ҰЛТТЫҢ РУХЫН КӨТЕРЕР МЕРЕКЕ

635

0

Наурыз мейрамы ежелден түркі жұртының асыға күтетін қасиетті мерекесі болған. Ұлы дала төсінде өмір сүріп келе жатқан көшпелі халықтар арасында тойланып келе жатқан бұл мерекенің тарихы тым көне дәуірлерге кетеді.

Табиғат аясында кең тыныс­тап, көшпелі дәстүрде өмір сүрген қазақ халқының негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған­дықтан ерте көктемде қыстаудан көктеуге, жайлауға қарай көшер кезде “Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын” деп жылдың басы наурыз мейрамын тойлап, жарылқаушы құдайға арнап “наурыз көже” жасап, қымыз, айран ішетін болған. Табиғатпен етене өскен халық үшін көктем келіп, табиғаттың қайта түлеуінен асқан шаттық пен қуаныш болмаса керек. Салтанатын келістіріп жайлауға көшудің өзі қыстан титықтап шыққан әрбір жанға ұлан-асыр тоймен бірдей. Бұл мейрамның шығу төркіні ежелгі дәстүрмен байланысты екендігі жайлы М.Әуезов былай деген: “Наурыз күншығыс халқының көбінің мейрамы болған. Солардың ішінде, әсіресе көшпелі түріктер арасында ең қадірлі, ең ұлы мейрам болып саналған. Наурыз – бақташылық кәсібіне салынған елдің кәсіп мейрамы. Бүгінгі мал баққан қазақ сияқты, бұрынғы бақташы елдің барлығында амандық тоқтығы, бар тіршілігі табиғаттың жа­ла­ңаш құшағында болған. Ауа райы барлық тілек пен тіршіліктің қожасы. Сондықтан жақсылық, жаманшылық жібе­ретін қорқынышы да, үміті де бір аспанға байланғандықтан, аспанда “Тәңірі” деп, соны ұлы құдай көру ең ескі діндердің бәріне бірдей жайылған наным болатын” (Әуезов М. Әдебиет тарихы. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 240 бет.- 50 б.).

Демек, бұл мерекені түркі халқы ежелгі дәуірлерден бері төл мерекесі ретінде тойлап келе жатыр деп айтуға негіз бар. Көп жағдайда бұл парсылардан кірген мейрам деп ғалымдар бір жақты қарап жататыны бар. Бұл кезінде Ұлы Даланы мекендеген арий, скиф тайпаларының мейрамы болған. Әрі бұл мерекені тойлау осы күнге дейін жалғасып келеді. Парсы мифіндегі Жамшид патшаның таққа отыруына орай жаңа күн мейрамы ретінде тойланатын Наурыз мерекесі, түркі халықтарының ақ ішу, қымыз ішу, көже жасау сияқты салттарына мүлде үйлеспейтіндігін байыптауға болады. Екі елде тойланатын бұл мерекенің арасында біршама айырмашылықтар бар екендігі жайлы кезінде саяхатшылар мен шығыс тарихшылары да назар аударғаны белгілі. Айталық «Наршахи» кітабының ХХ тарауында, яғни «Бұхараның тізе бүгуі және ислам дінінің таралуы» бабында түркістандықтар мен бұқаралықтардың Наурыз мерекесін өткізу жолдарына да тоқталып өтетіні бар. Мысалы, Бұхаралықтар «…наурыздың жиырма бірінші күнінде жаңа жыл мейрамын өткізеді. Мұны «наврузи китаварзан» (диқандар наурызы) дейді. Бұхара диқандары күн, жыл есебін осы күннен бастайды.  Әрі бұған үлкен мән береді. Отқа табынушылардың наурызы од­ан бес күн кейін келеді», – деп наурызды өткізудегі Тұран өлкесіндегі ерекшеліктерге мән бере қарап, тіпті, наурыздың Афрасиабтан, яғни Алып Ер Тоңа Дулуханнан үш жарым мың жыл бұрын тойланып келе жатқан мереке екенін ескертіп өтетіні бар. (Мекемтас Мырзахметұлы. Қазақ қалай орыстандырылды? – Алматы, 2010 ж. 400 б. 324 бет.)

Қазақтар арасында тойланып келген бұл мерекенің өзіндік ерекшелігі жайында ақиық ақын М.Жұмабаев та мынадай сипаттарын атап өтеді: “Жаңа жыл күні қазақ әдетінше әр үйде қазан-қазан көже пісіріледі. Көженің ішіне қысқы соғымның тек басы салынады. Көжеге көп сүт құйылады. Басты, шекені қарттар мүжіп, құлақты балаларға кесіп беріп, басқа жұрттар көжені талап ішеді. «Ауыз ақтан айырылмасын, қызылды уақытымен (қыс) көрсетсін, жас құтты болсын» деп бата жасап тарқасады.

1       Бұл көже ішу (сүт құйған) – келе жатқан жазбен ұшырасып, қарсы алып, ас ішу ретінде аққа (сүтке) көшу. Көжеге тек бас салып асып жеу – қарлы қыспен, қыс тамағы етпен (қызыл) қоштасу” (Жұмабаев М. «Ақиқат» журналы. №3. 2004ж).

Сонда қазақтар наурызды қыстан – жазға, қызылдан аққа көшу ретінде ырым етіп тойлағандығын көреміз. Жалпы қазақ халқында ауыздың аққа тиюі үлкен мереке болған. Ол турасында кезінде қазақтың атақты тарихшысы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің өзі ХVІ ғасырда оны қымыз ішу дәстүрі ретінде келтіреді: “Не раз я слышал от отца, <да следует Аллах лучезарным его блеск>, что ранней весной в Кул Тобе, в известной местности Моголистана, появился первый кумыс, и по древнему обычаю моголов в тот день устроили пир” (Дулати М.Х. Тарихи Рашиди. Алматы: “Санат”, 1999. 251-с).

Демек қымыз ішу мерекесі де осы көктем мерекесімен тұспа-тұс келген, бір жағы қымызды осы наурыз айында Күлтөбеде ойлап тапқан деп айтуға негіз бар. Тәуелсіздік алған тұста өзіміздің төл мәдениетімізді, дәстүрімізді жандандыру үшін наурыз мерекесінде қымызбен тойлау салтын қайта насихаттауымыз керек. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ақ мол болсын» деп бата тілеуінің өзі осы қымызға байланысты шық­қандығын көрсетеді. Себебі көшпелі қазақтарда қымыздан артық сусын болмаған.

Қазақтың қымыз, шұбат, қымыран, айран, қатық, көже секілді наурыздың ажарын ашатын төл сусындарымызды көршілерге, қонақтарға жалпы айналадағы барша жандарға ұсына отырып, бір жағы қазақы дастарханды көрсетіп, екінші жағынан дәстүрімізді насихаттайтын ұлы мерекеге айналдыру қажет-ақ. Ұлыстың ұлы күні әрбір отбасының ерекше сағынышпен қарсы алатын қуанышты мерекесіне айналуы тиіс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың жыл басы Наурыз мейрамын жаңаша форматта ұйымдастыру қажеттігін баса айтқан Мәде­ниет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оны өткізудің алғышарттарын да ұсынған болатын.

«Ұлыс  күні  Ұлт  Көшбас­шысы  ел дамуының  кепілі ретінде белгілеп берген бірлік, татулық, отбасыны қастер­леу сияқты адамзаттық  құнды­лық­тарға  құрылған. Осыған орай, Наурыз мейрамының рухани-мәдени тәрбиелік мәнін іс жүзінде өмірге енгізуді ұсынамыз. Бұл мақсатта Нау­рыз­дың сипатын ашатындай әрі  ұлттық  таным мен дәстүр  салтты  жаңғыртатындай  көрісу күні, қайырымдылық жасау күні, ата-бабаны еске  алу күні, ақ дастархан күні деп мазмұн бере отырып, рухани іс-шараларды қалыптастыру қажет» – деп ұлық мерекені бұрынғы қазақы қалыпта өткізудің тамаша үлгісін көрсетіп берді.

Хәкім Абай атамыз: «Сөз түзелді. Тыңдаушы сен де түзел», – деп бекер айтпаса керек. Қазіргі кезде өткенді еске алып, өшкенді қайта жандандырып, ұлттық дәстүрге байыппен мән бере қарайтын, елдігіміз бен кеңдігімізді көрсететін, ұлттық дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жан-жақты насихаттайтын уа­қыт келді. Бұрынғы кезде ұлттық құндылықтарды наси­хаттау жұмысы төменнен жо­ғары қарай жүретін, ұлттық дәстүрді дәріптеуге аса мән берілген қазіргі кезде халық болып қамсыз жатуымыз өзімізге сын болмақ, ағайын.

Өзін нағыз қазақпын деп сезінетін әрбір азамат бұл күні өзінің туған ауылына барып, алдымен ауыл ақсақалдарына сәлем беріп, ол кісілердің батасын алып, өзінің ұшқан ұясына келіп әкесі мен шешесінің үйінде ағайын-туыстарының басын қосып, мерекені тойлау, ағайынның беделін арттыру жолындағы игі қадамға да бастамашы бола алады. Бұл мейрамның артықшылығының өзі сонда көңілде қалған кір­біңнің бәрін жуып-шайып, қамкөңіл болған көңілдерді марқайтып, бір жасап қайтатын шаттығымен ерекшеленіп  тұ­рады. Ендеше барша қазақтың ортасында қазақтың көне дәс­түрін барынша жаң­ғыртып әрі мауқыңды басып, мәре-сәре болатындай ұлы кезең бол­ғандығына тарихи жадымыз куәлік ете алады. Әр үйде нау­рыз көже қайнату, көршілерін аралап бір-бірін қонаққа шақыру дәстүрі жер-жерде қайта жандана бастады. Ұлт болып, ел болып қолға алынып жатқан ұлық мереке елдің ынтымағының жарасуына, бір үйдің баласындай болып араласуына өз септігін тигізе беретін болады.

 

Бақыт ӘБЖЕТ,

 филология ғылымдарының 

кандидаты, доцент.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<