АЛМАТЫДА ҚАЗАҚТАР ОНСЫЗ ДА АЗ…

324

0

 Ол кезде университет бітіргендерге мемлекеттік комиссия әр облысқа, ауданға жолдама береді және оның мерзімін өтеп келмейінше ізінен қалмайды. Сондай комиссияның кезегі бізге де келіп, Маханбет деген курстасымызға байланысты дау шықты. 

Оның жұбайы оқуды бір жыл бұрын бітіріп, Алматыда қызметке қалған еді. Комиссиядағылар «сені Алматыда қалдыра алмаймыз, басқа облысқа, ауданға баруың керек деп» отырып алды. Шырылдаған оған «Сендерді астанада қалуға дайындаған жоқпыз, шалғай аудандарға баруларың керек» деген Орталық Комитет пен Баспа  комитетінің, университеттің өкілдері, деканаттағылар да міз бақпады. Жолдасымыздың жаны қысылды. Бұл әңгіме көпшілікке жақпаған болу керек, бір кезде журналистика факультеті орыс бөлімінің деканы Марат Барманқұлов:

– Алматыда қазақтар онсыз да аз, қалсын – деді орысша қойып қалғандай.

Комиссия қозғалақтап, сасып калды. ОК пен баспа комитетінің өкілдері бүгежектеп, бірнәрсе дегендей болды, бірақ қарсы дау айтпады. Мәкеңнің тағдыры осылай шешілді.

Мәскеудің түлегі, ғылым докторы, профессор Марат Барманкулов шын мәнінде оқымысты, қазақ зиялысы еді. Сексенінші жылдардың өзінде студенттермен ғана қазақы қала болып көрінетін Алматыны олар көкірек көзімен біледі екен ғой.

Жұматәли ӘБДІРАМАН, 

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<