
«Бұл жолы әмбебап ғылыми терминдерді өзгертпей алу туралы шешім қабылданды. Әйтпесе, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шетел тіліндегі сөздерден, әсіресе, орыс тіліндегі сөздерден ажырайық деп, неше түрлі аударма жасадық қой. Кейбіреулерін айтуға да ұят. Кейбір сөздер дәл келді, кейбірін әйтеуір келсе болды деп, ала салған», – деді Н.Назарбаев «100 жаңа оқулықтың» алғашқы сериясын таныстыру кезінде. Осы орайда Президент «процент» деген сөздің аудармасымен келіспейтінін тағы да жеткізді. Н.Назарбаевтың ойынша, аталған сөзді сол күйінде қолданған дұрыс. Мемлекет басшысы марқұм Еркеғали Раxмадиевтің «композитор»-ды «сазгер» деп алғанына қарсылық білдіргенін де еске алды. «Композитор да, пианино да дүниежүзілік сөз емес пе? Оны «күйсандық» деп аударғаннан не табамыз. «Сандық» деген қазақ үшін мүлдем басқа құрал. Жалпы, сөзді байыту үшін барлығын аударып алайық деген болмауы керек. Мысалы, «балмұздақ» деген өте керемет сөз. Сондай болуы қажет. Сондықтан ғылыми терминдерді аударамыз деп, мықшындайтын болсақ, онда бәрін құртып аламыз. Ал дүниежүзінде қолданылатын терминдер қазақ тіліне енсе, онда тілімізді байытады, санын көбейтеді. Ғылыми мәтіннің мағынасы бұрмаланбай, барынша түсінікті болуы қажет», – дейді Н.Назарбаев.
