Ұлы теңізші немесе теңізбен егіз

1153

0

Атағы елімізге ғана емес, дүние жүзіне белгілі классик жазушы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов дүниеден озғалы екі айдан астам уақыт өтті. Мен оның жазушылығына, шығармашылығына, әдеби зертханасына тоқталмаймын, әйгілі кітаптары туралы ештеңе жазбаймын. Себебі оның кітаптары туралы елімізде сыншылар, зиялы қауым, қарапайым оқырманнан бөлек дүние жүзінің оқырмандары, оның ішінде атақты жазушылар, сыншылар ірі суреткерге  өз бағасын берген. Қазақстандық оқырмандардың жақсы пікірінен бөлек француз жазушылары Луи Арагон, Андре Стиль «Қан мен тер» – ұлы роман» десе, Испанияның әдебиет сыншысы Аугуст Видал, бельгиялық  Жорж  Буйон трилогияны әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс деп, Әбекеңді әлемдегі мықты, атақты жазушыларымен қатар қояды. Басқасын айтпағанда осы бағалар да жетер.

Ауылдасы, інісі болғандықтан Әбдіжәміл көкемнің табиғи қалпын, қарама-қайшылыққа толы жан-дүниесін, өзім білетін кейбір жайттарын, кірпияз болмыс-мінезін айтсам деймін.

Әбе көкеміз екеуміз де Арал теңізінің Құланды елді мекенінің «Шығанақ» бөлімшесінде 14 үй балықшы отбасында дүниеге келдік. Сол «Шығанақта» жатып ол өзінің атышулы «Қан мен тер» романын жазды.

Әбенің әкесі Кәрім атамның туған інісі Қали әкеміз  менің әкем Сұлтангереймен  түйдей құрдас еді. Мені көрген сайын Әбе көкем екеуінің арасындағы достық қарым-қатынас пен бір жылдың төлі болғандықтан араларындағы қалжыңдарды, қызық оқиғаларды сан рет айтудан жалықпайтын. Оларды әсерлі етіп шабыттана айтатын. Жақсы сөз жан семіртеді емес пе әрі әкем туралы айтқанда, жаным жадырап ата, аға, әкелерім еске түсіп, оларды сағынышпен көңілімнен өткізуші едім.

Ә.Нұрпейісовтің кітаптары әсіресе, «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдары өзге оқырмандарға қарағанда бізге ерекше жақын, ерекше түсінікті, ерекше қымбат. Ерекше түсінікті болатын себебі, ол кітаптардағы кейбір сөздерді сол жердің адамдары болмаса, басқа оқырмандардың түсінуі қиын, яғни олар – тек сол маңды мекендеген теңізшілердің (халықтың) сөздері. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысалы: «қалқарази», «қасқа-қасқа», «промсол», «қоңторғайлау», «сәдеттеп», т.б кейбіреулерін айтсақ та жеткілікті болар.

Ерекше жақын болатыны, оқиғалар мен кейіпкерлер – бізге таныс, өмірде болған адамдар. Олар – біздің аға, әке, аталарымыз. Мысалы, Судыр Ахметтің прототипі бірнеше адамның жиынтығы. Соның басында, көбінесе Сырғабек атамнан алынған. Сөзіміз ауыр болмасын, топырағы торқа болғыр сол атам өз ұстанымы бар, өзіне әртүрлі жақсы қасиеттер дарыған адам еді. Әрине көркем шығарма болғасын суреткер, талғампаз стилист өз елегінен өткізіп кейіпкерді сомдайды, оған өзінше мінез-құлық, т.б береді.

Жұмыс ретімен, ағайын-туғанның шаруасымен, кейде демалу үшін Алматыға жиі барушы едім. Сол қалада бауырым Сансызбай Құттыбаев тұрды. Мен барғаннан кейін туған ағасы болғасын шәй беретіні, амандық-саулық сұрасатыны түсінікті. Сол шақырысқа көбінесе Әбекең көкем де шақырылатын. Ол кейде өзінің досы Зейнолла Қабдоловпен, кейде бұрынғы министр інісі Құдайберген Саржановпен, кейде көбінесе өзі келеді. Сол кездесулерде ауыл, оның адамдары туралы көбірек айтылатын. Көңілді отырыстың бірінде Әбе көкеме «сіз Кәленнің образын кімнен алдыңыз?» дедім. Жарықтық сәл-пәл үнсіз отырды да, өңіне күлкі үйіріліп «қасиетті Кәдір ақсақалдан» деді.

Қуанғаннан:

– Ойбай, көке, ол кісіні танимын ғой, жыңғылдың (бұл өсімдік біздің жерде көп өседі) ағашын беліне ұстап, оған екі қолын сүйеп алыстан айқайлап сөйлейтін атамыз еді, – дедім.

– Біліп тұрсың бала, иә, алыстан бекер айқайлап жүрген жоқ. Жасым алтыда, түс мезгілі. Ол бізге жақын өтіп бара жатыр еді, жүгіріп барып сәлем бердім.

– Бақытты бол, қай баласың? – деп бетіме қарады.

– Кәрімнің баласымын.

Енді басқа жаққа қарап:

– Е, Кәрімнің баласы екенсің ғой, жақсы жігіт бол, әкеңе менен сәлем айт. Осыдан кейін мен ес-түссіз екі күн жатып, әрең өзіме келдім. Жарықтықтың көзі өткірлігін бала мен қайдан білейін. Өмірімде бірнеше рет өліммен бетпе-бет келдім, соның бірі осы еді.

Аса күрделі, көрнекті жазушыға бір таңғалғаным, жадының мықтылығы еді. Бұдан 70-80 жыл бұрынғы оқиғаны қай жыл, қай ай екенінен бөлек, сол күні қай мезгіл екеніне дейін дәлдікпен айтатын. Соның бір дәлелі – осы оқиға.

Ал енді ерекше қымбат болатыны, кітаптарындағы оқиғалар ауылдағы кәріқұлақ қариялардың (олардың біразын білеміз) аңыздары, болған оқиғалар, солардың айтқан әңгімелері – кейбір тараулардың арқауы. Мақтанды демеңіздер, соның ішіндегі кейбір оқиғаларды менің нағашым Есіркеген Құлтасов (оны үлкен аға дейтінмін) айтқан. Мысалы: «Көк ешектің басында кендір ноқта, көк ешек барың болса ырғалақта, о, қасқа, қасқа» деп басталатын өлең шумақтары кітабында бар. Басқа да оқиғаларды айтқан көптеген адамдарды келтіруге болады. Әбекеңнің өзі де бізбен кездескенде кейде орысшалап «с вами мне нет общего» дейтін. Бұл сөзді қазақшаламаса да түсінікті әрі не айтқысы келгені белгілі. Осы ойын жалғастырып «ауылдың «кір сақал» (мэтр бейнелеп айтып отыр) шалдарын көрсем, жылап көрісер едім» деп өткен күндерді, ақылман аға, аталарын сағынышпен еске алатын.

Осыдан 55 жылдай бұрынғы кездесу еріксіз есіме түсіп отыр. Ол шамамен 1967 жыл еді, ол кезде біз Әбекеңнің ауылдас, жерлес-інілері Алдоңғар Тілеуов, Сансызбай Құттыбаев, Алпысбай (Жәйберген) Байтоғанов, Шайхы Сламбаев, Жайлаубай Имашев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алған Мырзан Кенжебай, т.б. Алматыдағы жоғары оқу орындарының студенттері едік. Бір күні мен оқитын сол кездегі Қазақстандағы С.Киров (қазіргі әл Фараби) атындағы жалғыз университетте Әбекеңмен кездесу өтті. Сол кездесуге университет оқытушылары, студенттер қатыстық. Ол кезде «Қан мен тер» романы жақында жарыққа шығып, оқырман мен сыншылар тарапынан үлкен резонанс тудырып жатқан. Роман қызу талқыланды, көптеген марапат-мақтаулар айтылды және сонымен бірге сын мен ұсыныс-пікірлер де болды. Есімде ерекше қалғаны, сөйлегендердің кейбіреуі кітаптағы оқиғалар бірыңғай мұңға толы, атыс-шабыс, қайшылықтар мен бірін-бірі түсінбеушілік, тағы да осы сияқты өмірдің көлеңкелі жақтары көп екенін айтты. Адам бар жерде неге той-томалақ, жақсы демалыс кештері, қазақтың жақсы салт-дәстүрлері, жанға шуақ шашатын сәттер өте аз көрсетілгенін де қадап айтты. Кездесу соңында Әбе сөз алды:

– Мен жақында ғана Москвадан оралдым. Осы кітапты сол жақта оқырмандар мен атақты сыншылар талқылады. Талқылау қорытындысы  әлі бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланған жоқ. Менің таңғалғаным, сол Москвадағы сын-ескертпе, пікірлерді сіздер дәл солай қайталап отырсыздар. Әсіресе өмірлік тәжірибесі аз, бірақ, оқыған-тоқығаны, өмірден түйгені көп студент балаларыма ризамын. Өзім де кітаптың осал тұстарын сеземін. Келешекте кітаптың бір тарауын болмаса тарауға қосып «Айғаншаның әні» деген қосымша жазам, – деп уәде берген еді.

 Әбекең туған жері Аралға жиі келетін. «Дәм-тұз айдап кең дүниенің қай қиырында жүрсем де, Арал теңізі мен Арал даласы бір сәт есімнен шығып көрген емес» деп жазған да, айтқан да. Арал теңізі біраз тартылған кезінде туған жері теңіздің Құланды елді-мекеніне келгенде қасында жерлестері, т.б. бар теңізге қарап «Бағы тайған жігіттей» деп біраз үнсіз тұрды. Қанша төзімді, қайсар болса да, сол кезде асау толқындары жағаға соққан теңіздей теңселіп толқып еді. Оның ойы бізге түсінікті. Себебі ол нағыз теңізші еді, теңізбен өзі де, ата-бабалары да тағдырлас еді. Осындай кезде, үнсіздік сәтінде өзінің құрдасы, бала кезден досы, Ұлы Отан соғысына бірге аттанған Қалует Тілеуов ағам (қазіргі Құланды жылқы зауытының бас директоры Алдоңғар Тілеуовтің әкесі) басу айтқандай болды.

Қазақ көркем әдебиетін жаһандық деңгейге көтерген қаламгердің мінезі күрделі де қызық еді. Бейнелеп айтқанда «бірде көл, бірде шөл». Кейде отырыстың басынан аяғына дейін өзі сөйлейтін, ал кейде дым үндемей, «мен бүгін сөйлемеймін, тек сендерді тыңдаймын» деп тіл қатпайтын. Бір кездескенімізде тартысты, қырсық, қыңыр жағдайларды айта келіп «мен Көткеншек Көшенмін ғой» («Соңғы парыздағы» кейіпкерді айтып отыр) деп рахаттана күлген. «Ұлы» деген сөзді айтпаңдар, қолданбаңдар. Ұлы тек Жаратушыға лайық, соған жарасады» деуші еді жарықтық. Өмір бойы еш уақытта туған күнін тойламағаны, еңбегі мен батырлығы үшін алған  орден-медальдарды тақпағаны, өзіне айтқан асыра мақтауды ұнатпайтыны оқырмандарға бұрыннан мәлім.

Әбе көкем дүниеден өткенде өзін туған жері «Шығанаққа» қарайтын Беларан етегіне, теңіз көрінетін жерді өзі тірі кезінде қаздырып белгі қойған, сол жерге жерлеуді аманаттаған. Тіпті «менің бетімді топырақ жапқанда айқайлатып-шулатып, даңғырлатып, салдырлатпаңдар» деген. Себебі бұл жерде анасы Балкенже жерленген, Ұлы Отан соғысына қатысып Тернополь қаласы маңындағы шайқаста ерлікпен қаза тапқан әкесі Кәрімнің жерленген жерінен топырақ әкеліп салынған. Осы аманаты арқылы ата-анасының қасында болуымен қатар, Арал өңіріне әлемнің назарын аудартқысы келді ме екен? Кім білген?

Дегенмен Нұрпейістің қызы Сағирадан туған, Журналистер одағы сыйлығының екі дүркін лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Мырзан Кенжебай (Әбенің жиені) мен ақтөбелік бизнесмен Марал Итіқұлов екеуі Әбекеңнің үйіне барғанда бұрынғы аманатын айта келіп, өмірден озғанда Алматыға жерлеуді айтқан.

Ағылшынның ұлы ақыны, асау (шатақ, қыңыр емес) Джордж Гордон Байрон «менің нағашым теңізші болса да, мақтанбаймын» деген екен. Сабазың қалай-қалай сілтейді? Неге «менің нағашым лорд болса да, премьер-министр болса да, сенатор болса да, капитан болса да мақтанбаймын?» демейді. Себебі кейбір қауіпті мамандықтар, қауіпті жұмыстар бар. Соның ішінде аса қауіпті мамандықтың бірі – теңізші-балықшы. Оның қауіпті екенін көп адамдар біле бермеуі мүмкін. Теңізші (балықшы) ылғи тәуекелмен жүреді. Теңіз – тәкаппар, қаһарлы, қасиетті, құдіретті. Теңіздің тылсымы көп, аяқ астынан мінез көрсетеді. Тып-тыныш болып толқындары баяу тербеліп жағаға соққанда, кенет алапат дауыл тұрады, толқындар дүмпиді, жал-жал түйе, тау толқындар пайда болып, көк теңіз буырқанып, бұрқанып алай-түлей болады. Осындай жағдайға қарамай біздің аға, әкелеріміз теңізге күн сайын балық аулауға шығатын, себебі теңіздің мінезін білетін, теңізбен гармонияда болатын. «Егінші жауында демалады, балықшы дауылда демалады» деген мақал оларға жүрмейтін.

Ғалымдардың айтуы бойынша мұхитқа қарағанда, ғарыш көбірек зерттелген, ал мұхит әлі де көптеген құпияларын сақтауда. Олай болса теңіз – мұхиттың бір саласы, бір тармағы емес пе?

Осыған байланысты қысқаша бір жайтты айтайын. Әкем Құттыбаймен (әкемнің туған ағасы) теңізге ау қарауға шығатын болдық. Далаға шықсақ, әкем «жел терістен екен» деді. Терістен дегені балықшыға қолайсыз, қатты жел, тіпті дауыл тұрып кетуі мүмкін деген сөз, яғни теңізге шығу өте қауіпті. Қорыққанымнан, «әке, бүгін бармайық» дегенімде, «балам, ескек аман болсын» деді. Сонымен теңізге шығып қатты жел тұрып қайығымыз алып толқындармен соғысып шайқалып, көп су төгіліп, қайық селкілінен (тербелісінен) басым айналып, жүрегім айнып, құсып жағаға әрең жеттік. Ұлы Отан соғысының қаһарманы, теңіз сырын білетін қайран әкем айтарлықтай ештеңе болмағандай жай ғана «бұл – теңіздің мінезі ғой» деді.

Арал теңізін (дүние жүзіндегі мөлдір теңіздің бірі) айтқанда оның жазушылық, азаматтық ісі мен жоқтаушысы болған, теңіздей терең, теңіздей құпия, теңізбен егіз, ұлы тұлға, әдебиетіміздің мэтрі, ұлы теңізші Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов әр уақытта еске түседі, ойға оралады.

Қырымбай Мұхамбетяров,

зейнеткер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<