Ел ардақтаған аяулы азамат

1709

0

Рыстығұлұлы Ботабай ағаның бар ғұмыры біз сияқты інілері ғана емес, қатарластарына да үлгі болды деп есептеймін. Ол саналы ғұмырын халқына қалтқысыз қызмет көрсетуге арнап, абыройға бөленді.

Елінің сүйіспеншілігіне бөленген азамат 1941 жылғы желтоқсан айының жиырма бесінші жұлдызында қазіргі Мұратбаев ауылы, № 18 Калинин ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1959 жылы Жаңа Қазалы қыстағындағы № 420 теміржол қазақ орта мектебін бітіріп, Ташкент қаласындағы темір жол транспорты институтына құжаттарын тапсырады. Алайда сол жылы оқуға түсу үшін өндірісте екі жыл жұмыс жасау тәртібі болғандықтан 1959-1960 жылдары Ташкенттегі тепловоз, вагон жөндеу заводында слесарь болып еңбек жолын бастаған. 19601965 жылдары темір жол институттында оқып, «Тепловоз және тепловоз шаруашылығының инженері» мамандығын алып шыққан.

1965-1966 жылдары Кеңес армиясы қатарында Батыс Украина жерінде, азаматтық борышын өтеген. Жастайынан әке мен ағаның ақылын тыңдап, тәрбиесін көріп, өскен Ботабай ағамыз қай қызметте жүрсе де жауапкершілікпен, ұқыпты, әрі сауатты атқарған қызметімен басшыларының көзіне түсіп, қызметте баспалдақпен жоғары өрлегендей 1966-1971 жылдары Қазалы локомотив депосында машинист көмекшісі, машинист, өндіріс шебері, тепловоз жөндеу процесінің диспедчері қызметі мен бірге жөндеу цехының комсомол, кәсіподақ комитеттерінің төрағасы қызметтерін қоғамдық негізде қоса атқарған.

Өндіріс көрігінде шарболаттай шыңдалған азамат, 1971 жылы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметіне шақырылып, темір жол торабындағы мекемелердің бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарына басшылық жасайды. Партиялық жұмыста ысылған маман 1972 жылы Қазалы локомотив депосы бастауыш партия комитетінің хатшылығына жоғарылатылады. 1977-1981 жылдары Жаңақазалы поселкелік Кеңесінің төрағасы, 1981-1983 жылдары Қазалы аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1983-1985 жылдары Қазалы локомотив депосының бастығы қызметтерін абыройлы атқарған.

Ол жайлы жазылған деректе: «1983-1985 жылдары депоға теміржол қызметінің барлық сатысынан өткен кәнігі маман, осы мекеменің кәсіподақ, партия ұйымдарын басқарған Ботабай Рыстығұлов басшылық жасады. Сол кезде жылына 600-650 мың сомның жаңа техникасы өндіріске енгізіліп, жаңадан 4 цех ашылды. Депоның эстетикалық жағына жете көңіл бөлінді»- деп жазылған екен. Іскер басшы қай салада қызмет атқарса да, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, ел алғысына бөленді. Ол 1985-1986 жылдары Қазалы қаласы атқару комитетінің төрағасы, 1986-2010 жылдары «Қазалы жол жөндеу және пайдалану учаскесінің» бастығы қызметін атқарған жылдары еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, бірнеше мәрте кенттік, қалалық, аудандық кеңестердің депутаты болып сайланып, облыстық, аудандық партия конференцияларына делегат болып қатысты. 1970 жылы «Еңбек Даңқы», кейін «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, «Қазақстан Республикасына 10-жыл», 2012 жылы «Ғани Мұратбаевтың туғанына-110 жыл», 2014 жылы «Нұрмұхаммедұлы Жанқожа батырдың туғанына-240 жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Алғыс» хатымен, 1973 жылы Бүкілодақтық «Социалистік жарыстың жеңімпазы», 2004 жылы Қазақстан Республикасының «Құрметті жолшысы», «Еңбек ардагері» төс белгілерімен, 2011 жылы облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған.

Сондай-ақ, оған  2012 жылы  «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ботабай ағамыз еңбек демалысына шыққаннан кейін де ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Әсіресе Қазалы-Арал өңіріндегі ағайынның ауызбірлігін қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Ботекең 2017 жылы өзінің басынан өткен өмір жолын, өмірде көргендері мен ойға түйгендерін туыстары мен ұрпақтары үлгі алатын 5 бөлімнен тұратын, «Өмір өткелдері» атты кітабын шығарды. Онда ауданымыздың жаңарған, өскен, дамыған кезеңдері кеңінен баяндалған. Кейіпкерлері басшылық қызметте және өзімен қызметтес болған азаматтар. Олардың шынайы бейнесі кім-кімді де толғандыра түседі. Өзің танитын сырттай білетін азаматтарды әр қырынан танып бағамдай түсесің. Өмірде жақсылармен сыйласып, араласа  білу де өнер екен ғой деп ойда қаласың.

Ботабай ағамен ағалы-інілі болып, сыйласқан жерлесіміз Ұзақбай Қараманов ағаның «Дала академигі» деп баға беруі де тегін емес екенін осы кітапты оқығаннан кейін еріксіз мойындайсың. Ботабай ағамыз жайлы ауданымыздың тарихы мен мәдениеті туралы жазылған кітаптарда, Республикалық, облыстық, аудандық баспасөз беттерінде жазылған мақалалар көптеп саналады.

Ботабай аға мен жеңгеміз Байниязқызы Орынкүл үлгілі отбасын құрып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Абаш, Амантай, Нұргүл, Нұркен, Жанар есімді балаллары ата-ана абыройын асқақтатып жүр. Абаш Алматы қаласындағы ЛВИД-26 мекемесінің бас есепшісі, Амантай Қызылорда теміржол тасымалдау ДН-10 мекемесінің бас есепшісі, Нұргүл Алматы қаласындағы «Жолаушылар тасымалдау» АҚ-ның экономисі, Нұркені жеке кәсіпкер, Қазалыда жол жөндеу мекемесінің басшысы қызметін атқарады. Ағамыздың жұбайы Орынкүл «Аудандық колхозаралық құрлыс мекемесінде» ұзақ жыл бас есепші қызметін атқарып, зейнеткерлік демалысына шыққан. Кенже баласы Нұркеннің қолында тұрады, немерелердің қызығына бөленіп отырған бақытты әже.

Ботабай аға 2020 жылғы маусым айының 24 жұлдызында  төтеннен келген нәубеттен 79 жасында бұл дүниеден озып, «Сухан» қорымына жерленді. Сексен жасқа иек артса да, алпыс жастағы жігіт ағасындай әлі тың болатын. Алайда Алланың ісіне не шара. Ағаның өмірден озғанына 24 маусымда жыл толады. Енді Алла алдынан жарылқасын, топырағы торқа болып, иманы жолдасы болғай деген тілек тілеу ғана қалды.

                                                                       Төлепберген Тілеуқабылұлы,

еңбек ардагері

                                                                       Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<