Мұқтаждар қолдаудан қалыс қалмайды

714

0

Төтенше жағдай режимі тұсында халықтың белгілі санаттағы бөлігіне үздіксіз қолдау көрсетілді. Сындарлы кезеңнің сынағынан өту үшін билік жұртшылыққа барынша жәрдемдесті. Бұл жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіруі және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевпен сұхбаттастық.

– Төтенше жағдай кезінде берілген жәрдемақы табысынан айырылған талай отбасыға көмек болды. Облыс­та оны өтініш бергендердің қаншасы алды?

– 42500 теңгені алу үшін 314 273 адам жүгінді. Оның 301261-і – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 10083-і – бірыңғай жиынтық төлемнің белсенді қатысушылары, 2929-ы – шағын және орта бизнес өкілдері. Нәтижесінде 195 614 адамға 12,9 млрд теңге көлемінде, оның ішінде екінші айда 108799 адамға көмек көрсетілді.

Жәрдемақы алу, бірыңғай жиынтық төлем жасау, eGov.kz порталымен жұмыс жүргізу, компьютері жоқ адамдар үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске қосқан Telegram-бот каналын жүктеу, оны пайдалану жолдары жөнінде халық арасында кеңінен ақпараттық жұмыс атқарылды. Өтініш берушінің өз статусын қалай тексеруіне, әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болған жағдайда жұмыстан қысқартылған немесе өз еркімен шыққан адамдардың жұмыспен қамту органдарына электронды түрде қалай құжат тапсыруға болатынын түсіндірдік. Call орталығы, басқарманың барлық телефон нөмірлері арқылы мамандар сұрақтарға жауап беріп отырды.

Төтенше жағдай кезінде мына санаттардағы азаматтар әлеуметтік көмек алды:

– атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 6-дан 18 жасқа дейінгі балалар;

– 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;

– I, II, III топтағы мүгедектер;

– мүгедек бала тәрбиелеушілер;

– жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыздар.

Наурызда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 6-18 жас аралығындағы 16647 баласына 5567 теңгеден берілді.

Сәуір айында осы көлемдегі әлеуметтік көмек:

– аталған санаттағы 15734 адамға;

– 16 жасқа дейінгі 4312 мүгедек балаға;

– мүмкіндігі шектеулі 24 426 адамға;

– мүгедек бала тәрбиелеуші 4918 отбасына;

– ресми тіркелген 7045 жұмыссызға көрсетілді.

– 42500 теңгені негізсіз алғандар арасында ақшаны қайтарып бергендер бар ма?

– 42500 теңге бюджеттен емес, мемлекеттік сақтандыру қоры есебінен төленеді. Оны тағайындайтын да, беретін де – сол. Бүкіл төлем «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы банктерге жіберілді. Банктер азаматтардың есепшотына аударды. Сондықтан қанша адамның ақшаны қайтарғаны туралы ақпарат беру біздің құзырымызда емес. Төтенше жағдай режимінің тоқтатылуына байланысты 11 мамыр күні сағат 18.00-ден бастап 42500 теңгеге өтініш қабылдау аяқталды. Бұрын берілген өтінішті қарау мәртебесін 42500.enbek.kz сайтынан білуге болады.

– Атаулы әлеуметтік көмек төлеудің шарты – отбасындағы еңбекке жарамды адам жұмыс істеуі тиіс. Оған келіспей, көмектен қағылған жағдайлар болды ма?

– Иә, бұл – басты шарт. Отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеп, отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс. Бірінші кезекте әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасындағы еңбекке жарамды жұмыссыз азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылады немесе «Еңбек» бағдарламасына тартылады.

Оларға бос, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына, қоғамдық жұмысқа орналасуға, жастар тәжірибесінен, қайта даярлау курстарынан өтуге мүмкіндік беріледі. Бизнес ашуға ынталы жандар кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, жеңілдікпен микрокредит және қайтарымсыз гранттарға қол жеткізе алады.

Отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, бүкіл отбасы атаулы әлеуметтік көмек алмайды. Барлығы 645 отбасы немесе 3652 адам мемлекет қолдауынан қағылды. Олар әлеуметтік келісімшартты орындамаған, шарт жасасудан бас тартқан, орташа жиынтық табысы асып кеткен, жалған ақпарат ұсынған, құжаттары толық болмаған, учаскелік комиссияның тексеруіне рұқсат бермеген, жұмыспен қамтудың белсенді шараларынан бас тартқан соң осылай болды.

– Облыста атаулы әлеуметтік көмек қанша отбасыға тиесілі?

– Есепті кезеңде 45281 адамға (8507 отбасы) 1643,2 млн теңге көлемінде атау­лы әлеуметтік көмек тағайындалып, оның 1172,6 млн-сы 43975 адамға (8257 отбасы) төленді. Қазіргі жағдайға байланысты әлеуметтік көмекті тағайындау мерзімі автоматты түрде ұзартылды. Есепті кезеңде ол облыс бойынша 8354 отбасына тағайындалды.

– Көпбалалы отбасыларға мемлекет қолдауы туралы айтып берсеңіз…

– Көпбалалы отбасыларды қолдау, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына тағайындалатын кепілдендірілген әлеуметтік пакеті мемлекеттік көмек болып есептеледі.

Көпбалалы (төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) отбасылар табысына қарамастан жәрдемақы алады. Ол бала санына қарай сараланады.

Төрт балалы – 16,03 АЕК немесе 44 531 теңге;

Бес балалы – 20,04 АЕК немесе 55 671 теңге;

Алты балалы – 24,05 АЕК немесе 66 811 теңге;

Жеті және одан көп баласы бар отбасыларға – 28,06 АЕК немесе 77 951 теңге.

«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңға сәйкес жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын ел азаматтары, оралмандар, босқындар, шетелдіктер мен Қазақстанда тұрақты тұратын, азаматтығы жоқ адамдар атау­лы әлеуметтік көмек алуға құқылы. Отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы айлық табысы облыста белгіленген кедейлік шегінен (2020 жылдың ІІ тоқсанындағы кедейлік шегі – 19978 теңге) аспаған жағдайда кез келген адам мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер бола алады.

Ендігі сұрақ, біз мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта құра алдық па?

– Кедергісіз орта құру бағытында жұмыс атқарылып жатыр. Мақсатқа жетуде қоғамның әрбір мүшесіне жауапкершілік жүктеледі. Бүгінгі күні облыста мүмкіндігі шектеулі 30 мыңнан астам адам бар. 2020 жылы осындай жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бөлінетін қаражат көлемі 1,5 есе артты. Мүгедектерді оңалтудың 1860 жеке бағдарламасы әзірленіп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда оның 10346-сы орындалды. 1178 балаға 266 әлеуметтік қызметкер үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді.

Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы, Жалағаш, Шиелі аудандарында тірек-қимыл жүйесі бұзылған, психоневрологиялық патологиясы бар 126 бала күндізгі стационар жағдайындағы қызметпен қамтылды. Қармақшы, Сырдария, Жаңақорған аудандарында күндізгі бөлімшелер жұмыс істеп тұр. 151 бала үшін биыл республикалық бюджет есебінен 90,2 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта облыс орталығы мен аудандарда 132 бала аталған қызмет түрімен қамтылып отыр.

2017 жылдан бастап ерекше қажеттілігі бар балаларды иппотерапия­мен оңалту шаралары қолға алынды. Оны дәрігер қорытындысымен рұқсат берілген жағдайда дауна, аутизм, тіл мүкістігі және тағы басқа ауру түрлеріне шалдыққан балалар алады. «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» заңда жергілікті өкілетті органдардың шешімімен жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытылатын және тәрбиеленетін мүгедек балаларға жұмсалған шығын үшін тоқсан са­йын 9 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық көмек көрсету қарастырылған.

– Жеңіс күні қарсаңында қабыл­данған Ардагерлер туралы заңның артықшылығы неде? Қанша қызыл­ор­далық оның шарапатын көре алады?

– Заңда ардагерлер қатарына екінші дүниежүзілік соғыстан бөлек, өзге мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар қосылды. Олар – Ауғанстандағы ұрыс қимылына қатысқан әскери қызметшілер, 1992-2001 жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейтуге, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды реттеуге атсалысқандар, Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингент.

Заң аясында ардагерлерге арналған жәрдемақы көлемі артты. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілгендер салықтың 11 түрінен босатылады. Жеке тұрғын үй салу үшін бірінші кезекте жер учаскесін алу құқығы, коммуналдық тұрғын үй қорының үйлеріндегі өзі тұрып жатқан пәтерді меншігіне беру, тех­никалық-кәсіптік және жоғары оқу орындарына оқуға түсу кезіндегі артықшылықтар, кепілдік берілген арнаулы әлеуметтік қызметтер көлемін бірінші кезекте алу және тағы басқа жеңілдіктер қарастырылған. Басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қи­мыл­дарының ардагерлері ретінде әскери қызметшілерге 4,8 АЕК (2020 жылы – 13334 теңге) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Социалистік Еңбек ерлері, оның ішінде Ұлы Отан соғысына қаты­сушыларды ескергенде үш дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерінің иегерлері енді Қазақстанның Еңбек ерімен бірдей мөлшерде жәрдемақы алады. Бұл дегеніміз – 138,63 АЕК немесе 385 114 теңге. 1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр стансасындағы апат зардабын жоюға қатысқандарға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 4,8 АЕК-ке (2020 жылы – 13 334 теңге) дейін өсті.

Бұрынғы заңнамаға сәйкес мемлекет жеңілдігі мен кепілдіктерін қызылордалық 169 мың ардагер алып келген болатын. Жаңа заң бойынша олардың саны 180 мыңнан асып отыр.

– Әлеуметтік қолдау мәселесімен жүгінетіндерге сіздің мекеме қаншалықты ашық?

– Біздің басқарма – халықпен тікелей байланыста болып жұмыс істейтін мекемелердің бірі. Мұнда жас баладан қарт кісіге дейін келеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Ол кісілер тек проблемалық сұрақтармен жүгінеді. Жеке қабылдау жұмыс күндері жұмыс уақытында үздіксіз жүргізіледі. Басқарманың әлеуметтік желілердегі парақшасы, менің жеке блогым – барлығы ашық және жариялы. Төтенше жағдай кезінде call орталықтарының телефон нөміріне тыным болған жоқ.

Әңгімелескен

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз