Тоғызқұмалақ тарланы

1265

0

«Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң, шын бақыт – осы» дейді  Шәкәрім бабамыз. ­Аталы сөздің соншалықты дәл айтылғанына кейіпкеріміздің өмірдерегімен танысқанда көз жеткізеріңіз анық.

Атадан балаға ауысып келе жатқан асыл мұра, рухани құндылығымыздың бірі – тоғызқұмалақ. Археолог ғалымдар тоғыз­құмалақтың тастан ойылып жасалған тақтасын тауып, бұл ойынның төрт мың жылдық тарихы бар екенін дәлелдеген.

Тоғызқұмалақ ережесі оң жамбасқа келе бермейтін есептерге құрылған. Ойыншы тақтайшасының екі қазаны мен он сегіз отауында жатқан тастың қанша екенін және оларды біріне бірін қосқанда жұп сан шыға ма, тақ сан шыға ма дегенді ойша әбжіл есептеп отыруы тиіс. Есептен жаңылса, есе жібереді. Оны айтасыз, ежелгі Ғұн тәңірқұты Қытай әскеріне қарсы соғыс қимылын осы ойынның әдіс-тәсілдеріне сүйе­не отырып жүргізген деседі. Бұл ойында өз қарамағындағы құмалақтарды басқару арқылы ойыншы қарсыласына шабуыл жасап, бірнеше жақтан қыспаққа алады. Қорғанып не бейтараптық сақтай отырып, жаңа шабуылға дайындалып, тұзақ құрады. Қарсыласының жүрісін шектеп, есінен тандырып, адымын аштырмайды.

Осындай керемет ойынды атынан белгілі болып тұрғандай, қой бағып жүріп-ақ құмалақпен ойнап, ұрпағына мирас қылған қазақ қандай өрелі жұрт еді десейші?!

Тоғызқұмалақ ойынының аты аталғанда еске түсетін ерекше есімдер бар. Бұл ойынды үйретпек былай тұрсын, үйренудің өзі бір ғылым. Ал, бұрынғылар оны кейінгіге үйретіп, қасиетін ұғындырған. Аталарымыздың сол аманатын қолымызға ұстатып кеткендердің бірі – Оспан Әбілпаттаев еді.

Кеңес өкіметі орнаған жылдары Қызылордадағы мұғалімдердің 6 айлық курсын бітіріп, туған ауылы Тереңөзектен ең алғаш мектеп ашып, балалар мен үлкендерді сауаттандырған Оспан әке болатын. Ұлы Отан соғысына қатысқан ұстаз қырық жыл өмірін мектепте өткізіп, тоғызқұмалақ ойынын дәріптеп, оның қыр-сырын талай адамға танытып кеткен. Кеңес өкіметінің дәрежелі орден-медальдарымен марапатталып, «Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алған. Бүгінде Тереңөзек кентінде О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп және көше бар. Құндылығымызды құрдымға кетуден сақтаған ұлт мұрасы сақшыларының бірі Оспан әке шын мәнінде осындай құрметке лайық жан болған. Асыл әкенің бес перзент өсіріп, олардың бәріне спорттық рухта тәрбие бергені де бір тарау әңгіме. Үлкен ұлы Багратион ұзақ жылдар облыстық балалар спорт мектебін басқарды, кейін балғындарға бапкерлік жасады, осы биыл қайтыс болды. Екінші ұл – ел таныған Бақытжан. Үшіншісі – Баязит, өмірден ерте өтті. Төрт ұлдың ішіндегі қыз Мағмура Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада еңбек етіп, зейнет демалысына шықты. Кенжесі Пазылхан да – аудан спортының дамуына өз үлесін қосқан азамат, футбол жаттықтырушысы.

Асылдың сынығы, атақты тоғызқұмалақ бапкері, ҚР Білім беру ісінің үздігі Бақытжан Әбілпаттаев та сиқырлы ойын әліппесін әкесінен үйренген. Кейін шеберлігін шыңдауға С.Тұрғанбаев, Б.Диханбаев, А.Қоржынбаев секілді ұстаздары ықпал етті.

Алмас кездік қап түбінде жата ма?! Тоғызқұмалақтың ұлттық сипатын ұмыттырғысы келген кеңестік-шовонистік сана оның халық жадындағы жарығын өшіре алмағаны аян. Тоғызқұмалақ федерациясының 1974 жылы құрылуы да сондықтан болатын. Ол бірақ, Тәуелсіздік кезіндегідей құлаш ұра алмады. Ұлт ойынын тұғырына көтергендердің бірі – біз айтып отырған Бақытжан Әбілпаттаев. Жақсылардың ізін басып, ісін қолға алған азамат бүгінде еліміздің атын шығарып келе жатқан талай дарынды спортшының тұсауын кесті.

Алматыдағы дене тәрбиесі институтын бітірген жас маман 1987 жылға дейін Тереңөзек аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде футбол жаттықтыру­шысы болды. Ол кезде бүгінгідей тоғызқұмалақтың халықаралық қауымдастығы жоқ, ойынға аса мән берілмеді, арнайы үйірмелер жұмыс істемейтін. Алайда, сиқырлы ойынды жанымен сүйе­тін Бақытжан бар білгенін оқушыларға, қызметтестеріне үйретуден жалықпады. Сол жанкештілігінің арқасында  өзі облыс­тың 5 дүркін жеңімпазы атанып, тәлім алушылары тоғызқұмалақтың талай жарысында топ жарды.

Бақытжан Оспанұлы О.Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бола жүріп, шәкірттерін бір тоғызқұмалақ емес, бірнеше спорт түріне тәрбиеледі. Осы күнгі еңбек сіңірген жаттықтырушы атақтары бар С.Қобыландин мен Ю.Тен де осы кісінің алдынан шықты. Ал, Қазақстан мен Қыр­ғызстанның 5 дүркін чемпионы атанған Айнұр Жақапбаева халықаралық спорт шебері атағын алды. Айнұр бүгінгі күні тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы болып еңбек етеді. «Менің кәсіби спортшы болып қалыптасуыма, өмірден өз орнымды табуыма Бақытжан ағайдың еңбегі өлшеусіз. Мен ағайға спортқа зейіні ашылған барлық шәкірттерінің атынан мың алғыс айтамын», – дейді Айнұр.

Сырдария ауданы спортының дамуына елеулі үлес қосқан футбол жаттықтырушылары Б.Ахметов пен К.Қарашаев та – Бақытжан Оспанұлының шәкірттері.

Тәуелсіздік жылдары Қызылорда облысындағы тоғызқұмалақ ойынының өріс алуына ұстаз Бақытжан айрықша үлес қос­ты. Талапты балаларды спорт мектебінде жаңадан ашылған тоғызқұмалақ бөліміне бағыттап отырды.

2011 жылы Чехияның Пардубице қаласында өткен Еуропа чемпионатында ел құрамасы ерекше ойын көрсетті. Бұл қаланың адамдары ат ойынынан басқаға көңіл аудармайды екен. Жылқылардың басын тұқыртып, аяғын тарпығанын сұлулық төресі санайтын пардубицеліктер сол жолы ой тереңдігі мен ойын сұлулығына таңырқап, тоғызқұмалақ деген керемет барын мойындапты. Сиқырлы ойын сайысын тамашалағандардың есінде Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, терең­өзектік Ақерке Кенжебекова мен Әлем және Азия чемпионатының жүлдегері Бексұлтан Бостандықовтың есімі жатталып қалғаны ақиқат.

Міне, біз білетін Бақытжан Оспанұлы – қазақтың қанша баласының томағасын алып, қияға шығарған осындай тарлан. Маңдайдан терін үгіп, кеудеден күшін сөгіп ел үшін еңбек етуден артық бақыт бар ма?!

Бәкеңнің бойындағы тамаша қасиеттер – жан тазалығы, салауаттылық пен жақсы өмірге деген құштарлық дер едік. Ұсақ-түйекке ойын былғамаған, ар-ние­тін таза ұстаған жанның жұрт сүйсінер тағы бір қыры – достыққа адалдығы. Кейіпкеріміздің бір кезде мектеп директоры болған беларусь ұлтының өкілі Николай Дашковскиймен достығы аңызға айналған.

Ол – бақытты жан. Отанасы, ардагер ұстаз Тәжігүл апа екеуі Зейнеп, Ажар, Зере, Әлсейіт, Хасан атты немерелерінің ардақты ата-әжесі болып отыр. Қызы Мадина медицина саласында, Асылханы әскери қызметкер. Кенжесі Айдос пен келіні Динара – кәсіпкер. Өмірін спорт пен сергектік өрнектеген Бақытжан әке жетпіс бес жасты желбегей жамылғандай жеңіл сезінеді. Оның осы болмысы – жан әлемін жақсылыққа арнаған жылдарының жемісі, елін сүйген еңбегінің жеңісі.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<