Отан қорғаудың сарбазы, тәртіп сақтаудың сардары

976

0

Бүгінгі күні Сырдария ау­данының қасиетті төрінде бір орынның босап қалғанын көзімізбен көріп, көңілімізбен сезінудеміз. Ол орын осыдан қырық күн бұрын бақилық сапарға аттанған Ұлы Отан соғысының сарбазы, ішкі істер саласының полковнигі, тәртіп сақтаудың сардары, «Сырдария ауданының құрметті азаматы», батагөй ақсақалымыз Махан­бет Бержановқа тиесілі бола­тын. Майдангер Маханбет Бер­жановтың өзі өмірден өтсе де, артында өшпес ізі қалды. Ол құрметтеуге лайықты қа­йрат­­­кер-тұлғаның нағыз өзі еді.

Өмірде талай адаммен қызметтес боласың, жақсы мен жаманды көресің, тың­дайсың. Дегенмен, бәрі есте қала бермейді. Осы ретте, өмір өткелінде таныс болған адамдардың көпшілігі бүгінде ұмыт болғаны жасырын емес. Олардың аздағаны жадыңда, санаулысы ғана санаңда. Сол санаулылардың бірі де бірегейі, өнегелі өмір иесі Маханбет аға еді.

Майдангер Маханбет Бержановты жақынырақ та­нығаныма, көргеніме, білгеніме жарты ғасырдан астам уақыт болыпты. Мен ауылдан аудан орталығына қызметке ауысып келгенімде Махаң аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары екен. Аудандық партия комитетінің қызметкері ретінде ол кісімен жиі кездесіп, жұмыс барысымен араласып тұруыма тура келді. Ол кісінің сөзінен, жүріс-тұрысынан, өзін-өзі ұстауынан нағыз тәртіптің адамы екені анық та айқын аңғарылатын. Ол кезде ішкі істер бөлімінде қазіргідей бірінші, екінші орынбасар деген болмайтын. Жалғыз орынбасар ол Маханбет Бержанов еді.

Сол кездегі аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қартаңдау, жүріс-тұрысы баяулау, зейнет демалысын күтіп жүрген подполковник болатын. Сондықтан ішкі істер бөлімінің ішкі және сыртқы тірлігінде әркез орынбасар Махаң жүретін. Біз ол кісінің өз мекемесінің жұмысын жете білетіндігіне тәнті бола­тынбыз. Жиналыстарда сала жұ­мы­сын терең баян­дайты­нына, қоғам мүдде­сін жанашырлықпен қорғайты­ны­на куә болушы едік. Махаңның ерекше бір қасиеті бастықтарға жеке қабылдаулар мен жиналыстарда өз пікірін ашық, батыл айта алатындығында еді. Өз мүддесін қызметтен ешқашан жоғары қоймайтын. Ортақ абырой үшін азаматтық ұстанымын қай кезде де еркін жеткізе білетін.

Біз қызмет еткен жылдары ауданның құқық қорғау сала­сында қазіргідей екі қабатты үлкен кеңсе, жүздеген қыз­меткер, көлік мінген тәртіп сақшылары болған жоқ. Ау­дандық ішкі істер бөлімінің кеңсесі Тереңөзектегі қазіргі «Парасат алаңы» аумағында орналасқан төрт-бес бөлмелі жер үй еді. Ескілеу көлік бастықта ғана болатын. Ол да бір күн жүрсе, бір күн бұзылып қалады. Жұмыс көлемі қазіргіден кем емес. Тәртіп те, жауапкершілік те жоғары. Бірақ, Махаңдар қолда бар мүмкіндікті тиім­ді, ұтымды пайдаланып, аудан­дағы қоғамдық-саяси ахуал­дың қалыпты болуы үшін бар күш-жігерін жұм­сады. Қызметкерлер тобының шағындығына, көлікпен қам­та­масыз етілмеуіне қара­мас­­тан, ауданда тәртіптің сақ­­­талуына, халық тыныш­ты­­ғының қамтамасыз еті­л­­­уіне қол жеткізді. Бұл ең­бек еленді, көп өтпей ол кісі Тереңөзек ауданында жүр­гізілген белсенді, осы жұмыс­тардың нәтижесінде Махаң Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қыз­метіне тағайындалды. Ол ау­­данда да беріле жұмыс іс­теуі арқылы қол жеткізген абы­ройлы істерін алыстан естіп жаттық. Әркез «біздің ауданның мақтанышы» деп айтып, үлгі тұтып жүретінбіз. Негізі Маханбет ағаны біздің ауданымыздың шын патриоты десек, қателеспейміз. Оған майдангер ағаның өнегелі өмірінен көп мысал келтіруге болады. Мәселен, кейбір бас­тықтар әдетте зейнет демалы­сына шыққаннан кейін үл­кен қалаларды саялап, ел ара­лауды жоспарлайды. Бірақ, біз білетін Маханбет аға олай істемеді. Қай кезде де ауданнан табылды, туған жерден алысқа ұзамады. Тіпті еңбек демалысында жүрсе де, ауданның тазалығына, тұр­ғындардың жайлы өмір сүруіне шынайы жанашырлықпен қарайтын. Ал зейнет дем­алы­сына шыққан соң ауданның зиялысы, құрметтісі атанды.

Басшылықтың тапсырма­сымен, үлкен сенімімен Маханбет Бержановтың Қар­мақшы ауданына қызмет ауыстырған кезі әлі есімізде. Көпшілік қызмет бабымен көршілес ауданға қоныс аударған ол кісіні үйін сатады деп ойлаған болатын. Бірақ, Махаң жеке үйін сатпады. Оның себебін ауданға, терең­өзектік жерлестеріне қимастық және құрмет сезі­мімен байланыстыруға болады. Өзі де кейін Тереңөзекке полковник шенімен қайтадан келді.

Жеңіс туын желбіретіп, ұрпаққа бейбіт күн сыйлап, жұмыста абырой биігіне кө­терілген майдангер Маханбет Бержанов Қармақшыдан Те­реңөзек ауданына қайта орал­ғанда ерекше қуандық. Ол кісі ақсақалдар тобын толықтырды. Көпшілік жиын­дарда төрдегі бір орынды Махаң үшін ұстап отыратын болдық. Ардақты аға өзінің саналы, ғибратты ғұмырында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. Аудандық ардагерлер кеңесі мен алқасының мүшесі ретінде қарттарды, әсіресе соғыс және тыл ардагерлерін әлеуметтік қолдау мәселелерін көтеріп, оңтайлы шешілуіне көп көмек жасады. Жұртшылықпен кез­десуде өткені мен бастан кешкені жайлы тағылымды естеліктерін әсерлі етіп айтушы еді. Соның бірде-бірінде жеке басын дәріптеген сөзін естімеппіз. Ол кісінің елге жасаған еңбегіне орай аудан басшылары әрбір мереке сайын құттықтап, батасын алатын. Бұл қалыптасқан дәстүрге айналған да еді. Өзінің еңбегін, ерлігін айтып, құрмет дәмету Махаңның болмыс-бітіміне мүлдем жат болатын. Ол турашыл, әділ, жан дүниесі таза азамат ретінде бізге үлгі-өнеге көрсетті. Ардагер «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағына ұсынылғанда комис­сия мүшелері атақтың Маханбет Бержановқа берілуін бірауыздан қолдағанын, нағыз лайықты кісі екенін жарыса айтқанын көзімізбен көрдік. Бұл елдің ыстық ықыласы, жерлестерінің шынайы құрметі деп қабылдадық. Өзі де сол құрметке әбден лайықты еді.

Мәңгілік Жаратушыға ғана тән. Басқамызға өлшеулі өмір берілген. Ғасырға жуық мәнді де мазмұнды өмір сүрген, елге жасаған еңбегімен ел есінде қалған, «Дүниенің бәлесі мен жамандығынан сақта!» деп бата беретін абзал ағамыз бүгін ортамызда жоқ. Бір жұбаныш, артында шаңырақ ошағының отын сөндірмейтін, ізгілікті ісін жалғастыратын өнегелі, ұлағатты ұрпақ қалды. Жақсы өмір сүріп, жақсы қартайып, артына тек жақсы істер мен өнеге қалдырған Маханбет ағаның топырағы торқа, пейішке барар жолы нұрлы, мәңгілік мекені жұмақ болсын деп тілейміз!

Хайролла ӘБЕНҰЛЫ,

Сырдария аудандық ардагерлер

кеңесінің төрағасы,

«Сырдария ауданының

Құрметті азаматы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<