Адамның қолына билік пен дүние-мүлік тигенде, басына сынақ түседі. Сол сынақтан арына кір шалдырмай, қалпынан танбай, биігінен төмендемей өткен жандарды құрмет тұту ежелден салтымызға айналған. Сыр мұнайының бұлақ бастауында тұрған Есқожа Бергенбаевты аға буын мұнайшылардың «Есаға» деп қадірлеуінің сыры осында. Оның тағдырына «Құмкөлдің» қазығын қағу, Сыр бойындағы мұнай өндірісін сабақты жібіне дейін өз қолымен жабдықтау жұмысы бұйырды. Бірақ, Есағаң билік пен дүниенің буына мастанбады, табиғатына тән парасат биігінен түспеді. Оны «жұртқа болсын» деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген елгезектігі, айналасындағыларға мейірім-шапағатын төгіп жүретін ақпейілділігі сыйлы етті.
Есағаң Аралдың тұз өндірушілері қоныстанған «Сольтрестегі» мектепті бітірген соң Павлодар индустриялық институтына түскен. 1969 жылы институт түлектерінің қолына жолдама беріп, күллі Одақ көлеміне таратқанда, «Машина құрастыру» мамандығын бітірген Е.Бергенбаевты Маңғыстауға жіберді. Жолдың басы сол кездегі Гурьев, қазіргі Атыраудан басталды. Батыс Қазақстан геологиялық басқармасы «Жас маман екенсің, керексің» деп қарсы алды да, әрі қарай Шевченкоға, қазіргі Ақтауға жіберді. Сол жылдың жазы қуаңшылықпен өтіп, қысы малшы мен шаруаға өте жайсыз болыпты. Қалың қар басып, үскірік боран бірнеше апталап соққандықтан, елдің есінде «жұт болған жыл» ретінде қалған.
Қолында кітап толы шабаданы бар жас жігіттің сапары Шевченкода да тоқтамады. Ондағылар «Қызыл Жұлдыз» орденді «Маңғыстаумұнайгазбарлау» трестіне қарай бағыттады. Трест басшысы, Лениндік сыйлықтың иегері Х.Өзбекқалиев сол кездегі Ералы, қазіргі Құрық деген жердегі экспедицияның автокөлік кеңсесіне жіберді. Жас маманның аудан орталығына тұрақтаймын-ау деген ойы да іске аспады. Осылайша ұзақ жол Ақсу деген учаскедегі геологиялық партиядан бірақ тоқтады. Учаске басында жатақхана бар екен. Көбінесе кавказдықтар жұмыс істейді. Ошақ басы абыр-сабыр. «Бұл не жиналыс?» деп қараса, консервіленген тамақ ысытып жатқандар. Ұзын-сонар кезекке бұл да тұрды. Содан жұмыс басталды.
Әуелі слесарь, одан механик, кейін өндіріс бөліміне еңбек етті. Қиындықтан қашпайтын қайсар мінезін бірден байқатты. Біртіндеп учаске бастығының эксплуатация жөніндегі орынбасары, кейін басшысы болды. Тресттің 9 басқармасы бар еді. Соның екі автөлік басқармасының бірін басқарды. Ол уақытта Қансу, Доңға, Өзен енді барланып, Жетібай мұнай беріп жатқан. Техниканың неше атасы бар, кранның бірнеше түрі, бульдозер, тартқыш, экскаватор, тракторлар. Трест 1974-1975 жылдары Қаражамбас, Қаламқас, Бозашыны барлап, мемлекеттік комиссияға тапсырған.
Жалпы, «Маңғыстаумұнайгазбарлау» 40-қа жуық кен орнын барлап, жер қойнауындағы «қара алтын» қорын анықтаған. Осындай ерен еңбегі үшін Ш.Есенов, Ж.Досмұхамедов, Х.Өзбекқалиев, В.Токарев Лениндік сыйлыққа, 5 адам КСРО Мемлекеттік сыйлығына, 2 адам Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығына ие болды. КСРО Геология министрлігі соғыстан кейінгі мемлекеттің стратегиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, жаңа кеніштерді тауып, әбден тұралаған экономиканы аяққа тұрғызуға ерен еңбек сіңірді. Есағаң сол жанкешті жұмысымен мемлекеттің ең биік марапатына ие болып, қарапайымдылық қағидасынан аттамаған жандардың бірінің көзін көрді, енді бірімен қойын-қолтық жұмыс істеді. Олар да Есағаңның техниканың бір бұрауын мүлт жібермейтін іскерлігін бағалап, қызмет сатысымен өсіріп отырды.
Барлау дегеніңіз – қаржы бөлініп, бұрғылау тереңдігі белгіленген соң, уақытпен санаспайтын жұмыс. Оған барлық басқармалар мен кадрлар жұмылады. Егер жұмыс дұрыс үйлестірілмесе, іс кері кетті дей беріңіз. Жоғарыда аталған азаматтардың табандылығы мен өз ісіне адалдығы арқасында тресттің атағы аспандады. Өйткені олар соғыстан кейінгі қиын жылдарда еңбекпен есейген буынның өкілдері еді. Мен де еңбек жолымның басында осы қазақ геологиясының корифейлерінен тәлім алғанымды мақтан тұтамын.
1983-1984 жылдары «Маңғыстаумұнайгазбарлау» экспедициясы ең бірінші 5800 метрлік терең бұрғылауды «Өліқолтық» деген жерде бастады. «Өліқолтық» аты айтып тұрғандай, теңіз қолтығындағы сордың ортасы. Бұлай аталу себебі, теңізден жел соққанда су шайып кетеді де, орны сор болып, кеппей қалып қояды. Жоғарыда атап өткеніміздей, осы кенішті қазған Базарбай Қосмамбетов КСРО Мемлекеттік сыйлығына, Сүйеген Салманов ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығына, Бозашыдағы кен орындарын ашқан В.Нечаев КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1977 жылы Қазан революциясының 60 жылдығына орай трестке «Еңбек Қызыл Ту» Ордені берілді. Бұл азаматтар еңбегінің шынайы бағасы еді.
Есағаңмен «Маңғыстаумұнайгазбарлау» экспедициясына жұмысқа келгенде 1982 жылы күзде таныстым. Автокөлік басқармасының бастығы екен. Аралдың тумасы болғандықтан, мені бірден бауырына тартты. Ол кісінің міндеті – ара-қашықтығы 200 шақырымдық барлығы 16 кенішті көлікпен қамтамасыз ету. Жол жоқ, көліктер айдалада адасып, рациямен байланысып, одан нәтиже болмаса, «АН-2» ұшағымен іздеуге шығады.
Сол «Өліқолтықтағы» мұнайшылар бейнетті белшеден кешіп жатқан кез есте. Алып қондырғыны сорға апару, оған жол салу, көшіру жұмыстарын сор түгілі құрғақ жерде атқару оңай емес. Ағамыздың «Қаламқас» кен орнын игеру үшін кеніш басында 2 ай жатқаны бар. Қазір Үстіртке ауыр жүк көліктерімен шыққан кездегі, «Өліқолтықтағы» сорға тікұшақпен ауыр техника түсірген сәттегі өміріне қауіп төнген кездер Есағаңның түсіне жиі енеді екен. Сол кезден қалған естелік – еңбек кітапшасындағы «Қаламқас» кен орнын игергені үшін 50 сом сыйақы берілсін» деген жазба ғана.
1985 жылы КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің «Құмкөл» кенішін игеру туралы бұйрығы шықты. Есағаңа аудандық партия комитетінен, «Маңғыстаумұнай» бірлестігі басшысының орынбасары болған М.Саламатовтан ұсыныс түсті. Елге қайтып, сонда қызмет істеу туралы ой жасы 40-тан енді асқан жігіт ағасының көңіліне қонды.
Әуелі Саламатов екеуі Е.Әуелбековтің қабылдауында болды. Хатшы жиналыс үстінде барлық деңгейдегі басшы азаматтарға мұнай өнеркәсібін дамытуға көмектесуді тапсырды. Бірақ бұрын-соңды бұл кәсіппен айналыспаған өлкеде Маңғыстаудан келген екеуінің мойнына жүктелген міндеттің салмағын таразылайтын адам жоққа тән еді. Әуежайға ұшақтың қонуы, «Құмкөлге» көліктің жүруі, жұмысшыларды тамақпен, пәтермен қамтамасыз ету туралы әңгіме қозғалса, ат-тонын ала қашатындар көп.
Кеніш басындағы жұмыс мұнайды барлаумен бітпейтіні белгілі. «Құмкөл терең бұрғылау» экспедициясы құрылған соң, мұнараны монтаждау, оны Қызылордаға әкелу басталды. Базаны орналастыру үшін теміржол тұйығы керек. Бұрын карьер болған жерді тұйық барып тұрған соң, амалсыздан алуға тура келді. Құм төгіп, тегістеліп, техника әкелінді. Екі-үш вагон қойып, басшы әрі қарауыл болды. Сеніп тастайтын адам жоқ. Ұрлық өршіп тұр. Сырты цемент тәріздес мұнай өндірісіне пайдаланылатын қоспаның 3-4 қабы күнделікті сыртта төгіліп жатады. Жұрт цемент екен деп алады да, беймәлім зат екеніне көзі жеткен соң жолға лақтырып кетеді.
Біртіндеп бұрынғы салынып жатқан құрылыс мекемесінің орнына «Құмкөлнефть» мұнай-газ өндіру басқармасы құрылды. Оның құрамында «Құмкөл» технологиялық транспорт, өндірісті жабдықтау басқармалары, кеніштің құрылысын жүргізу және орналастыру мақсатында екі монтаж-құрылыс басқармасы, №4 жылжымалы мехколонна, жұмысшыларды жабдықтау және біздің өңірде алғашқы болып әлеуметтік даму басқармалары құрылды. Осы шаруалардың барлығы оңтүстік өңірдегі мұнай газ кеніштерінің ашылуына және «Оңтүстікмұнайгаз» АҚ іргетасының қалануына негіз болды. Кейін Е.Бергенбаев осы акционерлік қоғамның вице-президенті болып тағайындалды.
Есағаңның жабдықтау басқармасын құрған, Маңғыстаудағы автокөлік басқармасын басқарған тәжірибесін білетін Саламатов өзіне жалпы мәселелер жөніндегі орынбасар болуға шақырды. Бұл қызметтегі міндеті – аты айтып тұрғандай, техникадан бастап, жұмысшылардың тамағына дейінгі барлық мәселелерге жауапты. Көзге көрінбейтін майда-шүйде тірлік сияқты, бірақ осылардың бірінің шегесі қисайса, күллі тірліктің кетеуі кетеді.
Есағаңның қала іргесіндегі «Қараөзек» ауылын алып, жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ететін фирмаға айналдырған кездері де есте. Бас-аяғы 5 мыңдай жұмысшыны керек-жарақпен жабдықтау оңай шаруа емес. Бір жағынан ауыл да гүлденді. Халыққа жұмыс, техника берді. АҚШ-тан ет комбинатын, Израильден сүт зауытын әкелді. Қысқасын айтқанда, азық-түлік қорын құрды. Азық-түлікті кеніш басына қыста үсіп кетуден, жазда бұзылып кетуден сақтау үшін тікұшақпен тасыды. Фин елінен корпустар жеткізіп, медициналық қызмет ұйымдастырды.
«Құмкөлдегі» кадр мәселесін шешуде Есағаң көп еңбек сіңірді. Ол кезде маман тапшылығына байланысты кенішті ресейлік мекемелердің біріне беру туралы ұсыныстар айтылып жатқан-ды. Істің басы-қасында жүрген жігіттер намысты қамшылап, бұған жеткізбеді. Негізгі мамандар мен жұмысшыларды Маңғыстаудан «ЯК-40» ұшағымен тасымалдап, ауыстырды. Бір айта кетерлігі, «Құмкөл» – батыстағыларға қарағанда жобаланып салынған кеніш. Есағаңның басшылығымен кеніш басына фин вахталық қалашығы, асханасы әкелінді. Қарақайыңға дейін мұнай құбыры салынды. Әуелгіде электр станциясымен басталған жұмыстың бар тауқыметін Есағаң тартты. Өйткені электр станциясы тоқтаса, құбыр бойында мұнай қатып қалады. Бұл – бүкіл механизмді істен шығаратын, ең аяғы қылмыстық жауапкершілікке апаратын жағдай. Осылайша қауіп-қатерге бас тігіп басталған жұмыс кейін жоғары кернеулі электр желісі жүргізілген соң сәл жеңілдеді. Тоқсаныншы жылдардағы өліара шақ болғанмен, «Құмкөл» басындағы мыңдаған адамның ішетін тамағы, жатын орны, жұмысқа бару-қайтуы бүге-шігесіне дейін ойластырылған.
Саламатовтың Газлиден мұнайшы қазақ отбасыларды көшіріп әкелу туралы бастамасын іске асырған, оларды Қызылордаға орнықтырған осы Есағаң. Ол кезде қазіргідей көші-қон саясаты қалыптаспаған. Өзбекстан тарабы көшіп жатқан отбасыларға малын, көліктерін, мүліктерін тиейтін контейнер бермей, кедергі келтірді. Қарамағындағы көліктердің бәрін жолға шығарып, Газли мұнайшыларын құмның арасындағы тура жолмен көшіріп алды. Мамандарды топ-тобымен біліктілік арттыруға, оқып-үйренуге жіберіп, осы жерден де оқу комбинатын ұйымдастырды. Осылайша мұнай берілгенге дейінгі 3-4 жылда кадр дайындау белсенді жүрді.
Келген мамандар мұнда тұрақтау үшін, әрине, үй керек. Бұл түйткілді де Есағаң асқан жанашырлықпен шешті. КБИ шағын ауданынан «Мұнайшы» деген кент бой көтерді. Ол кезде қалада жылу, жарық мәселесі қиын еді. Кенттің өз скважинасы, Индиядан әкелінген жылу беру қазандығы, тақтайдай тегіс жолы, дүкені болды. Тағы бір айтарым, ол үй, басқа да материалдық игіліктерді үлестіруде ізіне сөз ертіп, ешкімнің ренішін арқаламады. Сол кезде жұмысқа келген геологтар мен мұнайшылардың барлығы да Есағаңның қолынан жолдама алды. Осы жерде орнығып, білікті маман атанды.
Кейін Есағаң кеніш канадалықтар қолына өткенде әкімшілік жағында басшының орынбасары болды. «БИС» компаниясы ашылған соң, кеңесшілікке шақырылып, сол жерден зейнетке шықты. Бірақ кәнігі маманның ақыл-кеңесіне жүгінген басшылық тағы біраз жыл Есағаңды қатардан қалдырмады.
Бүгінде ақсақалымыз 75 жастың биігіне бала-шағасының ортасында, өзін сыйлайтын інілерінің ізетін көріп жетіп отыр. Сол баяғы қарапайымдылығы, адалдығы абыз жасымен жарасым тапқан. «Алдымызда Есағаң бар» деп біз де арқа сүйейміз. Аман болыңыз, Сыр мұнайының атасы.
Ғалым БАЙМАНОВ,
инженер-мұнайшы.
инженер-мұнайшы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<