ЖАҢҒЫРУДАН –ЖАҺАНДЫҚ ТАРИХҚА

357

0

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың халыққа жариялаған дәстүрлі Жолдаулары мен бағдарламалық  мақалалары ішкі құрылымы мен мазмұны жағынан да бір-бірімен үндес, әрі сабақтас. Соның бірі – Елбасының жуырда жарияланған  «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы.
«Ұлы даланың жеті қырының» маңыздылығы – ұлттық құндылықтарымыздың жаһандық тарихтағы  орнын байыппен пайымдау болып табылады. Мақала «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» атты екі бөлімнен тұрады. Онда уақыт пен кеңістік көкжиегінің тоғысқан кезінде ұлт тарихы басталатынын нақты ғылыми деректерге сүйене отырып көрсетіп, ұлттық тарихымыздың бай әрі тұтас екеніне  тоқталған.  
Мақаланың «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» тақырыбындағы бөлімінде біздің жеріміз материалдық мәдениеттің бастау бұлағы екенін, қазіргі қоғамның ажырамас бөлшегіне айналған бұйымдар біздің өлкемізде ойлап табылғанын атады. Олардың қатарында атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы жібек жолы, Қазақстандағы алма мен қызғалдақ сынды ұлт рухының айрықша салтанат құруына негіз болған тақырыптарды атап көрсетті. Ал «Тарихи сананы жаңғырту» бөлімінде алдағы атқарылатын жұмыстарға бағдар берген. Атап айтар болсақ, еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасының табысты іске асқандығына тоқталып, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды ұсынды. Сонымен қатар, зерттеулер қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажеттігін атады. Тұлғаның өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс екендігін айтып, мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңыздылығын атап көрсетті.
Әр халық ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Сондықтан, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуды, әдебиет, музыка мен театр, бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамтитын «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіруді тапсырды.
Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты. Осыған байланысты, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажеттігін, сондай-ақ, википедия үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу маңыздылығына тоқталды. «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуды, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде фестивальдар өткізуді қолға алу қажеттігін атады.
Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостарын жинақтап, «Дала фольклорының антологиясын» жасауды, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығаруды атаса, фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экпедицияларын ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісін дамытудағы қадамдарына да баса назар аударды.
Елбасы өз сөзінде біздің даңқты тұлғаларымыз тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар екендігін айтты. Мақаланың әр бөлімі танысқан кісіге ой саларлық, ойланарлық мәселе. Олай болса, таяу жылдардағы міндеттерді «Ұлы даланың қадамдарымен» байланыстырып, тарихымызды, ұлттық құндылығымызды ұрпақ санасына сіңіру – білім беру ұйымдарының алдындағы маңызды міндет. Соның ішінде мақалада көрсетілген жобаларды Қазақстан тарихы, әдебиет, музыка, технология, биология пәндерінің мазмұнымен терең байланыстыру қажеттілігі артуда. Бұл білім беру саласының қайта жаңғыруды қажет ететінін және функционалды білім білім беруді дамыту керектігін айқындайтыны сөзсіз.

                                                                             Балзия Абдуллаева,
                          Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған  
                        №4 облыстық мектеп – интернат директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<