Азамат келбеті

656

0

 Сұңғыла бойлы, батыр тұлғалы, сымбаты мен келбеті  келіскен, сыпайы да салмақты ішкі істер органдарының майталманы Серікбол Қуатбайұлы Тұңғышбайды көргенде әркез дана Абайдың 38-ші қарасөзіндегі «Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егерде адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады» – дегені есіме түседі.
Абай айтқандай ағамыздың еңбегімен келген атағы, шені оны көркейте түседі, ешқашан асып тасып, адамдығын жоғалтқан  емес.
Қазақта ақылды көп өмір сүргеннен сұрама, көп көргеннен сұра –деп жатады. Бірақ кейде көп көріп те, көп өмір сүріп те жарытып ештеңе айта алмайтын адамдарды да жиі байқап жатамыз.
Тағы да Абайдың «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды:естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайда білгені мен көргені көп адам білімді болады» дегендей ағамыз бәрін көңілге тоқып, мына бір алабұртқан заманда жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, дұрыс жөн сілтей білетін, озық ойлы және де оны жеткізе айта алатын сөзге шешен азамат.
Серікбол ағамыз Сырдария ауданындағы Кеңес Одағының батыры Нағи Ильясов және Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтер шыққан батыр атындағы ауылда туып, қарапайым отбасында еңбекпен шынығып, оқып білім алды. Қазақтың салт-дәстүрімен тәрбиеленіп, жастайынан ортасынан ерекшеленіп, батыл да қайсар болып өсті. Ерте еңбекке араласып, бар күш-қайратын, өмірін егеменді елдің тыныштығын күзетуге, қорғауға арнады және әлі де бар тәжірибесін осы бағытта жаратып, облыстық полиция департаменті бастығының кеңесшісі, облыстық полиция ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін, сондай-ақ құрылтайшылардың тәжірибелі қызметкер ретінде өзіне артқан сенімін ақтау үшін «Бүркіт» күзет бюросы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры қызметін де абыроймен атқаруда.
Алғаш Брянск қаласындағы орта милиция мектебін бітірсе, кейін ҚР ІІМ Академиясын аяқтап, білімін үздіксіз жетілдіріп келеді. Ішкі істер органындағы қызметін қатардағы милиционерден бастаған, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары қызметіне дейін өсіп, полиция полковнигі шенін алып, ҚР Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері атанды.
Осының бәрі оңайшылықпен келген жоқ, сонау 1980 жылдары оқу бітіріп келген жас лейтенант кезінде, қылмыстық ахуалы төмен, түн емес, күндіздің өзінде көшеде бөтен адамның жүруге қорқатын, теміржолдың арғы беті «Шанхай», «Коммунизм» аймақтарына жауапты болып, қылмыстық топтарды өз сабаларына түсіргені әлі де тұрғындардың есінде.
1987 жылы аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде қылмыскер шолақ мылтықпен оқ атып, ішінен ауыр жарақаттап, оқиға орнынан қашып кеткен болатын. Сол ауыр жарақаттан ауруханада 2 ай жатып, бірнеше метр ішектерін алып тастап, қатарға әрең қосылды.
Сол қылмыскердің ізіне өзі түсіп, 1 жылдан кейін ұстап, қылмысын әшкерелеп, кәсіби шеберлігін көрсетті. Ауыр жарақаттың зардабын осы уақытқа дейін татып келеді, дәрігерлер жансызданып, қатып-семіп қалған бір бүйрегін алып тастау қажеттілігі жөнінде кеңес беруде.  
Еліміз егемендігін алған кезде, яғни 90-шы жылдары нарықтық экономикаға өту кезеңін өздерінің теріс пиғылдарына пайдалануға  тырысқан  қылмыстық топтарға, жемқорларға, алаяқтарға алғаш тосқауыл болған осы  құқық  қорғау органдары болатын. Кәсіпкерлерді бопсалау, мемлекет  мүлкін таран-таражға салу, алаяқтық, ұрлық, оның ішінде мал ұрлығы, сондай-ақ есірткі бизнесі сияқты  қылмыстар  өршіп,  елдің берекесін ала бастады.
Осы кезде облыстық  ішкі істер басқармасының  бастығы  генерал Есен Демесінүлы Демесіновтің басқаруымен қылмыспен ымырасыздықпен күрестің  нәтижесінде,  азаматтардың  құқығы мен мүлкі сақталып, елдің болашаққа деген  сенімі артта  түсті. 11 адамды  бұғауда ұстаған  террористік әрекет,  кеден   департаменті бастығының орынбасарын  тапсырыспен өлтіру,  «Ансар» фирмасының президентінің баласын ұрлау(киднеппинг), қызбен жігітті бөлшектеп сойып, өзенге лақтырып жіберу, қарулы қарақшылықтар, таксистердің жоғалуы  сияқты  бұрын  естіп  білмеген  қылмыстардың ашылуы облыстық ішкі істер департаментінің абыройын  республика  көлемінде асқақтатты.
Сонымен бірге, өңірде өсіретін есірткі заты – марихуананың  құрамында болатын тетраканабинол затының Ауғанстанда өсірілетін  марихуанадан жоғары болуына байланысты алыс-жақын шетел, оның  ішінде көрші Ресей елінде сұраныстың артуына сәйкес ұсынымның да өсуіне  тікелей  әсер  етті. Қылмыстық  топтар үлкен наркоплантацияларды өсіріп, дайындап, өңірде жедел ахуалдың күрделілене түсуіне қауіп төндіре  бастады. Наркоплантация басында бір-бірінің  еттерін  жеген  нашақорлар да  кездесе  бастады.  
Осыған байланысты дер кезенде құқық қорғау органдары бірлесе  отырып, «Көкнәр» кешенді іс-шараларын жүргізу арқасында жылына 50  наркоплантацияларға  дейін анықталып, жойылып отырылды. Есірткі затын анықтауға  қызметтік  иттерді  тиімді  пайдалану арқылы  есірткі тасымалына да тосқауыл қойыла бастады. Аты-шулы наркобарондар әшкереленіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.      
Қылмыстың өсуіне сәйкес жеке құрам штатын көбейту қажеттілігі туындады. Кадр жетіспеуінен басқа салаларда  жұмыстан қысқарып қалған білімді де қайратты мамандарды қызметке алып, қысқа мерзімде күрделі қызметтің қыр-сырына  үйретіп, баулу  жұмыстары  жүйелі  жүргізілді.
Ол кезеңдерде «Арлан», «СОБР» сияқты  дайындығы  жоғары жедел ұтқыр бөлімшелердің  әлі  құрыла  қоймаған  болатын. Қауіпті  қызметкерді  құрықтау жедел қызметкерлердің күшімен жүргізіле  беретін. Өміріне төнген үлкен қауіпке қарамастан қаруы болуы мүмкін спортпен айналысатын тапсырыспен кісі  өлтірушіні  көп қабатты  үйде  балконынан  түсу  арқылы  жедел  қызметкерлер  өздері  құрықтады.  
Осының бәрінің басы-қасында қылмысты іздестіру саласының  саңлағы  өз жұмысын  жоғары дәрежеде  ұйымдастыра білетін  криминалды  полиция  қызметінің  бастығы С.Тұңғышбай жүретін. Дегенмен, егемендіктің алғаш жылдары күндіз-түні аянбай, адал қызмет атқарған ішкі істер органдары қызметкерлерінің ерен еңбектері  толық бағаланбағандай  көрінеді.    
90 жылдары ішкі істер органдарына қызметке келген мен қайнаған жұмыстың ортасына түсіп кетіп, күнделікті қым-қиғаш қызметтік иіріміне ілесіп кете бердім. Сол кезде полицияда, оның ішінде жедел  қызметкерлері  сағат  19.00-ге дейін  қызметте болып, 21.00-де  кешкі астан кейін жұмыс орнында қайта келіп, содан түнгі сағат 01.00-де үйге демалуға бір-ақ  қайтатын едік. Осылай еңбек демалысына шықпай-ақ күн-түн демей полиция қызметкерлері  жұмысын атқара беретін  еді. Кейін үлкендерден білгенім, 1941 жылы соғыс басталған кезде Сталиннің бұйрымен  барлық мемлекеттік мекемелерде жұмыс  осындай  күшейтілген   жүйеге  көшіріліп, кейін оның  қайтыс болған 1953 жылға дейін созылған екен. Облыста ішкі істер органында осылай  жұмыс атқару  2010  жылға  дейін жалғасып келді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қылмысты ашуға бағытталған  арнайы  құралдар, автокөліктер жетісе бермейтін, жалақылар 2-3 айда дейін кешіктірілсе, іс-сапарға қаражаттар  жетісе бермейтінді.
Ішкі істер органдары қызметкерлері қиын-қыстау қезеңдерге  қарамастан қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысты ашу, алдын алуда жанқиярлықпен күресіп, сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына  орасан зор үлес қосты. Өз қызметтерін абыроймен атқарып, ел алдындағы  беделі өсті.  Көрсеткішері жағынан  республикада  алғашқы  үштіктен  түскен  емес.  Облыстағы құқық қорғау органдары елді ауызбіршілігін, тыныштығын, абыройын, азаматтардың амандығын бәрінен жоғары ұстады. Өзара іскерлік қарым-қатынас, сенім мен сыйластық орнады. Нәтижесінде облыста жұмыс жақсарды, салауатты моралдық-психологиялық және қылмыстық оң ахуал қалыптасты.
Ішкі істер органы  қатарында  үздіксіз 20-30  жылдай  қызмет  атқару адамның жүйкесін жұқартып, зейнетке шыққаннан  кейін күнделікті  тыныш өмірге бейімделе алмай, қиындылықтарға тап болатындары да кездеседі. Осы кезде зейнеткерлердің  мол  тәжірибесін  халық шаруашылығының басқа да салаларына пайдалану мақсатында оларға бағыт-бағдар беріліп, олардың белсенділігін одан әрі арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында  ардагерлер   қоғамы жүйелі  жұмыстар атқарып келеді. Сонымен қатар, ардагерлерді ардақтап, аға буын мен жастар арасында ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруға айрықша зер салынуда.
Өз  ісінің  тәжірибелі  маманы ретінде Серікбол Қуатбайұлын кейінгі  кезде ішкі істер органдарынан тәжірибелі қызметкерлердің көптеп,  мерзімінен  бұрын  зейнеткерлікке шығуы, аға буын мен жастар арасында сабақтастықтың азаюы, жас мамандарды тәрбиелеуде тәлімгерліктің төмендеуі және қылмысты жасаушылардың тым жасарып, қылмысты әртүрлі  топпен  жасалатыны  көп мазалайды.  Бұрындары қылмысты белгілі  топ, яғни көбінесе бұрын сотты болғандар, жұмыссыздар, маскүнемдер, нашақорлармен жасалса,  қазір қылмысты кез-келген адам жасай  береді.
Кейінгі кезде кейбір баспасөз ақпарат құралдары өздерінің танымалдығын  көтеру үшін полицияның  тек жағымсыз жағын ғана көрсете  беру, полицияда  парақор, жемқор, арсыз  қызметкерлер қызмет атқарады  деген   теріс имидж  қалыптастырғаны байқалады.
Шетелде, оның ішінде көрші Ресейде өз ісіне берілген, адал, кәсіби полиция қызметкерлері туралы, қызықты шытырман сериалдар, көркем, деректі  фильмдер,  детективті кітаптар, очерктер, мақалалардан көз сүрінеді. Бізде парамен ұсталған полицияны ғана көрсетсе, оларда полицияның қылмыскерді  ұстағаны туралы ақпараттар жарияланып, полицияның мерейін арттыра  түседі.
Осындай теріс   ықпалдың әсерінен полиция  академиясына   мектепті     алтын  медальмен бітіруші, бірде-біреуі  болмаса  жақсы  оқыған оқушының  өздері бара бермейтін болған. Сондай-ақ, ата-аналардың өздері де балаларының  полицияға  баруына  онша  құлықты емес.    
Бізде күнделікті  қаншама  қылмыстар ашылып, болмаса  алды алынып,  ұрланған азаматтардың мүлкі қайтарылынып, құқықтары мен  мүлкі сақталынып жатыр. Жазамын, көрсетемін дегенге  қаншама  материалдар том-том болып, мұрағаттарда шаң басуда. Тапсырыспен  өлтіру қылмысының өзі бір үлкен шытырман  детективті фильм  түсіруге   сұранып  тұр.
Осыған байланысты облыстық  полиция департаментінің ардагерлер қоғамының  төрағасы ретінде  ішкі істер органдарының оң имидж қалыптастыруға бағытталған шараларды жүргізіп, ардагерлер және  қызмет бабында қайтыс болған қызметкердердің жанұясының әлеуметтік жағдайларына аса көңіл бөліп, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге, еңбекке баулауда аянбай  тиісті жұмыстарды  жүйелі атқаруда.
Тарихымызды сараласақ, полицияның қызметін бұрын қазақта  батырлар  атқарған сияқты. Жауды тықсырып  тастағаннан  кейін  ел ішіндегі  бұзақыларды да тәртіпке салып отырған  және елдің мал-мүлкін ұры, барымташылардан қорғаған. Сәкеңдерді  осы  заманның батырлары деп  құрметтесек артық етпейтін сияқты.
Ж.Молдағалиев, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра»  десе, біз «екінші қазақ – жүйрік сәйгүлік ат»  дер едік. Жаяу адам несімен қазақ? Жаяу жүріп, осынша кең жерді қорғап та, игеріп те алмас еді,  мүмкін  бұл жерде  қазақ деген үлкен ұлт та  болмаған болар. Қаны да жаны да қазақ Серікбол ағамыз  нағыз қазақ сәйгүлік атты  өзіне  серік етіп, баптап, бәйгеге  қосып келеді.  Бірнеше рет қосқан аты  бәйгеден озып,  автокөліктің  кілтін иеленген кездері де  болды. Қазір облыстық   ат спорты федерациясының вице-президенті лауазымын қоса атқарып, аймағымызда ат спортын өркендеуіне  өз үлесін қосуда.
Шәкіртсіз ұстаз тұл демекші, үздіксіз шәкірт тәрбиелеп, өзіне  ізбасарлар өсірді. Қазіргі уақытта басшылық қызметте жүргендердің барлығы дерлік өзінің шәкірттері. Өзінен кейінгілерге ұстаздары генерал Есен Демесінов, полковниктер А.Сағымбаев, М.Манабаев, Қ.Бухаров, И.Шегай, Қ.Бармақовтар туралы айтудан жалыққан емес. Сонымен бірге, соғыстан кейін аты аңызға айналған жедел уәкіл Оңжігітов Оңталапты жас мамандарға үнемі  үлгі етіп келеді.
Сәкең  үлгілі  отбасы,  адал  жар, асықтай  3 ұл өсіріп, немере  сүйіп, олардың қызығына тоймай отыр. Әркез олардың қылықтарын айтып, мәз болады. Серікбол Қуатбайұлы биыл  60 жасқа  толып, мерей  тойын  жасап,  ел алында есеп бергендей болады. Еңбегі еленіп, «ҚР Ішкі істер  министрлігінің құрметті Ардагері» және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен  марапатталды.
Серікбол аға 40 жыл бойы ат үстінде жүрсе де ақылын алдырмаған,  ашуға шалдырмаған, әр дайым таразы басын тең ұстаған, досқа адал, қылмыскерге қатал, жалғыз атын сойып беретін атымтай жомарт, тұла бойы тек жүрек пен  бауырдан ғана жартылған, әдемі қазақы әзілдері бар,  парасат  пайымы жоғары тұлға десем, ешкім маған артық  айтың дей алмас.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың айтқанындай, ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын-дегендей, Серікбол Қуатбайұлы сол нағыз ерім  дейтін  азамат дер едік.  

   Қ.БАЙҚАДАМОВ,
Ішкі істер органдарының  зейнеткері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<