ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ ПЕН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ (СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ИСАТАЙ ӘБДІКӘРІМОВТІҢ ТУҒАНЫНА 95 ЖЫЛ)

438

0

 Исатай аға жайлы бұрын да жазғанмын. Кезінде ол мақалалар «Халық», «Сыр бойы» газеттерінде жарық көрді. «Енді не айтпақ едіңіз» дегендерге жауабым, ұлыларды ұлықтау үшін оның рухани зертханасына үңіле түсу керек. 95 жасқа толатын Исатай аға жайлы жастар үшін айта алмаған дүниелер де баршылық екен. Бізден кейін де аға жайлы айтыла берер,  бірақ өзім түйсінген көп қырларының біріне ғана – қарапайымдылығы мен қайырымдылығына тоқталайын де­ген оймен қолыма қалам алдым. Оның үстіне талайлардың қыршын өмірін қиып кеткен, кешегі Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, полктің политругі болған, екі рет артынан «қара қағаз» келген, запастағы полковник біреудің жалғыз ұлы Исатай аға жайлы неге айтпасқа?!
1923 жылдың 15 мамырында Жаңақор­ған ауданының «Өзгент» ауылдық кеңесінде дүниеге келген Исатай Әбдікәрімов Қызылорда педагогикалық институтын, КПСС Орталық комитетінің Жоғары партия мектебін, Гидротехникумды, Ауылшаруашылық институтын тәмам­даған. Сөйтіп,  оқытушы, партия қыз­мет­кері, техник-гидротехник, ауыл шаруа­шылығы мамандықтарын иеленген үлкен жүректі, еліне ерен қызмет еткен қоғам қайраткері.
Жұбайы Үмігүлсім Мамбетқызымен өмірге бес перзент әкеліп, көптеген не­мерелерінің қызығын көріп өткен ұлықты ұл, жігерлі жігіт, адал жар, ардақты әке, атпал азамат, елдің құрметтісі, қазыналы қарт болатын. Еңбек жолын «Екпінді» газетінен бастаған ол 1941-1945 жылдары әскери мамандықты меңгеріп, полктің пар­тия ұйымын басқарады. Жауапкершілігі мен жоғары білімін, біліктілігін бірінші кезекке қойған соғыс жылдарындағы мол  тәжірибесін жинақтаған Исатай аға елге оралысымен саралы, салиқалы партия жұмысына араласады. Облысымыздың Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандарын басқарып, 1972-1978 жылдары Қызылорда облыстық партия ұйымының 1-ші хатшысы, келесі жылы  Республиканың Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы лауазымында болады.  
КСРО және Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің бірнеше рет депутаты болуы, Социалистік Еңбек Ері атағын алуы, көп­теген дәрежелі марапаттарға ие болуы, оның қызметтерінің аясының тек Қазақ­стан шеңберінде қалмай, әлемдік деңгейге  көтерілуіне ықпал еткендігі сөзсіз.
Басты тақырыбымыздан ауыт­қымау үшін Исекеңнің қарапайым­дылығы мен қайырымдылығына оралайық. Осы бір көп пенделерде кездесе бермейтін қасиеттердің негізі жоқшылықтан өткен ағаның балалық шағынан бастау алатынына бек сенімдімін. Әкесімен бірге шығыр айдап, қауын, тары, бидай егіп, оларды сақпанмен қорғап, ашы терімен өзін-өзін шынықтырған еңбегі жатса керек. Кепе, қараша үй, қора-қопсы сияқты қарабайыр қазақтың көшпенді өмірімен біте қайнасқан ортадан шыққан ол ғасырлар қойнауына кетіп бара жатқан, бірақ өзі қимайтын сол бір өткен кезеңді өмірі естен шығарған емес.
Енді Исатай ағаның жоғарыда аталған үш аудандағы қызмет бабындағы таңғаларлықтай қарапайымдылығы мен қайырымдылығына зер салып көрсек. Үмігүлсім апамыз естелігінде: «Ол қалада ішіп-жеген тамағынан егіншінің қосына барып шетінен сындырып жейтін таба нанды, кесеге асығыс-үсігіс  құйып беретін айранды артық көруші еді», – деп еске алады.
Сондай-ақ, Шиеліде басшы кезінде жол жиегіндегі кепеге тоқтай қалып, қауын егіп отырған диханның кепесіне кіріп, құйып берген айранға түсіп кеткен шыбынды саусағымен қағып жіберіп, аяғына дейін сіміре ішкенін айтады. Оны ерсі көрген  Үмігүлсім апаға: «Әй, Мәке, мынау жазық, тап-таза далада ауру тарататын шыбын қайдан жүрсін? Сырдың шыбынына дейін таза емес пе?!», – деген сөзі туған топырағына шын көңілін байқатады.
Шиеліде 1-ші хатшы кезінде Қонысбек Қазантаев ауатком төрағасы, ал Ғафур Мұхамеджанов оның орынбасары болыпты. Исекең еңбек адамдарымен сөйлескенде өте қарапайым тілмен, оны өзіне тарта отырып тапсырманы да жөнімен береді екен.
«Әйтеуір шаруа адамын көргенде Исекеңнің көңілі елден ерекше елжіреп тұрады. Қораны аралап жүрміз. «Шамалы шаруа бар екен, ақсақал. Қораның табанындағы қиды алып тастау керек екен. Өзіңіз де біліп тұрсыз ғой», – дейді Исекең. Бір жағынан ескерту жасап, екінші жағынан шопанды демеп, оның еңбекке қарымын қайрап өтеді.
1959 жылдары Шиелі шаруашы­лықтарында шошқа өсіру мәселесі бірінші кезекке шыққанда, аудандағы Хан Леонтий басқаратын «Гигант» колхозында ғана шошқа өсірілетін. Сол жылы Исатай аға арнайы семинар ұйымдастырды. Доңыз деп аталатын бұл жануардан оның мүңкіген иісінен қатысушылардың біразы мұрындарын басып, алды лоқсып жатқанда, тек Исекең ғана шошқа өсіруші кәріс қызы Эльвирамен емін-еркін сөйлесіп, онымен пікір алысты. Соңында шошқадан жиіркенгендерге Исекең: «Арамызда кәрістің бір әйелі болмаса, сол шошқаны сендерге баққызар еді ғой үкімет. Одан да Эльвираға рахмет айтпайсыңдар ма? Эльвираның істеген еңбегі адал емес пе?» – дегенде бәріміз ұялғандай болдық деп, еске алады Ғафур Мұхамеджанов.
Облыстың бірінші хатшысы Мұхамед­қали Сужиковтің кезінде Шиелі ауданын басқарған Исатай Әбдікәрімовтің қара­пайым­дылығының сансыз куәсі болған Ғафур ағаның естеліктері ерекше. Бірде облыстан келген уәкілдермен шопандарды аралап, әбден шаршап бір үйге түскенде, қазанға ет салып жатқан шопанның әйелін көрген уәкілдер сыртқа шығып кетеді. Сонда үй иесінің көңілін қимаған Исекең өзі сұрап айран ішіп, асығыс екендіктерін айтып, қайтарда соғатындықтарын ескертіп, уәкілдерімен шаруашылықты аралап  кете барады. Қайтарларында әбден ашыққан уәкілдерімен  түнделетіп қойшының үйіне соғып, сойылған қойдың етін басымен үйден алып шығып тойғандарынша жегізеді. Осы жайлы Исатай аға: «Еңбек адамдарының алдында ұятқа қалмағаныма  шүкіршілік айтып, иығымнан ауыр жүк түскендей «уһ» деп демімді бір алдым. Дастарханға ақ жарылып ас қойған қойшының алдында уәкілдер ұятқа қалдыра жаздады», – деп тебірене жазыпты. Иә, құдайдың бір аты халық деген ұстанымды ұран еткен Исекең ағынан жарылатын қарапайым қойшыны, оның еңбегін жоғары қойып отыр.
Шиеліден Исатай аға Қармақшы ауданына басшылыққа (1962-1965ж.ж.) ауысады. Сол жылдары Д.А.Қонаев келіп, ауданды аралап, жоғары көрсеткіштеріне дән риза болып аттанады. Жоғарғы лауазымды басшылармен сөйлесе жүріп, аудан басшысы мал жайылымын Қарақұмнан Қарсақпай даласына дейін кеңейтеді.
Қым-қуыт шаруалары болса да ол балалы аналардың жағдайына ерекше мән беретін. Бірде босанғалы жатқан анаға дәрігерлер тарапынан тиісті жәрдем болмағанын білген Исекең аудандағы шаруашылық басшыларын түгел жинап, әйелге, анаға деген құрметтің, қажетті қызметтің барынша тиімді жасалуын қатаң ескертеді. «Бәрің де әйелден тудыңдар» дегендей намыстарына тие сөйлеп, ұялтқан екен.
Бірде Исекең «Мәдениет» кеңшарында күрішті аралаудың қызығына түсіп, күннің ауып кеткенін де байқамайды. Машинада канистрдағы су да таусылған.  Шөл алып барады. Күріштің жиегіндегі күркеге көзі түсіп жақындаса, төрт күн бойы егістік басында қонған диханға кезігеді. Ол да азық-түлігін тауысып отыр екен. Исекең жаптан бір шелек су алдырып қайнатып, диханның қалтасынан шыққан бір шөкім шайды салып демдеп, табылған бір түйір құртты үшке бөліп қара терге түсіп шай ішеді. Осы бір сәтті: «Айдалада отырып қара шелекке қайнатып ішкен шайға ештеңе жетпей жүр ғой. Жалағаштың сол алқабы  орнында, сол күрішші Қарақостың қасында аман жүрсе, қазір-ақ барар едім. Қара шелекке қайнатып шайын сораптап отырып ішер едім-ау. Кім қалды дейсің», – деп сағынышпен еске алыпты.
Жалағаш аудандық газетінің көп жыл редакторы болған Қален Әбдешовтің естеліктері өте тартымды. Исекең бірде оған звандап, алыстағы мал жайылымдағы алты перзенттің анасы қатты аурып қалғанын, соған санитарлық самолет шақыруды  тапсырады. Оны орындағаннан кейін ауруханадағы анаға күнде барып, қажетті заттарын апарып тұруды да жүктейді. Бір айдан кейін сауығып шыққан көпбалалы ананы алыстағы Қарақұм қойнауындағы қойшы күйеуіне табыстауды да орындағандарын еске алады. Редактордың орынбасары Сағындық Баймахановтың ағасы Ермаханның отбасынан жеті күрішші шығыпты. 70-тен асқан сол кісі ауданға келе редакцияға соғып, қайтарында редакцияның машинасын сұрап, мініп кетеді екен. Бір келгенде редактор машинасын бермейді. Оған ерегіскендей Ермахан аға Исекеңнің «Волгасын» сұрап мініп, редактордың машинасынан басып озып, қыр көрсетіп кетеді. Мұның өзі азаматтықтың бір белгісі.
Исекеңнің кеңдігін дәлелдейтін мына бір факторлар еріксіз езу тартқызады. Жалағаштағы сауыншы Шырынкүл Селбесінова мен КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы А.Н.Косыгин Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутаттыққа тіркеліп, екеуінің суреті мен өмірбаяны аудандық газетке жарияланады. Кімнен кеткен қателік екені белгісіз олардың лауа­зымдары ауысып, А.Н.Косыгиннің суре­тінің астына «Коммунизм» совхозының озат сауыншысы, Шырынкүлдің суретінің астына КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы деп жазылып, 35 мың дана газет таратылып кетеді. Сол кездегі саяси өлшеммен таразылағанда, бұл – үлкен жауапқа тартылып кететін қателік. Редактор Қален аға: «Исеке, білмеймін. Қателік менен болды. Басқа айтарым жоқ. Кең­ес­тік дүниені «қиратып», Министрлер Кең­есіне Селбесінованы «та­ғайындап»  ке­ліп отырмын», – дейді ғой. Исекең ашуланудың орнына біраз күліп, бұл қателікке өзін де қоса сөйлеп, дереу аупарткомның бюросын шақырады. Сөйтіп газеттің дұрыс жазылған нұсқасын шығаруға шешім қабылдап, мәселені айқай-шусыз шешеді.
Қасиетті Жалағаш жерінен Исатай аға жоғарылап, Қызылорда обком партиясының бірінші хатшылығына сайланып, алты жылдан аса (1972-1978 ж.ж.) облысқа басшылық етті.
Әкем өмірі: «Балам, көзбен көріп, құлағыңмен естігенді ғана айт» деп отыратын. Ендігі әңгімем әкемнің осы бір өлшемді өсиетіне келетіндей. Жарты ғасырдай бірге өмір кешкен жұбайым Жақсыбике Жомартқызының ағасы Шора аудандық «Быткомбинатта» жүр­гізуші болатын. Өткен  ғасырдың 70-ші жыл­дарының ортасы. Менің пединститутқа Аралбай ағаның ақылымен оқытушылық қызметке келген кезім. Түсте жұмыстан келсем Жалағаштан жүк машинасымен ат басын үйге тіреген Шора қайынағам отыр екен. Негізгі жұмысы – Исекеңе кіріп, мотоцикл сұрау. Менен өтініші сол кісіге жолықтыру. Қайдан білсін сол кездегі жалғыз ЖОО оқытушысының қолынан бәрі келеді деп ойласа керек. Бірден обкомға кірмек түгілі, маңайынан жүре алмайтынымды айтып жұмысыма кеттім. Кешке келсем қайнағамның жағасы жайлауда, мені асыға күтіп отыр екен. Сөйтсем, обкомға өзі барған, Жалағаштан келгенін, кім екенін айтқан. Кезекшілер Исекеңе жеткізсе, жіберіңдер келе берсін депті. Қайнағамнан елдің амандығын, көз көргендерінің денсаулықтарын білгеннен кейін шаруасын сұрайды. Бірден аудандық атқару комитетінің төрағасы Мұқашев Сейітнәбиге звандап,  Шора Жомартұлына қоймада тұрған  мотоциклдердің біреуін беруді тапсырып, мәселенің өзінің жеке бақылауында болатынын айтады. Қайнағамның жағасы жайлауға кетіп отырғаны осы екен. Көп ұзамай мотоцикл де алынды. Осыдан кейін ағаның қарпайымдылығы мен қайырымдылығына шүбә келтіруге бола ма? Ал менің қайнағам осы кезге дейін осы бір бақытты сәтін айтудан жалыққан емес.
Ағаны жоғары билікке тарту инициативасы Д.А.Қонаевтан басталғанын Исатай аға кітабында былай деп жазыпты: «…Алматыға қызмет ауыстыру мәселесін сөз қылғанда үндей алмай қалдым. Байқаймын, көңілім астананы қаламайды. Сондықтан:
– Димеке, көрсеткен сеніміңізге ризамын. Жасым болса біразға келіп қалып еді, әрі бала-шағалы адаммын. Енді қоныс аудармай-ақ қойсам деп едім. Сіздің маған жасаған кеңшілігіңіз сол болсын, – дедім.
– Жарайды… – Димекең келіскендей сыңай танытты. Алайда, Л.И.Брежневтің тағы бір «Целина» деген кітабын орталық комитетте талқылайтын желтоқсан айы кезінде Д.Қонаев маған «Алматыға келесің» деген сөзін нықтап айтты.
«Тәуекел» дедім мен де іштей. Ағамыздың ықыласы шындап құлаған екен. Енді сырғанақтап қашқаным келісімсіз көрінер. Сөйтіп, Республика Жоғарғы Кеңесі Президиумының төр­ағалығына сайландым.
Бұл лауазымды қызметті бір жыл атқарған уақытта облысымызда тұратын 238 ана «Ардақты ана» атағымен, ордендермен марапатталыпты. Осы кезеңде  КСРО Жоғарғы Кеңесі Прези­диумының указдарымен жазушылар: Қалтай Мұхамеджанов «Халықтар достығы», Әбілда Тәжібаев «Октябрь революциясы», облыстық «Ленин жолы» газеті «Құрмет белгісі» ордендерін иеленді. Облысымыздың 15 азаматы сол кездегі Қазақстанның Жоғары наградасы – Қаз ССР Жоғары Советінің Құрмет грамоталарымен марапатталыпты.
Иә, өмір иірімдері Исатай ағаны айналып өткен жоқ. Халық ара­сында қарапайымдылық пен қайырым­дылықтың қаһарманы атанды. Қуанышқа шаттанды, қиындыққа мойымады. Өз өсиетімен бабалары жатқан қасиетті  топырағында қалды.
Бұл да ұлықтауға тұратын ұлылық емес пе?!
Қ.ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ-дың профессоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<