Атаның әңгімесінен

1124

0

Былтыр, яғни 2021 жылдың күзінде В.Лениннің Арал балықшыларына жолдаған хатына 100 жыл толды. Ата-бабамыздың сондағы қайырымдылық, жанкештілік іс-әрекетіне қайран қаламыз. Себебі қараша-желтоқсан айларында, абыржы кезінде теңізден балық аулау аса қауіпті. Соған қарамастан аштыққа ұшыраған Поволжье халқына он төрт вагон балық жөнелткен ғой. Бұл шараға жас та, үлкендер де кіріскен. Соның бірі менің атам – Әбіл Қыстаубаев екен.

Атам Аманөткел ауылына қарасты Мырзаста дүниеге келген. Өзінің айтуынша, Нұртуған шайырдың баласы Зәйтүнмен бірге өскен. «Жасымнан жыр тыңдап, қиссалар оқыдым» дейтін. Есейе келіп балық аулап, үлкендерге көмектескен. В.Лениннің жолдаған хатына жауап ретінде қауіп-қатерге қарамай балық аулаған екен. Сонда небәрі 12 жаста болған. «Қаракөл», «Тасты» сияқты балығы көп аймақтарға да барған. Ауланған балықты ат, түйе шанаға тиеп, «Қамыстыбас» стансасына жөнелтуге де қол ұшын бергенін шежіре ғып айтушы еді.  «Ақшатау» колхоз болып ұйымдасқанда, соған мүше болып кіріп, өндірістік жоспарын үнемі артығымен орындаған. Осындай әңгімесін тыңдай бергіміз келетін.

Атам 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысады. Және бір емес, екі рет барады. Әуелі ауыр жарақат алып, елге оралады. Жарақаты біткесін алты айдан соң тағы кетеді. 1946 жылы есен-сау келіп, Арал теңізі портында жүк тасушыларға бригадир болады. 1956 жылы «Ақшатау» учаске болып қалып, «Аманөткел» колхозына қосылғасын туған жерге келіп, ағайын-туыспен бірге бақуатты өмір сүреді. Атам турашыл жан еді. Баласымен қара шаңыраққа ие болып отырмыз. Соған шүкіршілік етеміз.

Айымкүл ӘБІЛОВА,

келіні, Аманөткел ауылының тұрғыны

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<