Ұрпақ жадында жаңғырған ерлік

445

0

Тарих парағына «Арықбалық шайқасы» деген атпен енген әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыз бастаған көтеріліс қазақ халқының өмірінде өшпес орын алғаны анық. Биыл сол оқиғаға 165 жыл толды.

Танымал жазушы Молдахмет Қаназдың «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітабында 1857 жылдың қаңтар айында Арықбалықта үлкен шайқас болғаны баяндалған.

«Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Фитингофтың отрядында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, бар еді» деген дерек көпшілікке жақсы мәлім.

Сондай-ақ жазушы «1857 жылдың 5 қаңтарында зеңбіректердің әр түрінен 103 снаряд, 9 қаңтарда 205 снаряд, осы аралықта көтерілісшілерге әртүрлі қарудан 3221 оқ атылды. Бұл оқтардың барлығы далаға емес, қазақтарға атылған. Бейкүнә пақырлардың біразы ұрыс алаңы – Арықбалықта жан тапсырды. Көтерілісшілердің ізіне түскен А.Бутаковтың жазалаушы отряды 9-11 қаңтар аралығында 212 ағаш үйдің шаңырағын талқандап, керегелерін қиратып жылынды, солдаттарға тамақ пісіру үшін отқа жақты. Осы жолы қазақ шаруаларының 1239 малы бекініске айдап әкелінді. Оның сыртында 300 қой солдаттарға азыққа берілді, жол бастап жүрген сұлтандарға сыйға тартылды» деген деректер келтірген.

Жуырда Әйтеке би кенті орталығында орналасқан Жанқожа Нұрмұхамедұлына арналып салынған кесенеде Арықбалық шайқасының 165 жылдығына және Жанқожа батыр кесенесінің салынғанына 30 жыл толуына арналған  «Халқының туған бағына, батыр баба Жанқожа» атты рухани-танымдық іс-шара өтті. Жиналғандар Арықбалық шайқасында құрбан болған марқұмдарды еске алып, бабалар рухына Құран бағыштады.

Іс-шара шымылдығы Марат Жақсылықов басшылық жасайтын Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған театрландырылған қойылыммен басталды. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев өткеннің ұрпақ жадында жаңғыруы үшін мұндай басқосулар маңызды екенін айтты.

–  Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыздың есімі өктем жауға қарсы азаттық туын көтеріп, өмірінің ақырғы күніне дейін аттан түспеген батыр ретінде біз үшін әрдайым жоғары тұрады. Биыл тарихта Арықбалық шайқасы деген атаумен қалған көтеріліске 165 жыл толды. Ал, Қазалы ауданындағы киелі орындардың бірі саналатын Жанқожа баба кесенесінің салынғанына 30 жыл болып отыр. Қазалылықтар үшін киелі осынау кесене тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, қиын-қыстау кезеңде салынды. Соған қарамастан халық жұдырықтай жұмылып,  аз ғана уақыттың ішінде сапалы етіп аяқтады. Халықпен бірге болып, құрылыс жұмыстарына белсенді атсалысқан азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар  құрылыстың салынуына сол кезде белсене атсалысқан азаматтарға Алғыс хаттар табыс етті. «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов кесене іргетасының қалай қаланғанына, ел-халықтың ыстық ықыласымен бой көтергеніне тоқталды.

Рухани іс-шара мұнан әрі жыршылар мен жазба ақындардың фестиваліне, қылқалам шеберлерінің туындылары қойылған көрмеге ұласты. Өнерпаздарға Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі әзірлеген түрлі номинациялар беріліп, Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің ұжымы дайындаған бағалы сыйлықтар тапсырылды. Жанқожа батыр ұрпақтары баба рухына арнап Құран оқытты.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы