Көңілден кетпес, жүректен өшпес

2830

0

Жыл тоғысар тұста Сыр өңірінің теле және радиожурналистикасында өз өрнегін қалдырған белгілі қаламгер Жақсылық Бекқожаевтың шығармашылығын қамтыған «Жүректегі жазулар» кітабы оқырманға жол тартты.

  Ұзақ жыл басшылық қызмет атқарғанымен Ж.Бекқожаев қолынан қаламын тастамай, көпшілікті көзайым ететін қаншама құнды дүниелерді жұртшылыққа тарту етті. Қарымды қаламгердің шығармалары түрлі тақырыпты қамтиды.

Жалпы телерадио маманы болу екінің бірінің оңтайына келе бермейді. Сол салада шәкірттерінің бірнеше буынын тәрбиелеген қадірлі жан жайында олардың да айтары аз емес. Бұл кітапта әріптестерінің, рухани тұрғыда жақын жандардың, туған-туыс, ұрпақтары мен шәкірттерінің естеліктері абзал азаматтың жарқын бейнесін тағы бір мәрте жарқырата түседі. Алғаусыз ақ тілектер, жүрекжарды лебіздер белгілі қаламгердің болмыс-бітімін, тұлғалық қасиетін, азаматтық келбетін айшықтайды.

Ж.Бекқожаев 1955 жылдан бастап Сыр журналистикасында жемісті еңбек етіп, шығармашылық қызметте жарқын ізін қалдырды. 1963 жылы Телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі облыстық комитет төрағасы қызметіне тағайындалып, бұл жауапты жұмысты табан аудармастан 28 жыл бойы абыроймен атқарды. Тоқсаныншы жылдардың басында Сыр өңірінде тұңғыш телеарнаның ашылуына ұйытқы болды. Кітапта сол кезеңде ол атқарған ауқымды істер тағы бір мәрте таразыланып, өмірдің өнегелі өрнегі ретінде дәріптеледі.

Ж.Бекқожаев білікті басшы бола жүріп, шығармашылығын өрістете түсті. Оның қаламынан туған атақты күрішші Ыбырай Жақаев, шопан әрі ақын Шолпан Оразова, белгілі механизатор Жадыра Таспамбетова және өзге де еңбек адамдарын дәріптейтін сценарийлері негізінде түсірілген телефильмдер әлі күнге дейін  құндылығын жойған жоқ.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<