Жеңілдікті оңтайлы пайдалану керек

495

0

Ел игілігі үшін жүзеге асып жатқан бағдарламалардың халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономиканы көтеруге септігі зор. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмыссыздықты азайту мақсатында халықтың шағын кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасалған. Бағдарлама аясында жұмыссыз азаматтардың кәсіппен айналысуы үшін жеңілдетілген несие алуына да мүмкіндік бар. Бұл мақсатта несиелендіру жұмыстары «Байқоңыр (Байконур)» әлеуметтік-кәсіпкер­лік корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асып келеді. Облыста бұл мақсатта 2011-2016 жылдарға республикалық бюд­жеттен 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Мақсаты айқын қаржыны облыс тұрғындары қалай жұмсады, қайтарымы қандай деген сауалдарды аталған акционерлік қоғамның мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс жасау бөлімінің бас менеджері Серік Жаңабаевқа қойған едік.

– Жақында «Байқоңыр (Байконур)» ӘКК» АҚ облыс тұрғындарына таратылған несие қаражаттарын өсімпұлсыз қайтаруға мүмкіндік беріл­генін хабарлап, акция жа­рия­­­лады. Ең алдымен не­­­­­сие­­­­лендіру мақсатына тоқ­тал­­­са­­ңыз?

 – «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында аймақтық өкілетті мекеме ретінде «Бай­қоңыр (Байконур)» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ак­­ционерлік қоғамына 2011-2016 жылдары аралығында рес­­пуб­ликалық бюджеттен 5 млрд 187,6 млн теңге бөлінді. Ондағы мақсат – халықтың жұмыссыз бөлігін жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту. Бұл жұмыссыз азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Жұмыс жоқ, кәсіп бастауға қаржы жоқ дейтіндер үшін бағдарлама аясында жеңілдетілген процентпен несие берілді. Ал әрі қарай еңбек ету әрбір адамның өзіне байланысты. Мемлекет еңбек етемін дегенге барынша жағдай жасауда. Соның бір дәлелі – осы бағдарламаның жүзеге асуы.

Аталған қаражат 145 несие ұйымына (оның ішінде 129 несие серіктестігі және 16 шағын несие ұйымы) конкурстық негізде таратылды.

– Бүгінгі күнге «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мем­лекеттік бағдарламасы ая­сында қанша адам несие алды?

– Облыс тұрғындарын несие­лендіру қорытындысымен 2145 адам несие алып, ша­ғын кә­сіпкерлер қатары артқан. Нә­­ти­жесінде 2676 адам жұ­мыс­­пен қамтылды. Бұл ел­дегі жұмыссыздықты азай­ту­ға бірден-бір сеп. Сонымен қатар ел экономикасын дамы­тудың көзі шағын кәсіпте десек, аймақ тұрғындарының мүм­кіндікті пайдаланып, кәсіп­пен айналысуға ынталануы қуан­тады.

– «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында несие беруде облыс тұрғындарына қандай жеңілдіктер қарасты­рылған?

– Біріншіден, несие алушы­лардың басым көпші­лігі – қа­лалық немесе аудандық жұмыс­пен қамту орталықтарын­да жұ­­мыс­сыз ретінде тіркеуде тұр­ғандар. «Байқоңыр (Байконур)» ӘКК» АҚ арнайы комиссия құрамымен бірлесе оты­рып несие алушылардың кон­курстық құжаттарын қарап, же­ңімпазды анықтайды. Несие алуға үміткерлер бизнес жос­парларын тапсырады. Комиссия шешімімен конкурс жеңім­паздары анықталып, құжатта көрсетілген несие қаражаты табысталады. Несие 3 000 000 теңгеге дейін, 4,27 процентпен 60 айға беріледі.

– Несие қаражатының әрі қарай мақсатты жұмсалуына бақылау болады ма?

– Бағдарлама аясында несие­лендірілген несие ұйымда­ры­ның қаражатты мақсатты жұм­салуын бақылау негізінде ак­ционерлік қоғам тарапынан мониторинг жүргізіледі. Жүр­гізілген мониторинг кейбір несие ұйымдары мүшелерінің берілген қаражатты мақсатсыз жұмсап, мемлекет қа­ражатын талан-таражға салған фактілерді анықтады.

Сонымен қатар, несие алып бастаған кәсіптерін әрі қарай жүргізе алмаған жағдайлар да бар. Бұл несиені алуға асық­қанмен, мақсатты жұмсауға кел­генде әлде де жауапкершілік төмен екенін байқатады. Қағаз жүзінде мақсатын айқын көр­сетіп, қаражат қолға тиген соң той-томалаққа, тағы басқа негіз­сіз жұмсағандардың ісі жауапсыз қалмайды. Себебі, мемлекеттің әрбір тиынының сұ­рауы бар. Алайда мұны түсін­бейтіндер де кездеседі. Елдің ішінде кәсіп етіп, еңбек етуден гөрі дайынға, тегінге ие бол­ғысы келетін ма­сыл­дық психоло­гия­ның әлде де жойылмағаны қынжылтады.

– Акция жариялағандары­ңызға қарағанда, несиені қай­таруда мәселе бар сияқты?

– Жоғарыда атап өткендей, несие қаражаттары белгілі бір процентпен берілген. Демек, қаражат қайтарымды негіз­де берілген. Бағдарламаға қатысу­шылар мұны жақсы біледі. Алайда, тағы да жауапкершіліктің төмендігі осы несиенің қайтару деңгейінен байқалады.

Бағдарлама бойынша барлы­ғы 5187,6 млн теңге таратылған болса, оның негізгі қарызы бойынша 1859 млн теңгесі ғана қайтарылған. Бүгінгі күнге несие ұйымдарының қарызы 3258,9 млн теңгені құрап отыр.

Қарызы қомақты бірқатар не­сие ұйымдарына қатысты «Бай­қоңыр (Байконур)» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорация­сы» акционерлік қоғамы  сот­­қа талап арыз берді. Талап арыздар негізінде 50-ге жуық несие ұйымдарына қа­тысты сот шешімі шығып, сот орын­дау­шыға жолданған. Сон­дай-ақ, об­лыстық кірістер депар­та­ментіне 100-ден астам несие ұйымына қатысты арыз жолданып, тергеп-тексеру нәти­жесімен 2 несие ұйымынан 2 адам сотты болды.

Бірқатар несие ұйымының басшыларына қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қарызды өндіру барысында сот орындаушылар кейбір соңғы несие алушылардың атын­дағы мүліктеріне тыйым салып, олар қазір өз мүліктерін қажетті мақсатта пайдалана алмауда. 

Сондай-ақ, азаматтардың есеп­­шоттарына банктік бұғат­тау қойылып,  айлық, зейнет­ақы және әлеуметтік жәрдемақы­ла­рынан 50 процентке дейін ұста­луда.   

«Байқоңыр (Байконур)» әлеу­­меттік-кәсіпкерлік корпо­рациясы» акционерлік қоға­мы­­­ның директорлар кеңесі­нің шешімімен «Қарызды өсім­­­пұлсыз төле» атты акция жү­ру­де. Акция бойынша несие ұйым­дары «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында алынған несие қарыздарын 01.09.2019 бен 31.12.2019 жыл аралығында төлеген жағдайда, төленген сомасына сәйкес өсімпұлдар алынып азайтылатын болады.

Сондай-ақ, акционерлік қо­ғам «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында қалыптас­қан қарыз сомаларын төлеуге ар­налған «Қазпочта» АҚ-ның облыс бойынша барлық бөлім­шелерінен арнайы ашылған есеп­­шотын ұсынады.

Бұл акция өз кезегінде тұр­ғын­дардың несие қаражаттарын өсім­пұлсыз төлеуіне тікелей ба­­ғытталатынын айта кеткен жөн. Осы акцияны оңтайлы пай­даланудың маңызын ескерте отырып, қарызды өсімпұлсыз қайтару айтарлықтай жеңілдік екенін хабарлаймыз.

– Президенттің халықтың белгілі бір санатының несиесін кешіруі халыққа әсер етпей ме, яғни қарызымыз кешіріліп қалар деп үміттеніп төлемей отырғандар да бар шығар…

– Халыққа осы мәселені газет арқылы ашық айтайын. Несие алушыларға бұл жеңілдіктің қатысы жоқ. Бағдарламамен алған несиенің қайтарымы бар және ол қаражат республикалық бюджетке кері қайтуы тиіс. Сондықтан, бұдан бөлек жеңілдік күтпей акцияны пайдаланып қарызды қайтарған жөн.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<