ӘДЕБИЕТ АЙДЫНЫНДАҒЫ АҚ ЖЕЛКЕН

534

0

Асылы, кең-байтақ қазақ жерінің әрбір атырабы, әрбір ауылында кие бар десек, асыра айтқандық болмас. Сонау жетпісінші жылдары Қаратерең ауылынан жиырмадан астам ұшқыш қанат қақса, Сырдың бергі бетіндегі Бөген елді мекенінен ауыз толтырып айтарлықтай 25-ке жуық қаламгер шыққанын айтсақ жеткілікті болар. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіровтің ізін баса, осы ауылдың іргесіндегі «Қамау» атты кішкентай мекенде туып-өскен Сайлаубай ағамыз әдебиет көгіне ерте көтерілді. Біздің әдебиет ауылына араласуымызға, атсалысуымызға, мерзімді бәйгелерде жүлдегер атануымызға, танымал болуымызға үлес қосқан осы мектептің Жалғас Құрманов, Байбазар Жұмахметов, Тастыбай Әбдиев тәрізді ұстаздарының берік негіз қалағанын айта кеткенім – әділдік сөзі болар еді.

Біз 6-7 сыныпта оқып жүрген жылдары Сайлау­бай ағамыз осы мектептің аға пионер вожатыйы болатын. Осынау ұзын бойлы, келбетті ағамыздың мектептегі «Балауса» атты қабырға газетінен әртүрлі тақырыптағы өлеңдерін қызыға оқып, Қуаныш Жиенбаев екеуміз оған үлкен таңданыспен қарайтынбыз. Тіпті, кейде теңізге тиіп тұрған бәкене тамына іздеп барып, Сәкеңмен біраз сөйлесіп, әр жерден шалып айтқан ойларын тыңдайтынбыз. Әкесі Жұбатыр ақсақал – біртоға адам. Әдебиеттен, саясаттан бір кісідей хабары бар, ауылдың байсалды қариясы болатын. Ағасы Ботабай біраз жыл Алматы қаласында тұрып, оқу бітіріп, бұл кездері ауылда дәрігер болып қызмет атқарып жүрген.

Бір барғанымызда, Сәкең түкпір бөлмеде «Жұлдыз» журналын ақтарып, белгілі жазушы Рамазан Тоқтаровтың проза туралы көлемді мақаласын оқып отыр екен. Есіктен енген Қуаныш екеумізге ол кездері тосындау, бейтаныстау ұғым болса да, әдебиеттің реалистік бағыты туралы біраз пәлсапа соққаны әлі күнге есімде. Сөйтсек, ағамыз үлкен әдебиетке үлкен дайындықпен әзірленіп жатқан секілді екен. Көп кешікпей Сәкеңнің 18 жасында республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің екі бірдей санында «Бозайғыр» атты тырнақалды, әжептәуір әңгімесі жарияланды. Әрине, ол дүниенің кейіпкерлері дәл қазір менің есімде жоқ. Өзімше, осы мектептің мұғалімі, Ұлы Отан соғысының ардагері, ауыл-аймаққа атбегілігімен белгілі Әлимұрат Нұрекешов әлгі әңгіменің басты кейіпкеріне келеді-ау деп жорамалдаймын. Әйтеуір, бұл әңгімесі жарияланған соң көп кешікпей, Сәкең Алматыға оқуға аттанды. Университеттің ІІ курсында оқып жүрген жылдары ағамыздың «Алыстағы аралдар» атты тұңғыш повесі Қазақстан комсомолы Орталық комитеті мен «Жалын» баспасының біріккен жабық бәйгесінде жүлделі орынға ие болғанын есітіп, ауылда жүрген біздер мәз-мейрам болғанбыз. Тап осы повесі жөнінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Төлен Әбдіковтер бірауыздан «Жыл келгендей жаңалық» деп бағалады. Соған іле-шала жазылған «Жасыл сағым», «Отты өткел», «Тамұқ төріндегі қазына», «Бумеранг» атты кітаптары республикалық баспалардан бірінен соң бірі жарық көріп, жасөспірімдер түгілі, талғамды үлкендердің игілігіне айналғанын жақсы білеміз. Бірқатар повестерінің желісімен «Қазақфильм» киностудиясы көркем фильмдер түсірді. Сәкеңнің «Әнші аралдың құпиясы» атты көркем фильмі сексенінші жылдары бүкілодақтық телевидение арқылы көрсетілгені көпшіліктің есінде болар.

Жазушы-қаламгер Сайлаубай Жұбатырұлының сөз өнеріндегі шығармашылық жолын әдебиеті­міз­дегі үш бастама, үш ерлік, жаңашылдық құбылыстар ретінде саралаған дұрыс болар еді. Алғашқысы «Алыстағы аралдар» повесі әлемдік әдебиеттің інжу-маржаны саналатын «Қазына аралы», «Робинзон Крузо» тәрізді шытырман оқиғалы шығармалардың қазақ әдебиетіндегі өзіндік үлгі екенін сол кездегі сыншылар қауымы жарыса жазды. Аталған шығарманың кейіпкерлері де шетінен қиялшыл, арманшыл балалар болатын. Теңіз жағалауында өскен бізге айрықша әсер еткен шығарма кейінірек жеке кітап болып басылды. Іле-шала жазушының «Жасыл сағым», «Тамұқ төріндегі қазына» («Отты өткел») атты повестері жарық көрді. Бұл туындылар хикаялы-романтикалық жанрдың әдебиетіміздегі алғашқы қарлығаштары ретінде, оның бастауында тұрды, тұтас бір ағымның жолын аша келді.

Ең елеулісі – 70-жылдар әдеби ағымының романтикалық тынысты, стандарттардан кең, еркін батыл ойлы жаңа бір топ легін бастап келді.

Қазақстандағы экология тақырыбын бұдан 50 жылдан астам бұрын алғаш көтерген де С.Жұбатыров болатын. Арал тақырыбы Сәкеңнің өмір бойғы мұраты, жаны мен қаны, шығармашылығының асыл арнасы десек, артық айтқандық болмас. 1968 жылы «Білім және еңбек» журналында қаршадай жастың Арал теңізінің арнасынан қайтып бара жатқандығы туралы дабыл қағарлық мақаласы жарияланды. Бұл сол кездегі биліктің үстінен сақылдаған сары аязда бір шелек мұздай су құйғанмен пара-пар іс еді. Ол КСРО деген ұлы елдің жағасы жайлауда, не ішемін, не киемін демейтін аста-төк кезеңі болатын. Теңіз жағалауында атам заманнан тіршілік түтінін түтетіп, тереңнен су маржанын сүзген әкелеріміздің ойына «Аралдың бағы байланады» деген қайғы әсте кірмеген тұс еді. Себебі, қазынасы талай жұртқа ризық-несібе болған осынау теңіз-әкеміз жағалауынан қайтып, келмеске кетіп барады деген ой кімнің басына келген онда. Сол заманда әлгі сөз жас қаламгердің ерлігі болды. 

Экология аралдықтардың да, басқалардың да ол кезде ойына мүлдем жат ұғым болатын. 18-19 жастағы Сәкең келешек зардабы запыранға бергісіз Аралдың басына төніп келе жатқан қауіп-қатерді жұрттың бәрінен бұрын аңғара білді. Сөйтіп, күллі елді шырт ұйқыдан оятты. Кейін, Аралдан және басқа жерлерден мыңдаған адамға қол қойғызып, Арал қасіреті туралы хатты ұйымдастырған қаламгердің аманаты ақыры республика басшысы Д.Қонаевтың алдына жетті. Сөйтіп, бұл хат – КПСС ХХVІ съезінде Арал теңізінің басына төніп келе жатқан қатер жөнінде Димаш Ахметұлының тарихи сөзіне өзек болғанын біреу біліп, біреу білмес. Бұл тарих – шым-шытырық оқиғаға толы қызықты кино сюжетіндей өзгеше уақиға.

Сәкеңнің тағы бір ерлігі – қазақ публицистикасында бірінші болып проблемалық мақалалар көшін бастап, жол ашты. 1984 жылы «Қазақ әдебиетінде» «Сұрауы бар су…» атты жарияланым шықты. Газеттің бас редакторы, Шерхан Мұртаза Арал туралы ақиқат әлі ешкімнің аузынан шықпаған тұста Сәкеңнің осы проблемалық мақаласын, жасқанбай жариялап жіберген еді. Ол кісі сол үшін «жоғарыдан» сөз де есітті… Сонан бастап, жазушы, көсемсөзші-эколог С.Жұбатыров Арал, Сырдария, Байқоңыр, Балқаш көлі хақында көптеген публицистикалық, проблемалық мақалалардың авторы ретінде халыққа танылды. Ертіс пен Торғайды, Ырғыз бен Аралды жиһанкез боп жаяу аралады. Орта Азия мемлекеттеріне ортақ трансшекаралық су қорлары мәселелерін көтерді. Жалпы, Сәкеңнің Қазақстан экологиясы туралы толғақты мәселелерге толы мақалаларының өзі 4 томға жүк болатындай 4 экологиялық дәптерде тоғысқан мол дүние көрінеді. 

Қымбатты оқырман, жан жүрегі баладай нәзік, Аралдың біртуар перзенті, жазушы Сайлаубай Жұбатыров 1997 жылы әуелі орыс тілінде жазып, соңынан ағылшын тіліне аудартқан нұсқасын Франция астанасы Париж шаһарының маңайында тұрып жатқан әлемдік мұхит зерттеушісі, жиһанкез Жак ив Кусто мырзаға хат жазды дегенге сенесіздер ме? Осы хатында жазушы ғаламдық болмыс ұйғарымның дәл кіндігінде жатқан әйгілі Арал теңізінің ендіктері мен бойлықтары, су асты әлемі, тіпті, атамзаманғы тарихы туралы данышпанша толғанады. Әсіресе, Арал теңізінің «жынды толқыны», «жалғыз толқыны» туралы құпияға толы құбылыстарын да ашып жазып, мұның цунамиден мүлдем бөлек жағдай екенін бажайлап айтады. Қаламгер төрткүл әлемге өзінің жиһанкездік тірлігімен аты кеңінен танымал Кустоға жазған хатында былай дейді: «Аралға келіңіз! Арал – Жер планетамыздың Көк Алқасының ең жанды тұсындағы үзігі. Жердің Көк Алқасы – Жерорта, Қара, Арал теңіздері, Балқаш, Алакөл, Зайсан айдындары боп, әдемі тізбек құрып жатыр. Осынау ұлан-ғайыр көк әлем – Табиғат-Ананың өз перзенттеріне деген дана ұйғарымы, Шығыс жарты шардағы миллиондаған тіршіліктің өмір алабы. Осы өмір алқасы болмыстың шетін жағдайында экологиялық үйлесім орнаған, тіршілік қиынынан қиыстыра жол тапқан ең сынды тұсында үзіліп кеткелі тұр…».

Аталған хаттың тағы бір тұсында жазушы төмендегіше толғанады: «Асылы, осы іспетті Арал, менің ойымша, жер бетіндегі Ізгілік пен Зұлымдық ғаззауатының өзіндік үлкен барометрі сияқты».

Талай ондаған жылдар бойы Арал тағдыры үшін отқа да, суға да түскен Сайлаубай ағамыз, ақиқатын айту керек, Мұқағали ақын жырлағандай, «Жалаң аяқ жар басып, қызыл аяқ қар кешкен» нағыз қаламгер болды. Қызығынан гөрі қиындығы, қуанышынан гөрі мұңы бес батпан осынау ұзақ жолда жазушы іштей ширықты. Өзімен бірге қанаттас, тіпті, өзінен кейін әдебиет атты үлкен отаудың шаңырағына уық шанышқан ондаған, жүздеген қаламгер талай-талай мақтау-марапаттарға ие болып, әдеби сыйлықтардың қаншама иегері атанғанда, осы тізімге Сәкең бәзбіреулердей құлшыныс танытып, енуге тырысқан жоқ. Ол өзінің рухы күштілігінен тек бірыңғай жазу ісіне адал болды. Осындай жанкештілігінің нәтижесінде, бірнеше кітаптан тұратын «Абыржы» романы дүниеге келді. Сізге өтірік, маған шын, бір кездері Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясын жата-жас­танып, 4 сыныптық білімі бар балықшының да, көзі ашық басқалардың да мүдірмей оқып шыққанына куә болғанмын. Сонан кейінгі араға талай жылдар салып жарық көрген «Соңғы парыз» романының тілдік сөз қолданысы көптеген оқырманның басын ауыртқаны бар. Себебі, Әбекеңнің соңғы шығармасы әлемдік әдеби масштабта жазылған болар. Сайлаубай ағамыздың да осының алдындағы «Алыстағы аралдар», «Жасыл сағым» және басқа повестері оп-оңай тез оқылатын, ал «Абыржының» «аруағы» басымдау болып туғандай, кез келген оқырманның тісі батпас дүние болып шыққан.

Жаңа ғасырдың басында суреткер Сайлаубай Жұбатырұлы тыңнан түрен салып, әдебиеттегі жаңашыл дәстүрге лайық күрделі туынды әкелді. Жазушының «Абыржы» атты трилогиясы бастан-аяқ Аралдың кешегі, бүгінгі трагедиясына бағышталған дүние. Белгілі ғалым Алдажар Әбілов бұл туынды туралы былай дейді: «Әлем әдебиетінде ойды негізді, деректі, дәйекті уәждермен жеткізу, батыл болжамдар жасау мысалы аз емес. Бұл – әдебиеттің қоғамға, адамзат дамуына бағыт-бағдар сілтеу миссиясы. Қазіргі көптеген техникалық, ғылыми хәм рухани жетістіктеріміз алдымен көркем шығармаларда баяндалған мысалы көп. Міне, осы үлгі «Абыржы» романында да бар. Соның бірі – Ғалам-Кіндікті іздеу. Ойлар Сүйінтай-математик пен оның «Қара дәптері» арқылы айтылып санаға салмақ салады, қисынды ойды қозғайды. Сүйінтай, Өрен бейнесімен қабат өрілетін Ғалам-Кіндік жобасы, Топансу оқиғасы, Нұқ пайғамбар хақындағы жорамал, Арал апатының ғарыштық себебін іздеу де, өз алдына бір пәлсапалық жүйе түзейді. Автордың келер ұрпақ бейнесін Өрен мен өлі жағалаудағы ақ көйлекті бала арқылы жеткізуі де астарлы. Мәтін астарында ел болашағы, ұлт перспективасының көкейкесті мәселелері жатыр».

Бұл күні жетпіс жастың асқарына алқынбай жеткен «Парасат» орденінің иегері, «Арал ауданының құрметті азаматы» атанған талантты жазушы Сайлау­бай Жұбатырұлының қаламгерлік бітім-болмысы Арал теңізінде тағдыр желі айдаған жалғыз желкенді қайық сияқты көрінеді де тұрады.

Жалпы, жазушының бітімі, жазылу мәнері бөлек «Абыржы» романы алдағы уақытта терең ұғыныла талданып, үлкен мінберлерде орнықты лебіздермен айшықталып айтылатын болар деп ойлаймын. Тек мықтыларын мойындауға қазақтың құнты болса екен. Бәйге алған алғашқы «Алыстағы аралдар» туындысында «Ақ желкен» деген символикалық атпен келген талапкер, бүгінде әдебиет айдынында ақ желкенін керіп, танымал суреткер, қоғам қайраткеріне айналған жазушыға өмір деген ұлы теңізде аман-сау жүзе бер демекпіз.     

Толыбай АБЫЛАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<