Майдангерге тағзым

313

0

«Еңбек Қызыл Ту» орденді «Шіркейлі» ауылының Мәдениет үйінде «Майдангерге тағзым» атты кеш өтті. Ән шырқалды, күй төгілді. Танымал термешілер, әншілер өнер көрсетті. Тағы бір ерекшелік, сахна төрінде қазақша күрестен сайыс өтті. Кеш соңынан марапаттау басталды.

Сұрапыл соғысқа қатысып, майдан даласында хабарсыз кеткен Құлболды ишанның немересі Шахабаддин Әкімалұлы жайында әңгіме өрбіді. Туғанына жүз жыл толған майдангер өшпес із қалдыр­ды.

Бір ауылдан майданға аттанған 27 жауынгер соғыстан оралмаған. Соның бірі – кіші сержант Шахабаддин Әкімалов еді. Самарқанда алты айлық сержанттар курсын бітіріп, Курск, Брянск, ­Украина жерінде атқыштар ротасында әскери борышын өтеді. Бар-жоғы 23 жастағы азаматтың соңғы хаты 1943 жылы жазылды. Содан хабарсыз кетті. Әр хатында туған жерге сағынышын төкті. Поэма, өлең-жырларын анасына, әкесіне, туған бауырлары Патыма, Мұхтарима, Мәшендерге арнады. Сол хаттарды туған қарындасы Мәшен сақтаумен келді. Ақынжанды азаматтың туған жерге деген махаб­баты өлең-жырларында төгіліп тұрғаны сезіледі.

Мәдениет үйіндегі кеште аудан әкімі М.Ергешбаев, ардагерлер И.Әбибуллаев, Қ.Құдайбергенов, Қ.Мырзахметұлы, К.Мақашев тағылымы мол кештің ғибратты жағына тоқталды. Ауыл орталығындағы Ә.Жәмішев атындағы мектептің шәкірттері орындаған жауынгер жырларындағы, хаттарындағы эпизодтар жан толқытарлық болды, бәрімізді тебіреткендей әсер берді.

Кеш соңы ас беру рәсіміне жалғасты. Ауылдағы Мәді қажы серіктестігінің төрағасы Сейіткамал Сұлтанов осынау іс-шараны өткізуге бастамашы болғанын баяндап, майдангерлерге тағзым етуге, рухына бас июге шақырды.

Жиналған жұртшылыққа жауынгердің ағайын-туыстары Абзал, Мәшен, тағы басқалар шынайы ықыластарын білдірді.

Қайыр Қорасани

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<