Сыр медицинасындағы өшпес есім

655

0

Сыр өңірінің денсаулық сақтау саласында соңында өзіндік қолтаңба қалдырған құрметті азаматтардың бірі Мұхтар Бейiсұлы екеніне ешкімнің таласы бола қоймас. Ол өз дәрігерлік жолын медицинаның аса күрделі де жауапты тармағы – ана мен бала денсаулығын қорғаудан бастады. Кейін саланың басқа бөлігінде де өзінің бірегей тұлға екенін ісімен көрсете білді. 

М.Бейісұлы 1949 жылы Арал ау­даны Шөмiшкөл елді меке­нін­де дүние есігін ашты. 1967 жылы Арал қаласындағы Т.Шев­ченко атындағы орта мек­­тепті бітірді. Еңбекке ерте ара­ласып, «Қызылорда құ­ры­­лыс тресі» мекемесiнiң Арал­­дағы бөлiмшесiнде сто­ляр-ағаш ұстасы болды. Мек­­тепті жаңа бітірген жас ба­ла­ның өзіне тап­сырылған жұ­­мысқа ыж­да­ғаттылығы және құ­рылысқа қа­білетті болар, ұжымда өзін кәнігі ұста ретінде таныта біл­ді. Кеңестік армия қата­рына шақырылып, екі жыл ел қорғау ісіне араласты. Бе­ло­рус­сияның атақты «Брест» қама­лында, кейiн Чехословакия елiнде әскери борышын абы­роймен атқарды. 1970-1976 жыл­дары Ақтөбе мемлекеттiк медицина институтының педиатрия факультетiнде оқып, туған жеріне жоғары білімді бала дәрігері болып оралды. Қызылорда облыстық ауруханасында педиатриядан бiр жылдық интернатурадан өтті.

Бойындағы адамдарды ұйым­дастыра білу қабілетін байқаған денсаулық сақтау басшысы оны 1977 жылы Қармақшы ау­данының бас бала дәрігерi етіп тағайындады. 1979-1982 жылдары Қызылорда қалалық бiрiккен балалар ауруханасында лор дәрiгерi болып еңбек етті.

Мен 1982 жылы мамыр айында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып жұмысқа кірістім. Облыс көлемінде бала өлімін азайту күн тәртібіне қойылды. Міне, осы кезде Мұхтарды облыстық денсаулық сақтау бөліміне инс­пекторлыққа ауыстырып, кейін облыстық бас бала дә­рі­герлігіне тағайындалды. Әри­не, бала денсаулығын қор­ғау саласы ең бір жауапты қыз­меттердің бірі болатын. Бала шетінеуін төмендету жол­дарын іздестіру, оны облыс кө­лемінде жүзеге асыруды қа­дағалау Мұхтар Бейісұлына жүк­телді. Сол кезде облыстың бас бала дәрігері лауа­зымын тағайындауда да сынақ жүргізуді ҚР Денсаулық сақтау министрінің өзі атқарғанын еске салсақ жеткілікті. Ол тағайын­дау сынағынан мүдірмей өтіп, ауыр саланың бар ауырт­па­лығын көтере білді. Облыс  кө­леміндегі педиатрлардың басын қосып, яғни Базарбай Атабаев, Серікбай Тұрсынбаев, Мұхтар Бейісов болып, бірге облыс кө­леміндегі бала өлімін азайту мақсатында қызу жұмыс іс­телді. Аудандарды аралап, облыс орталығында балалар жан сақтау бөлімдерін ашып, маман даярлап, аудан орталықтарына жұмысқа жіберілді. Сөйтіп, қыс­тағы өкпе, жаздағы іш ауруларынан балаларды аман алып қалу жолдары белгіленіп, осы жұмыстарды қадағалауда Мұхтар белсенділігі ж­әне білі­мін көрсетті. Облыс көле­мін­де штаб құрылып, бала өлі­міне қарсы жоспар құрылып, үлкен жұмыс басталды. Осы жұмыстардың басында Мұхтар ұйымдастырушылығын таныт­ты. Сөйтіп, аурудың беті қайтып, балалар өлімі облыс көлемінде азая бастады.

Барлық аудандарды басқар­ма басшысымен және басқа әріптестерімен бірге аралап, ба­лаларға көрсетілетін анесте­зиологиялық-реанимациялық көмектің негізін қалауға атсалыс­ты. Ол балалар аурушаңдығы мен шетiнеу көрсеткiштерiнiң жақсаруына, облыс көлемінде нәрестелерге арналған микро­педиатриялық көмектің аяққа тұруына ықпал етіп, сәби өлiмі көрсеткішінің екi есе азаюына қол жеткiздi. Оның тiкелей араласуымен облыста алғаш рет Халықаралық ЮНИСЕФ бағ­дарламалары енгiзiлдi. Бағдар­ламаның қала, аудан, тіпті ауыл медицинасында жүзеге асуын тікелей қадағалап, үйлес­ті­ру­ші­лердің көмегімен жер­гілікті ма­мандар даярлады. Ар­найы оқыту орталығын ашты.   Ха­лық­аралық «Бөбек» қорымен тығыз байланыс орнатты.

Мұхтар облыс көлемінде осындай көптеген ұйымдастыру жұмыстарын бастап, елге бел­гілі азамат болды. Оның ұйым­дастырушылық қабілеті тағы да ескеріліп, 1992 жылы қалалық біріккен балалар ауруханасының бас дәрігері етіп тағайындадым. Сөйтіп, Мұхтар Бейісов 1992-1999 жылдары Қызылорда қа­­лалық бiрiккен балалар ау­ру­ханасының бас дәрiгерi қыз­метін атқарды. Осы мерзімде ауру­хананың материалдық-тех­никалық базасы анағұрлым нығайды. Еліміз егемендікті ен­ді алған қиын-қыстау, меди­цина қызметкерлерінің жал­ақысы бірде бар, бірде жоқ кезде ұжымды шашыратпай, бала денсаулығын қорғау ісіне жұ­мылдыра білді. Аты қала­лық болғанымен, облыстағы бала­ларға маманданған медици­налық көмек көрсететін жалғыз аурухананың қаланың әр же­рінде шашырай орналасқан бө­лімшелер жұмысын үйлестіру оңай шаруа емес еді. Дегенмен, осы кездің өзінде бөлiмшелер санын 3-тен 12-ге дейiн көбейтті. Облыс дәрігерлерінің білімін арттыру үшін Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтынан білікті дәрігер-ұстаздар ша­­қырып, педиатрлардың алыс­­қа шабылмай, Қызылорда қа­­ласында кәсіби шеберлігін шың­­дауына барынша жағдай жасады.

1997 жылы аурухана жаны­нан педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орта­лы­ғы облыстық бөлiмiнің ашы­лу­ын қамтамасыз етті. Сөй­тіп, бір­неше жас дәрігер өз прак­тикалық жұмысында жүріп-ақ ғылыммен етене айна­лы­суға мүмкіндік алды. 1998 жылы республика бала дәрi­герлерiнiң басын қосқан «Экология және балалар» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференцияның Қызылорда қаласында аурухана базасында өткізілуін ұйымдастырды. Кон­ференция жоғары деңгейде өтті. Оған арналып ғылыми ма­қалалар жинағы шықты.

1999-2000 жылдары Тасбө­гет кентiндегi №4 қалалық ем­хана бас дәрiгерi болды, қа­лалық денсаулық сақтау бө­лi­мiн басқарды. Бір айта кетер­лігі, №4 емханада бас дәрiгер болған кезінде тозығы жеткен ескі емхананың жаңа ғима­рат­қа көшуін жүзеге асырды. 2000-2003 жылдары облыстық наркология диспансерінің бас дә­рiгерлiгі қызметінде дә­рi­гер­лер саны 65-тен 101-ге дейiн, дәрiгерлердiң және мейiр­бике­лердiң санат­тық дәреже иелену көрсеткі­ші анағұрлым өсуiне мүмкіндіктер жасады. Мекеме қолданысындағы медициналық құжаттар түгелдей қазақ тiлiне көшiрiлдi. Диспансердің жаңа ғимараты – бұрынғы облыстық аурухананың ескі орны болатын. Жаңа орталыққа көшуді жоспарлаған аурухана жөндеу жұмыстарын көрмейтіні белгілі. Мұхтар Бейісұлы оны нар­ко­логиялық емдеу меке­месіне ла­­йық­тап, қайта жөндеуден өт­кізді. Құрылыс-жөндеу жұ­мыс­тарына да бас дәрігермін деп қарап тұрмай, араласып кететін. Қызметкерлерді жеңіл құрылыс жұмыстарына өзі үй­ретті. Арухана ауласын адам танымастай абаттандырып, әсем гүлдерге және жасыл желекке орады. Диспансерде нар­­кологиялық көмектi заман та­лабына сай ұйымдастыру үшiн физиотерапевтiк, функ­цио­­нал­дық диагностика, психо­те­рапевтiк және сыр шашпай (анонимдiк) емдеу кабинеттерi ашылды. Жаңа бөлімшелер – балалар және жасөспірімдер нар­кологиялық бөлімшесі және оңалту (реабилитациялық) бө­лімшесі ашылды. Жас нарколог дәрігерлер ғылыммен айналыса бастады. 

Емделушiлердiң бос уақы­тын тиімді пайдалануы және спортпен айналысуы үшін екi жазғы спорт алаңы, сондай-ақ жа­ңылып, өмірдің талқы­сына түскен науқастарды иманды­лыққа баулу мақсатында намаз оқу бөлмесi ашылды.

2004-2014 жылдары №2 қа­лалық емхананың бас дәрi­герi болған кезінде де қала орта­лы­ғынан тысқары өмір сүрген қала тұрғындарының лайықты медициналық қызмет алуына барынша жағдай жасады. Жаңа кабинеттер ашып, ұжым бірлігі арта түсті. Жаңа емхана құрылысын жүргізу бойынша бас­тама көтерді. Ол құрметті еңбек демалысы­на шыққан кезінде де қол қу­сырып қарап отырмады. Қы­зылорда облысы медицина қыз­меткерлерiнiң облыстық қо­ғамдық бiрлестiгiн құрып, төраға болды. Бірлестіктің «Сыр медицинасы» газетiн шығарып, медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында «Сыр медицинасының үздігі» медалін тағайындап, лайықтыларды марапаттады.

Оның қажырлы еңбегі ес­ке­ріліп, КСРО және Қазақстан Республикасының «Денсау­лық сақтау iсiнiң үздiгi» төс­бел­гілерімен марапатталды. ҚР педиатрларының ІІ-ІV съез­дерiне делегат болып қатысты. ІІ-съезде Қызыл­орда облысының педиатрия саласының сол кездегi өзектi мәселелерiн көтерiп, жақсарту жолдарын баяндады. Бiрнеше рет Президиум мүшесi болды. 1986 жылы Мәскеу қа­ласында өткен педиатрлардың бүкiлодақтық ХІІ съезiне де делегат болып қатысты. Облыс медицинасына қосқан үлесі үшiн «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Президентiнiң және облыс әкiмiнің бiрнеше алғыс хаттарымен, сонымен қа­тар «Пирогов», «Гиппократ» және Қызылорда қаласының мерей­тойлық төс­белгілермен марапатталды.

Әрине, оның осыншама еңбек жолында еш кедергі болмады деп айта алмас едік. Тумысынан тура, жалтақтауды білмейтін Мұхтар Бейісұлы қарапайым жандардың мұң-мұқтажына бей­жай қарамай тірлік етті. Бас­шылардың кейбіріне әділдік іздеген тірліктері жақпады, біршама уақыт жұмыссыздықты да басынан кешірді. Дегенмен, оның бойындағы қажымас қайрат пен озық ой елге қызмет етер тұстарда қайта маздап жанды. Оның дәрігерлігіне қоса құрылыс саласының кәнігі маман ретіндегі бітірген көптеген шаруалары көрген жанды тәнті етеді. Өзінің бұл қабілетін бас­қарған ауруханаларда көр­сете білді. Қай кезде болса да, Мұхаң таза  жұмыс атқарып, елдің құрметіне бөленген жан болды. Иә, Мұхтар нағыз таза азамат, дәрігер-педиатр болып қызмет істеп, елге көп көмегін тигізді.

Баулыған шәкірттері аудан­ның бас педиатры, аурухана бас дәрігері, денсаулық сақтау басқармасы басшысы да болды. Мұхтар Бейісұлына Қармақшы ау­данының тумасы, дәрігер Үрмия Қожахметқызымен отау құрып, 2 ұл және 1 қыз тәрбие­леп өсіріп, олардан өнген 8 немересiнің де қызығын көруге тағдыр жазды. Үрмия екеуі құрған дәрігерлік «Жанар» ор­талығы кеңейтіліп, облыс хал­қына медициналық қызмет көр­сетуде. Бүгінде оның өзі негізін қалаған «Сыр медицинасы» бірлестігі және газеті жұмысын жалғастыруда.

Мұхтар Бейісұлының облыс медицина саласында өшпестей ізі қалды. Оны Қызылорда хал­қы  және медицина саласы үлкен құрметпен еске алады.

Ернияз ОМАРОВ,

Республикаға еңбегі сіңген 

дәрігер, ғылым кандидаты,

Сырдария ауданы және Қызылорда облысының

құрметті азаматы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<