ТӘРБИЕ БЕСІГІ– РУХАНИ ТАЗАЛЫҚ

518

0

 «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысушы Бәйменовтер отбасы сыр­дариялықтарға етене таныс. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, бүгінде тоқсанға таянған Рахымжан Әбдіқалықұлы зайыбы Сапура Сейітжанқызымен 9 бала тәрбиелеп, олардан 22 немере, 3 шөбере сүйіп отыр. Балалары түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Ұрпақтар сабақтастығын берік ұстанған әулет қашанда абырой биігінен көрініп келеді.
Берекелі шаңырақ мүше­лері әркез тәрбие мен білімді қатар ұштастырып, ата-анадан көрген тәлімді сіңіріп, қиындықты еңсеруге, белестерді бағындыруға тәр­биеленген. Осы арқылы бүгін­гі таңда бірталай жетіс­тікке жеткен отбасы мүшелері ел дамуына үлестерін қосуда.
Рақымжан Бәйменов білім саласы мен партия орган­дарында басшы қызметтер атқарған. «Сырдария ауданы­ның құрметті азаматы» атанған ол табанды еңбек пен қажырлы қызметті ұштастыра білді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де салауатты өмір салтын ұстанып облыс, аудан көлемінде ардагерлер ара­сындағы жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп келеді. Ізін жалғар ұрпақтары да әке салған сара жолмен ел мәртебесі, отбасы берекесі үшін қызмет етуде.
– Өмір жолым ұстаздық қызметтен басталды. Мұға­лім­діктен соң, аудандық партия ұйы­мында нұсқаушы, бөлім басшысы болдым. Мек­теп дирек­торы қызметін де ат­қардым. Ағартушылық, білім саласынан зейнеткерлікке шықтым. Отбасы – ұлы құндылық. Осындай игі шараны ұйымдастырушы жандарға алғысым шексіз, – дейді ардагер ұстаз Рахымжан Бәй­менов.
Әулеттің отанасы Сапура Бәйменова «Алтын алқа», «Күміс алқа», І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені, І-ІІ дәрежелі «Ана» медалі, «ҰОС жылдарында тылдағы еңбегі үшін», «ҰОС 70 жылдығы» медалімен марапатталған. Алтын жүректі анаға ең бастысы – перзенттерінің амандығы. Балаларының қызығын бірге көрген қос қария немерелерінің жетістігіне әрқашан марқайып отырады.
– Тәрбие бесігі – рухани таза­лықтан басталады. Ата-ана, ең алдымен, өзара сыйлас­тығымен, қа­ра­пайым­дылығымен, қайы­рым­­ды­лы­ғымен, адалдық, шын­­шыл­дығымен, уәдеге берік­ті­гімен, рухани және тән таза­лығымен ерекшеленуі керек. Яғни, жаман әдет-қылықтардан ада болса, адамгершілік қасие­тімен ұрпағына өнеге бола білсе, жақсы тәрбиеге сол негіз болады, – дейді батыр ана Сапура Сейітжанқызы.
Іргелі әулетте өзіндік отба­сылық құндылық қалып­тасқан. Бұл ұстаным, атадан балаға мұра болып қала бермек.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
«Сыр бойы».
Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<