Ғасыр жүзіндегі ғибрат

885

0

Өткен 20-ғасыр адамзат жаратылысында ерекше дәуір болды. Бұрын-соңды болмаған ғылыми және техникалық жетістіктердің, соны ойлар мен тұжырымдардың, уақыт пен кеңістіктің осынау өзара тоғысу, қабысу кезеңінде қазақ халқы да өркениетке қол жеткізді. Тарихи оқиғалар адамдарды рухтандырумен қатар адамзатты ауыр азапқа салып, қайғы-қасіретке де душар етеді. Сол оқиғалар тарихтың қозғаушы күші болуы да мүмкін.

Жүзжылдықтағы екі дүниежүзілік соғыс, екі революция, азамат соғысы, индустрияландыру мен ұжымдастыру, қазақты қырғынға ұшыратқан аштық пен ұлттың қаймағын алып кеткен қуғын-сүргін қаншама қасірет әкелді. Сондай-ақ, бұл қиындық тарихи әділетсіздікке іштей қарсылықты, жойылып кетпеу жолындағы күрес тарихи тұлғаларды өмірге алып келді. Сондай жандардың бірі – партия және мемлекет қайраткері Исатай Әбдікәрімов шын мәнінде «ХХ ғасыр адамы» еді.

Исатай Әбдікәрімов 1923 жылдың 15 мамырында бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығы Сырдария облысы, қазіргі Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Өзгент ауылында дүниеге келген. 7 жасқа толғанда аудандық соттың хатшысы болып істейтін ағасы Жаппар Жаңақорғандағы шаруа жастар мектебіне әкеліп, оқуға береді. «…Бала болсам да білемін, заман ауыр, дәп сол бір кезеңдері білімге сусап қалатындай тікейген тұрмысымыз жоқ. Қолға ұстаған аздаған малтекеміз бар-ды, қылтанағын сыпырып колхозға алды. Сиыр өзіміздікі, сауатын шешем Зәуре, бірақ сүтін ортаға апарып тапсыра ма, әйтеуір аузымыз аққа тимейді», – деп ағамыз «Көп екен көргеніңнен көрмегенің…» атты кітабында балалықтың ащы дәмін татқанын жазады. Осы кітапты оқып отырып Исатай ағамыздың аш-жалаңаштықты көргенін, әкесі Әбдікәрімнің жалғыз тоқтысын сыйлы қонаққа сойғаны үшін «колхоз малын талан-таражға салды» деп түрмеге қамалғанын, одан әрі «ақ қалпақтылар көтерілісіне қатыстың» деген жалған айыппен абақтыда отырып шыққанын білеміз. Иә, бұл кісілер – тарих толқынында туған, ашаршылықтың құйқасын жеген, солай бола тұра білім алуға, елге қызмет етуге ұмтылған, сыры кетсе де сыны кетпейтін жандар. Қазақтың қанындағы ғасырлар бойы мүлгіп жатқан өнер-білімге, өркениетке деген ұмтылыс жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарында туған ұрпақ санасында сәулеленді. Интернаттың жалаң шайы, атала көжесі, жоқшылық «талағында биті бар» баланы пысыта түседі. Жаңақорған қыстағындағы бұл мектептің қабырғасы 1914 жылы тұрғызылған, 1929 жылдан бастап жетіжылдық болған, мықты азаматтар шыққан білім ұясы еді. Ал, сол жылдардағы ашаршылықтан Қалмен бабасының 3 баласы, 10 немересі құрбан болған.

Ағасы Жаппар қызметіне орай Шәуілдірге көшіп, Исатай Әбдікәрімов Жамбыл атындағы мектепте 2 жыл оқып, Шымкенттегі ауыл шаруашылығы техникумына түседі. Ағамызға осы кезеңнің ерекшелігі мен әсері көп болғанға ұқсайды. Мамандық алумен қатар көркемөнер туындыларына деген қызығушылығы артады. Техникумда оқып жүріп Мырзашөл каналын қазуға қатысады. Осы құрылысқа облыстан 40000-дай адамды тоғытып әкеліп, кетпеншілердің еңбек күнін есептеуді техникумның жоғары курс студенттеріне тапсырады. Бұл жайында Исатай ағаның өзі: «… біз секілді есепшілердің жұмысы түнемелік қозып кетеді. Мөржесіз май шамды сығырайтып қойып, канал қазушылардың әр күні қанша жұмыс атқарғанын, оның жалақы көлемін, көптің ішінен алатын орнын таң атқанша ерінбей есептеп шығушы едік. Ал жарық түскен кезде ұйқысыз таң атырған біздің сыртқы сипатымызға қараудың өзі аянышты еді. Май шамның түтіні бет-бедерімізді түгел жауып, аузы-мұрнымызды кемерлеп, кісі танығысыз кейіпке келтіретін. Бірақ соған қарамастан өзімізге тапсырылған істі қапелсіз орындап шыққанымыз үшін шын көңілден риза едік», – деп еске алады. Осы еңбеккерлікті, ізденісті, қиындықтан қашпауды ағамыз қанында бар қарапайымдылықпен қатар ғұмыр бойы жанына серік етті.

Кейін РСФСР Су министрі болған, сол кездегі Мырзашөл каналының бас инженері Корнев Исатайдың алымдылығын танып, Алматы ауыл шаруашылығы институтына ауысуға кеңес береді. Ағамыз жоғары оқу орнына ауысады, бірақ институтта көп болмайды. Екі қайғылы қиындық қатар келеді: ағасы Жаппарды НКВД ұстап әкетіп, кейін сол жақта қаза табады және соғыс басталған еді. Амал жоқ, оқуды тастап ауылына келеді. Жаңақорған аудандық «Екпінді» газетінде редакциялық әдеби қызметкер болып еңбек жолын бастайды.

Әскер қатарына алынған Исатай Әбдікәрімов Батыс майданда Мәскеу, Калуга, Тула бағытында ұрысқа кіреді. Жан алып, жан беріскен шайқастарда үйіне 2 рет «қара қағаз» келеді. Талапты жас әскери мамандықты да тез үйренеді, алғашында комсомол комитетіне жетекшілік жасап, кейін батальон партия ұйымының хатшысы болады, полктің партия ұйымын басқарады. Бір деректерде гвардиялық полк командирі, атқыштар бригадасының командирі болғаны айтылады.

Бала кезінен басталған қиыншылықтар оны ерте есейтсе, «етігімен қан кешкен» соғыс жылдары өмірдің қатал тәжірибесінен әрі партиялық ұйымдастыру жұмыстарының елегінен өткізді.

Исатай Әбдікәрімов 1946-1948 жылдары Жаңақорған аудандық комсомол комитетінің 2-хатшысы, Қармақшы аудандық комсомол комитетінің 1-хатшысы болды. Ағамыздың жастар ұйымындағы еңбегін С.Сапарбаев, Қ.Таштитовтің қайраткерлігімен қатар қоюға болады. 1949 жылдан облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, облыстық комсомол комитетінің 1-хатшысы қызметтерін атқарды. Бір айта кететін жай, бұл кісі сегіз қырлы, бір сырлы қызметкер еді. Қай салаға болмасын батыл барды, жұмысты тез меңгерді, бұл жерде табиғи таланттылықты көреміз. Бұған 1953-1955 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, облыстық кеңесі атқару комитетінің хатшысы болғанын дәйек ете аламыз.

1955 жылы партия мен кеңестің қызметтік мектебінен өтіп, мол тәжірибе жинаған Исатай Әбдікәрімовті Шиелі аудандық партия комитетінің 1-хатшысы етіп сайлайды.

Бұл өзі соғыстан кейін ел еңсесін көтерсе де, шаруашылық пен экономика әлі тұралап жатқан кезең еді. Бір жағынан коммунизмді тез құрып тастағысы келген Н.С.Хрущевтің солақай саясаты кері әсерін тигізді. Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы И.Юсупов: «Қазақстанның төрт ауданын шаруашылық мәселесімен Өзбекстанға беру керек» десе, ОК хатшысы А.Беляев: «Қызылорда облысын тарату керек» деп бастама көтерді. Осындай қиын кезеңде бел шешпей қызмет етті. Бұл кісілердің бойында келешекке деген нық сенім бар еді. Өзбекстанға кеткен аудандар кейін қайтарылды. Қызылорда облысын тарата алмады.

Шиелі ауданы тек күріш қана емес, ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алуы, төрт түліктің көбеюі және тұқымының асылдануы, өндірістің дамуына Исатай Әбдікәрімов көп еңбек сіңірді. Шаруашылықтардың экономикасы көтеріліп, адамдардың әлеуметтік жағдайы жақсарып қана қойған жоқ, білім мен мәдениет, шығармашылық салалары дамыды. Ауылдар көркейіп, тұрмыс жақсара түсті.

«Жалпы Шиелі ауданында қызмет істеген жылдарым үлкен өмір мектебіне айналған тәрізді. Оған аудан басшысының саясат, жоғары басшылық және еңбекші халықпен етене араласа жүруі себепші ме дедім. Маған екі жағы да қолсозым жерде тұрғандай жақын-ды. Бірі-біріне ұқсамайтын екі мектептен қатар білім алып жүргендей әсерде қаласың. Оның үстіне облыс көлемінде күріш өсіру мәдениетін қалыптастыруда шиеліліктер жетекші топта тұратын. Бұл арада дақылдың осы түрін өндірудің тарихи дәстүрі бұрыннан қалыптасқан», – деп жазады ағамыз.

Іскерлігімен танылған, аз жылда Шиеліні көтерген Исатай ағамыз Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қармақшы өндірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы қызметтерін де абыроймен атқарды. Бір жағы азаматтық мықтылығынан болса, екінші жағынан тарихи оқиғалардың әсері тигені де рас. 1962 жылдың желтоқсан айында облыс аудандарын ірілендіру басталды. Исекеңді облыстық партия комитеті Қармақшы ауданына ауыстырады. Ал 1965 жылы аудандар қайтадан бөлінгенде Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалады. 1966 жылғы мамыр пленумынан кейін Сырдария өзенінің төменгі саласын игеру жұмыстары жүйелі жүргізіле бастады. Одақта су шаруашылығы министрлігі, жергілікті жерлерде оның бас басқармалары құрылды. Үкімет оған мол қаржы бөлді. Сырдария өзенінің бойына екі су торабы, үш көпір түсті. Жаңа күріш совхоздары құрылды, елді мекендер салынды. 200 мың гектардан аса жер инженерлік жүйеге түсті.

Бұл Исатай ағаның толысқан, кемелденген кезеңі еді. Омырауына «Алтын Жұлдыз» тақты, 2 рет «Ленин»  орденін, 6-рет ауылшаруашылық көрмесінің алтын медалін алды. Бәрі де ой-өресінің биіктігінің, қажыр-қайратының, ізденісі мен бейнетінің, керек десеңіз еңбек адамдарымен тіл табыса білуінің, кадр тануының арқасы. Қармақшы мен Қызылорда арасындағы асфальт жолдың, Жалағаштағы элеватордың, сол тұстағы дария көпірінің салынуына мұрындық болып қана қойған жоқ, осы үлкен құрылыстарды аяғына дейін апарып, халықтың игілігіне берді. Мал жайылымын Қарақұмнан Қарсақбайға дейін кеңейткен де осы ағамыз еді.

Исатай Әбдікәрімов 1972-1978 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Азамат қызметіне қарап бағаланбайды, тіпті оның ел ішіндегі беделін де көтеретін қызметі емес. Мәселе адамның қандай биікке шыққанында емес, сол биікке не алып шыққанында. Осы 6 жылда ол облыстың экономикасын бір белеске көтерді. Негізгі дақыл күріштен бұрын-соңды болмаған өнім алынды. Бұл бір жағынан өсіп-өркендеу кезеңі болса, екінші жағынан экологиялық ауырлықтың басталған жылдары еді. «Көп екен көргеніңнен көрмегенің…» кітабында: «Менің облыста жұмыс жасаған 1972-1978 жылдар аралығында Арал халқының басына түскен қиындықпен тұспа-тұс келді. Су құрдымға құлай берді, елді індет жайлады. Кәсіпсіздіктен тоқырауға түскен халық азып-тозып, көзі көріп, құлағы естімеген жаққа қарай бей-берекет көше бастады. Аудандағы халыққа күнкөрістік үшін тігін кәсіпорны мен насос жабдықтарын жасайтын заводтарын іске қосуға күш салдық. Бұрын жабылып қалған Сексеуіл депосын қайта аштыруға тура келді. Бәрібір біздің кішкене әрекетіміз апат дариясының алдына кетпенмен бөгет салғандай бейшаралық секілді еді, басқа амал да жоқ-ты. Обалына не, Димаш Ахметұлы Аралдың басындағы ауырмалықты партияның екі съезінде айтты. Бірақ тыңдайтын құлақ қайда бар десеңізші?!», – деп жазады.

1977 жылдың маусым айының аяғында КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясына барған сапарында И.Әбдікәрімов Бас хатшысы Л.И.Брежневтің қабылдауында болып, Арал апаты жайлы баяндайды. Бір өкініштісі, сол кездері және одан кейінгі жылдары жасалған іс-шаралардан айтарлықтай нәтиже болған жоқ. Сол сапарында Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бастығы Байбаковта болып тоқылмайтын маталар фабрикасы (ФНМ) және күріш шаруашылығы машиналары зауытын салу жайлы сөйлеседі. Осы кезде «Құмкөл», «Шалқия», Шиелі кен орындары зерттеліп, алғашқы қадасы қағылды.

И.Әбдікәрімов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезеңде Қарақалпақ АССР-мен тікелей туыстық байланыс жасалып, екеуара әдебиет пен өнердің онкүндігі болып отырды. 1974 жылы автономиялы республиканың 50 жылдық тойына Қазақстан делегациясын ағамыз өзі басқарып барды. Осы бір әдемі байланыс кейін үзіліп қалды, демек көп нәрсе басшының өресі мен дүниетанымына, ұстанымы мен көзқарасына, пейіл-ниетіне және мақсат-мүддесіне байланысты.

1978 жылы Исатай ағаны Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы етіп сайлайды. Бұл туралы кітабында ол кісінің өзі: «…Алматыға қызмет ауыстыру мәселесін сөз қылғанда үндей алмай қалдым. Байқаймын, көңілім астананы қаламайды. Сондықтан:

– Димеке көрсеткен сеніміңізге ризамын. Жасым да болса біразға келіп қалып еді әрі бала-шағалы адаммын. Енді қоныс аудармай-ақ қойсам деп едім. Сіздің маған жасаған кеңшілігіңіз сол болсын, – дедім.

– Жарайды…

Димекең келіскендей сыңай танытты. Алайда Л.И.Брежневтің тағы бір «Целина» деген кітабын Орталық Комитетте талқылайтын желтоқсан айы кезінде Д.Қонаев маған «Алматыға келесің» деген.

«Тәуекел» дедім мен де іштей. Ағамыздың ықыласы шындап құлаған екен. Енді сырғанақтап қашқаным келісімсіз көрінер. Сөйтіп, Республика Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағалығына сайландым», – деп жазады. Осы лауазымды қызметті атқарған уақытта Қызылорда облысында 238 көпбалалы анаға «Ардақты ана» атағын беріп, орденмен марапаттады. Осы кезде КСРО Жоғарғы Кеңесінің указдарымен жазушылар Қалтай Мұхамеджанов «Халықтар достығы», Әбілда Тәжібаев «Октябрь революциясы», облыстық «Ленин жолы» газеті «Құрмет белгісі» ордендерін иеленді. Облысымыздың 15 азаматы сол кездегі Қазақстанның жоғары наградасы – ҚазССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамоталарымен марапатталыпты.

Исекеңнің ізін басқан қызметтес інілері ол кісінің қарапайымдылығын ертегідей етіп айтатын. Аудандық, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы кезінде егіншінің қосында, малшының күземдегі итарқа үйінде емін-еркін отырып, бірге тамақтанып, еңбекші адамның көңіл-күйіне ерекше назар аударған. Бұл жастайынан қиындықты көп көрген, соғыс атты зұлматты бастан өткерген, өткінші өмірдің мәнін түсінетін үлкен жүректі адамның шынайы қарапайымдылығы еді.

Осы жерде бұрын көп айтыла бермеген бір оқиғаны жазсақ, артық болмас. Өткен ғасырдың 80-жылдары Брежнев пен Хоннекердің арасында КСРО-дағы немістерге Қазақстаннан автономиялы облыс беру туралы келісім болады. Д.Қонаев республика басшыларын жинап, тез арада Целиноград облысы жерінен қарамағында 4 ауданы бар неміс автономиялы облысын ашу керектігін, орталығы Ерейментау қаласы болатынын айтып, бұл істі Исатай Әбдікәрімовке тапсырады. Неміс автономиялы облысының бірінші хатшылығына Браун, облыстық атқару комитеті төрағалығына Сағдиев бекітілетін болады.

Бұл жайлы ағамыз кезінде «Неміске автономия беру жөнінде қолға түскен құжаттарымды қолтықтап Мәскеуге келе жатырмын. Кенеттен самолет ішінде көзім ілініп кетіпті. Түсім шығар деймін, қолсозым жерде әкем келіп тұр. Жарықтықтың көңілім қобалжулы сәттері айналып соғатыны бар еді. Сол баяғы бала кезде маңдайымнан бір иіскеп, ат артына көтеріп мінгізетін қайран әкем. Көп перзентінен қолға ұстап қалған жалғыз ұлы болған соң тіршілікте де ызғарын шашып ашуланбайтын еді, сол қалпында. Бірақ, жан дүниесі әлем-жәлем болып ұйықтап жатқан ұлына тұнжырай қарап ұзақ іркілді. Әл жинап, оянғым-ақ келеді, тұла бойыма ие емеспін. Сөйткенше, есіктен шығып кетіпті.

Аруақ тыныш жатса, әкем түсіме енбес еді, бабымның бастан кешкен хикаясы ойыма қалай түсті? Ес-түссіз құдай деп құлдық ұратын да, алда-жалда діннен безген де адам емеспін, сонан ба екен, өлі аруақтар елестеп кеткен соң ой құрсауында қалатын осалдығым бар. Осы жолы да самолет орындығында үнсіз отырып біраз ойға шомдым. «Неміске бодаусыз берілетін төрт ауданда қазақтың қанша ұл-қызы бар? – деймін. Олар бізге екі дүниеде риза емес қой» – деп тағы тұнжырайсың. Ақырында, жұмсақ кресло жамбасыма тастай батып, қайта-қайта қозғалақтаумен Мәскеуге қалай жеткенімді сезбей қалыппын», – деп жазған еді. Сол неміс автономиялы облысы құрылмады, себебін түсіне беріңіз.

И.Әбдікәрімов Сыр елін басқарған жылдары алдына кім кірмеді? Ұлы да кірді, ұлық та болды, бірақ қарапайым адамдар көбірек келеді екен. Бірде Жалағаш ауданынан жақсы таныс жұмысшы кісінің қартайған әйелі қабылдауында болады. Отағасы қайтыс болып кеткен екен. Кейуана жалғыз қызымен Қызылордада пәтерде тұратынын, үйдің жоқтығынан күйеубаласы мен қызының ажырасып жүргенін, немерелеріне де қиын екенін айтады. Не нәрсеге де селқос қарамайтын Исатай ағамыз ол кісіге ертеңіне қызы мен күйеубаласын ертіп келуді тапсырады. Өзі пәтер жайлы зерттеп, бір мекеменің жатақханаға деген 3 бөлмелі үйінің бос тұрғанын біледі. Ертеңіне қазымырлықты, ақыл айтуды күткен ерлі-зайыптыларға: «Міне, мынау жаңа пәтердің кілті, қарақтарым. Алыңдар, алыңдар. Мына кемпірдің қолынан талай дәм таттық, әкелеріңді де білуші едім. Енді осы оттың басы өзіңсің»,  – деп кілтті жігітке ұсынады.

Мына төмендегі оқиғаны кезінде Ғафур Мұхамеджанов айтқан еді.

Бірде облыстан келген уәкілдермен шопандарды аралағанда, әбден шаршап бір үйге түскенде, қазанға ет салып жатқан шопанның әйелінің мұрнының үстін сәл ғана жара басып, қызыл таңдақтар пайда бола бастағанынан жиіркенген уәкілдер сыртқа шығып кетеді. Үй иесінің көңілін қимаған Исекең аға өзі сүт-айран ішіп, асығыс екендіктерін айтып, қайтарда соғатындықтарын ескертіп, үй иелерінің көңілдерін аулап, уәкілдерімен шаруашылықты аралап кете барады. Қайтарларында әбден ашыққан уәкілдерімен түнделетіп қойшының үйіне соғып, сойылған қойдың етін басымен үйден алып шығып тойғандарынша жегізеді. Осы жайлы Исатай аға: «Еңбек адамдарының алдында ұятқа қалмағаныма шүкіршілік айтып, иығымнан ауыр жүк түскендей «уһ» деп демімді бір алдым. Дастарханға ақ жарылып ас қойған қойшының алдында уәкілдер ұятқа қалдыра жаздады», – деп тебірене айтады.

Өнер адамдарына деген ілтипаты ерекше Исатай аға туған топырағы Шиеліге қайтып келген атақты жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың жесір жеңгесіне қосылуына себепкер болып, Қарғалыдан «Қызылотау» құрып, соның меңгерушісі етеді. Елді көп аралайтын Қалмақан ағасынан жергілікті жерлердегі көп жайттарды сұрап, біліп, ақылдасып отыратын.

Қазір өткен кезеңге, социалистік құрылыс пен сол кездегі мемлекеттің саясатына баға беруде түрлі көзқарас бар. Қалай дегенде де өткен ғасырдың сол 70 жылы қазақ халқы тарихының ажырамас бір бөлігі. Исатай Әбдікәрімов сияқты мемлекет қайраткерлері елді өсірді, ұрпақ болашағына жол ашты.

«Әр заманның өз сұрқылтайы бары» рас, менің қызмет істеген кезеңдерім қазіргі күні халық атынан қараланып, өлі тарихтың түпсіз қойнауына қарай ит қосып қуған «үш көсемнің» дәуірімен тұстас келеді екен. Заманында сол «көсемдердің» жүргізген саясатын насихаттап, нұсқауларын қалпелсіз орындаушылар қазіргі күннің атынан айыпталуда. Маған: «Біздің уақытымыз былай еді ғой», – деп ақталу да, өткен күндері осындай іс бітіріп тастап едім деп мақтану да сөкет секілді. Күннің күні әрбір адамды заман елегіне салып екшейтін зерделі жастар өсіп-жетіледі, өткен еңбегіне дейін таразыға тартып өлшейтін кез келер – билігін солар айтсын. Қазірден келешекке жол-жоба көрсетіп, ұрпақ ісіне қол сұқпаймын», – деуі де аға ұрпақ өкілінің даналығын көрсетеді.

Исатай Әбдікәрімов СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің екі мәрте депутаты, СОКП ХХІV съезінің делегаты болып сайланды. Көрнекті тұлға ерен еңбегінің нәтижесінде екі рет «Ленин» орденімен, «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Запастағы полковник. «ХХ ғасыр адамы» құрметті атағының иегері. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 30 мамырдағы қаулысына сәйкес облыстық білім басқармасының 2003 жылғы 16 қазандағы №278 бұйрығы негізінде Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжіне мемлекет және қоғам қайраткері, ҰОС-ның ардагері, Социалистік Еңбек Ері, білім ордасының түлегі Исатай Әбдікәрімовтің есімі берілді. Біз оны әрқашанда ардақтап, аяулы ағаның атына дақ түсірмейміз.

Қоғам және мемлекет қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің туғанына 100 жыл толып отыр. Бұндай ұлағатты жандардың тойы, жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, табыну үшін емес, тағылым үшін қажет-ақ.

Бахытхан ӘБДІКӘРІМОВ,

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық- техникалық жоғары колледжінің директоры, физика-математика

ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<