Сәлима Жұмабекова тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

1864

0

Батыр ана, «Құрмет» орденінің кавалері, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекқызы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Ғасырдың батыр анасы атанған даңқты диқанға арналған ескерткіштің ашылу салтанатына өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шарада Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов Сәлима Жұмабекқызының 85 жылдығы аясында өңірімізде бірқатар шаралар өткізу жоспарланғанын атап өтті.

– Кезінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сәлима анамызға арнайы үй салуға тапсырма берген болатын. Ол тапсырманы қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы абыроймен атқарып, осы үйдің кілтін тапсырды. Апамыз ризашылығын білдірді, еліне алғысын айтумен өтті. Дана халқымыз еңбек еткенге ғана бақыт басын иеді дейді. Адал ниетті, абзал жүректі анамыздың есімі ел жадында сақталады, – деді Наурызбай Байқадамов.

Өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев аңыз тұлға бақилыққа озғанымен бұл дүниедегі өнегесі ешқашан өшпейтінін, оның жолын жалғастыратын жастар жақсы ісін үлгі тұтатынын айтып, өз естеліктерімен бөлісті.

Сонымен қатар Сәлима Жұмабекқызының отбасы атынан жазушы, қоғам қайраткері Бейбіт Сапаралы сөз сөйледі.

– Үш жүз миллионнан аса халқы бар, бір кездегі әлем бойынша алып мемлекеттердің бірі саналған КСРО кезеңінде Социалистік Еңбек Ері мен «Батыр Ана» атағын қатар алған үш-ақ адам болған екен. Сол үш ананың бірі – Сыр елінің атақты күрішшісі, 11 баланың анасы, 37 немеренің, 49 шөберенің әжесі болған анамыз – Сәлима Жұмабекқызы болатын. Қазақ елінде «Ғасырдың батыр анасы» атағын алғаш алған да Сәлима Жұмабекова, – деді Бейбіт Сапаралы.

Ескерткіш тақтаны сенат депутаты Ақмарал Әлназарова мен ғалым, профессор Уәлихан Бишімбаев ашты. Іс-шара соңында қатысушылар батыр ананың өмір тарихына арналған мұражаймен танысты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<