Атам жайлы айтсам…

1215

0

Ақ күріштің зергері, еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған атақты диқан Ыбырай Жақаев жастайынан әкесінің соңына еріп, диқаншылықтың қырсырына қанығып өсті. 1929 жылы «Қызылту» колхозына мүше болып кірді. Бойындағы ерен күші мен еңбексүйгіштігінің арқасында күріш дақылынан мол өнім алудың алғашқы үлгісін көрсетті. Тарихи оқиғалардың бел ортасында жүрді. Халықтық құрылыс әдісімен қазылған “Шиелі” каналы құрылысына белсене атсалысты.

1940 жылы алғаш құрылған күрішшілер звеносына жетекшілік жасап, күріштіктің әр гектарынан күріштен 22 центнерден өнім алды. Ал 1941 жылы өнім 2 есеге жоғарылап, 43 центнерге жетті. Бұл болашақ әлемдік рекордтың бастауы еді. Келесі 1942 жылы Ы.Жақаев звеносы тың жерден күріш алқабын таңдап, алақанымен жас баладай мәпелеп күтіп, гектарына 84 центнерден өнім алды.

Міне, осыдан кейін-ақ, диқан атамыз күріш егудің қыры мен сырын толық меңгеріп, өнімді тасқындатып, 1943 жылы әр гектардан 130 центнерден, 1947 жылы 172 центнерден өнім келтіріп, бұл көрсеткіш дүниежүзілік рекорд ретінде бағаланды. Ы.Жақаевтың көп жылдар бойғы жемісті еңбегі жоғары бағаланып, 1946 жылы Еңбек Ері атағы берілді. Ол 1971 жылы екінші рет «Орақ пен Балға» алтын медалімен наградталды. Төрт «Ленин», «Еңбек Қызыл ту», «Халықтар достығы» ордендерінің кавалері. Ол КПСС ХХІІІ, Казақстан Компартиясы ІV,VІ, VІІ, ІХ, Х съездерінің делегаты, СССР Жоғарғы советіне бір, Қазақ ССР Жоғарғы советіне төрт рет депутат болып сайланды.

Ы.Жақаев 1958 жылы Корей Халық Демократиялық Республикасында болып, тәжірибе алмасып қайтты. Осы сапарында кореялық жас диқан өз плантациясын көрсетіп тұрып, «Сіз мына алқаптағы күріштің әр гектарынан қанша центнерден өнім алар едіңіз?» деп сұрайды. Ыбекең көп ойланбастан «90 центнерден кем өнім алынбайды» деп жауап береді. Қасында кореялық ғалымдар да бар екен. Олар күрішшіге қайран қалады, «дұрыс шамаладыңыз, мен осы жердің әр гектарынан 95 центнерден өнім алып берейін деп отырмын. Бізде тыңайтқыш жетіспейді. Күз айларынан бастап өсімдік пен ағаштардың бұтақтарын құнарсыз жерге тастап, қыстай шіріндіге айналдырып, жерге сіңіреміз» деген.

Ыбырай атамыздың әріптесі Ким Ман Сам пайдаланған күріш егудегі жаңа технология тек олардың ізбасарларының ғана емес, тіпті шет елдерде  де қызығушылық тудырды. Ыбырайдың дарынды ізбасары Кеншінбай Әлшоразов Кубаға арнайы шақырылып, күріш егу технологиясын үйретті. Әсіресе жерді мұқият даярлау, тұқымды себер алдында ылғалды бүршіктендіру тәсілін қолданды. Соғыстан кейінгі жылдары Ы.Жақаев өзінің Кореяға, Бирма мен Вьетнамға барған сапарында күріш егудің жаңа технологиясын кеңінен насихаттаған болатын. Ы.Жақаев пен Ким Ман Сам ұсынған бұл технология Оңтүстік Кореяда кеңінен қолданыла бастаған.

Даңқты диқан атында күріштен мол өнім алған егіншілерге берілетін «Ы.Жақаевтың еңбек аттестаты» белгіленсе, аудан орталығынан атақты күрішші есімін иеленген республикалық мектеп ашылып, мұнда егіншілер теориялық білімін бай тәжірибемен толықтырып отырды.

Ыбекең ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстың нығаюына, жетістіктерді ауыл өміріне енгізуге ықпал жасаған. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әнес Алтынбеков оны ғылым жаңа­лықтарымен таныстырып, біздің жағдайымызда қолдануға ыңғайлап, көп мәселелер төңірегінде тәжірибе жүргізген. Алғашқы ауыспалы егіс енгізіліп, игерілген. Ыбекең мен Әнекеңнің достығы өндіріс пен ғылымның достығын бейнелегендей еді. Диқанның өз еңбегі ғылым болса, ал оның тәжірибесін зерттеп, қанша адам ғалым болды десеңізші?!

Атап айтсақ, республикалық күріш ғылыми-зерттеу институтының бұрынғы директоры Қуандық Әлімбетов – осы кісіден көптеген  тәлім алған шәкірттерінің бірі. Диқанның күріш егудегі агротехникалық әдістерін зерттеу арқылы осы институттың көптеген ғылыми қызметкерлері ғылым кандидаты деген атаққа ие болды. Олар – Мәлік Айтбаев, Дүйсен Нұрымов, Әбсалам Шакиев, Герман Верещагин, Құрманбек Бәкіров.

Бұл дүниеде ең асыл, ең мәртебелі қасиет – басқаларға бақыт сыйлау өзгенің қуанышын өз қуанышыңдай көру. Адам атын биік ұстап, оның қасиетіне дақ түсіргісі келмеген кісі осы жақсы қағиданы берік тұтынғаны жөн. Дінмұхамед Қонаев екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Ы.Жақаев пен Ж.Қуанышбаевты туған ағаларындай сыйлап, ардақтап алдында кішірейіп өтті. Еңбектің екі алыбының әрдайым көңіл-күй, денсаулығын сұрап, ой-пікірлерін бөлісіп, ақылдасып отырды.

Алматы облысының Балқаш ауданы күріш егетін болып Ақдала алқабын игерерде Дінмұхамед Қонаев «Жақаевты шақырып топырағын көрсетіңдер» деп нұсқау беріпті. Сөзге сараң Ыбырай ата топырақты уыстап отырып «суы мөлдір екен» депті. Сосын ғалымдарды жинап, «су мөлдір болса, не болады?» деп сұрапты. «су мөлдір болса, күрмек аз болады, дән таза болады» депті. Агроном ғалымдар «онда егісті бастаңдар» деген екен.

Ыбырай атаның қосағы дүниеден қайтқанда Ж.Қуанышбаевқа «Менің атымнан да көңіл айтыңыз» депті Димекең. Жазылбек қарт «Ыбеке, қажымаңыз, әлі-ақ аяқтандырамыз»,  сөзге сараң Ыбырай «Жаның ашыса, екі әйеліңнің біреуін бермейсің бе?» депті. Димекең ағаларының қаза үстінде де әзілдің туын жықпағанын есіне алып, ішек-сілесі қата риясыз күлген екен.

Ыбырай атамыздың еңбек үрдісіне сай облысымызда жақаевшылар қозғалысы кеңінен өрістеді. 1964 жылы «Жас ұрпаққа сәлем хатын» жолдағаннан кейін жастар жақаев­шылар қозғалысына қосылды. Даңғайыр диқан атамыз – осындай мағыналы ғұмыр кешіп, артына өшпестей із қалдырған ардақты азамат.

Аягөз ЖАҚАЕВА,

 Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру

 тарихы музейінің қор сақтаушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<