Әбдібектің әңгімесі

1446

0

Мұхаммеджан (Қарамолда) Нұрекеевтің Әби (Әбиболла), Қалтай (Қалиолла), Қырғызбек (Ибраһим) – үш ұлы да тума таланттар еді. Үлкені Әби ағаның Әбдібек, Ақылбек есімді ұлдары да – сөйлегенде әңгіменің мәйегін тәттілеп, тыңдаушыға жеткізіп айтатын азаматтар. 2020 жылы туғанына 200 жыл толған Күдеріқожа Көшекұлынан тараған әулеттің үлкені болғаным одан тараған ұрпақтардың алдында ағалық жауапкершілігімді еселей түседі.

Ал інім Әбдібек Харьковтің Коммуналдық құрылыс институтын қалалық қатынас мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазақстанда аталған мамандық сирек кездесетіндіктен, көп жылдар бойы Алматыдағы трамвай паркін басқарды. Қазір сонда тұрады.

– Көке, үйде болсаңыз сәлем беріп кеткім бар. Бір шаруалармен Қызылордаға келіп едім, – деп телефон соқты.

Қуанып қалдым. Бір ойым, Қалтай ағамның өмірін, шығармашылығын көбіне жазба деректерден білемін. Ал Әбдібек болса Қалағаңмен Алматыда күнде кездесіп, ақылдасып отырған інісі. Демек, кейбір маған беймәлім деректерді білетіні анық. Осындай оймен ұзақ әңгіме-дүкен құратынымызды есептеп,  кешкілік үйге қонатын бол деп мәселені нығарлап қойдым.

Межелеген уақытта Әбдібек те келді. Гүлназия жеңгесі дайындық жасап қойған. Дастархан басындағы амандық-саулықтан кейін, әңгіменің тиегін ағыттық. Мен оның тыңдаушысымын ғана.

– Қалтай көкем елге белгілі көптеген азаматтармен араласып тұратын. Әсіресе, сол кезде Алматы қаласын басқарған Заманбек Нұрқаділовпен ағалы-інідей сыйласатын. Пайғамбарымыздың «жасаған жақсылығыңды өзің айтпа, оны көргендер айтсын» деген хадисі бар. Заманбек ағаның жасаған жақсылығын ешкімге айтпап едім. Әңгімемді содан бастайын.

Алматы – ол кезде Қазақстанның астанасы. Қаладағы үлкен мекеме трамвай паркін басқарамын.  Отбасылымын. 13 жыл 3 баламмен жатақханада тұрдым. 1989 жылы пәтер алуға тұрған кезегім келіп, білуге барсам қаланың  Ташкентская көшесіндегі бейітке жақын жерден берілетін үйден маған да пәтер бөлініпті. Жұмысым қаланың ортасында, қатынауым қиын. Не болса да Қалтай көкеме жағдайымды айтып, орталықтан пәтер алуыма көмек сұрадым. Көкем:

– Ертең ертерек Коммунист проспектісінің  Октябрьский көшесімен қилысқан жерінде орналасқан горисполкомға кел, – деді.

Келсек алдында адам көп екен. Сағат 9-да Заманбек аға кабинетіне кіре бергенде, Қалтай көкем мені қолымнан ұстады да әй-шайға қарамай  біз де ендік. Күтпесе керек, столына отыра бере.

– Уа, Қалеке!  Кешіріңіз, – деп орнынан тұрып көкемді құшақтап амандасты. – Отырыңыздар, – деп ишарат білдірді. Қал-жағдай сұрасқаннан кейін:

– Ал, Қалеке, айта беріңіз, – деді Заманбек аға.

– Мұхаммеджан Қарамолдадан үш ұлмыз. Үлкеніміз Әби аға Ленинградтың сауда институтын бітірген. Әкемізге тартқан ол өлең де жазады, аудармашылықпен де айналысады. Соғыс және еңбек ардагері. Кешегі Квантун армиясының соңғы солдатын буындырып өлтірген хас батыр. Қазір Қызылордада тұрады. Мына Әбдібек – сол ағамның үлкен ұлы. Жауапты қызметі бар. Пәтер алу кезегі келгенмен, қаланың шетіндегі бейіттерге жақын жерден тиетін түрі бар. Шамасы пәтер бөлетіндер біздің қожа екенімізді білген болуы керек. Бірақ інімнің жұмысына қашық. Бейіт басына барып кожалардың басқаларға қарағанда көбірек құран бағыштайтынына сенсең, пәтердің ыңғайын орталыққа жақындатсаң. Өтінішім сол, – деді көкем.

Сөзді мұқият тындаған Заманбек аға орынбасары Халявкинді шақырып, менің жазып барған өтінішіме бұрыштама соғып тапсырма берді де:

– Қалеке, шаруаңыз толық орындалды, ініңіз пәтер алды дей беріңіз, – деді. Қайта-қайта рахметімізді жаудырып, кабинетінен шықтық.

Көп ұзамай өтінішіміздің нәтижесін білуге пәтер бөлетін мекемеге барсам, тізімде фамилиям жоқ болып шықты. Қайтадан Қалтай көкемді ертіп, Заманбек ағаға мән-жайды айттық. Қатты ашуланғанда екі беті нарттай қызарып, қой көзі отша тұтанып кетеді екен. Дереу орынбасары Халявкинді шақырып, айқайға басты.

– Менің қойған бұрыштамамды оқысаң, қаланың орталығынан берілгелі тұрған үйден Ә.Мұхаммеджановқа пәтер бөлінсін деп жазбаша да, ауызша да тапсырма бергенмін. Неге орындамадың? Бұл жер Бирабиджан емес Қазақстан! Тапсырмам орындалмаса, мына тұрған ел білетін қазақтың Қалтайының алдында менің кім болғаным?

Мен біртүрлі өзімді кінәлі санап шыға тұрайын дегеніме Заманбек аға:

– Отыр, сен де бір мекеменің басшысысың, тыңда! – деді. Халявкинге:

– Мәселені мен айтқандай тез шеш, өзім бәріне жауап беремін, кете бер! – деді де, – Қалеке, көрдіңіз ғой ол еврейлігіне басып отыр. Шамадан тыс қызбалыққа салынғаныма айып етпеңіз, – деп сабасына түсті.

Біз үкілі үмітімізді арқалап, Заманбек ағамен қоштасып шығып кеттік. Тағы да өзім білетін пәтер бөлетін мекемеге келсем, маған берілгелі жатқан үйдің  шеткі есігінің (подъезд) 5-қабатынан пәтер бөлініпті.

Тағы да мұң-зарымды арқалап Қалтай көкеме келдім. Заматында Заманбекке телефон шалып былай деді:

– Ау, Заманбек, өзің құрқылтайдың ұясындай үй бересің, оны тағы да 5-этаждан бересің. 1945 жылы Жапонияның жеңілмейтін императорлық Квантун әскерін талқандаған ағам Әбибулла баласына қыдырып келсе, қалай 5-этажға көтеріледі деп ойладың?

Зәкең:

– Қалеке, түсіндім, – деді де орынбасарларын бір шыбықпен айдап алды. – Ертең ініңіз квартуправлениеге барсын, – деді.

Ертеңіне барсам, орталықтағы Жандосов көшесіндегі берілгелі тұрған үйдің ортасындағы подъезінің 2-этажындағы комиссияға дайындалған пәтер маған бұйырыпты. Қалтай көкеме деген інілік еркелігім болар:

– Көке, 3-этаж дұрыс болатын еді, – деп қалдым. Көкем мұрнын бір-екі умаждап жіберіп (ашуланғандағы әдеті):

– Әй, Әбдібек, 1,5-этаж қазақтардыкі, ал 2-этаж еврейлердікі, сен еш ремонтсыз кіре беретін пәтерге еге болып отырсың. Заманбек інімнің мені сыйлаған ерлігіне рахметтен басқа  айтарым жоқ. Осымен әңгімені доғар, – деді.

Менің пәтерлі болғанымның қысқаша тарихы осылай. Қазір осы үйімдегі қуаныштарымның бәрі Қалтай көкем мен Заманбек ағаның арқасында болғандай сезінемін. Олардың рухына жиі құран бағыштап отырамын. Жақында Алматы қаласы автобус паркінің директорлығына шақырылғанымды да, сол ағаларымның рухы мені желеп-жебеп жүргендері-ау деп сезінемін.

Әбдібек інімнің бүге-шігесіне дейін  айтқан әңгімесінен Заманбек Нұрқаділов сынды тау тұлғалы азаматтың Қалтай ағамен сыйластығының куәгері болғандай ұмытпай тұрғанда елге жеткізейін деген ниетпен қаламыма ұмтылдым. Қазақтың Қалтайы жайлы айтылатын маған беймәлім әңгімелер кезегімен келе берер.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ,

профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<