Ғасырдың батыр анасы

306

0

Қазақ еліндегі «Ғасырдың Батыр Анасы» деген атаққа ие болған жалғыз адам – менің анам, Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана, Сыр елінің атақты күрішшісі, 11 баланың анасы, 37 немеренің, 49 шөберенің әжесі Сәлима Жұмабекқызы еді. Дүниеден өткелі 5 айдың жүзі болды, 25 тамыздағы 85 жасына жете алмады. Оның аялы алақанын, мейірімді жүзін, айтқан ақылын сағынып жүрміз. Мұның алдындағы 80 жылдық мерейтойында ел-халық оны «Дән падишасы» деп дәріптеді.  Еңбек адамына халықтың өзі берген бағадан артық бақыт бар ма екен, сірә?!

Анамыз «Адам ұрпағымен мың жасайды. Бүгін бар, ертең жоқ пендеміз,  о дүниеге жөнеп кетсек, артымдағы қалған ұр­пақтарым, мына немере-шө­берелер атымды атап, Құран бағыштап отырады ғой. Бірақ, Алла Тағала өмір берсе, бұл  дүниеде бір күн болса да жүре тұрғым келеді» дейтін. Күні-түні еңбек ете жүріп, он баланы өсіріп, оқытып, тәрбиелеп, оларды әр тарапқа ұшырып, үйлі-жайлы, үбірлі-шүбірлі бол­­ғанын көріп, Жаратқанға сан­­сыз шүкір айтумен өмірден өтті.

Айналамызда анамыздың замандастары сиреп қалыпты, тіпті жоқтың қасы. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген мақалдың мән-мағынасына енді ден қойып, түсінгендейміз. 70 жылдық мерейтойында мақалалар, өлең-жырлар топтастырылған «Сыр сұлуы, Батыр ана – Сәлима» атты жинақ жарық көрген еді. Соны қайтадан оқып шық­­тық. Анамыз жайлы ел аға­ла­рының айтқандарын, сыр-тол­ғауларды, мақалалардың үзік-үзігін назарларыңызға ұсын­ғымыз келеді.

Кезінде Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық Коми­те­ті­­­нің екінші хатшысы болған Сағидолла Құбашев ақса­­қал­дың айтқандарына зер салдым. «…Қазақ әйел-қызда­ры­ның күріш өсірудегі еңбегін көргенде, басқа жердегі әйел­дердің еңбекке қатынасын жоқтың есебіне теңеуге болады деп білдім. 40 градус ыстықта, маса, сона, шыбын-шіркейдің ішінде, күндіз-түні жүріп ең­бек етуге төзу – жанқиярлық ерлік. Қазақ КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы Саламат Мұқашевпен бірге Сәлима Жұмабекованың звеносында болғанымыз бар. Кү­ріш алқабында тұрған киіз үйде болып, біраз әңгіме­лес­тік. Бітік өсіп тұрған егінге, қыз-келіншектерге ризалық­пен таңғалды. «Мен Каспий теңізінде қайық үстінде осындай жағдайда еңбек еткен балықшы әйелдерді көріп едім, бірақ, мынадай ыстықта, күн­діз-түні, бірнеше ай шыдап қызмет істеу –  ерен ерлік» деді.

Сәлима Жұмабекованың облыстық партия комитетінің пленумында, облыстық ке­ңестің сессиясында, тіпті Ал­матының трибунасынан сөй­леген сөздерін тыңдадым. Ше­­шендігі, ұсыныс-пікірлері,  қандай мәселеде де өз пікірі, өз өлшемі бар екенін көрсетті. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде облыс халқымен жиі кездесетінін, аймақтың, қаланың қиындықтарын баян­дады. «Аралдағы жұмыссыз­дық пен ауызсудың қасіреті, республикадан көмектің жоқ­­­тығы қашанғы айтыла бе­реді. Басшылар біздің ел­дің, қаланың жағдайынан хабарсыз»  деді. Делегаттар ду қол ша­­палақтады. Осылайша проб­­ле­маларға республика бас­­шы­ларының көзқарасын өз­­гертті. Аралға Ақтөбе же­рінен құбырмен су келді. Облыс орталығына құрылыс тресі құрылып, ірі нысандарды салу басталды.

… Әттең, қарындасымыздың оқымай қалғаны маған иге­рілмеген мүмкіндік сияқты кө­рінді.  Сәлиманың жолдасы 47 жасында бір звенода еңбек етіп жүргенде апатқа ұшырап мерт болған. 11 баламен жесір қалса да, еңбектен қол үзбеді».

Дәуірхан Жәлиұлы Айдаров қарындасының адами қасиеттері мен қайраткерлік тұлғасы туралы аз-кем ой толғапты. «… Нар жолында жүк қалмас»  дейді халық. Шыдамды, қайратты азаматты қазақ  «Нар жігіт» дейді. Сәлима – ер мінезді, нартәуекелдің адамы. Ат жақты, қоңыр жүз­ді, орта бойлы осы әйелдің нұрлы көзінен мейірімділіктің әрі қайсарлықтың лебі есіп тұрады. Кейбір ер азаматқа жетпей жататын кеңдік пен ерлік Сәлиманың бойынан та­бы­лады. Сессия, пленумдарда өткір де батыл сөйлеп, өз ойларын тұжырымды дәлелдеп, өкілетті орындарды иландыра білді. Қорқыт баба, Тұр­мағамбет ақын ескерткіш-ке­сенелерін және Сырдарияға Жо­салы қыстағы тұсынан кө­пір салуға көп күш жұмсады. Туған ауылының көркеюі мен жерлестерінің тұрмыс-тір­ші­лі­гін естен шығарған жоқ. Сә­лиманы өсірген уақыты, ор­та­сы, адами тағдыры, еселі еңбегі».

Анамыз «Д.Қонаевтың кеудеме Алтын жұлдыз тағар сәтте «Айналайын қарындасым, жұлдызың құтты болсын!» дегенін қалай ұмытармын. Депутат болып,  бес жыл бойы Мәскеудегі жиындарға қатысып жүргенде, Нұрсұлтан Назарбаевты таныдым. Маған жазған  әр құттықтауында «Сіз еңбектен бақыт тапқан, ел ардақ тұтатын абзал аналарымыздың бірісіз!»  деп көңілімді мар­қайтады. Облыстың, аудан­ның экономикалық және шаруа­шылық жағдайын көтеру ісінде И.Әбдікәрімов, Т.Есетов, А.Жанпейісов, Е.Көшербаев, Б.Сапарбаев, тағы басқа да көптеген азаматтардың атқар­ған жұмыстары аз болған жоқ. Солар ғой, ел қамын ойлаған ерлер» деп отыратын.

Тұрмағамбет ауылынан шыққан еңбек ардагері Айысбек Тәуеновтің жазбасынан бір үзік келтірейін. «…Өзім ауыл­да туып-өсіп, ержеткен соң оқу оқып, жұмыс бабымен елден жырақ кетсем де, Сәлима жеңгемді жақсы білемін. Ол кісінің өмір тағдыры көз алдымда десем артық айтпаған болар едім. Бойына сіңген асыл қасиеттері, кеңпейілдігі, жарқын мінезі, еңбексүйгіштігі, туған-туысқандарына елгезек­тігі, тағы басқа да асыл қа­сиеттері о баста қалай болса сол бағыттан өзгермей келеді».

Соғыс және еңбек ардагері Айзахан Бижанова апамыз  «Сәлимаға сәлем хат» деп өз жүрек толғанысын ақ қағаз бетіне түсіріпті. «… Ойланып отырсам, әйелге жүктелген талаптардың барлығы түгелдей Сәлиманың бойынан да, ойынан да табылып тұр, кем-кетігі еткен еңбегімен жабылып тұр. Арқа сүйеп жәрдем беретін азаматынан ерте айырылды. Қайғыға да, бейнетке де қарсы тұратын мұндай әйел затын кездестіру өте сирек».

Анамыздың жүзі нұрланып отырып айтатын естеліктерінің бірі төмендегідей өрілуші еді. «Мен жастайымнан Кете еліне  келін болып түстім. Ар-ибаны сақтап, үлкендердің, қайнаға-абысындарымның алдынан ешқашан кесіп өтпедім. Қайын іні, қайынсіңлілеріме жақсы көріп ат қойдым. Міне, әже болған шағымда да, жүрегімдегі келіндік қастерлі қасиет әлі сол күйінше.

Ақын атамның есімі ауыл­ға берілгелі  «Атам ауылы» (Тұрмағамбет ауылы) деймін. Жаңылыстырғысы ке­ліп (әдейі әзілдеп)  қайта-қайта сұ­рай­тындар бар. Келін боп түс­кен­нен қадірлеп, сыйлап, құр­меттеп үйренген ауыз жа­ңылыса ма, 100-ге келсем де  «Атам ауылы» дегенімнен танбаймын.

Ол кісі «Сыр бойында мол өнім болады, негізгі кәсібі егін, дәнді дақылдан күріш болады» деген екен. Аруақты, қасиетті  адам ғой. 1977 жылы жолдасым Ноғай қапияда  қайтыс болып, шерленіп, қайғыда жүрген кезім еді. Ақын атам түсіме енді. «Жаным, балам, сенің терезеңнің алдына бюстімді орнаттым. Бақытты боласың, талабың өрлейді, айналайын!» деп батасын беріп жатыр екен.

Түсімді ақын атамның баласы Әбдірауыққа айтып, көрген кісімді сипаттап бергенімде, сол кісінің өзі екенін дәлелдеді. Өңімде сөйлескендей әсерде болдым. Өзім де Әлібай ахун­ның шөбересімін ғой, келген жерім де қасиетті адамдар. Атамның әйелі Биға енемді көрдім. Сәлем салып, табағын алып, сарқытын ішкенмін».

Кітаптағы тағы бір жазбада Уәлихан Бишімбаев «Тұл­ғасы биік, парасатты жан» деп толғаныпты. «Біздің филиал өңіріндегі ең бірінші техникалық мамандар да­йындайтын оқу орны болды. Әдепкіде көп қиындықтар болды, соларды жеңуге Сәлима апамыздың көмегі тиді. Ол кісінің Жоғарғы Кеңес депу­таттығына сайланар алдындағы бағдарламасы заман талабы негізінде жасалған еді. Әлеу­меттік-экономикалық, бі­лім бе­ру, денсаулық және мәдени ағарту салалары, Сыр өңірінің өркендеуі мен халық қамын ойластыру нәтижесінде туған ой-түйіндері болатын. Филиалдың өз бетінше әрі қарай дамып, жол ашуына мүмкіндік жоқ, бір жағынан Мәскеудегі ми­нистрлікке, екін­ші жағынан Жамбыл қала­сындағы бас инс­титутқа бағы­намыз.  Облыстық партия комитеті басшысымен фи­­лиалдан дербес инсти­тут дәрежесіне көтеру туралы сөз қозғадым және осы мәселеге байланысты апамызбен ақыл­­дастым. Қолынан кел­­ген көмегін аямайтынын айтып, Мәскеуге бірнеше рет депутаттық сұраныс жасады. Сөйтіп Сыр еліндегі тұңғыш ашылған техника саласы бо­йынша мамандар мен ғалымдар дайындайтын кішкентай фи­лиалға орталықтан тікелей қаржыландыру есебінен 2 мил­лион сом қаржы бөлінуіне қол жеткізді. Бұл – Кеңес дәуі­рінде филиалдар үшін болып көрмеген жетістік».

Ғұмырбаяндық жинақ ма­қа­лаларымен аз-кем таныс­тыр­ған сияқтымыз. Ардақты жан­ның көзін көрген аға-апа­лар естелік айтса деп, айна­ламызға қарасақ, балалары – біздің өзіміз үлкеніміз жет­піске таяп, кішіміз елуді ең­серіп қалыппыз. Анамыз бәрі­мізді оқытты,  мұғалім, дәрігер, сот қызметкері, филолог, су шаруашылығының ма­ма­ны, механик, кәсіпкер,  тарихшы және өзінің жолын жалғастырушы, көпбалалы ана  – «Алтын Ал­қа» иегері де  бар. Алдағы уақыт­та естелік кітап, деректі фильм шығарғымыз келеді. «Сәлима ана»  қайы­рымдылық қорын құрып, іс-шаралар ат­қарсақ дейміз. Еліміздің қала­ларында анамыздың атына көше беріліп, «Ғасырдың Батыр анасы Сәлима Жұма­бек­қызы»  атты аллеялар ашылса, есімі мәңгілікке қалса деген мақсатымыз бар.

 Ләйле  ДӘУЛЕТ,

«Алтын Алқа» иегері.

Алматы қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз