АТЫНА ЗАТЫ САЙ АЗАМАТ ЕДІ

539

0

Ақиық ақын Мұқағали:

… Бала дәурен қайдасың сайраныңмен,

Ойраныңмен, өзіңнің тайлағыңмен?

Апырмау, адасып мен қайда жүргем?!

Қайда кеткен құрбылар тайға мінген?!..

– деп, балалық, одан кейінгі жас­өспірім және қайратың тасып, қылшылдаған, отты да, шоқ­ты да жалаң қолмен ұстай кете­тін қырқаның үстіне шыққан кезең­дердегі достарыңды аласұра ізде­генде көңілің толқып, жүрегің ел­жірей түседі.

Сондай дос, әріптес, үзеңгілес, замандас, «сілтесең – семсер, қор­ғансаң – қалқан болар», туған жері­не, Отанына адал перзент, елжанды азамат – Қылышбек Әбішев болатын. Енді бүгін сол азамат туралы өткен күндерді еске алып, естелік жазбаққа қолымызға қалам алып отырмыз. Өзі аяғына тұрғызып, өңірдің ал­дың­ғы қатарына шығарған, даңқын көтерген шаруашылықты зейнет жасында да басқарып жүріп, 70-ке жақындаған жасында өз ықы­ла­сымен тапсырды да, «енді алаң­­­сыз демалам, отбасымның, бала­­ларымның, немерелерімнің ор­та­сында боламын» деп етек-жеңін кең­ге салып, шаңырағының отына қыздырынып отырмақ болғанда ажал құрсағына түсті де, ақиретке аттанып жүре берді.

Еліне белгілі қоғам қайрат­кері, білікті басшы,  ауыл  шаруа­шылығы саласының шебер ұйым­дастырушысы,  адал  дос  Әбішев  Қылыш­бектің  дүниеден  озғанына да міне, бір жылдың жүзі болып  қа­лыпты.

Күні кеше  ғана  бірге  жүрген  досымыздың,  әріптесіміздің бізден алшақтап,  арамыздан бөлініп, мәң­гілік сапарға аттанып кеткеніне көзің де, көңілің де сенбейді. Деген­мен,  «ажал – ақиқат» деген, оған  қар­сы тұрған  кім бар? Жалған-ай десеңші, дана Қорқыт бабамыз да сол мәңгілік дүниенің жетегінде кетпеп пе еді?!

Біз  Қылышекеңмен  еңбек  жо­лын  1974 жылы  Қызылорда  об­лысы  Қармақшы  ауданының  шаруа­­шылықтарында  жас  маман  ретінде  қатар  бастадық.  Сексенінші  жылдардың  басында  белгілі  қоғам  қайраткері,  Социалистік  Еңбек  Ері  Цай Ден  Хак  ақсақалдың  қара­мағында  «ІІІ Интернационал»  ұжым­­шарында  бірге  жұмыс  жаса­дық.  Сол  жылдары  ұжымшарда жас мамандар осы  Қылышбек  Әбішев­пен бірге  Айдар  Исаманов,  Қазбек  Сисенов,  Рахым  Дүйсеков,  Мұстафа  Доскеевтер  бірге  тату-тәт­ті,  бір  кісідей  жұмылып  жеміс­ті  еңбек  еттік.  Байтақ жеріміздің, үлкен еліміздің шағын шаруашылығында жүрген біздің, жас мамандар тобының ұйытқысы осы Қылышекең  болатын.

Қылышбек – атына заты сай азамат еді. Ол өзі бір қарағанда, бірмойындау, сөзге сараң және кезкелген адаммен әңгіме құра қоймайтын тұйық жігіт көрінетін. Ал шын көңілмен, адал сеніммен, ақ көңілмен араласа кетсең, оның шынайы бейнесіне, керемет кел­­бетіне көзің жетеді, көңілің тоя­ды. Сәл тілін тауып, әңгімеге тарт­­саң, шаруашылық ісін былай қойғанда, тарих, шежірені майдан қыл суырғандай қылып баяндай жөнеледі. Кейде, жылдың қай мез­гілінде де науқандық жұмысы үзіл­мейтін шаруашылық ісінен уа­қыт тауып, соның бәрін қайдан оқып-білген деп таңғалатынбыз.

Кейіннен Қылышекең жоғарыда аталған ұжымшардың басқарма төра­­ғасының орынбасары, мен партком хатшысы қызметін қол­ға алдық.  Сол  жылдары шаруа­шы­­лықты жүргізудің  ұжымдық  мердігерлік  әдісі  енгізіліп жат­қан кез. Шаруашылықты басқару, еңбек­керлермен жұмыс жүргізу әдістері түбегейлі өзгерді. «Еңбегіне қарай – бермегі» демекші, шаруа­шылықты жүргізудің тың әдісін қысқа мерзімде игеріп алған ма­мандар үлкен  экономикалық  көр­сеткіштерге  қол  жеткізді. Ша­руа­­шылыққа, оның материал­дық игіліктеріне деген көзқарас бас­қаша. Талап та жаңаша.

1993-1995 жылдары көршілес шаруашылықтарда – мен «ІІІ-Ин­тер­­национал»  ұжымшарына,  Қы­лыше­­кең «Жаңа жол»  ұжым­ша­­ры­на  төраға болып қатар жұ­мыс жасадық.  Ел  экономикасы  нарық­тық  қатынастарға  көшіп,  ша­руа­шылықтар  жекешелендіріліп,  май­да  ұжымдарға  бөлініп  жатқан  өте ауыр уақыт болатын.

Соған қарамастан, Қылышекең «Жаңа жол»  шаруашылығының  тұ­­­тас­тығын  сақтап  қалып, оны жаңа заманға сай әлеуметтік-эко­но­микалық  жағдайы дамыған, ал­дың­ғы қатарлы шаруашылыққа ай­налдырды.

Қылышбек Әбішев барлық  уа­қытта  өзінің  іскерлігімен,  білік­тілігімен,  талапшылдығымен  жә­­­­не  ізденімпаздығымен  ерек­ше­­ле­­­нетін.  Жылт еткен жақсы жаңа­­лықты өндіріске енгізуге әзір тұрады. 2008 жылы  облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орын­басары қызметін атқарып жүргенімде облыстың білікті ша­руа­шылық басшылары,  ғалым  аг­ро­номдары  Құрманбек  Бакиров,  Қылышбек  Әбішев,  Алдаберген  Құлбаев,  Ниатолла  Қарақожаев,  Абзал  Ералиевтерді  алып,  Ресей­дің  Краснодар  өлкесіндегі  кезін­дегі   «Бүкілодақтық  күріш  ша­руа­­шылығы  ғылыми-зерттеу  инс­ти­­­тутына»,  қазіргі  «Ресей  күріш  ша­руа­шылығы  ғылыми-зерттеу  институтына»  тәжірибе  алмасуға  бар­дық.  Институтта,  оның  тәжірибе  шаруашылықтарында болып, озық үлгілермен танысып, бірлесіп  жұмыс  жасау  жөнінде  келісімге келдік.  Сол  жылы  Ресейден  күріш­тің  жаңадан  шығарылған «Янтарь», «Лидер»  сорттарын  облысқа  әкеліп,  жерсіндіріп, еге бастадық.

Бұл өзі оңай шаруа емес. Жаңа сортты табиғи жағдайы мүлдем бөлек өңірге жерсіндіру үшін ғылыми және өндірістік тәжірибе қажет. Дегенмен, осы мүмкіндікті Қылышекең өте тиімді пайдалана білді. Түсімі жоғары жаңа сорттар Сырдың өзгеше табиғатына бейім­делді. Келесі жылдары бұл  тұқымдар  жоғары  өнімділік  берді  және  облыста  соңғы  жылдары  пайда  болған күріш дақылында кездесетін  ауруларға төзімділігін көрсетті. Ол жылдары шаруашылықтардың қаржылық жағдайлары едәуір мүшкіл болатын.  Жаңа сортты күріш тұқымының алғашқы легін әкелуге, сол  кездегі  облыс әкімі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед облыстық  бюджеттен  қайтарымды негізде қаржы бөліп, үлкен  көмек  жасады.

Қ. Әбішев  басқарған «Жаңа жол» шаруашылығы  алғашқылардың  бі­рі  болып,  ресейлік  ғалымдармен  байланысты  одан  әрі  жалғастырып,  облыста күріш шаруашылығының қарқынды дамуына айтарлықтай үлес қосты. Бүгінгі  күндері  об­лыс  бойынша  егілетін  күріш  алқаптарының  70-80  процентке  Ресей­ден әкелінген сорттар  егіліп,  жоғары  өнімділік  беруде.

Қылышекең  шаруашылықтың  бас  агрономы,  шаруашылық  бас­шысы  болған барлық кезеңдерінде егіншілік мәдениетіне, оның тех­нологиясына зор көңіл бөліп, талаптарын  мүлтіксіз  орын­дата­тын.  Сол еңбектері нәтиже  бе­ріп,  «Жаңа жол”  шаруашылығы  егіншілік  мәдениеті,  дақылдардың  өнімділігі, экономикалық көр­сеткіштер жағынан облыста көш бастады.  Сол екпінмен шаруа­шы­лық бірнеше  жылдан бері об­лыс чемпионы атағын басқаның қанжығасына байлатқан жоқ.

Қылышекең  басшы  ретінде  елдің  әлеуметтік  жағдайына  үлкен  мән  беретін.  Шаруашылықта сол кездің өзінде спорт кешені, ауыл  мешіті, тойхана, асхана, дүкен, басқа да әлеуметтік қызмет көрсету орындары пайдалануға берілді.  

Сол «Жаңа жол» шаруа­шылы­ғының орталығы, қазіргі  Дүр  Оңғар  ауылы –  көркіне  мәдениеті  сай  дамыған,  облыстың  бетке ұстар көрікті елді мекендерінің бірі.

Қылышбек Әбішев облыстың, аудан­ның қоғамдық өміріне де белсене  араласып отыруға уа­қыт табушы еді.  Ол –  Қармақшы  аудан­дық,  Қызылорда  облыстық мәслихаттарының бірнеше шақы­рылымдарының депутаты  болып сайланып, маңызды бастамалар көтеріп, аймақ экономикасының дамуына, тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеруге теңдесі жоқ өлшеусіз үлес қосқан абзал азамат.

Бар өмірін Еліне арнап, аянбай еңбек еткен абзал азамат дүниеден өтті.   Бірақ, көнекөз данышпандар айтып кеткендей, «Артында адас­тырмайтын ізі, тәрбие берер сөзі қалды». Ел адында сіңірген еңбегі, абыройлы істері үшін Қылышбек Әбішев «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен және бірнеше медаль­дармен марапатталды.

Қазір шаңырағын шайқалтпай, азаматтың атын тоздырмай отырған жан жары – Шәкен Қылышекеңнен қалған ұрпақты әкесінің абыройына сай өсіруде. Балалардың бірі Алматыда банк қызметкері, екіншісі – табысты кәсіпкер, үшіншісі – ұстаз. 

Ал әріптестерінің, ізбасар шәкірт­терінің, жанашыр інілерінің міндеттері – Қылышекеңнің  жа­сап  кеткен  игілікті  істерін,  қол  жеткізген  жетістіктерін төмен­детпей, әрі қарай дамытып, жетіл­діру деп есептеймін. Олар абзал азамат, тәлімді ұстаз, қамқор аға алдындағы борыштарын лайық­ты өтейді деп бек сенеміз. Өйткені, Қылышбек Әбішев қандай құрмет­ке де, марапатқа да, елі мен жер­лестерінің ыстық ықыласына да лайық азамат.

 

Бекмырза ЕЛАМАНОВ,

Қазақстан Республикасы 

Парламенті Сенатының депутаты.

Астана, маусым,

2018 жыл.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<