Шайырлықтың шартарабын шарлаған

1095

0

(Ұ. Байбосынова. «Сыр бойындағы шайырлық дәстүр және ислам мәдениеті». Монография. Алматы: Arna-b, 2022)

Қолына түскен қай кітапты қалай парақтаса да, алдымен әркім өзінің іздегенін тапқысы келеді, тақырып бойынша көңіліндегі түйткілге жауап алуды ойлайды. Әрине, біреу аңсарын сонша аудырған әлгі «жоғын» табады, ал іздегені ойынан шықпаған оқырмандар мұқабаны төңкере салады. Қарлығаш пейілді қарындасқа тілекші әріптес ағасы есебінде мен оның қолжазбасын шұқшия қарап, бірнеше мәрте оқып шықтым. Өйткені арнайы редактор ретінде кітапты азын-аулақ «кір-қоңынан» арылту менің міндетіме бұйырған-ды.

Бұл – әдебиеттанушы, жыршы Ұлжан Байбосынованың 2006 жылы әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінде әдебиеттану мамандығы бойынша қорғаған диссертациялық жұмысы болатын. Әрине, ғылыми дәреже алу үшін дайындалатын диссертация мен оның монография болып қайта жасақталуы арасында әжептәуір тер төгілгенін байқадық. Былай қарасаң, жазылмаған заңдылық сияқты нәрсе ғой. Оны айтасыз, кейде бүгін жазғаныңа ертең көңілің толмай, қоңылтақсып қалатын кездерің де болады. Ал осы зерттеу жұмысы орындалғаннан бері арада аттай тулап, 16 жыл өтіпті. Деңгей өскен, ой-өрісі өзгерген. Ақыры, міне, көптің көкейінде жүрген тақырып ықтиятты зерттеуден, мамандардың сынынан өткеннен кейін, тілеуқор аға буынның батасын алып, қалың оқырманына жол тартып отыр.

Тың тақырып аясынан тапқан «олжаның» жайын сөз етпестен бұрын, алдымен тіл ұшындағы бір гәпті айтып өтейін. Кейінгі кезде түрлі деңгейдегі сахнагер-орындаушылар арасында ғылымға бет бұрғандардың қатары көбейе бастады. Әрине, егер маманы келіссе, бұл өте құптарлық-ақ нәрсе. Десе де, мұның екі жағы бар: ғылымға бар ынтасымен беріліп, ден қойып, айналысатын санаулы топ үнемі жазу мен үдемелі ізденіс үстінде жүреді. Ал әуелде белгілі бір әуесін оймен жолға шығып қалғандар, кейін буы басылған соң қайтып өз үйірін табады – сахна төрінен бір-ақ шығады. Бұл екі айырықты қатар алып жүру – өте қиын, екінің бірінің пешенесіне жазылмаған қабілет.

Марқұм Оразгүл Нұрмағамбетова есімді фольклортанушы апамыз өтті. Көзі тірі кезінде мен сол асылмен өз баласындай болып жақын араласып едім. Сыр бойының мақамдарын сахналандырған жыршы Көшеней Рүстембековті Мәскеу жұртына таныстырып, ғылымға баулығысы келіп, көзі бітіп, күлге айналған эпикалық жыршылық дәстүрді қайта жандандыруға ықпал жасап, бар күш-жігерін жұмсап еді, қайран апатайым. Өкінішке қарай, Көшеней марқұм құйрықты жұлдыздай жалт етті де, жоқ болды. Ойламаған жерден ажал сұмның қармағына ерте ілікті. Сөйтіп, асыл апаның жүрегі тілім-тілім болып, үкілі үміті үзіліп, аңсары аяқсыз қалды.

Бұл жайында сонау бір жылдары, отбасына барып отырып, Сыр бойының әдеби-музыкалық мұрасы, жалпы берісі кеңестік, әрісі әлемдік фольклордың қазақ дәстүріндегі ұқсас жайттармен қабысатын әрі мүлдем тоғыспайтын тұстарындағы ұңғыл-шұңғылды кезіп кететін кезімізде Оразгүл апам маған сыр етіп, түпкі ойын көп айтып отыратын. Бір жылы Мәскеуге, кезекті конференцияға барған сапарында, орта ғасырлардың цехтық ұйым сарқыншағы – «гурттар, лирництво» сияқты бауырластықтан шыққан украинның белгілі кобзарының лира аспабының сүйемелдеуімен дума айтып, артынша арнайы тақырып бойынша баяндама жасағанын көрген. Көрген бойда ойына сан түрлі нәрсе оралыпты.

Не керек, әлгі жарасымды көрініс сол күннен бастап, асыл апамның жанына жай таптырмапты. Аңсарлы мақсаты – жыр өнері мен жыршылық дәстүрді іштей түйсініп, жастай айтуға машықтанып, үйренген мәтіндері мен мақам үлгілерін жан дүниесінен өткізіп, санасына сіңіру арқылы зерттейтін ерекше тұрпат иелерін қалыптастыру. Ол кезде ондай бесаспап фольклортанушы әрі айтушы мамандар басқа ұлт өкілдері арасында сирек те болса кездескенімен, қазақта некен-саяқ, тіпті жоқтың қасы деуге болатын.

Шәкірті әрі үміт артқан інісі – мына біздің орындаушылықтан ғалымдардың қатарына қосылғанымызды көріп, фольклортанудан қорғаған ғылыми жұмысыма сарапшылық жасаған сәтте тебірене сөйлеген сөзі әлі көз алдымда, асыл апамның күмістей сыңғырлаған ғажап үні құлағымның түбіне күні кешегідей келеді де тұрады. Кейінгі кезде мен де жыршы орындаушылар арасынан шыққан ілуде бір қалам ұстаған, ғылымға бейімі бар біреуді көрсем, анамдай болып, қамқорлық жасаған марқұм Оразгүл апаның сол асыл арманы орындалып, үміті ақталғандай болады да тұрады. Біздің Ұлжан – сол қатардағы өнерпаздарымыздың бірі.

Тақырыбын ұршықша иірген 

Сыр бойының шайырлық дәстүрі мен ислам мәдениеті тоғысқан тұстағы сан түрлі мәселе сөз болған бұл зерттеудің көтерген жүгі ересен деп білемін. Аңдатпада жазылғанындай, мұнда «Шайырлық дәстүрдің тарихи аядағы әдеби негізі, ағартушы ахун, ұстаздардың ислам мәдениетін дамытуға қосқан үлесі, діни сюжеттердің шайырлық поэзияда жырлану ерекшеліктері, Шығыс әдебиетінен енген жанрлық түрлердің шайырлық поэзиямен ықпалдасу табиғаты, Сыр бойының шайырлық дәстүріндегі исламдық мазмұн мен жыршылық байланыстың көркемдік ойлау дәрежесі, ұлттық белгілер мен қоғамдық ойдың көркемдік ұлағаты» сараланады.

Бұл оның айтар ойының шет-шепірі ғана. Одан әрі мәселе сатылап тереңдей береді. Өйткені бұрын тақырыптың ыңғайына қарай айтылып қалып жүретіні болмаса, арнайы түрен түсе қоймаған тың әрі ауқымды тақырып бойынша екі айырықты бір арнаға тоғыстыру оңай шаруа емес. Бұл тарапта оның ғылыми жетекшісі әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Ш. Айтматов атындағы Халықаралық қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Хансейіт Әбдезұлының еңбегі зор екені көрініп-ақ тұр. Сол үшін де ұстаздың ұлық есімін ерекше атап өтуіміз жөн болар. Кім-кімнің де бойында бағзыдан келе жатқан бір қасиет белгісі болса, аяғында бар жүйріктің кезеңі келгенде, жосылып жолға түспейтіні болмайды. Мәселе дер кезінде, дұрыс берілген бағыт-бағдарда ғой. Тоқпағы мықты киіз қазықтың жерге кіретініне мысал керек болса, міне, осы. Содан кейін ұстазы мықтының ұстанымы мықты болмайтынына дау айтып көр. Айта алмайсың. Өйткені, атаңнан кейінгі ұлықтың бірі сол – ұстаз. Бұл тарапта, әрине, Ұлжанның жолы болудай-ақ болған екен. Біз әуелі соған қуандық.

Маңдайы жарқырап тұрған «Бастау» деген әдемі тақырып өзінің шешімін таба кетіпті. Әйгілі Жиенбай жырауың топқа түскенде қыздырма ретінде, шама байқатуға айтатын шақпақтың шақылындай, осы аттас шап-шағын шығармасы болушы еді. Бала күнінен сана қатпарында жүріп, әбден толысқан осы сәтті атауды кіріспеге қондыра қойғаны қандай жарасымды. Қай нәрсенің де шамасы мен шарқын басталғаннан-ақ байқайсың ғой. Бұл тарапта «Бастау бұлағы белгісіз сөз өнерінің керуені ешқашан белгілі бір бұралаң белесте тұйықталып қалған емес, үнемі дамып, шыңдалып немесе бәсең тартып, баяулап отырған» деген авторлық оймен біз де риясыз келісе кеттік. Сөз жоқ, серпінді сілтеу, қағидасы келіскен қисын.

Әрине, ислам діні қазақ даласына бірден, әп-сәтте бейбіт жолмен келе қалған жоқ. Сонау белгісіз белесте қалған IХ-ХIХ ғасырлар арасындағы мың жылдық тарихқа шолу жасай келіп, негізгі айтарына түсудің өзі оңай шаруа емес екенін оқырманның да іші сезіп отырған болар. Кітаптың құндылығы ретінде адамзат баласының танымына төңкеріс әкелген аталған мәдени ұстынның негізіне үңіліп, әлем өркениетінде із қалдырған тұлғаларға жеке-дара тоқтап, бұл күнде көпшілік арасында түрлі түйткіл ойлар тудырып жүрген кейбір діни мәселелерге шынайы ақпараттарды ұғынықты тілмен қалқан етуін атап өту керек. Сол арқылы әлемдік «Ғылыми поэзия» ұғымының өзегінде жатқан «Алла – бір, Құран – шын, пайғамбар – хақ» тұжырымдамасы ғалым, шайырлар туындыларының аясында қарастырыла отырып, жалқыдан жалпыға қарай өрлету қағидасымен тін тарқатқан сайын оқырман ойын ілгері жетелей түседі. Сөйтіп, дәуірлерді көктеп өтіп тұрған тарихи-мәдени байланыс Сыр бойының ақын-шайырлары шығармаларының үлгісінде өзіндік пайыммен зерделенген. Кез келген дәстүрге тән сабақтастық арқылы ұлттық сөз өнеріндегі көркем ойлау жүйесіне қосылған «олжа», тарих тіні, міне, осылай тарқатылады.

Ойын өндіре келе, «Мұсылмандық Шығыстан ауысқан фольклор мен әдебиет үлгілері ежелгі түркілік, кейінгі қазақтың ұлттық дүниетанымымен ұштаса келе, жаңа қорытпа қосындылар үлгісімен толыға түсті» деген түйін жасапты. Әрине, қазақ әдебиеті мен ислам діні тағылымдары бұрын да түрлі тақырып ыңғайына қарай қарастырылып жүр. Десе де, ғылыми айналымға түскен мына сөз иелерінің есім-сойы соны һәм олардың талдамаға алынған туындылары тың. Бұл тұрғыда ортаға олжа салған Сыр бойы шайырларының көбінің шығармалары ғылыми айналымға алғаш түсіп отыр. Ол өзіне шешімін табу үшін басты міндет етіп қойған ислам дінінің таралу тарихы, Шығыс халықтарының қазақ әдебиетіне тигізген ықпалы, ағартушылардың исламдық мазмұндағы шайырлық дәстүрді дамытуға қосқан үлесі, діни сюжеттердің жырлануы, Құранның қирағаты мен көркемдеп оқу үдерісінің жыршылық дәстүрге тигізген ықпалы тәрізді мәселелерді жүрексінбей күн тәртібіне шығарған.

Әрине, қай мәселенің де қойылысы мен межелі үдеден шығуы арасында түрлі түйткілдер жатады. Ғылым «айттым – бітті, кестім – үзілді» деген долбар тәсілмен шешімін таппайды. Оны әркім түрліше қабылдағанның өзінде ой-тұжырым атаулы белгілі бір құбылыстың ақырғы нүктесі болып шықпайды. Инемен құдық қазғандай саланың рақаты да, бейнеті де осы жерден басталады. Ол тақырып аясын ықшамдай келе, Қаратау мен Сырдария өзенінің төменгі ағысының атырабында ХlХ-ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ақын-шайырлардың туындыларын тілге тиек ете отырып, ислам діні мен қазақ поэзиясының мазмұндық тұтасуын алғаш рет әдеби таным аясында талдап шығуға талпыныс жасады. Ізгі мақсат межелі міндет аясынан шықты ма, жоқ па? Ол жайындағы кәделі баға патша көңілді оқырмандарда. Міне, әуел баста бізге назар тіктеткен мәнді мәселелердің бірі осы еді.

Тарих аясында тыныстаған таным

Ең кенже дін – ислам мәдениетінің әлемдік және ұлттық мәдени байланыстарының дамуынан бастап, адамзат баласының түп тарихын зерделеп, ақырғы пайғамбардың тағдыр талайы, исламның негізгі қағидалары, таралу аймағы, бағыт, ағым, халифаттар тарихы, араб-парсы поэзиясының тақырыптық жүйесі, оның Сыр бойы шайырларының тумагерлігіне еткен әсер-ықпалын бажайлайтын «Ислам мәдениеті және тарих аясындағы қазақ әдебиеті» тарауы тартысты жайттарға толы.

Мұндағы негізгі тірек – Құран сюжетінің жаппай жырлануы. Аталған арқаудың жігі ажыратыла келе, сол арқылы Шығыс әдебиеті алыптарының өлең өрнегінде қалған ойлары мен Сырдария өзенінің жоғарғы, орта, төменгі ағысын жайлаған жалпақ жұрт арасындағы дәстүрлі дамудың заңды жалғастығы ашып көрсетілген. Сөйтіп, Араб халифатының негізгі қалаларында еңбек еткен, Сырдан шыққан оқымысты ғалымдардың әлем өркениетіне қосқан үлесін «Сыр бойы ғалымдарының еңбектері әлемдік ғылым мен мәдениеттің IХ-ХIХ ғасырлардағы даму тарихында шешуші мәнге ие болатын рухани қазына ретінде бағалануы тиіс» деп орынды бағалаған. Бұған қоса, байырғы – автохтонды мәдениет пен кірме өркениет, оның ішінде ислам қағидалары арасындағы от пен судай шарпысқан қарама-қарсылықтар да орынды таразыланыпты.

Кейде ғылымның қай саласында болсын, ескерілмей қалатын маңызды жайттар да кездеседі. Әрине, оның сан түрлі себептері бар. Мұндай мәселеге біреудің өресі жетпесе, тап соның жайын күйттейтін теориялық еңбек, сол ыңғайдағы әдістеменің жетіспеуі, белгілі бір саяси-идеологияға шетін көзқарастардың ыңғайымен «Діндар дәуір» (А.Байтұрсынұлы) мұрасын мүлдем қажет етпеуден болатын түсініксіз жайттар да көп. Автор сондай өзекті мәселелердің бірқатарынан аттап өте алмапты. Әйтсе де, діттеген тақырып ыңғайынан тыс болғандықтан, оған өзі де дендеп бара қоймаған. Мұндағы өрнекті ойдың өзегі «Құран Кәрімнің аяттары ішкі заңдылығы мен ерекшелігінде өлеңдік ырғақ пен ұйқасқа құрылғаны… Дауыстап оқу арқылы сөз бен саздың психологиялық ықпалы мен әсер ету табиғатына негіз салынуы» аясында өрбиді. Тұжырып айтқанда, осы құбылыстың жыршылық орындаушылық дәстүрмен байланысы бағамдалады.

Профессор Т. Қоңыратбайдың «Құран және музыка» деп аталатын еңбегіндегі тұжырымды басшылыққа алып, ол орындаушылық дәстүрдің өзегіндегі сан түрлі мәселелер жүйесін жақсы жымдастырған. Бұл өзі – Сыр саздарын мақам айту дәстүрі дамыған өзге ұлттардың музыка мұрасымен беттестіре отырып, өз алдына салыстыра-салғастыра зерттеуді талап ететін тың тақырып. Аталған жайт «Бір ойды бір ой түртеді» қағидатымен жолай сөз болғанымен, болашақта қолға алынуы тиіс жұмыстардың ыңғайына ізашар қызмет етіп тұрғанының өзі елеулі әрекет. Бұл тарапта, кезінде Ташкенттегі Сырдария облыстық музыкалық хордың әскери дирижері болған байқампаз Ф.Эйхгорнның еңбегінен автордың бақылауларын келтіруі өте орынды шыққан.

Кез келген орындаушылық өнердің басты міндеті – тыңдаушыға әсер ету болып табылады. «Мәтін мен әуеннің өз тыңдаушысын психологиялық тұрғыда ерекше серпіліске шақыратын ықпалды құрал» екенінің жайын ерекше әуезе етуі сондықтан. Дегенмен, мұндай келелі әрі ғылым үшін өте қажетті шаруаның дер кезінде күйттеліп, ыждағатпен іске асырылмағаны «діни әуендер мен оның мәтініне қатысты мұндай бақыламалы-далалық зерттеулердің кезінде қазақ мәдениетінде жүйелі жүргізіліп, кейін салыстыру үшін әр өңірден жазылып алынбағаны» өкінішті жайт екенін атап көрсетеді. Жалпы, жыршылық дәстүрдегі жаттампаздық мәселесін осы ұқсас үрдіспен байланыстыру толық межеден шығып тұрмаса да, пайым ретінде қолдануға болатын пікір. Өйткені ислам мәдениетіндегі сөз бен әуез қосындысын дауыс ырғағы жүйесімен беттестіре зерттеп, оны жыршылық дәстүрмен байланыстыра қарастыру – қисындық тұрғыдан өзін ақтап алатын тәсілдердің бірі.

Әрине, мұндай зерттеулер өз үдесінен толайым шығу үшін кезінде американ ғалымдары М. Перри мен А.Лорд, орыстың Б.Путилов пен В.Гацак сияқты эпикалық жыршылық-орындаушылық құбылысты індете зерттеушілер қолданған, қазақ фольклортануы мен музыкатану ғылымы әлі күнге дейін «қол жетпес арманға» айналдырып жүрген әдістемені жедел жандандыру шарт. Аталған тәсіл әдебиеттану саласынан сәл алыстау сияқты болып көрінгенмен, Ұ.Байбосынова шет-шепірін қозғап, күн тәртібіне шығарған бұл өзекті мәселе болашақта кешенді зерттеуді қажет етеді. Ол үшін фольклортанудың айналасындағы сабақтас, салалас ғылым түрлерінің жетістіктерін бір арнаға тоғыстырып, ортақ байлам жасау керек. Жасыратыны жоқ, қазіргі дамыған ғылымның бағыты солай қарай ойысып келе жатқаны шетін жайт емес. Бұйырса, оның да жемісін көзбен көріп, қолмен ұстайтын уақыт әлі-ақ келеді.

Сөз құдіретінен сөл тартқан 

Зерттеуші Ұлжан Байбосынованың негізге алғаны – Сыр бойындағы діни-ағартушылық дәстүрдің кешегісі мен бүгіні төңірегіндегі сан түрлі сауалдар. Әсіресе, жазу мәдениеті қазақ жерінде тым ерте дәуірлерде пайда болғаны жайындағы пікір ден қойғызады. Шынында да, қазақты ер-тоқымсыз құр аттай, қалалық мәдениеттен жұрдай, жалаңбұт жұрт етіп көрсетуге бейім кейбіреулердің «Сөз өнері және діни-ағартушылық үрдіс» тарауынан табары көп. Ол пікірін «Сыр бойы адамзат өркениетінің тарихында алғашқы жазу-сызу өнері мен мәдениеті өркендеген орталықтардың бірі болған» деген өрелі оймен бекітіпті. Иә, бұл өңірде арабтармен бірге, ислам діні таралмай тұрып-ақ, бұрыннан қалыптасқан мәдени дәстүрлер болғаны дәлелдеуді қажет етпейді.

Үңгіп айтқанда, мұның өзі мыңдаған ғасырлық тарихы бар, бабадан балаға тек ауызша таралу дәстүрі арқылы берілетін күрделі мәдени қабатты заманауи жазба мәдениеті алмастырып, оның ақыры бүгінгі кітәби үрдістің орнығу тарихын қозғайтын айтулы тұс. Сондықтан да бұл тарауда ағартушылық ойдың орталығы болған Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі мешіт, медресе, кітапханалар тарихының ерекше күйттеліп, олардың қабырғасында оқытылған діни һәм дүнияуи пәндердің діни сауатты ахун-насихатшылар арқылы Сыр бойының жазба шайырлары шығармашылығында тың тақырыптарға бастама болып, ғылым мен өнердің өркен жаюына іргетас қалағанын негіздей түсуі орынды деп білеміз. Тап осы тұста ол үш негізгі факторды атап өтеді: аят, хадисті кітаптан оқып, ауызша айтудағы әуендік, мақамдық жүйе; Шығыс классикалық әдебиеті мен әуездік мұра үлгілерін игеру мен үйрену; қазаққа тән шайырлық, ақындық, жыршылық, әншілік, жыраулық дәстүрдегі үлгілерді ежелгі түркілік, кейінгі исламдық мазмұнмен жаңғырта тану. Міне, Сыр бойы шайырлық поэзиясының астарындағы асылдың жауһар белгілері осылай жіктеледі. Мұның бәрінде саз бен әуездің ауызша жыраулық, ақындық, жазба шайырлық дәстүрге тигізетін шарапаты айтылады. Айтылған сайын оқырман да өзіндік екпінмен сыдыртып отырып, өзін осы ыңғайда қамшылай түседі.

Сыр бойының жазба шайырларының шығармашылығында исламдық мазмұндағы лирикалық, дидактикалық насихат, өсиет, нақыл, ғазал, сатиралық арнау өлеңдер мен эпикалық сарындағы мысал, хикаят, қисса, дастан түрлерінің айрықша дамығанын атап көрсетуі де орынды. Рас, мұндай үдерістің жыршы-шайырлардың репертуарына елеулі өзгерістер әкелу арқылы кейінгі тыңдаушылар санасынан байырғы батырлық, қаһармандық, лиро-эпостық жырларды ығыстыра бастағаны белгілі. Әрине, автор мұның аужайын сөз етпейді. Десе де, зерттеліп отырған тақырыптың негізінде, әсіресе оның жоғарыда көрсетілген репертуарлық ерекшелігі аясында, кейінгі екі ғасырдың бедерінде тұрақтанған Сыр бойындағы жыршылық репертуарға, әсіресе діни терме, толғау, қиссалардың жырлану тарихына зер сала отырып, аймақтың мәдени-рухани өмірінде, әсіресе мәтін атаулыдағы күрделі мазмұндық әрі сюжеттік өзгерістерді бірден байқауға болатын жыршылық репертуардың репетінен осындай қорытындыға келуге болады.

Дін дәрісінен негіз, исламдық ақлақтан нәр, дүнияуи ғылымдар жиынтығынан арқау алған Алланың дидарына ғашық, дүниені сезім мен түйсіктің шегінде қабылдап, жыр-дұға тудыра алатын «Алланың мақамын» толық меңгерген шайырлардың поэзиясына тән ортақ арқау – өткінші фәни дүнияның жалған екенін әуезе етіп, мәңгі өмірдің қамын жасау керектігі жайындағы фәлсапалық түйін. Бұл өзі шайырлардың ғана емес, дүние дидарындағы ақылмен дүрдараздығы жоқ әрбір саналының аузынан шығатын түйінді байлам. Әрине, Сыр бойының шайырлары мұны жалпы жұртқа жаппай өткізген «ашық сабақ» үлгісінде насихаттады. Бұл жолда неден болсын, тайынған жоқ. Сондықтан шығар, Сырдың бойындағы эпикалық жыршылық дәстүр басқа өңірлермен салыстыруға келмейтін дәрежеде алабөтен үрдіс ретінде қалыптасты. Біз осы ойдың басқа түрде негізделген жылт-жылт еткен сәулелерін зерттеудің өнбойынан көріп қалып отырамыз.

«Діни шығармалардың поэтикалық ерекшеліктері» аталатын тарауда исламдық мазмұнмен толыққан Сыр бойы шайырлары шығармаларындағы әдеби дәстүр, композициялық құрылым, жалпы жанрлық жүйе ерекшелігі сөз болыпты. Сөйтіп, мінажат, насихат, ғазал, төрттаған сияқты лирикалық жанрлардың Тұрмағамбет, Шәді, Омар, Ерімбет, Нұртуған, Шегебай, Оңғар, Сейтжан сияқты сөз иелерінің халықтық педагогикаға негізделген дидактикалық ерекшеліктерін көрсететін фәлсапалық сипат өріс алған. Бұл тұста автор «жырау» терминінен саналы түрде бас тартып, ақын мен шайыр аталымын ауыспалы мағынада қатар қолданып отырыпты. Бұған дейін, ауызекі ұғымды айтпағанда, кейбір ғылыми еңбектерде осы термин орынды-орынсыз қолданыла беретін. Бұл да болса, қазіргі заманауи жыршылардың арасында ғылымилық қағидат басшылыққа алына бастағанының белгісі болса керек. Әрине, бұл заман талабы, кітапты басты қару ете бастаған орындаушылардың арасында ғылыми жөн-жосықтың алға шығуының нышаны.

Сол секілді, «Эпикалық шығармалар аясындағы ислам тақырыбы» аталатын тараудың атынан көрініп тұрғанындай-ақ, мұнда қазақ әдебиетінің даму үдерісіндегі «эпикалық құлаштың» (З.Қабдолов) табиғи мүмкіндігі сөз болып, бұл тараптағы шағын түр – ақ пен қараны салыстыруға ыңғайлы мысал мен пайғамбарлар тарихын баян етуге қолайлы хикаят жанрлары, олардың танымдық, тәрбиелік, ғибратшыл табиғаты, «өткен мен бүгінді болашақпен байланыстыратын, адам өмірін басты құндылық ретінде қарастыратын» сипаты арнайы сөз болады. Ал эпикалық құлашы кең нәзирагөйлік сипаттағы қисса, дастандар жайы қарастырылатын тұста ислам идеологиясының астарындағы сан түрлі дүниетаным көріністері, оның ұлттық поэзиядағы жырлану тәсілі, халықтың құлағына жетіп, тәрбиелік маңызының үстем түсудегі жыршылық мектептердің атқарған рөлі көрсетіліпті.

Міне, біз осынау шолу мақаламыздың барысында әдебиет зерттеушісі, жыршы Ұлжан Байбосынова шағын тақырып аясында көтеріп, шешімін табуға тырысқан біршама жайттардың астарына үңіліп, маңызын көрсетуге тырыстық. Оның ішінде, сан мәрте айтыла беретін діннің сана қалыптастырғыш сипаты әлі талай зерттеушілер тарапынан, әртүрлі қырынан сан мәрте қарастырыла беретініне шүбә жоқ. Өйткені бұл – басы бар да, күрмелуі еш мүмкін емес тақырып. Біздің Ұлжан қарындасымыз да сол шетсіз, шексіз әлемді бір бүйірлей өтіп, өзінің түйінді сөзін «…ғылымның қай түріне болсын тән қасиет, өткен күндерден енші болған құбылыстарға тек болжам айту мүмкіндігі берілген» деп тұжырыпты. Айтары бар ма, ғылыми ойлау сатысы сол болжам арқылы өсіп, шексіз өрлей бермек. Шектеулі адам ғазиздің қабілеті ғана.

Берік ЖҮСІПОВ, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, фольклортанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<