Биғалидың биігі

1362

0

Есімі елге танымал қоғам қайраткері Биғали Әбдікерұлы Қаюпов 1951 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Алдымен Қызылорда қаласындағы ­Н.Гоголь атындағы педагогикалық инс­титутын, кейіннен Алматы Халық шаруашылығы институты мен Ресей Федерациясы Президенті жанындағы академиясын бітірген. Экономика ғылымының кандидаты.

Биғали Әбдікерұлы 1974-1981 жылдары облыстық комсомол комитетінің хатшысы, Қазақстан ЛКЖО орталық комитетінің аппарат қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, біліктілігі мен білімін жетілдіре түсті. Ал, 1981-1985 жылдары Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің нұсқаушысы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төрағасының көмекшісі, Сырдария аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.

1987-1992 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болған. 1992 жылы Арал ауданы әкімі қыз­метіне тағайындалған. 1999-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау бөлі­мінің мемлекеттік инспекторы, 2001-2007 жылдары «Пет­роҚазақстанОверсизСервисез Инк» президентінің бас кеңесшісі  қызметін атқарды. Осыдан кейін Қармақшы, Жалағаш аудандары әкімі қызметінде болып, Сыр елінің өсіп-өркендеуіне өзінің өлшеусіз үлесін қосты. Кейіннен «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» акционерлік қоғамы президентінің бас кеңесшісі болған ол бүгінде еңбек демалысына шығып, жеке кәсібін ашты. «KZMBK» ЖШС директоры.

Биғали Әбдікерұлы кезінде, яғни, 1990-1993 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің, ал 1995-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болған. Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында заңдардың қабылдануына қатысқаны, Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда еліміздің өсіп, өркен жаюына қосқан үлесі өз алдына бір төбе.

Б.Қаюповтың ел алдындағы ерен еңбегі ескерусіз қалған емес. Ол ондаған еңбек және мерекелік медальдармен, «Құрмет» орденімен, ҚР Президентінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Арал, Жалағаш, Қармақшы аудандарының «Құрметті азаматы», «ҚР еңбегі сіңген эколог».

***

«Тектіден текті туар, ата жолын қуар» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Бие­кеңнің әкесі Әбдікер ақсақал өмірден еңсесін тік ұстап, барға қанағат, жоққа салауат етумен өткен. Сонау отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін мен ашаршылық азабын шегіп, Ұлы Отан соғысында өр кеудесін ажал оғына төсеп, туған топырағына аман-есен оралған.

– Талай жыл сан алуан шаруа­шылықты басқарған  әкеміз   Қамбаштағы атышулы «Қамыстыбас» зауытының директоры болатын. Бертін келе қызмет бабымен Арал қаласына қоныс аудардық. Осындағы № 14 орыс орта мектебіне оқуға барып, 1968 жылы орта білім алып шықтым. Ата-анамның нұсқауымен сол жылы Арал қаласынан шалғай қоныс тепкен «Ұялы» елді мекеніндегі сегізжылдық мектепте оқытушы болып, еңбек жолын бастадым. Ал, 1969 жылы Қызылорда қаласындағы сол кездегі Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне (орыс тілі және әдебиеті) оқуға түсіп, 1973 жылы жоғары білім алып шықтым, – деді ол.

Мен Биекеңмен осы оқу ордасында табысып, күні бүгінге дейін сыйлас­тықта ғұмыр кешіп келеміз. Әлі есімде, Биғали Әбдікер­ұлы институттың комсомол хатшысы болғандықтан студент-жастар шараларының басы-қасында жүретін. Түрлі тақырыптық, мерекелік шаралар жоспарлы жүргізілетін. Алтын күзде егін жинау­ға, ал жаз айларында ауыл құрылысына студент-жастар бригадасына басшылық жасап баратын.

Жастармен жүргізген жүйелі жұмыс жемісі болар, институтты тәмамдаған соң, яғни, 1973 жылы ЛКЖО облыстық комсомол комитетіне лекторлық қызметке шақырту келді. Сөйтіп, еңбек жолы осы облыстық жастар комитетінде сатылап өсумен жалғасын тауып, 1979 жылы Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы орталық комитетінің насихат және мәдени-көпшілік жұмыс­тары бөлімінің меңгерушісі қызметіне барды.

Биғалидың қалыптасуына Орталық комсомол комитетінің зор септігі тиген болар. Өйткені, сол жылдары бүгінде есімі елге танымал айтулы азаматтармен  тонның ішкі бауындай бірге жүретін-ді.              

Жасыратыны жоқ, Жастар одағының бұл бөлімі негізінен мәдени-көпшілік жұмыстармен айналысатын. Содан да  жастардың жұлдыздай жарқырауына Бие­кеңнің септігі тиді десек, асыра айт­қанымыз емес.

Әлі есімде, 1981 жылы Биғали Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті үгіт-насихат бөлімінің шақыртуымен осы бөлімге нұсқаушы болып барды. Жастар арасында шыңдалған оған әлеуметтік салалар – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорттың басы-қасында болып, аса жауапты сыннан өтуге тура келді. Содан болар, араға жыл салмай жатып-ақ, яғни, 1982 жылдың қаңтар айында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиум төрағасы Саттар Имашевтың көмекшісі қызметіне шақырылады.

Биекеңнің айтуынша, ол кісі аса оқы­мысты адам болған. Жеке кітапханасында 10 мыңның үстінде кітап қоры жинақ­талған. С.Имашевтан соң бұл қызметке Байкен Әшімов келіп, Биекең 1985 жылға дейін оның да көмекшісі қызметін атқарды. Бәкең – аса байыппен жүретін бітім-болмысы бөлек, өте терең тұлға. Содан да Биекең Байкен Әшімов­тің тәртіп мектебінен дәріс алғанына ризашылығын білдіреді.

 Жоғарғы Кеңес Президиумы төрағасы қасында оның тапсырмасы мен қас-қабағына қарап жүру жеңіл шаруа емес-тұғын. Осы кісілердің арқасында есімдері елге ғана емес, Одаққа танымал тұлғалармен тұз-дәмдес, қызметтес болды. Бір ғана деректі айтайын.

– Қазақстанның Ресейге қосылғанына 250 жылдық торқалы тойы Мәскеу­дің Үлкен театрында дүркіреп өткен. Еліміздің барлық аймағынан есімі елге танымал еңбек адамдары мен зиялы қауым өкілдері барған-ды. Қазақ өнерінің жұлдыздары Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаевтың салған әндері Ресей көрермендерінің көңілінен шықты, – деп еске алады Биекең.

Биғали Әбдікерұлы 1985 жылы туған топырағы – Сыр аймағына оралып, Сырдария аудандық атқару комитеті төрағасы қызметіне тағайындалды. Ауданға басшылыққа келгендегі басты ұстанымы билік басындағылардың бетін халыққа қарай бұру болды, яғни, аудан тұрғындарының тұрмысын жақсартуды басты мақсат етті.

Ауданның шаруа­шылығын өркендету, қаракөл қой шаруа­шылығын дамыту, құс фабрикасы жұмысын жолға қою тәрізді сан алуан шаруалар Биекеңнің басты назарында болған. Сондай-ақ, МИС-ке бүкілодақтық дәрежедегі ауыл шаруашылығы техникаларын алдырып, сынақтан өткізуге, күріш сорттарын жақсартуға барынша күш салды. Ауданда Сыр өңірінде алғаш рет жылыжай салынып, көкөніс өнімдерін ерте көктемде-ақ тұтынушыларға ұсына бастады. Ауданның әлеуметтік салаларында да атқарылған жұмыс­тар көп еді.

Ол 1987 жылы бар-жоғы 36 жасында Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне барды. Сол жылы күріштің әр гектарынан 53 центнерден Сыр маржаны жиналса, келер жылы гектарына 55 центнерден, ал кейінгі жылдары 60-65 центнерден өнім алуға қол жеткізілді. Аяқсу каналдарының тазалануы, егістік жерлердің тегістелуі, жаңадан ауыл шаруашылығы техникалары алынуының басында күн-түн көз ілмей жүруге тура келген. Ол аудан басшылығында болған 5 жылда Жалағаш аймақта ғана емес, респуб­ликада көш басында жүрді.

– Бұл менің ғана емес, жалағаштық егінші-механизаторлардың ерен еңбегінің жемісі, – дейді ол әңгіме үстінде.

Жалағаштың жасарып, жаңа құры­лыс ғимараттарының бой көтеруіне де өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Сол жылдары аудан орталығынан стадион, жаңа базар бой көтерсе, аудандық аурухананың іргетасы қаланды. Пионер лагері салынып, оқушылардың жазғы демалысы жақсы жолға қойылды. Ең бастысы, елді мекендер тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі Бие­кеңнің назарында болатын.

1992 жылдың ақпан айы. Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарының ауыртпалығын арқалауға, яғни, ел еңсесін тіктеуге барынша күш-қайратыңды жұмсауды қажет ететін күрмеуі қиын кезең еді. Осы бір сыналар шақта Биғали Әбдікерұлы өзінің туған топырағы – Арал ауданына әкім болып барды.

Иә, Аралда әкім болған 1992-1995 жылдар аса ауыр кезең еді. Елімізде қайта құру басталып, экономикалық дағдарыс­тың шым-шытырығынан шығар жол табу қажет. Мемлекеттік меншік нысандары жабылып, жаппай жекешелендіру белең алған кезең. Адамдар жұмыссыз қалып, қос қолын қалтаға салып, көше кезіп кеткені баршаға аян. Азын-аулақ жалақы, зейнетақы айлап емес, 5-6 айлап төленбейді. Арал теңізі тартылып, экология қасіретіне шалдыққан аралдықтар ахуалы мүлде нашар. Тартылған теңіз табанында кемелері қайырлап қалған балықшылар өзге аймақтарға үдере көшіп жатты.

– Не істеу керек? Экологиялық қасіретке шалдыққан Арал туралы Заң қабылдауға барынша күш салу керек деген тоқтамға келгенбіз, – деген Биекең сол бір күрмеуі қиын кезеңде атқарылған шаруаларды сағынышпен еске алады.

Иә, айтса айтқандай, Тәуелсіздік жылдарында Арал проблемасына және оның адамзатқа тигізген зардабына аса мән берілді. Елбасының қолдауымен 1992 жылы 30 маусымда «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның қабылдануына Биекең қатысты. Сондай-ақ, 1993 жылдың 26 нау­рызында Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) құрылды. Елбасының тікелей тапсырмасымен Арал теңізін құтқару жөнінде арнайы комиссия жасақталғанда  осы комиссия мүшелігінде болған. Ендігі кезектегі басты мақсаты – Арал теңізін құтқару, яғни, Кіші Арал теңізін бөлу қажет деген тоқтамға келген. Осы топтың бастамасымен Аралды сақтап қалу мақсатында ғасыр жобасы атанған  «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» ­(САРАТС) жобасы өмірге келді. Жобаның бірінші кезеңін іске асыру нәтижесінде, өздеріңізге мәлім, кеткен теңізіміздің Кіші Аралы қайта оралды. Бүгінде Кіші Аралда 24-ке жете балық түрі бар.  Жылына 8 мың тоннадай балық ауланып, аймақтың ғана асыраушысы емес, таяу және шалғай жатқан 14 елге де жіберіліп жатыр.

Кіші Арал теңізі толқынының жағаға жақындауы Арал аймағын қайтадан ажарландыра бастады. Нақтылай айтар болсақ, кеме жөндеу зауытының орнына вагон жөндеу зауыты бой көтерді. Тігін фабрикасы қайта іске қосылды. Ақбай ауылына аяқсу жеткізіліп, егін егіп, көкөніс өнімдері тұтынушыларға жетті. Астық өнімдері базасына бидай әкелініп, жоғары сортты ұн шығарылды. Арал ұнына жер-жерден сұраныс көбейді.

Иә, еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Арал аймағында алынған асуларды санамалап шығу әсте мүмкін емес. Осындай қиын кезеңде ұлан-ға­йыр істердің басы-қасында жүріп, туған топырағының түрленуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған Биекеңнің еңбегін аралдықтар күні бүгінге дейін жыр ғып айтумен жүр. Жоғарыда басты-бас­тыларын ғана тілге тиек еттік.

Биекең кезінде көпшіліктің қолдауымен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, одан соң ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. Онда өзінің ұтымды ұсыныс-пікірлерімен еліміздің еңсесін тіктеуіне, халқымыздың әл-ауқатының жақсаруына сүбелі үлес қосқаны жұртшылыққа мәлім.

– Әңгімемізді 1990-1993 жылдары, яғни еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғанымнан бастайын, – деген Биекең үзілген әңгіме жібін қайта сабақтады. – Тәуелсіздік туын көтерген еліміздің декларациясын, Конституциясын, Елтаңбасы мен Әнұранының қабылдануына қатысқаным – жүрегіме мәңгілік жазылып қалған мақтаныш. Бұл – бір.

Екіншіден, Жоғарғы Кеңесте Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұңғыш Президент болғанда қатыстым. Айт­қандай, келесі сайлауда Елбасымыздың Қызылорда облысы мен Байқоңыр қаласындағы сенімді өкілі болдым.

Үшіншіден, сол кезде Арал туралы зерттеу жүргізіліп, заң қабылдауына қатыстым. Семей полигоны жөнінде заң Аралдан кейін қабылданғанынан ел-халық хабардар болар. Сол жылдары мен Кеңестер Одағы коммунистік партиясы Орталық комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясында дәріс алып, қоғамдық тәртіп мұғалімі мамандығын игердім. Ал, 1992 жылы осы академияда экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын қорғадым, – деді ол.

Жоғарыда айтқандай, Биғали Әбдікерұлы 1995-1999 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. Еліміздің көптеген жаңа заңдары жарық көрді. Санамалап айту әсте мүмкін емес. Оны айтасыз, кейбір салалық заңдар заманында бүкіл Одақтың көш басында болған Ресейден де бұрын қабылданды. Бір ғана тарихи шешімді айтайын. 1996 жылы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру мәселесі қызу талқыға түсіп, нәтижесінде 1997 жылдың желтоқсан айында көшірілді. «Көш көлікті болсын» деп атам қазақ айтқандай, елорданың жоспарын талқылап, бекітуге қатысқанын мақтан тұтады.

Биекең 1999 жылы Қазақс­тан Респуб­ликасы Президенті Әкімшілігінің ұйым­дастыру-бақылау бөліміне мемлекеттік инспектор болып барып, осы қызметті 2001 жылға дейін атқарады. Ал, 2001-2007 жылдары Сыр аймағындағы айтулы мекеме «ПетроҚазақстан» акционерлік қоғамы президентінің бас кеңесшісі болып, аймақта мұнай мен газ өнеркәсібінің өресі биіктеп, өркен жаюына да үлес қосты. Бертін келе, Қармақшы мен Жалағаш  аудандары әкімі қызметіне тағайындалды.

Қандай да бір тұлғаны уақыт пен әлеу­меттік жағдай туғызып жататын болса, Биекеңнің өмірдерегі дәл осыған сәйкес келеді. Қармақшыға келген бойда Байқоңыр­дың болашағына барлай қарап, ондағы қазақстандықтардың жай-күйін зерттеді. Жасыратыны жоқ, ресейліктер қазақстандықтар жағдайына қырын қарайды. Содан да бар күш-жігерін байқоңырлықтардың жағдайының жақсаруына жұмсады. Ресей Үкіметімен тікелей байланыста болғанын жақсы білемін.

Қармақшы ауданы әкімі басшылығында болған жылдары Үкімет тарапынан қомақты қаржы қаралып, Байқоңыр қаласында 1200 орындық қазақ орта мектебі, 280 орындық балабақша, сондай-ақ перзентхана салынды. Бүгінде Байқоңырда 7 қазақ орта мектебі бар, ал тұрғылықты халықтың 60 проценті – өзіміздің қандастарымыз.

Қармақшы ауданында сол жылдары көп ғимарат бой көтеріп, тұрғындарға тарту етілді. Сондай-ақ Сыр маржанын жинау­да да алған асулары биік.

Биғали Әбдікерұлы жайлы жазбама нүкте қояр сәтте оған: «Өзіңізге мәлім, сіздің 70 жасқа жеткен шағыңыз ел Тә­уелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойы­мен тұспа-тұс келіп отыр. Осы жылдары Сыр аймағының айшықтанып, өсіп, өркен жаюы жайлы айтсаңыз?» деген сауал тас­тағанмын.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының қиындығы Елбасы «Алаш­тың анасы» деп атаған Сыр аймағын да айналып өткен жоқ. Қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, дағдарыс кезеңінен неғұрлым аз шығынмен өтуге, орнықтылықтан ауытқымауға, ұлттық есеюдің мәселелерін өркениетті шешуге аса мән берілді.

Қалың қазақтың қаймағы бұзылмаған ел болғандықтан, Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз жыл өткен сайын жасарып, жақсарып келеді. Отыз жылда Сыр елі адам танымастай өзгерді. Жыл санап қаламыз көріктеніп, ауылдарымыз ажарлануда. Аймақ асыраушысы – егін шар­уашылығы етек жайып, ата кәсібіміз – мал шаруашылығы да молшылықтың бастау жолына түсті. Шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау жасау арқасында жұмыссыздық азайып, ел-халықтың да тұрмыс-тіршілігі түзеле бастады.

Сыр бойы өндірісті өңір болуға бетбұрыс жасай бастады. Тәуелсіздік жылдары «Сексеуіл-Жезқазған» темір жолы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралы салынды. Өздеріңізге мәлім, 2014 жылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры жүргізіліп, бүгінде Сыр елі тұрғындарының басым бөлігі «көгілдір отын» игілігіне кенеліп отыр. Жыл соңына дейін облыс тұрғындарының 70 проценті табиғи газға қол жеткізеді деген болжам бар.

«Байқоңыр» ғарыш айлағының әлеуетін тиімді пайдалануда да көп жұмыс қолға алынып жатыр. Өңірлік табыстың басым бөлігі, яғни 90%-тен астамы мұнай мен ураннан түсетін облыста экономиканы әртараптандыру жұмыстары да қарқынмен жүзеге асырылуда. Айт­қандай, кейінгі жылдары елімізде мұнай өндіру көлемі күрт төмендеп барады. Бұл қиындыққа жауап ретінде экономиканы әртараптандыру жобалары қолға алынған.

Индустрияландыру бағдарламасы аясында 26 жоба іске асырылып, 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Бұлардың ішінде шыны зауыты, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт, кальциленген сода, пластик шыны, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру, ет комбинаты, құс фабрикасы, тағы басқа ондаған экспортқа бағдарланған жобалар бар. Сондай-ақ, «Арал-тұз» АҚ-да ас тұзын өндіру цехтарын көбейту, «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында кен ба­йыту комбинатын салу жобалары іске асырылып жатыр.

«Билік те, байлық та уақытша. Ал, менің басты байлығым – ұрпағым» деген Биғалидың өмір жолы ғана емес, өнегелі де өркенді отбасы ұрпаққа ұлағат мектебі іспеттес. Есімі елімізге танымал Қонысбек Қазантаевтың қызы Мәншүкпен бірге қыз­дарын қияға, ұлын ұяға қондыр­ды. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішерді» мұрат тұтқан олардың бірі елімізде, енді бірі шет елдерде қызмет атқаруда.

Салмақты да сабырлы, білімді де білікті, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен Биекең осындай. Лайым, осылай жүре бергейсіз, биліктің тарланы ­Биғали.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<