Құлпытастағы қолғап

325

0

Сәбитті көшеден жолық­тырдым. Ол – Қазалы боксын өрге сүйреген марқұм Тар­ғын Нұралиевтің бауыры. Әулеттеріне тән қарапайым­дылықпен елпілдей амандасты. Дегенмен, көңілінде әлде бір жайтқа алаңдаушылық бары сезілді. Дауысы да мұңды шықты. Жанары жасқа шыланып аз-кем үнсіз қалды. Бар ниетіммен сөзіне құлақ түрдім.

– Тарғынның перзент сүймегенін білесіз. Соңында ұрпақ қалмағаны қандай өкінішті. Тағдырдың жазуына амал нешік?!  Тіршілігінде туған бауырындай сыйласқан ағасысыз. Көрген көрінісімді сізбен бөлісуді жөн санадым. Тәкеңнің бейітіне барғанмын. Менен бұрын да біреулер келген екен. Гүл дестелерін қойыпты. Кенет… құлпытасқа мықтап байланған бокс қолғаптарын көзім шалды. Суретінің тура жанына ілініпті. Мәрмәр тасқа да қашалып салыныпты. Көкем бейне жаттығудан қалжырап келіп, қалғып кеткендей. Өзімді ұстай алмадым. Аға­тайым үшін ең қымбат саналған қол­ғаптарды құшақтай құладым. Еңіреп жылап, шерімді тарқаттым. Бұл ненің нышаны?! – деп Сәбит тағы егілді.

Сәбитті жұбатуға сөз таппадым. Оның бойын билеген азалы күйді түсінуге тырыстым. Шамамның келгені иығынан қағу ғана болды. Өзім де зорға шыдап тұрған едім. Көз алдымнан шаршы алаңдағы алыптардың шайқасы, көрермендердің қошеметі, гонг дыбысы, аппақ киінген төреші Тарғын, жеңімпаздың шат күл­кісі, жеңілгеннің өкінішті жүзі өтіп жатты.

Айналайын-ай, мен не дейін?! Біле­рім, Тарғынның Қазалы боксын шыңға шығарғаны, «Бапкерлердің – бапкері» атанып талай саңлақтарды түлеткені, «шәкірттерімнен қол үзбеймін» деп әлденеше ай жалақысыз, тегін еңбек еткені, әлдекімдердей болмашыға мас­­танбайтындығы, адалдықтан ай­ны­­мағаны, жағымпаздыққа жаны қас­тығы, жаттығу кезіндегі талап­шыл­дығы, қадірін білмегендерге сөзін шы­ғындамайтыны, өзгеден мақтау-марапат күтпейтіні, дәрі сатып алуға ақша таппай қамыққан танысына қал­тасындағы қаржысын түгел беріп, өзі ай бойы қиналғанын сездірмеген мәрттігі ғана.

Тоқырау жылдарында Тарғын қатты қамықты. Әрине, қарақан басының қамын күйттеп емес, ортақ мүдде үшін. Бұрынғы спорт мектебі іргелі мекемелерге берілген соң жаттығу үзілді. Ғимаратсыз қалған боксшылар біршама уақыт дағдарысқа түсті. Тарғынның орнында өзге жаттықтырушы болса, қолын бір-ақ сілтер еді. Неткен шы­дамдылық десеңізші?! Сонау Қара­ған­дыдан әкелген жалғыз бокс қапшығын көзінің қарашығындай сақтады. Ес­кі-құсқы бокс қолғаптарын жамап, кәдеге асырды. Кез келген нысанда, тіпті аулада жаттықты. Кафа, шлем, боксшылар формасы деген Тарғынның шәкірттері үшін арман болатын. Бірде үлкен жарысқа барған қазалылық бокшылардың жұтаң кейпіне алаң иелерінің мысқылдай күліп, «партизандар» деп айдар таққаны бар-ды. Ерте күліпті. «Партизандар» бәсе­келестерін қуып жүріп сабады. Көп­теген боксшылар жеңімпаз атанды. Командалық есепте сол тұста аудан боксшылары жоғары орындардан табылып жүрді. Ата-аналар бас қосқанда балаларының келешегіне алаңдаған Тарғынға ризашылықтарын жаудыратын еді. Ұстаздарының қамқорлығын шәкірттері де жете сезінді. Жаттығудан қалмауға тырысатын. Тоқырау тұсында да Тарғынның түлектері жарыстардан қол үзген жоқ. Қалталы азаматтарға беделін салып, кейде үстемеге қарыз алып, жарысқа қатысып жүрді. Әрі қоржындары жүлдеден бос болмайтын. Жеңіс Боранбаев есімді шәкірті өзінің жолын қуып білікті бапкер атанса, Батырбек Сыдықов, Райымбек Бақиев, Қайыркелді Табынбаев, Алтынбек Ақ­тілеуов, Бауыржан Қаюпов, басқа да көптеген шәкірттері талай дүрмектерде топ жарды.

Арада уақыт өте Тарғын Таңатарұлы облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа жаттық­ты­рушылыққа ауысты. Сыр өңіріне танымал бапкерлермен бірге қызмет жасады. Балғындарды баптады. Жалған дүние! Қиырдағы Қапшағайдан туған жеріне сағынып жеткен еді. Кір жуып, кіндік кескен мекенінде келместің кемесіне мінерін кім болжаған?! Көлік апатынан қаза тапты. Жерлеу рәсіміне жұртшылық көп жиналды. Жер-жер­ден бұрынғы боксшылар түгелге жуық келді. Көз жастарын көл қылып, бап­керлердің бапкерін ақтық сапарға аттандырды.

Тарғынның дүниеден өткеніне міне, біршама жыл болды. Бір өкініштісі, Қа­залы ауданында білікті бапкер Тар­ғын Нұралиевтің атында бұған дейін ешқандай турнир өткізілген жоқ еді. Кезінде бауырындай сый­ласқан ағалары, өзі шаршы алаң­да шыңдаған көптеген шәкірттері бас қосып, бұл мәселені бұған дейін де бірнеше мәрте көтердік те. Алайда, тиісті орындар тарапынан нақты қол­дау болған жоқ. Тарғын Нұралиевке арналып турнир өткізілетін болса, оның көзін көрген азаматтар тарапынан демеушілік жасайтын жандар да табылып еді. Көптен бері ойда жүрген осы істің орайы енді келгендей. Жақында ғана аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов осы мәселе бойынша қабылдап, көте­рілген та­қырып ескерусіз қалмайты­нын, Тарғын Нұралиевтің есімін есте қалдыру мақсатында бірқатар іс-ша­ралар атқарылатынын жет­кізді. Бұл бас­тама Қазалы боксын биікке шығарып кеткен азамат рухына деген лайықты құрмет болары сөзсіз. 

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы,

Жанқожа батыр ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<