КӨЗ КӨРГЕН АҚИҚАТҚА КӨҢІЛ СЕНБЕС

336

0

Әкем туралы естелік жазайын деп қанша оқталғаныммен, басқа түскен қайғының салмағынан жүрегім кеудемнен шығып кетердей тулап сала береді. Әкем бақилық болғалы ай аунаса да, көзім көрген ақиқатқа көңіл сенер емес.  «Ата-анасын ешкім арқалап жүрмейді», «өлмесе бұрынғылар қайда кетті?!» деген жұбату сөздердің адамға әл-қуат беретінін, мәнін енді түсінгендейміз. Соңғы жылдарда жабысқан дерттің қамыты мойныңа ауырлық қылғанмен, ортамызда қалқайып отырғаныңа шүкірлік ететін едік, папа… Кеселмен күресте бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүргеніңмен, өзіңе сол баяғыдай, денсаулығың мықты кездегідей арқа сүйейтінбіз… Сенің орныңды іздеткен қырық күн бұрыннан білетін ақиқатқа – ақыреттің барына, өлімнің хақтығына көзімізді жеткізе түсті.    
Әкем Жақсыбек Маншарипов өзі туып-өскен Жалағаш ауданының өсіп-өр­кендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген жан еді. Жайқалған егіндікті таң азаннан кешке дейін аралап жүре беруге бар болатын. Еңбекке, бастаған ісінің нәтижесіне жету жолындағы жанкештілігіне талай рет өзім куә болдым.
Өзі басқарған шаруашылықта күріш­тің жоғары түсімділіктегі «Маржан» сортын өндіріске енгізді. Айналдырған ауруы тіліне салмақ салғанмен,  теле­дидардан өсіп тұрған күрішті, егінді көрсе «ой, жарықтық» деп тамсанып оты­ратын. Іскерлігі, мәмілегерлігі бір төбе. Бизнес-жоспарлардың түр-түрін ойында сақтайтын. Өзі іске асыруға уа­қыты келмесе де,  ақыл сұрағандарға кө­мегін аямайтын. Шыншыл болатын, сөйлесе ешкімге жалтақтамай, ойын тура айтатын.
Қырық күн… Асқар таудай болған алыбымның жоқтығын мойындау үшін талай уақыт өтуі керек шығар. Осы күндерде қаумалаған ағайын-туыс, дос-жаран, әкемнің қызметтестері қоғадай жапырылып келіп, жұбату сөздерін айтты. Әкемнің азаматтығы, үлкенге құрметі, кішіге ізетшілдігі туралы естеліктер көңіл қазынамызды толтырып, өткенге салауат айтуымызға септігін тигізуде. Бірақ, асылымыздың орны қайдан толсын?!
Дүние дөңгелегі айнала берер, зы­мыран уақыттың тегершігі талай жыл­дарды артта қалдырар. Әйткенмен, құдіретті уақыт өзің салған сара жол­ды көмескілендіре алмайды, қамқор­лығыңды ұмыттырмайды. Ұрпа­ғыңа берген тәлімің өмірімізге азық болып, «Жақсыбектің балалары» деген атты жоғары ұстауымызға талпындыра түседі.
Жарқын жүзіңді жасырған топырағың торқадай жеңіл болсын, ысырат көпірінен жүйткіп өтіп, жаннат бақшасына қарай адымдай бер, әке… Біздің қолымыздан рухыңа құран бағыштау, өзіңді еске алу ғана келеді.
Айгүл МАНШАРИПОВА,
қызы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<