Құмдар

473

0

Сонау жер бетінде тіршілік атаулы қалыптасқаннан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі аралықта, қаншама уақыттың өткенін, кез келген саналы адамның ойлау елегіне салып, саралап қараса, ойларын жинақтап, бір тұжырымға келу мүмкін емес екені айқын. Осынша өткен мыңдаған көп жылдар қазіргі біздің уақытымызда құпия сырлары көп тұңғиық теңіз түбіндегі  дүниелердей болып көрінеді.

Алайда сол бір өткен қаншама уақытты ерінбей електен өткізгендей саралап,  жүйелі түрде зерттеп келе  жатқан көптеген ғылыми орталықтар мен ғалымдар бар. Осы көптеген  ғалымдардың қажырлы еңбектерінің арқасында тарих ғылымы қалыптасып өткен уақыттың кезең-кезең хронологиялық шеңберлері айқындалуда.

Өзіндік өркениеті қалыптасқан, бірнеше мәдени қабаттан тұратын, қазіргі уақытта жермен жексен болып жай ғана  төбе-төбе болып жатқан, елден жырақ дүз далада, кезінде қалың елдің жұрты болған талай-талай тарихи орындар жатыр.

Осындай Қармақшы өңіріндегі ескерткіштерге ең алғаш 1946-1991 жылдар аралығында Кеңес үкіметі кезеңінде Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеу жүргізсе, зерттеу барысында табылған керамикалық материалдарды зерттеумен Л.М.Левина айналысқан.

Кейіннен Тәуелсіздік алғаннан кейін отандық тарихи-ғылыми орталықтардың ұлттық тарихымызды айқындау барысында  1998 жылдардан бастап Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері Ж.Құрманқұлов барлау зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Қармақшы аумағындағы көптеген ескерткіштердің  орындарын тауып, кординаттарын анықтап, топографиялық картасын жасады. Осы материалдарды алға тартып, бұл жерлерде бірнеше мәдени қабаттардың  жер астында жатқандығын, тиісті орындарға хабарлап, қазба жұмыстарын жүргізу керектігі айтылды. Алайда «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Ж.Құрманқұловтың ұсыныстары қолдау тауып, Қармақшы ауданы аумағындағы тарихи ескерткіштерге толық қанды қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туған болатын.

Қазіргі уақытта 2004 жылдан бастап тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Құрманқұловтың жетекшілігімен Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының «Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы» жыл сайын Шірік-Рабат қалашығында және қалашық маңындағы бірнеше нысандарға қазба жұмыстарын жүргізуде.

Кезекті жыл сайынғы маусымдық қазба жұмыстарының барысында «2017 Шірік Рабат археологиялық экспедициясы» отряд басшысы, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының, ерте темір дәуірі бөлімінің жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Р.Ж.Утубаев және басқа да экспедиция мүшелерінің қатысуымен Қармақшы ауданына қарасты, республикалық маңызы бар Бәбіш мола 7 қалашығының маңынан, көзеші ұсталардың тұрақтары мен шеберхана орындарына қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде бірнеше үлкен көлемді құмдар және сол құмдарды күйдіріп пісіретін пештерді тапқан болатын.

Міне, сол тарихи құндылығы маңызды орындардың дәлелі бола алатын құнды жәдігерлер жергілікті аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорына өткізіліп, музей экспозициясында көрмеге қойылған.

Табылған үлкен көлемді құмдарға керамика ісінің мамандары РФ «Государственный музей искусства народов Востока» музейінің аға ғылыми қызметкері С.Б.Болелов және Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің доктаранты М.Қ.Сүйіндікова ғылыми сипаттама беріп, тұжырымдамасын жасады.

Мамандардың ғылыми сипаттамасында бұл топтағы ыдыстар шарық көмегімен жасалған. Сазға гипс және шамот араластырылған. Сапалы күйдірілген. Түсі қызғылт, ашық қоңыр. Пішіндеріне қарай екі түрі бар.

1) Бүйірі сопақша келген. Ернеуі сыртқа қайырылған. Қимасында дөңгелек.

2) Қысқа мойынды. Иықтары түсіңкі. Ернеу жиегі білеуленіп сыртқа қайырылған. Қимасында «Т» тәрізді. Бүйірі шар тәрізді шығыңқы келген. Өлшемдері: биіктігі 57-91 см, ернеу диаметрлері 22-47 см. Ыдыстардың сыртқы беті қанық қоңыр және қызғылт ангобпен сырланған. Құмдардың қабырғаларының қалыңдықтарына қарап, шаруашылық мақсаттарда пайдаланғандығын көреміз, яғни, астық дәнді-дақылдарды сақтау, сұйық заттарды тасымалдау үшін қолданылған.

Қазіргі уақытта бұл жәдігерлер музей экспозициясында, музейге келуші көрермендердің назарына ұсынылып, тарихи құнды жәдігер ретінде насихатталуда.

Бұл көне жәдігерлердің жасалу технологиясына, материалына қарап, біздің заманымызға дейінгі уақыттарда өмір сүрген өркениеттен қалған ескерткіштердің тарихи куәсі деуге толықтай негіз бар.

Ә.БАҚТЫБАЕВ,

Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музей

филиалының ғылыми қызметкері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<