Мұзда жанған алау

1830

0

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыз­дың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деген болатын.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы парламенттік комиссия мен Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы құқықтық ко­миссияның материалда­рында да, Бас Прокуратураның мәліметтерінде де, көзкөрген куәлардың тү­сініктемелерінде де бес адам­ның аты-жөні ұйым­дас­тырушылар қатарында бірінші кезекте аталды. Бесеуі де – Алматы театр және өнер институтының 4-курс студенттерi. Солардың бірі – қызылордалық Аманбай Канетов. Ол ке­йін өткен сот процестерінде де Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушы басты айыпкерлердің бірі ретінде жауапқа тартылған.

1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Ком­партия­сы Орталық Комитетінің пленумы болып өтті. Ол кезде студенттердің тең жартысы жеке пәтерлерде қаңғып жүретін. Алматыдағы жағдай мәз емес еді. Әлеу­меттік шиеленіс­тердің басты себебі – сая­си факторлар. Жергілікті қазақтардың ой-пікірімен санасу, ұлттық ерекшеліктерін құрметтеу деген ұғым көпе-көрнеу бұрмаланды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевты ор­нынан алған пленум отырысы небәры 18 минутқа созылды. Оның орнына баяғы басқыншылық әдіспен Мәскеу жіберген Г.Колбин тағайындалды. Жастардың жүрегіндегі буырқанған алаудың тұтануына бір тал шырпы жеткілікті болатын. Сол шырпы – Қонаевтың орнынан кетуі болды.

Сол күні театр институтының студенті Аманбай Канетов Никольский базарының жанындағы Виноградов 88 мекен-жайындағы жатақханасына оралды. Жаңалықты қолдарына Лениннің кітабын ұстаған, дабырласқан студенттерден естіді. Кешкі сағат алтыларда радиодан айтылған жаңалық түнгі ондар шамасында тағы бір рет жай хабарлама сияқты теледидардан да таратылды. Содан кейін жастар бірауыздан наразылық білдіріп, алаңға шығуға келісті. Құр шықпай, Лениннің ұлттық саясат туралы цитаталарын алып шықпақ болды. Сөйтіп, «Әр халыққа – өз көшбасшысы», «Зорлық емес, өз еркімен қосылу», «Біз лениндік ұлт саясатын қолдаймыз» деген ұрандар жазылған түрлі плакат, лозунгтарды дайындады. Студенттер бар­­лық дәйек­сөз­дер алын­ған Ленин­нің ұлт­тық сая­сат туралы еңбектерін түні бойы парақтап шыққан.

Жатақхана­дан төрт жігіт Аманбай Канетов, Құрманғазы Айт­мырзаев, Үсіпхан Сейтімбетов, Ба­қытбек Иман­қожаев бө­лініп шығып, студенттер мен жұмысшылардың жа­тақ­ханаларын ара­лап, олар­дағы  жағдайды білмек болды. Жақын жерде ҚазМУ-дың екі жа­тақ­ханасы, шет тілі, политехникум, зоовет, медицина институты студенттерінің, Киров атындағы зауыттың жатақханасына жетіп, ертеңіне Брежнев алаңында жиналуға келіседі. Жұмысшылар да студенттерге қолдау көрсетуге уәде берді.

Ертеңіне, 17 желтоқсан күні жастар Брежнев алаңында кешегі пленум шешімін жою туралы үндеу жасап, Геннадий Колбиннің отставкаға кетуін, оның орнына жергілікті халық арасынан басқа кандидаттардың келуін талап етті. Қалай айтсақ та, қарусыз қазақ жастарының өз ар-намысын қорғау үшін Кремль саясатына, темір құрсанған қалың әскерге жалаңаш қолмен қарсылық көрсетуі – теңдесіз ерлік еді. Одан кейінгісі белгілі.

Театр институтының студенті Аманбай 1987 жылы шілдеде сотталғандардың қатарында болды. Алматы қалалық сотының үкімімен ол Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 60-бабы – ұлтаралық араздықты қоздыру және 65-бабы – жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру бойынша айыпты деп танылды. Ке­йін Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаевтың «1986 жылдың 17-18 желтоқсанында жауапқа тартылған азаматтарды ақтау» туралы Жарлығы негізінде толықтай ақталып шықты.

Амантай Канетов – қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, қазақ өнерінің абызы Асқар Тоқпановтың төл шәкірті. Бүгінде ұлағатты ұстаз, Қызылорда қаласының оқушылар сарайында актерлік шеберлік үйірмесінің жетекшісі. Балаларды шығармашылыққа, театр өнеріне баулу, кәсіби бағдар беру бағытында тынымсыз еңбек етуде.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<