Шебердің қолы ортақ

1284

0

«Тұлға» айдарының бүгінгі ке­йіпкерінің өмір жолы теміржолмен біте қайнасқан.


Сексеуілдік Серік Баспақбаев орта мектеп бітірген соң осындағы локомотив депосында еңбек жолын жұмысшы болып бастап кетті. Келесі жылы депода ашылған тепловоз жөндеушілерге арналған үш айлық курсты оқып бітірді.

Жұмыс істей жүріп білімін жетілдіруді мақсат тұтқан жас маман Алматы теміржол техникумына сырттай оқуға түсіп, 1987 жылы тепловоз шаруа­шы­лығы мамандығы бо­йынша бітіріп шығады.

Кейіннен осы бағытта теміржол шаруашы­лығы академиясын тәмамдағанын да айта кету керек. Мұнан кейін депо басшылығы тәжірибесі молайған әрі білімін жетілдірген С.Баспақбаевқа теп­ловоз жөндеушілер бригадасына жетекшілік жасауды сеніп тапсырады. Одан кейін қызмет бабында күрделі жөндеу бойынша шебер, аға шебер дәрежесіне көтерілуін өзіне артылған сенімді ақтағандықтың дәлелі деп айтуға болатын шығар.


Бүгінде бай тәжірибесін жастармен бөлісіп жүрген Сәкең өзінің еңбек жолындағы ұстаздарына деген ризашылығын білдіруді ұмытпайды. Жұмысқа қабылдаған депо бастығының жөндеу жөніндегі орынбасары Оңдаш Баймағамбетов, еңбек жолындағы Пірімжан Құлжанов, Елдос Кәбетовтар оның білікті маман, жақсы азамат болып қалыптасуына өзіндік үлес қосты.


Жұмыс барысында небір қиын кездер болады. 1998 жылдың көктем айларында тепловоздардың жанармай тетіктері, форсункалары мен моторларының істен шығып, қатты өте қиын жағдай туындады. Сол кезде келген солярка құрамында смоласы көп болуы себепті сапасыз болып шықты. Соның салдарынан тепловоздар тұралап қалды. Ол уақытта Сексеуіл депосы Түркістан жол бөлімшесі құрамында болатын. Ол жақтан ревизорлар, тексерушілер жетті. Жергілікті мамандар істен шыққан қондырғыларды тездетіп жөндеу мақсатында депода түнеп жұмыс атқарды. Жұмыстың басында тамақтанып, сол жерде көздерінің шырымын алып, ақыры бір аптадан аса уақыт өткенде барлығын жөндеп іске қосты. Сол еңбектері үшін Баспақбаев бастаған барлық жөндеушілерге қосымша бір айлық көлемінде сыйақы берілді. Жалпы Сәкеңнің ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған емес. Теп­ловозды зауытқа дейінгі ең жоғары күрделі жөндеу­лерден өткізуде қосқан үлесі үшін «Үздік ұжым» атағы беріліп, Елбасы Алғыс хатынан бастап теміржол саласының түрлі деңгейдегі құрылымдық басшыларының Құрмет грамоталарымен, дипломдарымен, алғыс хаттарымен, «Даңқты еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Осыдан алты жылдай бұрын ұжым мүшелері оны кәсіподақ ұйымының төрағасы етіп сайлаған болатын. Содан бергі уақытта өзінің шеберлік қызметімен қоса осы міндетті атқарып келеді. Жұмысшылар мүддесін қорғап, олардың жағдайын жасап, жұмыс орындарындағы қауіпсіздігін қадағалау, арнайы жұмыс киімдерімен, тағаммен қамтамасыз етумен қатар барлық мерекелік және спорттық шараларды ұйымдастырудың, ардагерлерді құрметтеудің басы-қасында жүреді.


Сәкеңнің жұбайы Қамар Сыдықова да теміржол саласында қызмет еткен. Олар ұлдары Қайыржанның болашағынан зор үміт күтеді. Бүгінде ­С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Физика» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірген жас жігіт оқуын магис­тратурада жалғастыруда. Университеттің «Nur Otan» жастар қанатының жетекшісі қоғамдық жұмыстардағы белсенділігімен ерекшеленіп жүр. «Үздік жас көшбасшы» атанған Қайыржан Өскемен қалалық жастар мәслихатына мүшесі ретінде жастардың əлеуметтік мəселелерін шешу, мүдделері мен құқықтарын қорғауға атсалысып жүр. Ол оқуын бітіргеннен кейін туған ауылында ұстаздық етуді жоспарлайды.


Серік Баспақбаев өз ұжымындағы жастарға да сенім артады. Жолаушылар мен жүк тасымалының тұрақтылығын қалыптастырып келе жатқан аға ұрпақ өкілдерінің игі істерін алға бастыра беретініне кәміл сенеді.


Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<