрбір таңда көзіңізді ашқанда, терең дем алғанда, орныңыздан тұрғанда, айналаны барлағанда, аяғыңызды басқанда, қолыңыз қимылдағанда, жүрегіңізді тыңдағанда, ойыңызды саптағанда, әсіресе түшкіргенде тіліңіз осы бір көркем сөзді айтудан мақұрым қалмасын. Шүкірлік – сіздің қуатыңыз!

Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ, 

дінтанушы имам. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<