Сәмит Далдабаев

1741

0

Осы жылдың 20 тамызы күні 82 жасында Сыр елінің аяулы перзенті, қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет» ор­дендерінің иегері, Жаңақорған, Жа­лағаш, Сырдария аудан­дарының «Құр­­метті азаматы» Сәмит Дал­да­баев өмір­­ден озды.
С.Далдабаев 1938 жылы қараша айының 5 жұлдызында Қызылорда облысы Жалағаш ауданында қазіргі «Еңбек» ауылдық округінің бұрынғы «Ынтымақ» елді мекенінде колхозшы-шаруаның отбасында дүниеге келген.
Туған ауылда жетіжылдық мек­тепте оқып, 1956 жылы Жалағаш қыс­тағындағы орта мектепті күміс ме­дальмен бітірген. Сол жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік инс­титу­тына түсіп, 1961 жылы мал дәрігері мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жолдамамен Қызылорда облысына оралып, еңбек жолын Тереңөзек ауданының «Терең­өзек» совхозында (қазіргі Шаған ауылдық округі) бас мал дәрігері қыз­метінен бастап, 1964 жылдан Тереңөзек, Сырдария аудандары, қосылып тұрған жылдарда Сырдария ауданының бас мал дәрігері, аудандық малдәрігерлік стан­циясының бастығы қызметін ат­қарды.
1965 жылы еңбекшілер депутаттары Сырдария аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орын­басары болып тағайындалды.
1967 жылдың басында аудандар бө­лін­­геннен кейін, Тереңөзек аудандық ау­ыл шаруашылығы басқармасының бас­тығы және аудандық атқару комитеті төр­­ағасының орынбасары міндетін қоса атқар­ды.
1974 жылы Қазақстан Компартиясы Жа­лағаш аудандық комитетінің екін­ші хат­шысы, 1975-1979 жылдары Сыр­дария аудандық Кеңесі атқару коми­тетінің төр­ағасы қызметтерінде болды.
Жоғары оқу ор­нын бітіргеннен кейін қазіргі Сырда­рия ауданында мамандығы бойынша ең­бек жолын бастап, жиырма жылға жуық, оның ішінде бес жыл аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып абыройлы қызмет етті.
С.Далдабаев 1979 жылдың желтоқ­сан айынан 1989 жылдың аяғына дейін алғаш­қыда халық депутаттары Жаңақорған аудан­дық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, кейін жеті жылдан астам Қазақстан Компар­тиясы аудандық комитетінің бірінші хат­шысы қызметтерінде болып, ауданның өсіп- өркендеуіне ерекше еңбек сіңірді. Бұл жылдары Жаңақорған ауданының әлеу­меттік, мәдени, экономикалық дамуы жоғары деңгейден көрінді. Кезінде жемісті, абыройлы атқарған жұмысы үшін С.Далда­баевты аудан халқы барлық уақытта қадір тұтып, жоғары бағалап келеді.
1989 жылдың соңында Қызылорда об­лыстық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. 1991 жылы қыркүйек айында Кеңес мемлекеті және Кеңес Одағы Коммунистік партиясы тара­ған­нан кейін облыстық Кеңесі атқару комитеті төр­ағасының бірінші орын­басары қызметінде болды.
Тәуелсіз мемлекеттігімізді құрудың, қалыптастырудың аса қиын да ауырт­па­лығы мол кезеңде, 1992 жылы ақпан айында басқару жүйесіне әкімдік институты енгеннен бастап, 6 жыл Жалағаш ауданының алғашқы әкімі міндетін атқарды.
Аудан 1997 жылға дейінгі ел эконо­микасындағы күйзелісті зардапсыз, ұйым­шылдықпен өткізді. Ауыл шаруа­шылығы кәсіпорындары, елді мекендер бөлшек­тенбей, ыдырамай тұтастығын сақтады. Негізгі дақыл – күріш егісінің көлемі де, өнім­ділігі де өз дәрежесінде облыста ал­дыңғы қатарда болды. Ауданда бірде-бір әлеуметтік, мәдени орындар, балабақ­шалар талан-та­ражға түскен жоқ.
С.Далдабаев қай жұмыста болмасын абыройлы еңбегінің нәтижесінде 1997 жылдан 6 жыл облыстық Тәртіптік Кеңесінің төрағасы, саяси мемлекеттік қызметінде болып, 2003 жылы мамыр айында зейнетке шықты.
Сәмит Далдабаев ауыл шаруа­шы­лығы ғылымдарының канди­даты, 1978 жылы СОКП Орталық Коми­теті жа­нындағы Жоғарғы партия мектебін бітір­ді, Алматы қаласындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің құрметті профессоры. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде аға оқы­тушылық қызметін атқарды.
2006 жылдан селолық тұтыну коопе­ративтері облыстық қауымдастығы (ассо­­циа­циясы) қоғамдық ұйымының төрағасы.
С.Далдабаев 1965 жылдан 30 жыл үзіліссіз Тереңөзек, Жалағаш, Сыр­дария, Жаңақорған аудандық Ке­ңестерінің, 1975 жылдан 20 жыл Қы­зылорда облыстық Кеңесінің де­путаты болып сайланды. 1973 жылы Қазақ ССР Жо­ғарғы Кеңесі Президиумы­ның Жар­­лығымен Қазақ ССР-на еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қыз­меткері атанса, 1998 жылы Ел Прези­дентінің Жарлығымен Қазақстан Респуб­лика­сына еңбегі сіңген қызметкер құрметті атағына ие болды.
1971 жылы «Құрмет белгісі», 1981 жылы «Халықтар достығы» орден­дері­мен, Кеңес Одағының 2 медалі­мен, 3 ескерткіш медалімен, 2010 жылы жел­тоқсан айында Қазақстан Республи­касы­ның «Құрмет» орденімен, 5 мәрте Қа­зақстан Республикасының ескерткіш ме­дальдарымен, бірнеше рет орталық, облыстық басқару органдарының Құр­мет грамо­таларымен, алғыс хатта­рымен мара­патталды.
Жолдасы Өміртайқызы Айгүл – мұғалім, 3 ұл, 6 қыз бала тәрбиелеп, өсірген үлкен отбасының анасы.
Қорыта айтқанда, Сәмит Далдабаев Қызылорда облысының 4 ауданында (оның ішінде 23 жыл 3 ауданда бірінші басшы), 10 жылға жуық облыстық партия Комитетінің хатшысы, облыстық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, облыс әкімдігінде басшылық қызметтер атқарып, Сыр елінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қо­сып келе жатқан республикаға белгілі азаматтың бірі болды.
Қазыналы қария, абыз ардагер Сәмит Далдабаевтың жарқын бейнесі Сыр елі халқының жадында мәңгі сақталады. Оның ғибратты ғұмыры мен игі істері ұрпаққа үлгі болып қалады.

Қызылорда облысының әкімдігі, облыстық мәслихат, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы, облыстық Қоғамдық кеңес және облыстық Ардагерлер кеңесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<