Ұлы дария аттас аудан

2019

0

Қызылорда облысының тарихы терең, әл-ауқаты мықты аудандарының бірі – бұрынғы Тереңөзек, ұлы дариямен аттас қазіргі Сырдария ауданы 90 жылдан астам жылнамасында, тарихтың талай бетбұрысында өзінің лайықты орнын алды. Қандай кезең болмасын ұлттық әдет-ғұрып мен салт-дәстүрге беріктік танытты. Тарихында, әлеуметтік, саяси және экономикалық өркендеуі барысында, бұрынғы қоғамда да, тәуелсіздікке қол жеткен жаңа заманда да бүкіл елге ортақ саяси-қоғамдық оқиғалардың бәрін басынан өткізді. Алғашқы ұжымдастыру, мал-мүлікті тәркілеу, халықты қынадай қырған ашаршылық, озық ойлы, ұлтжанды, егемендікті аңсаған азаматтарды қудалау, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың көтеру, тағы басқа ауыр кезеңдерден тыс қалған жоқ. Осы күрделі де қиын кезеңдерде талай азаматтарын жоғалтты.

Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы – тәуелсіздікке қол жеткеннен кейінгі өтпелі кезеңнің де ауыртпалықтарын артқа тастап, жаңа заманның талабына сай нарықтық экономиканы орнықтыру, барлық салалардағы реформаларды жүзеге асыру, қоғамды жаңарту жолындағы процестердің бел ортасында жүріп, қиындықтарға төтеп берді. Аудан халқының ынтымағы, ауызбіршілігі, ұйымшылдығы, еңбекқорлығы арқасында бүгінгі өсу, өркендеу дәуіріне жетті.

Биыл Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Тарихи қысқа мерзімде аудан әлеуметтік-экономикалық жағынан зор жетістіктерге жетті. Тәуелсіздікті орнықтыруда небір күрделі жағдайлардан, дағдарыстардан, қиыншылықтардан, сынақтардан өтті. Тамырын тереңнен тартқан, әрбір күрделі кезеңді абыроймен жеңіп, табысқа жетіп отырған жасампаз да іргелі ауданның өткені мен бүгінгі тарихын талдау, әлеуметтік-экономикалық дамуын салыстырмалы көрсеткіштермен көрсету менің бүгінгі шағын мақаламның міндетіне кірмейді. Сондықтан Сырдария ауданының кейбір ерекшеліктері мен өзгешеліктеріне, ең басты құндылық – елге еңбегі сіңген тұлғалар мен майталман еңбек адамдарына тоқталып өтсем деймін.

Біз жастау кезімізде бұрынғы Тереңөзек ауданының төңірегі сулы-нулы, қалың қамыстың арасында жолбарыс жүреді екен деген әңгімені еститінбіз. Жолбарысты көрмегенмен, сулы-нулы елді мекендерді көрдік. Кейде қиялға беріліп, сол уақыт қайтып келіп, тоғай арасында жолбарыстар жүрсе деп ойлаймын. Осындай азулы аңды көрген жас жігіттеріміз арыстандай азулы, айбатты, рухты, жолбарыстай жүректі, жігерлі болып өссе екен деген тілек.

Тағы бір дуалы ауыз, зиялы кісіден естіген аңыз жиі есіме түседі. Ол кісі былай деп еді: «Ертеде Тереңөзектің орнында үлкен терең көл болыпты. Сол көлде ылғи алтын балық жүзіп жүреді екен, сол алтын балықтар көбейіпті. Менің ойымша, тереңөзектіктер – ерекше қасиетті алтын адамдар». Солардың ішінде Орталық комитеттің мүшесі, Жоғарғы Кеңес депутаты, Кеңес Одағының Батыры, Социалистік Еңбек Ері, атақты ақын, көрнекті жазушы, министрдің орынбасары, Республика Жоғарғы сотының төрағасы, республиканың еңбек сіңірген қайраткері, композитор, әнші, профессор, ғылым докторы, кандидаты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Білім беру ісінің үздігі, атақты спортшы, суретші, архитектор, скульптор, аудан әкімі, республикаға еңбегі сіңген дәрігер, майталман еңбек ардагерлері, көсем де, шешен де, әулие де – бәрі-бәрі бар. Шынында бұрынғы Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданы халқы еңбекқор, бірсөзді, ұйымшыл, ынтымағы мен берекесі жарасқан. Арыз-шағым айтумен жұмысы жоқ, көп жағдайда туындаған кейбір мәселелерді өздері шешеді.

Сырдария ауданының 90 жылдық тарихында, тар жол, тайғақ кешу жылдарында ержүрек батырлар, елін қорғаған азаматтар көп шыққан. Солардың арасында Қарақұмда байлар мен қарақшылар қолынан қаза тапқан Серікбай Жакеев пен Жылқыбай Құттыбаевтың шынайы ерлігін атап өтуге болады. Қазіргі уақытта Тереңөзек кенті орталығындағы Тағзым алаңында боздақтарға арналған ескерткіш бар. Сондай-ақ Нұрмағанбет Мұратбаев Ғани Мұратбаевтан тәлім-тағылым алған. Комсомолдық жолдамамен Ферғанадағы басмашыларға қарсы күреске шығады. Кейіннен 1930-1933 жылдары Қарақалпақстанда аудандық партия комитетінің хатшысы болды. Қызылордаға келгеннен кейін Нұрмағанбет Мұратбаев облыс партия ұйымдарында қызмет етіп жүрген шағында 1943 жылы қайтыс болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ел басына зұлмат төніп, ер-азаматтар майданға аттанды. Отан қорғау жолында 1800-ден астам тереңөзектік жауынгер қаза тапты, 1283 адам жанкешті ерлігі үшін әскери орден-медальдармен наградталды. Солардың ішінен Кеңес Одағының Батыры атағын алған Нағи Ілиясов пен Жаппасбай Нұрсейітовты айрықша атауға болады. Екеуі де майданнан аман орaлып, елге, туған жерге қызмет етудің үлгісін көрсетіп, өмірден өтті. Жаппасбай Нұрсейітовтың атында Қызылорда қаласында көше мен мектеп бар. Былтыр  Нағи Ілиясовтің 100 жылдық мерейтойы аталып өтіп, атымен аталатын №9 мектептің алдына ескерткіш-мүсін ашылды. Республикаға әйгілі ауыл оның атымен аталады.

Бұрынғы Тереңөзек ауданының шаруашылықтарында мемлекет есебіндегі төрт түлік мал бар болатын. Қараөзек, Іңкәрдария шаруашылықтары қой өсірумен айналысты. Мал шаруашылығы – өте күрделі сала. Сондықтан ол зиянмен жоспарланады. Қажетті жем-шөп дайындау, сүт өндіретін кешендер, қыста қыстауға, жазда жайлауға көшу – қыруар шығын.  Дегенмен, қазақтың малсыз күні жоқ. Ешуақытта ауыл тұрғындарын малдан айыруға болмайды. Ертеректе «мал-жаның аман ба?» деп амандасады екен. Алдымен малды сұрауы бекер емес қой.

Қазіргі уақытта мал түгелімен жеке сектордың қолында, статистикалық есеп сол арқылы беріледі. Осындай күрделі саланың барлық бейнетін өзінің тынымсыз еңбегімен көтерген майталмандар болды. Солардың ішінде шопан Социалистік Еңбек Ері Ахмет Халықов, «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері», сауыншы Сәуле Өмірзақова, «Ленин» орденінің, Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының иегері, Қазақ КСР Жоғары Кенесінің депутаты болған шопан Рабиға Іздіқұлова ел құрметіне бөленді. Мал шаруашылығы саласындағы осындай еңбек майталмандарын көптеп мысалға келтіруге болады.

Сырдария ауданының тағы бір артықшылығы – халқы диқан, егін саласының барлық дақылдарын өсіріп, өнім алуда алдына жан салмайды. Облыстың ең күрішті ауданы Жалағашпен бірге «күріш фабрикасы» атанған. Диқандар күріш өсіруден рекорд жасап, табысқа жетіп жатса, еңбек талай озаттарды көкке көтерді. Ұлы Отан соғысынан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында бидайдан мол өнім алған Социалистік Еңбек Ері Күләнда Әбдіраманова ауданда еңбек батыры атанған бірінші әйел болса, Ибадулла Ақниязов, Дүйсенбай Керейтбаев та облыста бидайдан рекордтық өнім алғаны үшін Социалистік Еңбек Ері атанды. Күріш өсіруден Қасым Бөдеев, Цой Ги Хва, Балдырған Мұстапаева Социалистік Еңбек Ері атағын алып, абырой биігіне көтерілді. Осы жерде атақты еңбек майталманы Абат Сүлейменовтың өнегесі ерекше. Күріш өсірудегі зор табыстары үшін «Ленин» орденімен марапатталды, 1983 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері болды. Кейін артта қалған мал шаруашылығын көтеру үшін осы салаға ауысып, одан да табыс биігінен көрініп, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Облыста мұндай марапат өте сирек кездеседі.

Сырдария ауданының тағы бір өзгешелігі – әдебиет, өнер саласындағы тума таланттарға бай. Бір кездерде Тереңөзек ауданынан Қазақстан Жазушылар одағының 16 мүшесі бар екен деп айтып жүретінбіз. Қазір оны ешкім санаған жоқ, артық болмаса, кем емес шығар. Ертеректен бастасақ Ұлбике Жанкелдіқызы, қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлы, классик ақын-жазушылар Әбділдә Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов, Асқар Тоқмағамбетов, Әбіраш Жәмішев, Әбілмәжін Жұмабаев, Төлепберген Тобағабылов, Қуаныш Баймағамбетов, Сейфолла Оспанов, Жүсіпбек Арыстанов, Қанапия Дәрібаев бүкіл қазақ еліне, мұсылман әлеміне әйгілі болса, осы кісілерден кейінгі буын Иранбек Оразбаев, Жадыра Дәрібаева, Асқар Кіребаев, Қайырбек Асанов, Несібелі Рахметова, композитор Рамазан Тайманов, көркем суретші Шәкірбек Сәменов, мүсінші Жаркен Смағұлов, әнші Жеңіс Ысқақова туған жердің атын асқақтатып, мәртебесін биіктетіп жүр.

Бұл ауданды қалың көпшілік басшыға жарыған деп айтады. Арғы-бергісін қозғалмай-ақ, өзім тәрбиесін көріп, ісін жалғастырған аудан басшылары туралы қысқаша айтсам деймін. Ауданның байырғы тұрғындары Тереңөзек аудандық партия комитетінің 1957-1962 жылдары бірінші хатшысы болған Нұрқасым Бердіқұловтың іскерлігі, әділдігі, батылдығы туралы жақсы сөздер, жылы лебіз айтып отырады. Біз тәлім-тәрбиесін көрген аудандық партия комитетінің 1963-1975 жылдардағы бірінші хатшысы Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың басқару әдісі, шегелеп сөйлейтін шешендігі, берген тапсырмасының орындалуын бақылауы, ұйымдастыру қабілеті – бөлек әңгіме. Бір ауыз сөзбен айтқанда, өз басым 50 жылдай мемлекеттік қызметте болып бұл кісі сияқты қайраткерді кездестірген емеспін. Ол кісіден кейінгі аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары Нәлқожа Ергешбаев, Жолдасбек Ердешбаев, әкімдік институты енгізілгеннен кейінгі аудан әкімдері Әріп Хожбанов, Ибрагим Әбибуллаев, Сұлтанбек Тәуіпбаев, Ғизат Әбілтаев, Ғанибек Қазантаев, Талғат Дүйсебаев әрқайсысы Сырдария ауданының өсіп-өркендеуіне, халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына барлық мүмкіндікті жұмсады. Ал, ауданды бұрын басқарған Қонысбек Қазантаевтың, Нәлқожа Ергешбаевтың балалары Ғанибек Қонысбекұлының, Мұрат Нәлқожаұлының ауданды басқаруы мұрагерлік, болмаса әкенің атын пайдалану емес. Бұл түсінген адамға ұрпақтар сабақтастығы, кім де болса ұрпағының өз ісін жалғастырғанын қалайды. Ғанибек Қонысбекұлы ауданды басқарған кезде Тереңөзек кентінің аумағын кеңейтті, жаңа көшелер ашты. «Әйтектің» сол жағалауын игерді, қазір жер алған тұрғындар үй салып жатыр. Оның үстіне жаңа көшелерге Тереңөзектің өмірден өткен ардақты азаматтарының атын берді. Өз басым осыны мен неге істемедім деп сұрақ қоямын. Сонымен қатар, бұзылып, істен шыққан бірнеше ғимаратты жөндеп, іске қайта қосты. Істің көзін табу деген осы. Мұрат Нәлқожаұлы Қызылорда қаласының әкімінен бастап төртінші ауданды басқарып отыр. Сол қызметтің бәрін қабілеті болған соң берген шығар. Оларға жұмыстарына табыс тілеп, тізгінді қаттырақ ұстаса екен деген тілек білдіремін.

Сырдария ауданының келесі бір ерекшелігі – аудан шаруашылықтарын басқарған, бұрынғы терминмен айтқанда, совхоз директорлары өте мықты кадрлар болды. Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов, екі «Ленин» орденді Жаңабай Азаматов, Әділ Атахаев, «Ленин» орденді Шамахан Құндызбаев, Нұрылла Нақыпов, Аббас Камалатдин, Қожабек Дәдікбаев, Сейілбек Асқаров, Бақыт Мыханов, Құрман Ысқақов, Тұрмахан Арапов, Алдаберген Құлбаев, Мұратбек Сырлыбаев, Әділхан Мәлібаев – бұлардың бәрі бір-бір ауданды басқаруға жарайтын, ауыл шаруашылығының ірі ұйымдастырушылары, қабілетті кадрлар. Осы мақаланы оқыған Сырдария ауданының кейбір кадрлары мені неге айтпаған, еңбегім бар еді ғой деуі мүмкін. Егер ауданның жоғарыда айтылғандай алтын адамдары туралы қалдырмай жаза берсем ол мақала емес, кітап болар еді.

Қазіргі уақытта Сырдария ауданы өзінің даму жолына түсті. Осыған байланысты былтырғы біршама көрсеткіштерді келтіріп кетуге болады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 4 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 2019 жылмен салыстырғанда өнім көлемі 51,1% ұлғайды.  Биылғы жылдың 1 қаңтарына ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі  16,3 млрд теңгені құрап,  2019 жылмен салыстырғанда 1,8% өсті.  Былтыр 33110 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріш 21128 гектар жерге егілді. Күріш егістігінің әр гектарынан  63,5 центнерден өнім алынып, аудан бойынша барлығы 134,2 тонна күріш салысы жиналды. Күрішке байланысты бұл көрсеткіш бұрын-соңды болмаған көлем мен өнім, аудан үшін рекорд деуге болады. Ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 2,8 млрд теңгені құрайтын 71 әртүрлі техника, оның ішінде «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 33, өз қаржыларына 38 техника сатып алды.

Экономиканы өркендетудің бірден-бір жолы кәсіпкерлікті дамыту екені анық. Қазіргі нарықтық экономика кезеңінде елімізде кәсіп ашуға мол мүмкіндік жасалуда. Соның нәтижесінде, өткен жылы ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10,9% (219 бірлікке) ұлғайды. Ал жұмыс жасайтын субъектілердің саны 2019 жылмен салыстырғанда  10,2%  (215 бірлікке) артты. Биыл Сырдария ауданы 20800 гектарға күріш егіп, оның әр гектарынан 60 центнер өнім жинады. Қуаңшылық жылының қиындықтарын ескерсек, бұл көрсеткіш – диқандардың тынымсыз еңбегінің жемісі.

Ауданда кейінгі жылдары халықты таза ауызсумен қамтамасыз етуде қарқынды жұмыс жүргізілді. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында 14,4 млн теңге қаржы бөлініп, Жетікөл ауылындағы тұрғын үйлерді сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылды. Нәтижесінде, Сырдария – облыс бойынша ауызсу мәселесі шешілген бірден-бір аудан. Осы келтірілген көрсеткіштердің өзінен ауданның өсу, даму бағытын байқауға болады.

Әрине, қазіргі дүниежүзін жайлаған пандемия облыс, аудан экономикасының, оның ішінде кіші және орта кәсіпкерліктің дамуына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Оның үстіне биылғы су тапшылығы көктемгі науқан кезінде қиындық келтірді. Бұл жағдай біздің ауыл шаруашылығын ұйымдастырушыларды суды тиімді пайдалану жолын іздестіруге, келесі жылдың егінін орналастыру үшін осы бастан қам жасау керектігіне көзін жеткізді. «Жер туралы» Кодексте суармалы жер туралы арнайы бап бар, сол заңдылықтарға сүйене отырып, ауданға қажетті су көлемін алу үшін қай органның алдына мәселе қою керек, қай каналды, қашыртқыны тазалау керек, қай гидротехникалық құрылғыны жөндеу керек, есептеп, ыждағаттылықпен іздену керек. Осындай күрделі жағдайларға қарамастан, аудан халқы өзін-өзі қамтамасыз етуге, кәсіппен айналысуға, әлеуметтік-экономикалық дамуға үлес қосуға ұмтылуда. Сондықтан қай салаға болса да сәттілік, нәтиже тілеймін, ауданның болашағына сенемін.

Мен осы ауданның тумасымын, бұл – жерұйығым. Жерлес жазушы Төлепберген Тобағабылдың сөзін келтіргім келеді: «Менің Мысырым да, Мекке, Мәдинам да – осы жер. Бет түзер құбылам да, адастырмас шұғылам да, тұғыр-тұрағым да, өшпес шырағым да – осы жер. Шешем мені тапқан жер, әке-шешем жатқан жер болғандықтан да солай» Туған жер туралы осыдан асырып қалай айтуға болады. Осы жерде туып-өсіп, мектеп, жоғары оқу орнын бітірген соң, 40 жылға жуық еңбек еттім. Ауданның өсіп-өркендеуіне азды-көпті үлес қостым. Қызметке ерте араластым, аудан халқы мені сыйлады, төрге шығарды, алақандарына салып аялады. Жас шағымда қызымыз деп еркелетті, абырой-бедел алып берді. Сыр бойының, оның ішінде бұрынғы Тереңөзек, қазіргі Сырдария аудaнының тумасы болғанымды мақтан етемін.

Алмагүл БОЖАНОВА,

Сырдария ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<