Жарқ еткен ғұмыр – жаңғырған ән

387

0

Сыр елінде талантты әнші, композитор, әлемге әйгілі музыкант, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шөкеновтің 60 жылдығына арналған «Отан-Ана» атты республикалық әншілер конкурсы өтті.

Ән байқауын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, Сыр еліне арнайы келген қонақтарға, конкурс қатысушыларына сәттілік тіледі.

– Топырағында талай дарын түлеген, Сыр елі – жыр елінде Қазақстанда ғана емес, шет елдерді мойындатқан тума таланттар аз болмаған.

Батырхан Камалұлы – отандық және ресейлік эстрадада қатар танылған біртуар талант, әнші, музыкант. Қазіргі қазақ эстрадасын халықаралық деңгейге шығарған биік өнер иесі, бірегей жұлдыз. Ол өркениетті елдің әуенін ұлттық бояуымен көркемдей білген дарын, шын мәнінде халықтың сүйіктісі болды. Батырхан Камалұлының алғашқы ән жинағы «Отан-Ана» деп аталған. Бұл кездейсоқ атау емес, әнші сырт жерде өнері үшін жүргенмен, өз Отанының перзенті екенін ешқашан естен шығарған жоқ.

Бүгінгі күні Қызылорда қаласында Батырхан Шөкенов атында саябақ аталып, ескерткіші орнатылды. Әншінің туған күнінде жастар әндерін шырқап, сағынышпен еске алады. Сондай-ақ, «Отан-Ана» республикалық әншілер конкурсы да көктемде туған жеріне сағынышпен келген  жыл құсындай барша өнерсүйер қауымды әдемі әсерге бөлейді. Талантқа көрсетілер құрмет оның мерейтойы аясында ғана атқарылып қоймайды. Алдағы уақытта Б.Шөкенов шығармаларын орындаушылар конкурсы, джаз айтушылар және саксофоншылар сайысы секілді түрлі мәдени іс-шаралармен толығатын болады.  Жарқ етіп өткен жұлдыздың ән-ғұмыры елі барда ешқашан үзілмек емес, – деді облыс әкімі. Сонымен бірге, аймақ басшысы  талантты тұлғаны өмірге әкелген аяулы анасы Дилара Ибрагимқызын сахна төріне шақырып, сый-құрмет көрсетті. Әншінің анасына көрермен қауым да орнынан тұрып, ерекше ықылас білдірді. 

«Отан – Ана» атты республикалық әншілер конкурсына еліміздің әр аймағынан 20 үміткер қатысып, бақ сынады. Конкурс шарты бойынша олар бірінші кезеңде Батырхан Шөкеновтің репертуарындағы әндерді “Saz & Soul” бэндінің сүйемелдеуімен орындаса, екінші кезеңде өз таңдауымен отандық және шетелдік композиторлардың әндерін  шырқады.

Нәтижесінде, бас жүлдені қызылордалық Ақбота Құснадин жеңіп алды. І орынды алматылық Алмагүл Батталиева, ІІ орынды Нұр-сұлтаннан келген Айдын Жұмабаев иеленді. Жүлделі ІІІ орынды Аягөз Аралбайқызы, Азамат Бекбергенов, Жанасыл Елубаев, Айдана Риза өзара бөлісті.

Конкурс жеңімпаздарын облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов құттықтап, әлемді мойындатқан Б.Шөкеновтей бірегей талант иесінің жолын жалғаған жас әншілерге Сыр халқының атынан ыстық ықыласын білдірді.

Айта кетейік, конкурс қатысушыларының өнерін композитор, музыкант, оранжировшик, халықаралық конкурстардың лауреаты (қазылар алқасының төрағасы) Ринат Гайсин, әнші, композитор, Мәдениет саласының үздігі Қайрат Баекенов, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова, Динара Каирова және композитор Сәбит Ұлықпанұлы бағалады.

Әнші Б.Шөкеновтің 60 жылдығына арналған іс-шара екі күнге ұласты. Айталық, 18 мамыр – Батырхан Шөкеновтің туған күнінде өңірдің зиялы қауымы, өнер өкілдері қала орталығындағы әнші атындағы саябақта орналасқан ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ал, жас әншілер талант иесіне тағзым ретінде оның әндерін шырқады.

Жиынға қатысқан облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, өнер жолындағы өзгеше дарынымен әлемге танылған талантты әншінің тағылымды өмірінен естелік айтты. Жасындай жарқ еткен қысқа ғана ғұмырында туған халқының, жалпы өнерсүйер қауымның жүрегінде өшпестей із қалдырған өнер иесінің болмысын биік бағалады.

Батырхан Шөкенов қаладағы №233 орта мектептің түлегі. Жастайынан музыкаға жаны құмар ол, мектеп қабырғасында жүргенде Оқушылар сарайындағы «Балдырған» балалар ансамблінің мүшесі болды. Мектеп бітірген соң Ленинградтағы Н.Крупская атындағы Мәдениет институтына оқуға түсті. Оқу орнының саксофондық, оркестрлік бөлімінде әлемге белгілі музыканттардан білім алды. Ал 1981 жылы Алматыдағы, қазіргі Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына ауысады.

1982 жылы «Арай» тобында саксофоншы болса, 1987 жылы «Алма-Ата» деген атаумен музыкалық топ құрады. Жеке шығармашылық топтың аты кейіннен «А-студио» болып өзгерді. Ал, 1989 жылы «А-Студио»   тобы   «Джулия» деп аталатын өзінің алғашқы бүкілодақтық хит туындысын таныстырып, Ресейдің эстрада жұлдызы Алла Пугачеваның ән театрына шақырту алады. Осылайша «Рождественские встречи» ән кешіне қатысқаннан кейін «А-Студио» тобының атағы әлемге танылды.

Әнші 2002 жылы «Отан-Ана» атты алғашқы ән-жинағын қазақ тілінде шығарды. Бұл – өнер иесінің Отанына деген терең сүйіспеншілігінің айғағы еді. Сондай-ақ, талантты музыкант 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы алғашқы Ұлттық елшісі деп танылды.

Әкесі Камал баласына «Артист болсаң ең бірінші болуың керек, жәй артист болғаның керек емес» деп өмірлік сабақ берген екен. Осынау әке сөзін тұмар етіп тағынған әнші өнер жолында тек үздік болуға ұмтылды. Әлбетте, арманына жетті.

Батырхан Шөкеновтің шығармашылығын насихаттауға арналған іс-шаралар   орталық алаңда өткен гала концертпен жалғасты. Концертте Рүстем Нұржігіт, Мәдина Сәдуақасова сияқты танымал әншілер және «Отан-Ана» әншілер конкурсының жеңімпаздары өнер көрсетіп, көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<